20 қыркүйек күні Қытайдың Гансу өлкесі, Ақсай қазақ автономиялы ауданында қазақтың ұлттық ерекшелігін, салт-дәстүрін, мәдениетін қолдауды мақсат еткен марафон өтті, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосына» сілтеме жасаған www.inform.kz/kz.
Жарыс жеңімпаздарына ұлтымыздың дәстүрі бойынша ақ жаулықты әжелеріміз шашуын шашып, ақсақалдар ақ батасын берген. Ақсайдағы өзге ұлт өкілдері де қазақы дәстүрлерді дәріптеуді мақсат еткен бұл тойға қолдау білдірген. Марафонға қатысушыларға тойға жиналған жергілікті жұрт барынша жанкүйерлік танытты. Сөйтіп, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін дәріптеу мақсатындағы әр ұлтқа кезекпен келіп отыратын бұл жолғы дәстүрлі марафон ойдағыдай өткен. «Қуанышты мерекеде ат құлағында ойнап өскен халқымыздың ұлттық спорт ойындары ретінде қыз қуу, көкпар, аударыспақ сынды ойындары барша жұртқа көрсетіліп, көшпенді халықтың мәдениетін өзге ұлт өкілдері тамашалады. Ақсай аудандық мәдениет үйіндегі әншілердің әні мен бишілердің мың бұралған билері қазақ ұлтының мәдениетін тағы бір қырынан танытқандай болды…» деп жазады Қытайдың CNR ақпараттық порталы. Бұл жолғы мәдени іс-шарадағы марафонға қатысуға ешқандай шектеу қойылмаған. «Іс-шараны Ақсай қазақ автономиялы ауданының халық үкіметі және Гуанчжоу минзоу мәдениет, спорт және туризм бюросы ұйымдастырды. Жарыс барысында ерлер мен әйелдер арасында 5,6 шақырымдық жартылай марафон ұйымдастырылды. Бұл бәсекеге кәсіпқой спортшылар, спорт әуесқойлары мен студенттер бір алаңда бәсекеге түсу үшін жиналды», деп түйіндейді Қытайдың «Орталық халық радиосы».