Байын   бақсының жыланмен арбасуы

      Құлаққа тосын естілетін осы сөз  былайғы бейтаныс жұрт түгілі, өзім де күле отырып, еске алатын балалық шағымның естелігі еді.

1949 жылдың тамызы болса керек. Біздің ауыл төр жайлаудан қайтып, Жыланды деп аталатын екі жағы заңғар таулармен қоршалған тар аңғарға барып тірелетін «Тіреу» дейтін жерге келіп, қоныстанғанына көп болмаған. Ауылдың ер адамдары ойға (күзеуге) егін орып, қырман басуға кеткен кезі еді. Ауылдағы ересек еркек кіндіктіден менен 2-3 жас үлкендеу жиеншар Төребек екеуіміз  ғана едік. Таңертең ерте тұрып, өріске кеткен биелерді айдап әкеліп, құлындарды ноқталап, биебауға байлау, сағат сайын сауғызып байлау біздің міндетіміз болатын. Ауылдың азғантай қойын өрістен қадағалап, қайыру да біздің мойнымызға жүктелген.

Бұл жердің «Тіреу» деп аталатын себебі, оның ұзаққа созылған аңғардың асуы қиын, көлденең шоқыға барып тірелуіне қарай қойылған болса керек. Шаншылған шоқыға қиғашталған сүрлеу жолмен  тоқтаусыз өрлеп, бірнеше сағат жүруге тура келеді. Сондықтан арғы жайлаудан қайтқан ел осы «Тіреуге» тіреліп, бірқанша күн аялдайтын. Биебаудың тұрған жерінің шөбі әлі басылып, таптала қоймаған кезі. Бұл жердің улы қара сұр жыланы өріп жүретін.

Күндердің бір күнінде, өрістегі биелерді қайырып келудің  кезегі Төребектікі болғандықтан, арқандаулы атты әкеліп, қарғып мінуге бойы жетпегендіктен, биебаудың жуандау бір қазығына аяғын қойып, аттың жалына жармаса бергенде, қазықтың түбінде жатқан жыланға аяғы тиіп кетсе керек. Менің Төребегім шыңғырып, аяғын сермегенде тобықтан жоғарғы сираққа оралған жыланды көріп, оған қосыла жылап айғайға бастым. Соның арасынша, жылан жерге топ етіп түсті де, қалың шөптің арасына кіріп ғайып болды.

Ауылдың әжелері мен келіндері у-шу болып, есі шығып кетті. Сол кезде Бәтіш деген бүкіл ауылға билік ететін әжеміз мені көрші ауылда отырған Байын деген бақсыны алып келуге жұмсады.

Байын сол кезде 70 жастар шамасындағы, төртбақ, толықтау қаракісі еді. Өте кедей, Әдіш дейтін бір аяғы ақсақ, томашадай кемпірі, жалғыз ұлы бар, жұпыны адам болатын. Ол кісі екі сөзге келген жоқ, менің атыма мініп, мені артына мінгізіп, тез келдік ауылға.

Бәкең ақсақал үйге кірісімен, жылап жатқан Төребектің қол-аяғын қарулы әйелдерге ұстатып тұрып, былай деді:

– Тездетіп бір қарын майды тортасын айыра қайнатып құйыңдар. Бір тегене қымыз бен бір шелек суды әкеліп қасыма қойыңдар. Алла жар болып, ата-бабамның әруағы қолдаса, жын-перілерім шақырғанда келе қалса, байғұс баланың жаны қалар.   Ал, әйтсе, бастайын, – деп біраз аят-дұғаның басын қайырып барып, жібек орамалмен баланың тізеден төменірек, тобықтан жоғарырақ жерінен қатты қыса буып тастады.

Қылпып тұрған өткір ұстарасымен жыланның тісі тиген жерін тіліп-тіліп жіберді де аққан қап-қара қанды аузымен сорып, түкіріп тастап, сумен аузын шайып, қымыздан бір сіміріп, екіншісін түкіре тастап жанталасты. Осы арада қарын май да қайнап, оны ағаш тостағанмен Байын ақсақалдаң қасына жақындатып қойған еді. Бәкең соның аралығында бозарып, тілі күрмеліп, денесін билей алмағандай, теңселіп кеткенін көріп, әйелдер жылап-сықтап, Аллалап, күңіреніп кетті. Жыланның уы бойына жайыла бастаған екен.

Екі тостаған жылы майды арт-артынан ішіп жіберіп, терең тыныстап алып, тағы да аға бастаған қызыл күрең қанды сорып-сорып жіберді. Іле шала тағы бір тостақ сары майды ішіп, қисайып жата кетті. Сәлден кейін есін жинады-ау деймін.  Басын көтеріп, бір қанша шыны қымыз ішіп алды да, байлаған орамалды шешіп тастап, есеңгіреп жатқан Төребектің аузына сары майды төгіп-шашып болса да, аузына құйып, шапалақтап  есін жиғызды. Кім екені есімде жоқ, жолай өтіп бара жатқан бір жолаушыға бір қойға бата жасатып, етін тұтас астыртып, жас сорпаны да дайындаған еді.

Күн еңкейіп батуға жақындағанда Байын ақсақал кешкі атқарылар жұмысы жайында әңгімелеп, күн батысымен баланы шаққан жыланды шақырып арбасатынын, оның мән-жайын тәптіштеді. Бізге жиен Толқынбектің киіз үйінің жанынан өтетін қара жолға барып, жолды көлденеңдей сызып, шамамен сүйемдей тереңдете қаздыра  үлкен-кішіге қарата, әлгі жолаушыны жібермей былай дегені есімде:

– Мен батысқа қарап былай отырамын, сызықтың арғы жағына жыланды арбап әкеліп тұрғызамын. Мен жындарымды шақырып, жыланды қарсыма әкеле алсам, екеуіміз шамамыз жеткенше арбасып барып, кім жеңілсе, сол мына сызыққа қарай жылжып барады. Менің жындарым жеңсе, жылан жарылып өледі. Ал, мен жеңілсем сызықтан өтуге айналғанымды көрсеңдер, жібермей ұстап қалыңдар да жыланды өлтіріп тастаңдар. Ал, егер жылан баланы әдейілеп шақпай, шошынып шағып алғанын айтып кешірім сұрауы да мүмкін. Онда ол уын толық қайтарып алып, бала тез жазылып кетеді. Олай болғанда жылан мына жерге келмей-ақ, өз жолына түседі, – деді. Қалай болғанда да таңға жуық  Шолпан жұлдызы көрінгенше науқас қатерсіз бола алмайды. Әйтсе де таңға іліксе жаны қалады.

Ол осыларды айтып, сорпаланып, шайланып, дәретін алып, әлгі

майданға келіп жайғасты. Менің есімде одан кейінгі бақсы ойынынан көп нәрсе қалмапты. Күні бойғы алашапқын жанталастан әбден шаршаппын.

Байын ақсақалдың бақсылығы барын, онда да жыланмен арбасатын қасиеті барын осы күні естіп, көріп таң қалып едім.

Таң атқанша бақсы мен жыланның  бетпе-бет келіп, арбасатын сәтін күткен үлкендердің айтуынша, Байын бақсы қанша зарлап шақырса да жылан келе қоймапты. Сөйтсе, жылан баланы әдейілеп шақпапты.  Келесі бір тау жақтағы жыландар ордасына ұзатылған қызын көруге кетіп бара жатып, биебаудың қазығының көлеңкесінде демалып жатқанда болған оқыс оқиға екен. Сондықтан кешірім сұрап жылап-еңіреп уын қайтып алыпты… Міне осылайша бірін-бірі түсінісіп, кешірісіп, бейбіт бітімге келсе керек.

Осынау ертегідей сахналық ойынға куә болған ауыл адамдары Байынның бақсылық өнерін еселей дәріптеп әңгімелеп жүрді. Абырой болғанда Төребек те аман-сау атқан таңды, шыққан күнді көріп, есін жиды. Бірақ талай уақытқа дейін көзі жөндеп көрмей, есі де бір түрлі болып, адамға қарап түкіріп, кейде әр нәрсені айтып, бізді шошытушы еді. Араға біраз уақыт салып, есін жинап, көзі де көріп, шауып-шапқылап әке-шешесін де,  бізді де қуантты.

Осы оқиға туралы есейе келе, ойлап қарасам, Байынның бақсылығы, жыланмен арбасып сөйлесуі жай бір нәрсе  сияқты. Ал, оның жылан шаққан сирақты тіліп, қап-қара қанды аузымен сорып тастау арқылы Төребекті құтқарып қалғаны шындық екен ғой,

Ал, қазақтың кез-келген жеңіл-желпі ауруларды емдеуге, бақсылықпен қоса пайдаланатын қазақтың қасиетті дәрумені – сары майы мен қымызы, дәрілік шөптердің қасиетінен екеніне көзім жеткен еді.

Қалай десең де, маман дәрігері болмаса да халықтың ем-домының арқасында, атты қазақ аттан түсіп, жатақ болғанға дейін, бұл күнде сан түрлі ауруға душар болып, баудай түсе қоймаған екен.

Еңбекқор, қасиетті аналардың киелі қолынан шыққан сүт өнімдері – сары майы, қымызы мен айраны тіреліп тұратын өрешенің (Ас адалы буфеті)  ішінде екенін бүгінгі қазаққа айтып түсіндіру қиын шығар. Алайда,  Табиғат – Жер анамен біте қайнасқан  атты қазақтың бүгінгі  «мәдениетті – қазақтан»  жаны да,  тәні де таза, өмір жасы да әлдеқайда ұзақ болғанын сүйіне еске аламын.

Бір ақиқат – топырақтан жаралған адамзаттың бел баласы қазағым киелі топыраққа өніп-өскен шипалы дәрумендермен емделіп, асарын асап, жасарын  жасап  туған жердің құшағына алаңсыз (ұша барған) кіре берген екен ғой!!

 

                             Әлімғазы Дәулетхан,

                                    Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

Бөлісу: