Балуан Шолақтың кісе белдігі

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Тарих залында атадан балаға мұра болған  тарихы  маңызы бар жәдігерлер жеткілікті. Аса құнды жәдігер  Балуан Шолақтың кісе белдігі. Атаулы белдікті Балуан Шолақтың немере қызы Баян Ғазизқызы музейге өткізген.

Баян Ғазизқызы Орынбаева 1942 жылы Ақмола облысы Макен ауданында дүниеге келген. Нұрым балуанның немере қызы яғни, Балуан Шолақтың үлкен ағасынан тарайды.

 Балуан Шолақ (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) 1864 жылы қазіргі Еңбекшілер ауданы Ақмола облысында дүниеге келген. Қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, өзінің ақындығымен, халық композиторлығымен және атақты балуандығымен танымал болған. Оның әндері «Ғалия», «Балуан-Шолақ», «Сұршақыз» және Балуан Шолақ туралы С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» атты повесі бар.

Балуан Шолақтың кісе белдігі үлкен баласы Изажарда болған, кейін Нұрым балуанның немересі Жаркенов Нұрағайға (1889-1985) аманат етілген. Жаркенов Нұрақай бүркітші болған. 1983 жылы 93-тен 94-ке қараған  шағында кісе белбеуді Ғазиздың қызы Баянға табыс еткен. Сол жылы атқа мінер азамат аттан түсіп, қолында ұстаған бүркітін босатып, ұшырып жібереді. 1985 жылы 96 жасында дүниеден өтеді. Қайтыс болар шағында ұшырған бүркіті үй маңына қайтып келіп, қонбай, шиқылдап, ұшып жүреді, кейін иесі қайтыс болған соң, кері ұшып кетеді.

Нұрағайдың әкесі Орынбай 1881 жылы Ақмола облысының  Макен ауданында дүниеге келген, аңшы, бүркітші болған екен. Аңды шаңғымен, итпен аулаған көрінеді. 1941 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында  қайтыс болған. Балуан шолақтың үлкен ұлы Құдайберген де балуан болған. Алайда, балуан бабаның қасиеті қызы Бәтенге берілсе керек. Бәтенді әкесі сүйгеніне емес, бай жолдасына Степняктағы атығай руының баласына ұзатады. Бәтеннің балуандығын келесі жағдайдан аңғаруға болады: «құдыққа түсіп кеткен атан түйені 3-4 жігіт шығара алмай жатқан көрінеді. Ал Бәтен осы кезде иін ағашпен суға барса керек, әрі-беріден соң жігіттерге арқанда түйенің кеуде, қарнына байлаңдар деп, өзі екі қолымен арқанды тартып, атан түйені құдықтан шығарған екен. Екінші жағдай Бәтен апамыз барған жеріндегі отағасы мазасыз болып, зәбір көрсетіп, балағаттаған – мыс. Күндердің бірінде ашуланған Бәтен шоланға күйеуін шақырып, белбеуін бағанға байла деп өтінеді де, байлағаннан соң сол белбеумен Нығыметті биікке аяғынан асып қояды. Шоланнан шығып, өз ісін жалғастыра береді. Осы мезетте көрші кемпір  табақ сұрап Бәтенге келеді. Бәтен табақтың шоланда тұрғанын айтып, алуына рұқсат етеді. Көрші кемпір Нығыметтің аяғынан асылып тұрғанын көріп, Бәтенге айтып, атасына айтпайтынын айтады. Дегенмен, кейін болған жәйтті Бәтеннің қайын атасына жеткізеді. Атасы баласы Нығыметтің істеген ісіне сол керек деп жауап береді.

Ал атасы Балуан Шолақ кеудесінен алып машина, трактор т.б. ауыр заттарды жүргізген. Ол кедейлер мен жетімдерді жарылқап отырған. Өз балалары аш болса да, бар азықты жетімдерге үлестіріп беріп отырған. Балуан атаның белі жіңішке, бойы аласа болған. Беліне белдікті таққанда  бірінші көзіне салған, атқа мінгенде екіншісіне, жұмыс істегенде үшінші көзіне салса, ал ашуланғанда кеңейтіп, белінде бос жүреді екен.

Кейінгі жылдары белдікті бірнеше рет фото-суретке түсіргенде, сәтсіз шықпай қалған. Баян Ғазизқызы: «Үйде өрт болып заттар жанғаннан соң, қоқыстың ішінен жанбай қалған әбдірені тауып алған, сөйтсе әбдіренің ішінде осы кісе белбеу болыпты». Бұл белбеу иесінің қасиеттілігін көрсетеді.

Кісе белдік – таза былғарыдан жасалған, бетіне бедерлеме түсірілген. Ұзындығы – 159 см, ені – 3,5 см. Кісе қалталарының көлемі 17х13 см. және 21х7,5 см. Белдіктің бетіне күміс пластиналардан қақтау әдісімен үш түрлі шытыралар орнатылған. Әрбір темір шытыраның бетіне қақтау әдісімен күміс орнатылған. Темірдің бетіндегі күмісті оймыштау әдісімен өсімдік өрнегі жүргізілген. Шытыраның жалпы саны – 15 дана. Белдіктің кісе қалтасының ішкі жағында араб әріптерімен  жазылған жазу бар.

Қазақша мағынасы «Садық Жақияұлының кісесі – 1911» деп жазылған. Аталмыш белдіктің сақталуына тоқталатын болсақ, тұтастай алғанда сақталуы қанағаттанарлық. Дегенмен, белдіктің бетіне түсірілген дөңгелек формадағы күміс шытыралардың  3 данасы және әсемдік үшін сопақша етіп жасалған заттың бір данасы жоғалған.

Ескерту: жоғарыда берілген мәліметтер Баян Ғазизқызы Орынбаеваның сөзінен жазып алынған. 13 шілде 2006 жыл. 

Айгүл  Рахтаева, ҚР Ұлттық музейі Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері

 

Бөлісу: