«Бас киімді біреуге беруге болмайды…»

Жуырда қасиетті Түркістан қаласына Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», қазақтың «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының» академигі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, қаламгер-журналист Ғалия Қайдауылқызы Айуп ханым келді. 

 «Дәстүр» журналының ақылдастар алқасының мүшесі, Түркістан облысындағы тілшісі ретінде, «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан  Бегмановтың арнайы тапсырмасы бойынша этнографты іздеп бардым. Ол кісінің өмір жолы мен ұлтымыздың дамуындағы ата-бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде мойындатып жүргенінен хабардар болғандықтан, арнайы сұхбат алдым. Келген күні қаланы  аралатып, тарихи жердің кереметтерін  көрсеттім.  Ертеңіне қала орталығындағы әсем  ғимараттардың бірі  «Rixos» қонақүйі мейрамханасына дәмге шақырдым.

Жасы жетпістен асса да, әлі жүріс-тұрысы өте ширақ, әдемі киінген апамыз дәл уақытында келді. Мінезі сондай ашық-жарқын. Түркістанның дәл бүгінгі келісті келбетіне тамсанумен болды.

Бір ғажабы ол кісі не айтса да, шешендікпен, ұтқырлықпен, әрбір ойын нанымды баяндайтын кісі екен. Сөз саптау шеберлігіне,  мәдениеттілігіне, өмірге зор үмітпен қарайтындығына, болашаққа, келешек жастарымызға сенетініне өз басым қатты таңғалдым. Енді Ғалия Қайдауылқызымен болған  сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

– Ғалия Қайдауылқызы, хош келдіңіз! Кеше қасиетті Түркістанның көптеген жерін көрдіңіз. Ана электрлі арбамен әбден араладыңыз, әсері қалай болды? Міне, мынау біздің отырған жеріміз де керемет ғимараттардың бірі, сізді көрсін, арнайы дәм татсын дедім.

–Түркістанның бүгінгі келбеті мен сұлулығын айтып тауыса алмаймын- ау! (апайдың күлкісі әдемі екен, күліп алды)

Кеше маған өмірімде көрмеген кереметтерді көрсеттің ғой.

Құдай-ау, анау «Ұшатын театр» дей ме, «Ұлы Дала Елі» дей ме, сұмдық өзгерген екен, Түркістан. «Сапарға шығу Алладан» деген. Мен аяқ астынан туыс-бауырларым Бақытбек пен Гүлнараның шақыруымен келген едім.

Түркістан десе, елә үшін туған, Түркістанның бір тұлғасы Қасымхан бауырымды елестетем. «Түркістан дегенде» сол жердің қадір-қасиетін сезінемін, содан бауырыма хабарласып едім. «Дидар ғанибет» дейді ғой, өзің іздеп келіп,  мені тауып алғанда,  қуанып, арнайы шақырылған қонақ сияқты қадірлі болуым, көңілімді марқайтты.

Түркістанда бұған дейін де болып жүр едік, бірақ осы жолғы аралауым мен үшін жарты әлемді, жарты ғаламды шарлап шығуыммен тең болды. Өйткені соның бәрін көзбен көріп қана қоймай, құлақпен естуге мүмкіндік болды. Әр нәрсенің қадір-қасиетін терең түсінуге, көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік болды. «Ұшатын театрдың өзі, айтып отырмын ғой, ғажайып дүние!

«Ұлы Дала Елінің» ғажайыптарын айтсаңызшы! Айтар сөзім жоқ, не деген өзгеріс, не деген жаңалық жасалған! Ол – біздің мықтылығымыз емес, бабаларымыздың рухының асқақтығы мен  сондай дүниенің бәрін біздің дәстүрімізге  жалғап тұрған рухының мықтылығы!  Келген адамның бәрі тамсанып, таңғалып, «шіркін-ай, тағы бір айналып келсек, көрсек екен» дейтін ғажайып дүниені басынан өткереді деп ойлаймын. Бұл өте керемет дүние!

Бұл – жақсылықтың нышаны.

Түркістан – Мағжан жырлағандай, бүкіл түркінің бесігі, кең дүниенің есігі. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дейді ғой, осы жерде тұрып жатқандар, қадірін бірде біліп, бірде білмейтін шығар. Сырттан келгендерге бірден сезіледі. Оның үстіне жергілікті жердегі адамдардың қас-қабағының, жүріс-тұрысының , кісі құрметтеуінің өзіндік ерекшелігі бар екенін  түсіндім.

Менің алған әсерім керемет! Меккеге барып келгендей бір шаттанып, шабыттанып, шалқып, сендердің қастарыңда отырмын ғой қазір.

Осы отырған ғимараттың өзі қандай керемет! Бұрын қасиетті Түркістанға мұндай жағдай жасалмады ғой. Қазақта  «Ештен кеш жақсы» деген. Осындай ғимараттарды халқына тарту еткен кәсіпкер азаматтарымызға Алла абырой берсін!

Кеше ғана көзімен көргенді, бүгін қолымен қойғандай ғып айтып отырған апайдың пайым-парасатының, эрудициясының өте жоғары екендігіне сүйсінген мен дәм үстінде сұрағымды қойып, апайдың жауабын мұқият тыңдап, кейбір жерін түртіп отырдым.

– Ғалия апай, өзіңіздің балалық шағыңыз, өскен ортаңыз жайлы оқырмандарымыз үшін тарқатып айтып берсеңіз? Мектепке неге бес жасыңызда бардыңыз? Ата-әже қолында өскен ерке қыз болғандықтан болар?

– Біздер, Алматы облысы Нарынқол ауданының «Қайнар» деген ауылында тұрдық. Сол Қайнардың батыс жағында  Лабасы тауының етегіндегі  Төтенің белінде, сонау 1951 жылдың бірінші маусымында ел жайлауға көшіп бара жатқанда  мен дүниеге келіппін.

Ата-бабамыз көшіп-қонып жүргенде, жолшыбай туылатын балаларын жүк артқан түйелерін айналдыра шөгеріп, соның ортасында босанып, айдалада, желдің өтінде туылған баланың кіндігін кесіп, анасының белін байлап, көшті жалғастыра берген ғой. Мен де сөйтіп келген  егіздің сыңарымын. Менің дүниеге келуімнің өзі бір хикмет. Әуелі жарық дүниеге ұл бала келіпті. Өкінішке орай, әлсіз туылып бірден шетінеп кеткен екен. Айы-күніне жетіп туылған нәрестеге ат қойылатын ғұрыппен Ғайып деген ат қойылып, босағадан аттатып барып жерлепті. Содан кейін әбіржіген әкем көрші Айшахан апа мен жаңа босанған анамның қасына келіп, жағдайын білейін десе, қатты қиналып жатыр екен.

Әкем Қайдауыл бұрынғы балаларын да өз қолымен босандырған, емшілік қасиеті бар, ерекше жан еді. Баланың жолдасы қалды ма екен деп, анамның құрсағын сипаса тағы да бір тіршіліктің «белгісі» барын  байқайды. Көрші Айшахан апама тағы бір бала бар екендігін сүйіншілейді. Сол сәттен бастап, анам бебеулеп, жанын қоярға жер таппаған. Ақыры жақсылықпен аяқталып, балпанақтай болып, дүниеге мен келіппін. Әкем ес білгенге дейін мені «борбығым»  деп еркелететін. Себебі, мен борбиған толық сәби  болыппын. Атымды Ғалия деп қойыпты. Араб тілінен аударғанда «биік», «мәртебелі» деген мағынаны білдіреді екен.

Менің бес жасымнан мектепке баруымның  өзіндік тарихы бар. Мектеп біздің үйдің жанында, 200 метрдей ғана қашықтықта  болды. Таңнан кешке дейін қоңыраудың үні, балалардың дауысы естіліп тұратын. Мен атам мен әжемнің бауырында өскендіктен бе екен, ерекшелеу, еркіндеу болдым. Атам үнемі «ақылды тентегім» деп отырушы еді. Өз  ата-анама кейін екеуі дүниеден өткен соң ғана қосылдым, бірақ бәрібір бөлектеніп, атам мен әжемді іштей сағынып, аңсап, жалғыздықпен өстім. Атамның аты – Стамбай, әжемнің аты – Иіс еді. Сол атам мен әжеме «мен де мектепке барамын» деп қоймай қойыппын. Содан киізден бетіне ою салып, қолсөмке тігіп берді. Соған бірді-екілі дәптерім мен қаламдарымды салып мектепке бардым. Барған соң мұғалім сұрақ қоймай-ақ, тақылдап тақпақ айтып, әріптерді айта беріппін. Содан әжем айтқандай, «көз тиіп» ұшып түсіппін. Бір ай барып-келіп, қатты ауырып, орнымнан тұра алмай жатыппын. Әжем мені қайтып мектепке жібермей қойды.

Кейін жеті жасымда, ел қатарлы, бір жылда туған төлдермен бірге Крупская атындағы мектептің табалдырығын 1958 жылы аттап, 1968 жылы бітірдім.  Мектепте кілең бестікпен оқыдым. 9-шы класта оқып жүргенімде атам мен әжемнен айрылған соң «жетім қалдым, өлем» деп балалықпен жылағаным да есімде. Сонда ел жиналып, «мынау сенің әкең, мынау сенің шешең, мынау сенің туу туралы куәлігің» деп айылымды жиғаны бар.

Жасыратыны жоқ, менде бір «еркіндік» болды. Оны «өр кеуде» деп айтуға болмайды, бірақ ешкімді тыңдамайтын оқушы болдым. Сол еркіндігімнің әсері ме екен, сабақтан гөрі сахнада көп жүретін болдым. Түске дейін  сабақта болсақ, түстен кейін скетч қоямыз. Тәртіп сақтап, сабаққа көп қатыспайтын оқушыны кім жақсы көреді дейсіз, кейбір мұғалімдер мені онша ұнатпады.

Мамандық таңдауда менің журналист боламын деген сөзіме бір ұстазымның маған: «Сен журналист тұрмақ, адам болсаң мына мұрнымды түбінен кесіп берейін» деп айтқан сөзі  өмір бойы жүрегімнен шықпай қойды. Сол ұстазым әлі тірі. Кейіннен университетте оқып жүргенімде, сол кісімен бір кездесіп қалып: «Ағай, мен адам болуға жарап қалдым. Баяғыда солай деп едіңіз, сол мұрныңыздың ұшынан кішкене кертіп беріңізші» —  деп күлдім. Ұстазым, «ойпырмай, сен әлі ұмытпаған екенсің-ау» деп ыңғайсызданып, ары қарай жүріп кетті.

Мені алға қарай ұмтылдырған тек намыс болды. Намыс – өмір бойы менің арқама тіреу, қолтығыма сүйеу болып келе жатыр.

Мен 1971-1976 жылдары журналистиканы бітіріп, өзімнің ойға алған барлық арманыма жеткен адаммын. Қоғамдық өмірде өте белсенді болдым. Менің Қайдауыл әкем мені «бойбермес» дейтін. Үнемі «сорыңа қыз боп тудың, ұл болып туатын жөнің бар еді» деп отыратын. Сөйтіп менің өмір бойы Ғалия деп атамай, «Қалабай» деп еркелететін. Соған бола жеңгелерім мені «Қалтай» деп кетті. Жалпы, еркелеу, еркіндеу болдым, бірақ есерлеу болмадым. Басымнан сөз асырмадым, әділетсіздікке төзбейтінмін, біреудің айтқаны дұрыс болса дұрыс деп, дұрыс болмаса әділетсіздіктің жолында «өлуге дайын» адам болдым. Әлі күнге дейін сондаймын. Сол бала күнгі сүтпен кірген, қалыптасқан мінез, сол қасиет сүйекпен кетеді екен. Сол белсенділігіммен анау-мынауға әлі бой бермей келе жатырмын ғой, қарағым.

– Сіз қоғамда әйел-ананың қорғаушысы секілді сезілесіз. Үнемі қыздардың, әйел-ананың, әженің сөзін сөйлеп жүресіз. Ұлттық киімдер жайлы  айтып жүресіз, оқырмандарымызға түсіндіріп өтсеңіз?

– Оның рас, мен қоғамдағы қазақ әйелінің (мейлі ол қыз, әйел-ана, әже болсын) соның сөзін сөйлеушімін. Себебі, қоғамды ұстап тұрған да, ұрпақ таратып,  қоғамымызды, отбасы, әулетімізді бақытқа бөлеп отырған да сол әйелдер!

Патша да, бай-бағлан да, екі аяқты тіршілік иесінің бәрі де анадан туылған. Жалпы адамзат басынан қандай жағдай өтсе де,  соның тең жартысын нәзік иығымен көтеруші әйелдер екені белгілі. Қазақ әйелі ертеден ұлттық салт-дәстүрді сыйлап, әдет-ғұрыпты меңгеріп, оны өмір бойы ұстанған.

Қазақ әйелдерінің ұлттық киімдеріне негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, тақия, қамзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекше жатады. Дәл қазіргі кезеңде ұлттық киімнің заманауи брендін дизайнерлеріміз әлі қалыптастыра алмай отырған жағдайы бар. Ал әйелдер арасында ұлттық киімдер әрқашан сұранысқа ие.

Иә, жалпы алғанда, адам баласы қай заманда да, баскиімге ерекше көңіл бөліп, аса құрметпен қараған. Баскиімді жерге тастамаған, біреуге бермеген. Тіпті халқымыз қуанғанда бөркін аспанға атып, киналғанда жерге ұрып, көңіл-күйін бас киімі арқылы да сездіре білген. Мәселен, ертеде екі тайпа ел жауласып, өзара бітімге келе алмай, жағдай қиындағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түскен. Кимешектің сыртындағы жаулығын басынан шешіп, екі араға тастағанда киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмаған.

Сондықтан баскиімнің өмірде саяси-тарихи мәні бар екенін осыдан-ақ байқауға болады. Бастағы шаштың қадірі бастан кем болмаған. Өткен заманда біреудің шашына рұқсатсыз қол тигізгені үшін құн дауланған, айыппұл салынған. Қазақ дәстүрінде, күйеу жігіт қалыңдығының шашын сипағаны үшін қыз жеңгесіне «шаш сипатар» ырымын жасаған. Міне, осылай басқа, шашқа қатысты халқымыздың ырым-тыйымнан туған тәрбиелік мәні тереңде жатқан наным-түсінігі өте көп-ақ. Соны ұрпаққа ұғындыру үшін үлкендеріміз көп жұмыс жүргізуіміз қажет.

Осыны ойлап, жылдар бойы бас киім, әсіресе қазақ аналарына тән бас киімдердің сын-сипатын, қажеттілігі мен ерекшелігіне байланысты зерттеу жасадым. Әйел-аналар бас киімі кимешек деп аталса, соған қатысты кимешектің елу түрінің бар екендігін анықтадым.

–  «Кимешек» деп қалдыңыз. Кимешекті  қазақ әйелдерінің баскиімі ретінде танимыз. Сол кимешекті құрметтеуіңіз  қалай басталды? 

– Кимешек – маған әуелі түспен, аянмен келді. Ой, Алла-ай! Айтып отырсам, ертегі сияқты. Сонау 1994 жылдары мен түсімде әкемнің өзі көрмеген, бес жасында жетім қалған, анасын ақтар атып өлтірген, Керім әжем түсіме кіреді. «Ой, мынау Керім апам ғой» деймін. Ол кісі бақша жақтан үйге қарай келе жатыр, мені ымдап шақырады. Содан шарбақтың сыртына шығамыз. Сол жерде өңімде машинаның бос бөшкесі (цистерна) жататын, соған отыр дейді, мен отырамын. Сол кезде ол кісі бірдеңелерді айтады, мен түсінбеймін.Өзінің басындағы кимешегін шешіп, астында «терілігі»-байлауышы  қалады. Маған жылы қабақпен қарап, беліме кемер белбеуін байлап,  кимешекті менің басыма кигізеді. (Белбеу – әйелдікі, белдік-ерлердікі). Бір уақытта күнбатыстан бір ақтайлақ боздап келе жатыр екен. «Ой, апа, түйе тарпып тастайды ғой десем, жоқ-жоқ, ол жекеменшіктің түйесі, тарпымайды» – дейді. Түйе де жалт бұрылып, құйрығын аспанға шаншыған күйі, әдемі боздаған күйі менің ата-бабамның мазары жатқан жаққа кетті.

Содан оянып кеттім де жақсылыққа жорыдым. Ол кезде құран да білмеймін, дұғаны да түсіне бермейтін уақытымыз.

Бірақ содан бастап, мені кимешек «қыса» бастады. Он жылға жуық уақыт кім «екенімді»  білмей жүрдім.

2003 жылдың бір күндері кимешекті мен қолмен, яғни бізбенен, қармақбізбен тоқи бастадым. Сонда кешкі сағат сегізде бастаған кимешекті таңғы сағат бесте бітірдім. Қолымда үлгі де, сурет те жоқ, ешкім үйретпеген. Санамдағы елеспенен соны тоқып шықтым. Мен суретші емеспін. Әйтеуір өйтіп-бүйтіп сызып қоям. Кимешектің тоғыз түрін түсімде көрдім.

Бір күні суретші Айнұр қызыма бар жағдайды айтып, одан сурет салып беруін өтіндім. Тыңдап отырған қызым: «Мама, мен суретшімін, мен неге түсімде көрмеймін, сіз көріп тұрсыз, сол үшін өзіңіз сызыңыз, рахатын да, азабын да өзіңіз көріңіз, қиналсаңыз мен сізге одан да ақша берейін» – дегені.

Ал, содан жанталасып, «жынды» мен «саудың» ортасында мәңгіріп жүрдім.

Бірде Қызылорданың Қазалы ауданынан тігінші қыз көшіп келіпті деп естідім. Қаңғалақтап соған бардым. Бұл жерде де баһадүрдің ұрпағы «ана Гүлзираға бар, соның маңайында бол» деді түсімде. Білмеймін «түс-құдайдың елшісі» деген рас-ау, түс көре бердім. Гүлзираға бардым да, «Гүлзира мен кішкене қиялилау, аурулау, жындысүрей адамға ұқсаймын ба, сен бірақ көңіліме қарама, шыныңды айт» — дедім. Содан Гүлзирам бетіме қарады да, «жоқ сіз сап-сау адамсыз» деді. Шынында да табиғаты бөлек адам екен. Онда сен тігінші ретінде маған көмектес дедім. Жөн сұраса келе екеуіміз туысқан да болып шықтық, бүгінде шәкіртім болып жүр. Жолдасым бір бума (рулон) жасыл түсті атлас матасын әкеп берген. Кимешек солай басталып кетті.

Мені «қинап» келген, арты жақсы болған кимешекті Алла маған осылай нәсіп етті.

–1974 жылы Бауыржан Момышұлы атамызбен Сарыағашта кездескен екенсіз, суретіңізді кітаптан көрдік, сол жайында білгіміз келеді?

– Кездейсоқтықтың өзі заңдылық дейді ғой. Бірақ ол тосын заңдылық. Ойпырмай аяқ астынан кездесіп қалдық, аяқ астынан әңгіме боп қалды дейміз ғой. Сөйтсек, соның бәрі соған дейін дайын болып, сәтін келтіруге жол іздеп жүрген ғана тірлік сияқты.

Бауыржан Момышұлы  – әлемге әйгілі кісі ғой. Бауыржан атамен кездестірген Алланың мұғзижасы.  Мен студент кезімде өте белсенді болдым. Көркемөнерпаздар, драма үйірмесінің жетекшісі болдым. Оған дейін халық театрында еңбек жолымды бастаған адам ретінде, сахна маған өте жақын болды. Студенттер бірігіп, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», М.Шахановтың «Танакөз» поэмасын сахналап, кейде өзім режиссёр, өзім актер бола салатын едім.

Менің сол еңбегімді елеп, деканымыз Темірбек Қожакеев 24 күнге демалуға жіберген болатын. Сарыағашта демалып жүргенде,  «төртінші «Шахтерлер» корпусында Бауыржан Момышұлы демалып жатыр» дегенді естідім. Атағы әлемге жайылған батыр атамен кездесу маған арман болды.

Бір күні бас корпустың алдында кездесіп қалдым да, амандастым. Ол кісі орындықта отыр екен. Қасына барып, қорқып тұрсам да сәлемдестім. «Садись» деді. Бетіме қарады да «ты кореянка или казашка» деді. Мен «қазақпын» дедім, еркелеп, жылы қабағын байқап. Содан ары қарай атамызбен екеуміз әңгімелесіп кеттік. Күнде уақыт тауып кездесуге тырысамын. Кездескенде жылы шыраймен амандасамыз, сөйлесеміз, сыйласып кеттік. Сол сыйласқаннан мен кеткенше ол кісімен бірге бер жақтағы Иса атаның басында, Келестің жағасында, сол жердегі төбелерде әңгімемізді айтып ұзақ жүретін болдық.

Батыр атамыз баладай аңғал, әңгіме айтқанды, тыңдағанды өте жақсы көреді екен. Жұрт айтқандай қорқынышты емес еді, бірақ атағынан үрке ме ол кісіге  жақындауға жұрт қорқады екен. Бір күні қайтатын уақытым болды. Мен кетерде автобусқа атаның өзі шығарып салды. Батыр атамен неше күн қатар жүргеннен кейін менде де ол кісіге деген қимастық болды. Алғашқы және соңғы көруім екен, кейін ол кісі туралы өлең де, мақала да жаздым.

– Апай, тағы да бас киімге тоқталсақ?

– Кимешек-баскиім. Қазақ баскиімді ерекше бағалаған. «Баскиімді ауытыруға болмайды, бағы ауысады» деп ырымдаған. Бас — дене мүшелерінің ми орналасқан  бөлігі болғандықтан, басқа мүшелерден артықшылығы сонда.

Әрбір адамға арман болған бақ құсы баскиіммен байланысты көрінеді. «Баскиімді басқа біреуге беруге болмайды» деген тыйым сөздің де төркіні басты сақтаудың сақтық дұғасындай болса керек.

Халқымыз әйел затын әспеттеп, «ақ жаулықты Ана» деп атаған. Ата-бабамыз қастерлеген ақ жаулықтың осы күні  басымыздан себепсіз сырғып түсуі, жазықсыз жазалы болуы – әрі сынақ, әрі сұрақ.

Менің атам би болған, Керім әжемнің әкесі болыс болған. Содан бұлар қуғынға ұшыраған кезде атам мен нағашыларымның көрмеген қорлығы болмаған. Әжем 1916 жылы тек кимешегін сақтап қалайын деп, атаммен бірге Қытайға өтіп бара жатқанда ақтар атып өлтірген. Өлген соң бір кезеңнің артында қалған ғой, кейін ел-жұрты тауып алған. Осы әжем түсіме кіріп, маған кимешегін кигізіп жүрген.

Кимешек туралы мен түннен таңға айта беруден жалықпаймын. Кейде әр аймақтың кимешегі әртүрлі боп кеткендей көрінгенмен, оның түбі бір.

Кимешекке дейін әйел баласы бірнеше кезеңдерден өтіп, әртүрлі баскиім киіп, бастың өзін үйретуі қажет.

Халқымызда қыз бала дүниеге келгеннен бастап, — сылау тақия, сырма тақия, көз моншақты тақия, балауса қыздар маңдайын кестелеген шыт байлама, бойжеткендер маржандаған кепеш, топы, үкілі тақия, немесе қалыңдықтар жағы қарқаралы бөрік, сораба және сәукеле, қасаба киген. Келін боп түскенде үстіне салы орамал жамылған.

Шетелдегі қазақтарымызда «салы салу» деген салт бүгінге дейін сақталған. Ертеректе жаңа түскен келіншек бір балалы болғанша, салы, байлауыш байлап жүрген. Тұңғышы ширап, қатая бастағанда, абысын-ажын жиналып, ана болғанның белгісі ретінде сәукелені шешіп, сәндеп тігілген кимешек кигізген. Бұл баскиім балалы әйелге ыңғайлы да, таза, жинақы болған.

Талғаммен тігілген кимешек әрқашан жарасымды көрінеді. Шақырайған кимешекке үйренгенше қымсынып, үстінен желек жамылған. Енді біраз уақыт өткен соң, «алдын ашу» деген рәсім жасалады. Желектің алдыңғы екі ұшын артқа қайрып, белге байлайды. «Алды ашылған әйел» деген сөз осыған байланысты айтылған. Сөйтіп, бірте-бірте желегін сыпырады. Желегі басынан түскенше төрге шығуға болмайды. Кішкентай балалар тентектік жасап, төрге қарай жүгірсе, келін амалсыз босағада тұрып қалуға мәжбүр болады. Кимешектің киілуі — келіннің кердең мінезден тыйылуы, ата-салттың алдында иілуі.

– Сіздің түсінігіңізде жөн-жосық дегеніміз не, Оның ұрпақ тәрбиесіне қатысы бар ма? Бүгінде сәнді киімді «мода» дейді жастарымыз. Осы сәнге (модаға) көзқарасыңыз қандай?

– Қазақ халқының бірнеше ғасырлық өмір тарихында, әр істің, салт-сананың реті мен жөн-жобасы болады, барлық жұмыс соған сәйкес атқарылады. Ол –  қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлер негізінде жасалған. Ұлттық ырым-тыйымның, әдеп үлгісінің жұптасқан немесе топтасқан құрамы – халықтың әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын құрайды. Осыдан барып ел ішінде әдетке сай жөн-жосығы мен жолы шығады.

Міне, осы жол арқылы халықтық қағида, мәдени-тұрмыстық, рухани-тәрбиелік үлгі-өнеге жиынтығы қалыптасқан. Мұның танымдық-тағылымдық, әдептілік қызметтері де өте зор екенін тарих жолы талай рет дәлелдеп берген. Халықтың өзі жасап қалдырған осы әдет-ғұрып пен жөн-жосықты біліп, үйрену және оны өмірде қолдану ағайынды да, жас ұрпағымызды да адастырмас сара жол болып табылады. Мысалы, «Тұрмысқа шықпай қалады деп, қызға кәрі жілік ұстатпайды», қазақ қызына ана болу бақытынан артық бақыт жоқ. Дүниеге ұрпақ әкеліп, оны дұрыс тәрбиелеп, қатарға қосқан ананың маңдайының бағы бес елі деп сезінген. «Қызы босанғанда анасы кәде-жорасымен барып, қызының жанында болып, ақыл-кеңесін береді». Бүгінде кейбір аналарымыз қызының құлағын «көтеріп», не болса соны «ине-жіпке» тізіп, қызына кереғар тәрбие бергенін байқамайды. Нәтижесінде отбасы ынтымағы бұзылып, ажырасу көбейеді.

Кейбір жастарымыз баршылық пен  тоқшылықтың арқасында өте ерсі киініп жатады. «Мода» қуып, жарасымсыз киініп, желкілдейтіндері де жоқ емес. Сәнді киім дегеніміз – кисең сезбейтін, шешсең іздейтін, көргеннің көзін қуантып, жаныңды да, тәніңді де бүтіндеп тұратын жарасымды киім.    Ата-бабамыздың «Әсіре қызыл тез оңар» деген сөзінің мәні тереңде жатыр. Неге дейсіз ғой? Себебі, тез қызыққан адамның тез басылатыны секілді, «менмұндалап» көзге ұрып, шақырайып тұратын үлгіні үлгі тұтпаған. Кейде әшекеймен әрлеп, ою-өрнекпен сәндеп, өзіндік нақышпен өң берсе, оқалы маржан тағынса, ол өзіне тарту үшін жасаған сыйы болып табылған.

Біздің ұлан-ғайыр қазақ даласының өзінің жазылмаған заңдары бар. Солардың ішінде, ұлтымыздың салт-дәстүрін сақтауы, ұлттық нақыштағы қазақы киімдердің құндылығы мен қасиетін жоғалтпауы. Қазақ халқының киім кию мәдениетінің өзі зерттеуді қажет ететін сала. Халқымыздың өмір сүру салтында әшейін ер мен әйел деп бөлініп, кейбір елдердегідей жамылғы жамылып, жан сақтамаған. Малшы мен жалшының, сал мен серінің, бақсы мен батырдың киімдері  өздеріне лайық, бір-бірінен ерекшеленіп отырған. Мәселен бешпентінің өңіріндегі сабақты түйменің санына сәйкес келеді. Баласының санын айтпайтын қазақтар ұрпағының өсіп-өнгенін өңіріндегі шар түйменің әшекей-әбзелімен сездірген.

– Өзіңізбен Қыздар университетінде «Мыңнан бір түйін» атты үлкен кездесу өткенін әлеуметтік желі арқылы таныспыз, өзіңіз сол оқу орнымен шығармашылық байланыста екенсіз, сол жайында оқырмандарымызға айтып өтсеңіз?

–   Иә, керемет іс-шара өтті. Өзім осы оқу орнымен 1989 жылдан бері тығыз байланыстамын. Көптеген  ірі мәдени шараларының сценарийін жазып, әдемі өтуіне атсалысып келемін.    Мен үшін Қыздар университетінің орны бөлек.

1989 жылы алғаш рет Наурыз мерекесін ұйымдастырдым. Содан бері қаншама басшысы ауысты. Қаншама түлек осы ұядан ұшып шықты. Бұл шаңырақ мен үшін ыстық, туған үйімдей. Мұнда менің мың қызым бар. Өнегелі, өнерлі қыз көрсем қуанам. Олардан бақытты болашақты көремін. Қазақ қызы – ұлттың болашағы. Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей.

Бұл жерде өңшең сұлу да сымбатты қыздардан тұратын «Қыз Жібек» клубы бар. Кездесуге шақырған қыздар менің  шығармашылығым мен «Жүректегі тәтті мұң», «1001 түйін», «Киелі кимешек» атты кітаптарымды таныстырып, еңбек жолым мен республикалық деңгейде өткізілетін көпшілік –мәдени іс-шараларға белсене араласып, кейбіреуінің сценарист, әрі қоюшы режиссёрі болғаныма дейін айтты.

Қазақта «Жақсы сөз жан семіртеді» деген  әдемі, мейірімді сөз бар. Ұжымның өзіме жасалған ілтипаты мен құрметінен кәдімгідей өзімді «бір керемет жан екенмін-ау» деп қалдым. Бір-бірімізге мейірім шуағын сыйлап, қамқорлық жасап жүргенге не жетсін!

Енді негізгі мәселеге келсек, біздер үлкендер және осы сияқты оқу орындары бір ғана мақсатпен жұмыс істеуіміз керек. Ол – өсіп келе жатқан жастарымызға, әсіресе қыздарымыздың бойына сонау ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді сіңіруіміз керек. Кездесу барысында, ұлттық құндылықтар, ұлттық болмысты сақтау, мықты отбасын құру,  жақсы ана, инабатты келін атану, қыз тәрбиесіне қатысты ата-бабадан қалған асыл сөздерді есте сақтау жөнінде көптеген әңгімелер айтылды.

Сұрақтар қойылды, соларға байланысты мынадай ойлар айтылды: «Өмір деген – Алланың сыйы. Тек қана алға ұмтылу керек. Жүрген жолдарыңда тек жақсылық жасаңдар. Жасай бер, жасай бер, жасай бер… Ол өзіңе қайтып келеді. Өмірде не нәрсе болса да қайтарымы болады. Әдеп деген – әдет. «Бір күнгі жаман әдетің, өзіңе болар жендетің»,- деп Абай аталарың айтып кеткендей, жамандықтан аулақ болыңдар.

Таңертең ұйқысынан өз елінде оянған адам  — ең бақытты адам. Аллаға шүкір, өз Отанымыз бар, бұл – біздің үлкен байлығымыз! Еліміздің амандығын тілеуден асқан ешнәрсе жоқ. Әрбір қазақ баласы мен елімнің қандай пайдасына  жарадым, не істей аламын деп ойлануы керек. Ата-бабамыздан тап-тұйнақтай боп жеткен асыл қазынамыз – ұлттық құндылығымызды ертеңгі ұрпағымызға аман-есен аманаттауды ғана ойлауымыз керек. Бұл – аманат! Аманатқа еш қиянат жасалмауы керек» деп соңынан «Мыңнан бір түйін кітабынан мына жерін: «Бал ара балын береді, шағатынын ұмытпа, ит соңыңнан ереді, қабатынын ұмытпа. Ат шапсаң да көнеді, тебетінін ұмытпа. Өмір бір-ақ рет келеді, соны бір ұмытпа»,- деп аяқтағанын айтты кейіпкеріміз.

Естір құлақ, түсінер сана болса, өмірден түйгені көп Ғалия апамыздан рухани азық алар талай мың дүние айтылғаны көрініп тұр.

– Дәл осы  «ҚЫЗПУ»-да өткен «Қазақ аруы» деген байқаудың өткенін білеміз. Сол жайында оқырмандарымызға не айтасыз?

– Иә, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жер-жерден осындай сайыстар өтіп жатты ғой. «Қайтсек ел боламыз» деген тақырыпта ел-елді аралап жүріп, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» дегеніміз, еліңді түзеймін десең, әуелі қызыңды түзе дейді ғой. Мысалы, елін бұзайын деген жау, алдымен қызын бұзады екен. Сондықтан мен «Әйел мәселесі – әлем мәселесі» деген тақырыпты қозғадым. Содан ол бастама қызу қолдау тапты. Халықтың алдында жүрген, айтар сөзі бар, жолы,  жөні бар азаматтардың басы қосылып, осындай тақырыппен ең алғаш рет Қыздар университетінде өткізгенбіз.

Сол байқауда әділ-қазылардың қатарында болдым. Ары қарай елдік деңгейде, республика көлемінде арулар байқауы өткен болатын. Қойылатын талаптар, «сен қазақы тәрбиенің, тәлімнің қайсысын, қандай түрін мойындайсың?» деп жастардың өзімен ақылдасқандай, ерік бердік, ақыл айтқаннан гөрі ақылдасқандай дүние болды. Сонда біздің білмегенімізді мынау халықтың білмейтіні жоқ, «халық –Құдайдан бір-ақ жас кіші» дейді, «халық айтса, қалт айтпайды» дейді. Сондықтан халықтың арасынан шыққан, елдің түкпір-түкпірінен келген, көргені бар, естігені бар бойжеткендердің одан да тереңірек үңілуіне, ізденуіне мұрындық болды. Оларға сондай бағыт-бағдар берілгенін апайымыз терең айтып өтті.

Иә, халқымыздың аяулы перзенті Ғалия Қайдауылқызы қайтпас-қайсар жан.

Халқымыздың ұлы мұраты жолында аянбай еңбек етіп, ақыл-ой қуатын, жүрек отын еліміздің білімі, әдебиеті мен тілінің, мәдениеті мен өнерінің өсіп, өркендеуіне арнап, қоғамдық сананың жаңаруына, ұлттық идеяның салтанат құруына,  ұлттық рух туының биікте желбіреуіне, қазақ әйелдерінің мәртебесін көтеруге, мемлекеттігіміздің нығаюына үлес қосып келе жатқан Ғалия Қайдауылықызы жастарды Отанын сүюге, ел үшін қызмет етуге, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады.

– Жақында ғана Египеттегі Әйелдер қауымдастығына байланысты өткен дөңгелек үстелге қатыстыңыз. Сол туралы айтсаңыз?

– Кимешектің тек сұлбасын тігіп қоя салғанымыз жоқ, сонау тас дәуірінен бастап зерттеп, зерделедік қой. Содан кейін «Алла тағала өзі жолға салады» дейді. Ақтөбенің бір қызы бар еді Қания Хайруллина деген. Менің қатар оқыған курстасым, мен журналистиканы, ол заң факультетін бітірген еді. (Жаны жәннатта болсын, ерте кетіп қалды) Үлкен қызымның ұзату тойына шақырған едім. Ол кезде ол келе алмады.

Тойға уақтысында келе алмағандарды арнайы шақырып, тосынсый көрсеткіміз келіп, тігілген он үш түрлі кимешектің толық нұсқасын ет пен шайдың арасында келген қонақтарға көрсеттік.    Содан олар «ойпырмай, не деген керемет» деп қызығып, таңқалды.

Жаңағы жаны жәннатта болғыр Қания Хайруллина: «Ғалия, мынау ешқандай аналогы жоқ, ешнәрсемен салыстыруға келмейтін дүние! Бұл — сенің жеке авторлық жұмысың. Сондықтан сен әрқайсысына жеке патент алып ал»,-деді. Мен патентті біліппін бе, не керек содан қырық түрлі кимешекке патент, яғни куәлік  алынды ғой. Бұны мен жекеменшігім демеймін. Бұл – қазақтың қазынасы. Бұл – ашылмаған сыры, бұл – шертілмеген шежіресі. Бұл енді қазақтың ең киелі дүниесі ғой.

Ілгеріде, алыстан келген жолаушы түскен үйінің төсегінің басында ілулі тұрған кимешекке, оның ою-өрнегіне қарап, сол үйдің сән-салтанатын, әйелінің таным-деңгейін, дәрежесін өзі топшылайды екен. Сонда бұл біздің — бетжүздігіміз.

Бізді Египетке әкелген кимешектің киесі. Дүние-иесін өзі іздеп табады ғой. Киелі дүние-иесіз қалмайды. Египетке жетіп отырғанының да өзіндік себебі бар. Мәскеуге менің Ләйла Ахметова деген курстасым барса, өздерінің қалпағы мен телпегін дәрежелеп, бүкіләлемдік деңгейдегі Халықаралық көрмелерге шығарып жүр екен. Содан менің құрбым айтыпты: «Сендер шығаратын нәрсені білмей жүр екенсіңдер. Осындай менің құрбым, курстасым бар, жасаған дүниесін көрсеңдер, таң қаласыңдар» депті. Содан кейін, тез жіберуімді өтінді. «Жақсыныкі — жария, жамандыкі — құпия» деген, Ләйланың айтқан Ирина Ивановнасына «Кимешек» альбомын жібердім. Содан олар мені іздеп, байланыса бастады.

Каирда Ресей мен Египеттің мәдени байланысы бар, оны Еуразиялық Ассамблея дейді. Европа мен Азияның осындай ұлттық құндылықтарын, тарихи шежіресін, дүниесін дәріптейтін ұйым екен. Сол жаққа баруымыз керек еді, кейіннен онлайн өтті. Электронды пошта арқылы ол жаққа материал жіберуіміз керек болды. Сол нұсқа бойынша, жеті минутқа сыйғызып, бүкіл салт-дәстүрімізді кимешектің шылауына сыйғыздық. Содан бізге Алғыс хат келді.

Әлем бойынша 14 мемлекет қатысқан дөңгелек үстелге біз де қатыстық.

Біздің жұмыстарымыз арқылы әлем Қазақстанды таныды. Бүкіл әлем қазақ деген халықты таныды. Қазақтың тамыры тереңде екенін, жемісінің шырын екенін, қазақтың діңгегі мықты екенін мойындады. Біздің тапқан табысымыз сол! Менің кимешекті тіккенім, осындай альбом шығарғаным, ол емес. Кимешектің киесі бастап-бастап, қанаттанып, жоғары өрлеп бара жатыр. Египетке байланысты айтарым осы.

Ой, жарығым, менің апам айтушы еді: «Күніне мың сөз сөйлеген адам өледі» деп, менікі екі-үш мың боп кетті-ау, осымен тоқтайық енді.

 

Алдағы уақытта салт-дәстүрге байланысты жазып жатқан көлемді дүнием бар еді, бірақ ол әлі шикілеу, қайнауы жетпеген дүние. Сол жарыққа шықса, Алла амандығын берсе, тағы жолығармыз, – деп шаршаса да жымиып, сыр бермеді  апамыз.

Иә, жасы жер ортасынан асып, кемеліне келген осынау келбеті келіскен, мейірімді жанның әрбір сөзі жазып қойған хатпен тең екендігін, өзінің өмірді сонша сүйетіндігін, Жаратқанның жарылқағанына риза, армансыз екендігін осынау түстіктегі әңгіме барысында аңғара түстік. 

 – Ендеше, арманыңызға жетіп, аман жүріңіз, ардақты Ғалия Қайдауылқызы!

Балтагүл Оспанқызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Бөлісу: