– Балам, сен ренжімегін. Түсің, әділін айтсам, ғажап екен. Мұндай түсті өміріңде бір-ақ рет көруің мүмкін. Енді түсіңді жорып көрейін. Сен Абайды терең білмейсің, шығармаларын атүсті оқыдың. Абай қазақтікі деп мақтанғанмен ештеңе өзгермейді. Абайдың артына қалдырған мұхит мұрасына сүңгі. Мұздасаң жылынасың, күйсең салқындайсың, тасып бара жатсаң арнаңа түсесің, қалып қойсаң алға ұмтыласың. Алайда тек өз басыңның сусынын қандырумен шектелсең, Абайдан саған түк те жұқпайды.

Абай атаңның саған түсіңде айтқан келелі кеңесі осы емес пе екен? Ана тіліңді, атажұртыңды қадірле. Еліңе аянбай адал қызмет ет деп міндет артқан жоқ па? Ал Абай шыққан биіктің етегіне ілінгеніңе мақтанбасам, ренжімеймін. Сен төбеде тұр екен деп қорланатын мен жоқ, ведь на холме с Абаем был не мой сын, а наше будущее и, наверное, писатели, смотревшие на вас, видели рядом с Абаем новое поколение, дочерей и сыновей народа, а не какого-то начинающего писаку и переводчика Бахытжана ибн Бауржана. Сен өзіңнің керемет түсіңді осылай түсінгін.

Абайдың қасында жүру деген – оның өмірлі, өнегелі шығармаларына үңіліп, бойға сіңіру деген сөз. Сонда рухани жағынан Абайға жақындап, қолтығына кіре түсесің. Сенің мына жартысы айран миыңа бір сәуле түсірмей қоймайды. Сана-сезіміңе сәуле түскен соң, дау жоқ, қайраттана бастайсың. Ал үйренгің келмесе, білуге құлықсыз жалқау, босбелбеу, ез болсаң, нағашың қаракесектен де пайда жоқ. Қайраңға шыққан балықтай тұншығасың. Міне, түсіңді осылай түсінгін.

(Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабынан).

Бөлісу: