Бесік – әр отбасының атадан келе жатқан дүниесі

Қазіргі кезде «бесікті кім әкеледі» деген сұрақтар төңірегінде әңгімелер жиі өрбіп, «Бесікті нағашылары әкеледі» деген жауаптар ақпарат желілерінде айтылып, журнал беттерінде жазылып жүр. Сол туралы айтқым келеді.

Қазақта «қыз жат жұрттық» дейді. Қазақ қызын ұзатып, артынан жүгін апарып өзінің ата-ана алдындағы міндетін атқарады. Қазақ әр қадамын сақтықпен қарап, ырыммен бастайтын халық. Сондықтан да олар қай істе де жаңылмаған.

Қазақта «Күйеуге шыққан қыз шиден тысқары» деген сөз бар. Бұл тұрмысқа шыққан қыз  төркінінің  отының басындағы ішкі істеріне араласпайды деген сөз. Мұның өзі даналық сөзден де аңғарылып тұрған жоқ па?!

Қыздың ата-анасы, бауырлары, туыстары оның барған жеріне тастай батып, судай сіңгенін қалайды. Қыз өз жұртына кетіп бара жатырғанда  туған-туысқандарымен,  құрбы-құрдастарымен, туып-өскен жерімен  сыңсу айтып қоштасқан ғой. Көшіп-қонып жүргенде елімді қашан көремін деп бәрімен жылап көріседі, сыңсу айтады. Артының амандығын тілеп, қоштасып, аттанады. Қазақ қызы аяғы ауыр кезінде әке-шешесінің, соның ішінде әкесі мен ағасының алдында жүруге ұялған. Тіпті үйлеріне балалы болғаннан кейін ғана барған.

Қыз – өзі келіп болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Ия, келіннің өмірге нәресте әкелгені  әулетіне үлкен қуаныш. Ұл- әке, келін – ана атанады. Күйеуге шыққан қыз үшін бұл үлкен бақыт. Қызының балалы болғанына төркіні қуанады. Олар қыздарының бақытты болғанын қалап, тілегін тілеп отырады.

Қазақта төркіні қызының артынан бесік әкелмеген. Әр отбасының өз бесігі болады.

Келіннің енесі баланың тыныш ұйқысы мен тазалығын ойлап өз әулетінің көне бесігін қамдайды.  Өйткені ол осы әулеттің баласы. Бала сол әулеттің үлкендері жатқан бесікте жатып өсуі керек. Тіпті бесік әр отбасының атадан келе жатқан дүниесі десе де болады.

Әулеттің бесігі тозған болса, оны өртеп аяқ баспайтын жерге күлін көмеді. Бесікті кез-келген жерге тастамайды. Өйткені бесік киелі.

Сосын ата-енесі немересіне жаңа бесік жасатады. Бесікті шеге пайдаланбай жасайды. Атам Сарыбай ағамның балаларына бесік жасады. Ол бесікті шегесіз, ағаштың өзімен ұстатып жасады. Сол бесікте қазір шөберелері жатыр.

Үлкен әжем кішкентай кезімізде «мынау үлкен әкелеріңнің, апаларыңның  жатқан бесігі еді» деп, кімдер жатқанын айтып отыратын. Сонда біздер оны тыңдап мәз болатынбыз. Әрі таңырқай қарайтынбыз. «Сонда әкем осы бесікке жатқан ба?!» деп. Бесікке салғанда да сол аталарындай болсын, әкелеріндей болсын,  деп те ырымдап отырады.

Әр баланы бесікке бөлер алдында  оны сырлап, немесе тазалап жуып, аластап пайдаланады.  Пайдаланып болғаннан кейін балалар жатқан бесікті келесі бала жатқанша бетін жауып, алып қояды. Келесі ұрпақ тезірек дүниеге келіп, сол жатсын деп, бесікті сынып, бүлініп қалмайтындай жерге апарып сақтап қояды. Бесіктің бетін жаппай қалдыруға болмайды.

Біздің балаларымыз жатқан бесікте бүгінде немерелерімді бөлеп жүрмін.   Бесігіміз үлкен. Қариялардың айтуынша, бесік биіктеу болуға тиісті. Себебі, жатағандау бесікке қарағанда, мұндай бесікке ауа жақсы барады, сәби кең тыныстайды.  Бесігіміздің іші, ауасы кең. Бала жақсы ұйықтайды. Ертең өскенде немерелеріме «сендер аталарың, әкелерің, апаларың жатқан бесікте жаттыңдар» деп, бұйыртса, айтатын боламын.

Халқымыз бесіктің қадірін жете түсініп, жақсы ұғынған. Сондықтан атасы жатқан бесікке немере, шөберелеріне дейін жатқызуға тырысқан.    Бұл бабаларындай         текті болсын деп, аталарының жолын берсін деп,  үбірлі-шүбірлі болып, өсіп-өнсін деген ниеттен туған.

Қазіргі кезде қазақ халқының бұрыннан келе жатырған салтын бұрмалап жүргендер өте көп. Сондықтан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды дұрыс сақтап, насихаттап, болашақ ұрпаққа дұрыс жетуіне аса мән беруіміз керек.

Сарыбай Алмагүл, ҚР мәдениет саласының үздігі 

 

Бөлісу: