Өнертанушы ғалымдар мен этнографтар домбыраның алты мың жылдық тарихы бар деп санайды. Әр өңірге тән ән мен күй дәстүрлерінің қалыптасқаны секілді әрбір аймақтың өзіндік ерекшеліктері мол домбыралары да бар. Ғалымдардың зерттеулері бойынша, бүгінгі күнде «қалақ домбыра», «торсық», «тұмар домбыра», «шіңкілдек», «үш ішекті», «қуыс мойын» сияқты домбыраның жиырмадан астам түрі бар екен. Ал қазіргі заманда елімізде «қалақ пішінді домбыра» мен «жұмыр шанақ домбыра» кең қолданыста екені мәлім.
Бесқала аймағындағы қазақтардың жұмыр шанақты болып келетін өзіне тән домбырасы бар. Енді Бесқала домбырасының өзге аймақтардағы аспаптардан ерекшелігі туралы айтар болсақ, біріншіден, оның көлемі шағындау. Шағын домбыраны ертеде қазақ даласының барша өнерпаздары ұстағаны белгілі десек те, ХХ ғасырдың басынан бастап сахнаға арналған көлемі үлкендеу домбыралар кең қолданысқа енді. Бесқала өңіріндегі домбыраның көлемі сол бұрынғы шағын қалпында сақталып қалды. Бұл – аталған аймақта жыраулық өнердің бүгінгі күнге дейін ежелгі пішінін сақтап қалуға тікелей байланысты. Бесқала қазақтарының арасында жырауды таңды-таңға жалғап жырлату дәстүрі күні бүгінге дейін сақталып отыр. Жырау өте ұзақ жырлағанда шағын домбыраны ұстайды, бұл оның тез шаршамай, домбыра тартқаннан қолынан қары талмай, ұзақ жырлауына мүмкіндік береді. Ал көлемді домбыралар көрнектілігі жағынан сахнаға қолайлы болғанымен, ондай домбыраны ұзақ тартқанда жыраудың кеудесін қысып, қарын талдырып, ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан да Бесқала қазақтарының арасында жыраулар өздерінің шағын домбыраларын күні бүгінге дейін тастамай, қолданып келеді.
Екіншіден, Бесқала домбыраларының шанағы да, мойны да сүйекпен өрнектеледі. Бұл – аталған өңірдегі домбыраның басты ерекшеліктерінің бірі. Сүйектелген домбыраны Бесқала жыраулық мектебінің өкілі Өсербай Сәрсенбайұлы өз толғауларына былайша қосады:
Әсем ән, ақ домбыра, терме-жырды,
Тыңдаса кірер еді ел шырайы…
…Көп алып уақытты неғылайын,
Ақсүйек домбырамды қолға алайын.
Бәйгілі он екі айдау арғымақ ем,
Құлақ сал шамам келсе, жыр қозғайын.
Үшіншіден, Бесқала домбыралары негізінен құрамалы, бұрандалы болып келеді. Оны «омырмалы домбыра» деп те атайды. Атап айтар болсақ, Наурызбек Нұржаубайұлы, Қайролла Иманғалиев, Алдаберген Тасқынбайұлы, Өсербай Сәрсенбайұлы сияқты жыраулардың домбыралары құрамалы етіп жасалған. Бұл жыраулардан бұрын өмір сүрген Жақсылық жырау Мамытұлы да осындай «омырмалы» домбыра ұстаған. Мұндай домбыралардың ерекшелігі – оның шанағы мен мойын ағашының арасына бұрандалы темір орнатылып, домбыраны екіге бөліп, жинап алып жүруге ыңғайлы етіп жасалған. Жақсылық жырау жиде ағашынан жасалған сондай домбырасын 1961 жылы жиені әрі шәкірті Жұмағали Әлиевке сыйға тартқан. Бесқала аймағына тән мұндай сүйектелген, омырмалы домбыраларды өнерпаздардың сұранысына қарай, Хожелі, Қоңырат өңірлерінде шеберлер бүгінгі күнге дейін жасап отыр. Ал бұрынғы жыршылар ұстаған домбыраны бүгінгі жас жыршылар да ұстап, дәстүр жалғастығын сақтап келеді. Атап айтқанда, сүйектелген домбыраны Еркінбай Бабақұлов, Абылай Бөріханов, Қоныс Жүсіпов, Сәрсенбай Рахманбердиев, Ринат Бекжүрсінұлы, Жақсыбек Барлыбаев т.б. жыршылар жанына серік етіп жүр.
1991 жылы Алматы аймағына қоныс аударып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясыныың халық әні кафедрасына жұмысқа шақырылған атақты Наурызбек жыраудың осындай құрамалы домбырасын көрген шәкірттері ол аспапты әлі күнге дейін еске алып, айтып жүр. Дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова Наурызбек жыраудың құрамалы домбырасы жайында: «Жиналмалы домбырасы бар, чемоданға салып алатын. Мен үшін бұл үлкен құбылыс болды, өмірімде ондай жиналмалы домбыра көрмеппін. Домбырасын алып, шүріппен мойнын бұрап, бір сәтте толық домбыра қалпына келтіріп, сол домбырада бізге терме айтып, жыр орындауының өзі мен үшін үлкен жаңалық болды, – деп еске алса, Қазақстанның халық әртісі, әнші Қайрат Байбосынов Наурызбек жыраумен Бесқала жеріне концерт қойып барғанында танысқанын айта келіп, оның домбырасының ерекшелігін: «…дастарқанынан дәм татып, жиналмалы домбырасын көріп қайтқанбыз. Тамаша адам еді. Бұрын мұндай домбыра көрген жоқ едім, мен де кейін Наурызбек жыраудың домбырасындай жиналмалы домбыра жасаттым» (Наурызбек жырау шығармалары. Алматы: «Принт-Плюс» баспасы, 2021. 301-б.), – дейді.
Бесқала өңірінде ертеден келе жатқан домбыраның мұндай үлгісін ХХ ғасырда өмір сүрген хожелілік шебер Сұлтан Қабашұлы қайта жаңғыртты. Ол жоғарыда аталған Қайролла, Алдаберген, Наурызбек, Өсербай сияқты көптеген ақын-жырауларға домбыра жасаумен аты шыққан шебер еді. Сұлтан шебер жасаған домбыраның шанағы құрама сияқты көрінгенімен, шанағын ойып жасайтын болған. Мұндай үлгіде домбыра жасайтын шеберлердің айтуынша, домбыраның сыртындағы сүйектен жасалған әшекей сұлулық үшін ғана қолданылады. Бесқала шеберлері домбыраны ғана емес, ер-тұрман мен қолсандықтарды, үй әшекейлерін де сүйектеп, сәндеп отырған. Осындай домбыраның біреуі, Наурызбек жыраудың 200 жылдық тарихы бар домбырасы 2017 жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайына тапсырылды. Наурызбек жырауға бұл домбыра Қоңырат ауданының Қызылжар өңірінде өмір сүрген нағашысы, атақты төртқара Оразбай жыраудан мұраға қалған. Оразбай жырауға да бұл домбыра нағашысынан жеткен екен.
Бесқала қазақтарына тән мұндай домбыраларды Қарақалпақстанның Қаңлыкөл ауданында өмір сүрген Сүлеймен Шыртымбаев, Тақтакөпір ауданында тұрған Толыбай шебер, хожелілік Сұлтан Қабашұлы, хиуалық Қарасақал Назар деген шеберлер жасаған. Бұл шеберлер домбыраларды негізінен Әмудария бойында көп өсетін қарағаш, өрік және жиде сияқты ағаштардан шауып жасаған.
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
ҚР Мәдениет саласының үздігі