Аспанмен астасқан Хантәңірі шыңына алыстан қол бұлғап, Ақкер атты әсем таудың баурайында орналасқан Сарыбастау деген аядай ғана ауыл бар. Кеңестік дәуірде миллионер кеңшар ретінде атағы жер жарып тұрған өлке 90-жылдардағы қиыншылықтардан соң еңсесін тіктеп, қарапайым ғана тіршілігін жалғастырып келген. Ал бүгінде Сарыбастау ауылы ел мақтайтын ерекше мекенге айналды. Айналасы он жылдың ішінде ауыл көз алдымызда қалай өзгерді? Кімдер өзгертті? Болашақта ауылды қандай жаңалықтар күтіп тұр? Бұл сұрақтарға «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы ӘЛІКЕН Жәнібек Сауданбекұлы жауап берді:
– Жәнібек мырза, ең алғаш «Ұлағатты ұрпақ» жобасын құру идеясы қалай жүзеге асты?
– «Отан – отбасынан басталады» дейді. Негізі «Ұлағатты ұрпақ» жобасы бір отбасынан басталған. Ол отбасы қазіргі жалған тұлғалар көбейген заманда, танымалдылыққа ұмтылатын қоғамда «ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген қағиданы ұстанатын. Әкесі мен анасы адалдық пен қарапайымдылыққа және ұл-қызын «байлық жинағанша, бата жина», «байлық бір жұттық, жұтамайтын, сарқылмайтын байлық – абырой, сенім, ақыл» деп тәрбиелеген. Бақытжан әулетінен шыққан азамат 1995 жылы мектепті бітіреді. Алматы қаласында жоғары оқу орнын аяқтап, Павлодар облысына жұмысқа барады. 2005 жылға дейін қатардағы жұмысшы, кейін адал еңбегімен біртіндеп жоғары қызметтерге көтеріледі. Ауылға келіп, әкесіне өздері берген тәрбиесінің арқасында осындай жетістікке жеткенін айтады. Сонда әкесі: «Балам, өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Барлық нәрсені беруші – Алла. Мен сені біреудің ала жібін аттамасын, адал жүрсін және жағдайы болса, жан-жағына көмектессін деп тәрбиеледім. Қызметте сен күпірлік жасайтын болсаң, өзіңе ғана жұмыс істейсің, құлшылықпен, қарекетпен жұмыс істейтін болсаң, елге қызмет жасайсың. Енді сен өзіңнің қарындасыңды, туған-туысыңды, осы ауылдың, елдің балаларын өзіңнің кемшілігіңді сабақ етіп, жақсылығыңды өнеге қылып, мектептің балаларын үйрет, қамқорлығыңды аяма» деп өсиет айтады. Әкенің ақылымен, ананың ақ тілегімен біраз уақыт ойланып, неден бастаймын деп, ауылдың үлкендерімен ақылдасады. «Ең бірінші үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деп алғашында жақсы оқып, білімімен көзге түскен оқушыларға шәкірақы береді. Сол отбасының баласы шәкіртақы арқылы үш нәрсе ұтты. Біріншіден, туған-туыс, ел азаматтарының арасында мейірім, ауызбіршілік артты. Екінші, еленбей қалған қуыстағы ауылдың ертеңге деген сенімділігі пайда болды. Үшінші, бала шабыттанды, оқуға ұмтылды. Балалардың аудан бойынша оқу сапасы жоғарылады. Имандылық, тәрбие, білім, ауызбіршілік жағынан алға шықты.
«Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» дейді. Бір адамның шарапаты ауылдың емес, бүкіл республиканың өркендеуіне себеп болуы бек мүмкін. Өйткені, тарихты тұлғалар жасайды. Біз де жас буынның арасынан осындай азамат секілді ұрпаққа үлгі болатын, ертеңгі тұлғаны іздеп жүрміз.
– Қоғамдық қор қандай жобаларды жүзеге асырады?
–Біздің қор 6 бөлім бойынша жұмыс жасайды. Рухани тәрбие, білім, өнер, спорт, қайырымдылық және қоғамдық жұмыстар. Имандылық – адемгершіліктің асыл қасиеті, тәрбиенің түп негізі. Асыл дінімізде, салт-дәстүрімізде құрбан айт мерекесіне ерекше мән берген. Жобаны жүзеге асырған ағамыз өзі бастап 78-жылғы азаматтар ең алғаш ауыл көлемінде ас беріп, құрбан айт мерекесін атап өтті. Алғашында бұл бастаманы көпшілік дұрыс түсінбей жатса, кейіннен жастар эстафета ретінде қабылдап алып, жыл сайын жаңғыртып тұрды. Ауылдың ажарын кіргізу, әрі жастардың патриоттық сезімін арттыру мақсатында 2015 жылы ауылдың кіре берісіне «Атамекен» саябағы ашылды. Жасыл желектер отырғызылды. Ауызбіршілікті арттыру үшін үлкен шаралар керек болды. 40-тан асқан азаматтар салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп наурыз мерекесін өткізді. «Ауыл күндерін» ұйымдастыру тұрғындарды бірлікке бастады.
Алланың қалауымен, ауыл ақсақалдарының сұрауымен, халықтың дұғасымен, ақ ниеттерімен 2017 жылы Сарыбастау ауылында үлкен жаңа мешіт бой көтерді. Бас мүфти Ерлан қажы Малғажыұлы арнайы келіп, батасын берді. Жаңа мешіттің салынуы ауылдың ішкі мәдениетіне де серпіліс әкелгендей болды. Береке мен бірлігімізді арттырды. Мешіттің астында ас беретін қатымхана бар. Биылдың өзінде 30 күн оразада үзбей ауыл тұрғындарына ауызашар берілді.
Мешіттің жанында спорт және ойын алаңы бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Біздің тілек – балалар жастайынан имандылыққа, тазалыққа үйір болып өссе дейміз. Ескі мешіт медресеге және облыс имамдарын дайындайтын орталыққа айналды. Осы уақытқа дейін 150-дей бала діннің әліппесін танып, білімін жетілдірді. Биыл жазда 100 бала діни сауатын арттырды. Шәкірттер облыстық діни басқарманың бекітіп берген бағдарламасымен және сол кісілер жіберген ұстаздардан ғана сабақ алады.
Көп адамдар жат ағымдағылармен күресудің жалғыз жолы – баланы мешітке жібермеу деп ойлайды. Олар мешітке барса адасып кететіндей көреді. Керісінше, бала мешітке барып ақ пен қараны ажыратып, діни сауаты артқанда ғана теріс ағымдарға ілесіп кетпейді. О бастан дін туралы хабарың болмаса, ауылдың қариясының аузынан дін жайлы естімесең, не әліппесін түсінбесең, ауылыңнан ұзағанда міндетті түрде адасасың. Қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни радикализм мен экстремизм идеологиясының таралуының алдын алу үшін – жастарды барынша білімді болуын әрі діни сауатын қалыптастыра білу керек. Бұл туралы Елбасымыз да дін саясаты туралы тұжырымдамада айтқан болатын.
Екінші бағыт, білім саласы бойынша осы уақытқа дейін сабақ үлгерімі жақсы 650-700 балаға шәкіртақы берді. Біздің ауылдың балалары аздап ұяңдау келеді. Бірақ армандары таудай биік. Жетістікке жететін жолға бағыт беріп жіберсең, шыңдарды бағындыруға дайын. Оқушылардың таным көкжиегін кеңейту мақсатымен Астана қаласына, былтыр «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне апардық. Балалар жан-жақты, ашық болса дейміз. Қазақстанның осындай кең-байтақ жерін көріп, еркіндікті, тәуелсіздіктің қадірін біліп жүргенін қалаймыз. Балалар Елордаға бармай тұрып, кішкентай нәрселерді армандаса, келгеннен кейін Елбасы болсам, ұлтқа, елге қызмет етсем, Сарыбастауды көркейтсем деген үлкен армандарға ұмтылды.
Танымы артқан, білімі толысқан баланы бәйгеге салу керек. Мұқағали оқулары, т.б түрлі додаларда топ жарған, спорт саласында жетістікке жеткен оқушыларды қолдадық. Бүгінде мектебіміз білім дәрежесі бойынша ауданымызда үздік ондықтың ішінде.
Ең қымбат дүние – адамның көңілін табу және көңіл бөлу. Мұғалімдер арасында да үздіктерді анықтап, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатыстырдық. Қоғамдық жұмыстарға атсалысқан отбасыларға сый-сияпат жасадық. Ауылымыз ақырындап рухани жағынан өсе бастады. Алланың қалауымен 10 жылдың көлемінде Сарыбастау ауылының зиялылығы, имани білімі артты.
– Атқарылған жұмыстар жоғарыда аталған бөлімдермен ғана тоқтап қалмайды. Әр түрлі саланың үздіктерімен кездесу халыққа қандай әсер қалдырды?
– Ауылдың ішкі мәдениетін көтеру мақсатында аузында ұлағатты сөзі бар азаматтарды апарып, халықпен кездестірдік. Бекжан Тұрыс, Ардақ Назаров сынды ел азаматтары рухани әңгіме өрбітті. Республикамызға танымал өнер жұлдыздары ауылымыздың сахнасында өнер көрсетті. Ауылдың кем кетігін айтыскер ақындардың «сөзімен» айтып, кемшіліктерімізді түзетуге тырыстық. Күлдіріп отырып жылататын, халықты ынтымаққа, мейірімді болуға шақыратын «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры «Берекелі мереке» атты кешін өткізді. Шағын кәсіпкерлікті дамытуда ауданымызда кәсіпкерлерге тренингтер өткіздік.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз қазақтың салт- дәстүрі жайлы, қазақ қыздарының бүгінгі бейнесі, ұлт тәрбиесі жайында айтқан әңгімесі өте әсерлі болды. Медреседе оқып жатқан қыз балаларға Марфуға Шапиян әлем әдебиеті, өзін-өзі тану бойынша курстар өткізді.
Биыл құрбан айт мерекесіне орай жүгіруден марафон өткіздік. Марафонға «Ойқарағай» көмір кеніндегі Ботабекова Ләззат Қайсарқызы басқарып отырған «Беркут» кәсіпорны мен Алтын кен орнын игеріп жатқан «Марум Жар Голд» кәсіпорны, жетекшісі – Ташметов Нұркен Қуанышұлы демеушілік жасады. Марафонға 250 адам қатысты. Мәреге алғашқы болып жеткен жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
– Болашақта ауылды тағы қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Бұйыртса, мектеп түлектеріне дұрыс мамандық таңдауына бағыт беру үшін студенттер мен оқушылар арасында тұрақты түрде кездесу өткізілетін болады. Физика-математика, химия және шет тілдері кабинеттерін заманауи үлгіде жабдықтау жұмыстарын қолға алып, арнайы кластар ашу жоспарымызда бар. Робототехника, IT технология, т.б салаларға балалардың қызығушылығын оятып, заман талабына сай маман болуына мүмкіндік жасау. Мектеп оқушыларын ауданымыздағы, облысымыздағы ірі кәсіпорындарды аралату арқылы қызығушылықтарын оятып, еліне қызмет ететін, қоғамға пайдалы мамандарды арттыруды көздеп отырмыз.
– «Ұлағатты ұрпақ» қоры тек ауыл көлемінде ғана емес, ауданымыздың белсенділерінің де басын қосып, жұмыс жасады. Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Заман талабына сай, заңды түрде 2015 жылы қор құрылды. Қатарымызға сөзі мен ісіне адал адамдар қосылды. Қордың алдағы мақсаты – ауылда ғана емес, аудан, облыстарда зиялы қауым құру. Елбасының негізгі тапсырмасы – интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Адами фактор дамыса кешегі алашордашылар армандаған Жапониядан асқан ұлт болуымыз мүмкін. Біз сол жолда жұмыс атқаруымыз керек. Ауылдағы форматта ауданымызда да шәкіртақы беруді қолға алдық. Ауданымызда, ауылымызда қалыптасқан жобаны республикамызға енгізу – болашақтың еншісіндегі шаруа. Бұл қор басында бір азаматтың ауылына деген жанашырлығынан, қамқорлығынан басталса кейіннен қор құрып, елге қызмет етуді азаматтық парыз санап қоғамдық жұмыс ретінде жүзеге асырды.
Баланы ата-ана ғана емес, қоғам болып тәрбиелеу, елін, жерін сүйетін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін, қадір-қасиетін биік қоятын ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру – барлығымыздың міндетіміз. Салт-дәстүрімізді, ұлттық кодымызды жаңарту, білімді, сапалы, тек қана Қазақстан емес, әлемде қазақтың атын шығаратын ұрпақтар тәрбиелеуіміз керек. Негізгі жұмысымыз сол. Бұл істі жасап жатқан, бір адам емес, мың адам. Ерлер емес ел жасап жатыр. Ел қабылдамаса, халық батасын бермесе бұл жұмыс жүрмеген болар еді. Біздің азаматтық парызымыз – зиялы қоғам қалыптастыратын ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу.
– Әңгімеңізге рахмет!
P.S Әркім өз басының қамын күйттеп жүрген мына қоғамда, ауылының емес, ата-анасына жақсылығы жетпей жүргендер қаншама! Шынайы жанашырлық танытып, елім өсіп-өнсе, көркейіп-гүлденсе екен деп еңбек етіп, оны ешкімге жар салып, жария қылмай-ақ үлкен істер атқарып жүрген азаматтардың өз туған жерімізден шыққанына шын қуандық. Ауылда білім алып, осындай үлкен мүмкіндіктердің куәсі болып, ағаларын үлгі тұтып жүрген біздің жас буынның жаман болуға еш қақысы жоқ шығар.
Гүлім ЕРКІНБЕК
Алматы қаласы