Бүкіл әлемдегі адамзат үшін ең құнды байлық – ол бейбіт өмір екендігі даусыз. Бейбітшілікті арқаланып, болашағын ойлаған ел, елдігін арттыру қадамында күй кешеді. Бүгінде «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» делінген Елбасымыздың Жолдауындағы озық жүйе көкейтесті мәселе. Өйткені, бұл, біріншіден өзіндік қабілеті мен қалауына сәйкес әрбір азаматқа кәсіп таңдаудағы берілген мүмкіндік деп қарастыруымыз абзал.
Бүгінде, жоғары оқу орындарында білім алып жатқандардың азы ғана мамандығын жүрек қалауымен таңдап, сол оқу орнына қолы жеткендер деп айтсақ артық айтқандық емес. Бұл ойланатын жағдай. Ертеңдері өз қабілеті мен қалауынсыз таңдалған мамандықтар жағымсыз әсерін ерте ме, кеш пе беретіндігі сөзсіз. Жұмыссыздықтың сан жағынан өсуіне бұл да кепіл. Сондықтан, мұны шешудің жолы орта мектеп түлектерінің кез келген жоғары оқу орындарына конкурстық негіздегі қол жетімділігін қамсыздандыру болып табылады. Өйткені, әрбір өсіп келе жатқан азамат Отанымыздың бір бөлшегі. Қабілеті мен ыңғайына, қалауына байланысты оның мемлекетішілік қоғамдағы өз орнын табу мақсатында мамандыққа деген бастама қадамын қолдай білу өте маңызды деген пікірдемін. Тіпті, шалғай жатқан елді мекендердің өзінен қазіргі ақпараттық желілік интернет арқылы байланысқа шығуға әбден болады. Бұл «Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет» деген Жолдауды орындау бағытында өрбитін болар. Өзі туралы деректерден кейін кез келген жастың өтінімі арқылы конкурсқа қатысуға мүмкіндіктер беріліп (жол шығындары және т.б. кедергілерді жою), мүмкіндікті беру жүйесін құру қолға алынса. Бұл шара, әрине, жергілікті елді мекендегі әкімшіліктің қарауында болуы тиіс.
Кейінгі мәселе, жоғары оқу орындарындағы мәселе. Әсіресе, мамандық беруші мекемелік арнайы жоғары оқу орындарындағы кафедраларда практикалық қызмет өтілімі бар, заңды тұрғыдағы талаптардың барлығына кәсіби маман ретінде жауап бере алатын, біліктілігі бойынша жалпы білім беру стандарттарына сәйкес тұлғалар қызмет атқарады. Мұнда әрбір кафедра мамандық бойынша пәндердің білім алушыларға дұрыс жеткізілуіне міндетті. Олардан артық осы мамандық бойынша ілімді тек білім алушы ғана меңгеруі тиіс. Сондықтан, Жолдаудағы «Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек» делінген тұрғыдағы, сонымен қатар «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деген тұстарын қолданумен, мысал ретінде, жедел-іздестіру қызметі кафедрасының жұмысы мен жалпы кафедраның білім беру сипатына тоқталғым келеді. Кафедраның пәндері барлығы дерлік практикада әр салада қолданылатын жедел-іздестіру қызметін қамтиды. Практикалық істе қолданысы жалпы қоғам үшін көрінбейтін жасырын сипатта. Ал бойлай қарағанда «шым-шытырыққа толы». Қылмыстардың алдын алу, ескерту, ашу тұрғысында өтіп жатқан жоспарлы, жекелей әрекеттерге толы қызметтің бұл түрі өте күрделі. Сондықтан, білім алушыларға берілетін ілімнің бұл түрі тікелей практикалық қызметпен байланыста болары сөзсіз. Жыл сайын болып жатқан жедел іс- қимылдардан хабар беру аясында білім беру, әрекеттегі практикалық қызметкерлердің де қатысуымен өтуі қисынды болар еді. Бұл үшін, әрине, кафедра ішілік құжаттардың барлығы дерлік құрамындағы профессорлық-оқытушылар тарапынан әзірлену уақытында өзіндік бір келісілген түрде ерекшеліктері бар нормативтермен негізделуі тиіс. Ал, мұндай құжаттарды әзірлеу кафедраның өз еншісінде болуы қажет. Яғни, білім беру бойынша кафедра әзірлеген құжаттар толыққанды түрде, жедел-іздестіру қызметін жетік меңгерген, құқық қорғау органының білікті қызметкерін қалыптастырып шығаратындығы күмәнсіз болуы тиіс.
Тағы бір ескерерлік жағдай, тәрбие мен білім беру жанама түрде болмасын осы мемлекет ұстанған бағыттың негізінде өркендеуі тиіс. Сонда ғана ұлттың әлеуеті артып, мәдениетіміз бен идеологиямыздың одан әрі дамуын саналы ұрпағымыз жалғастыратындығы сөзсіз.
М.ЛУКПАНОВ, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының жедел-іздестіру қызметі кафедрасы