Оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – қазіргі өзекті тақырыптар болып тұр. Астана қаласындағы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева оқу жылының аяқталуы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы баяндады.
Астанада қанша оқу ордасы бар?
Астанада 263 мыңнан астам оқушыны қамтитын 175 орта білім беру ұйымы, оның ішінде 102 – мемлекеттік мектептер, 66 – жеке, 7 республикалық мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын бас шаһар халқының саны артып келеді, сәйкесінше мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар саны да көбеюде. Осыған орай астаналық әкімдік тұрақты негізде мектептер салуда. Орын тапшылығына байланысты қалада 8 үш ауысымды және 16 тығыздалған мектептер жұмыс істейді. Оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында өткен жылы 12 мектеп салынды.
Қазіргі уақытта екі ауысымда 102 мың оқушының білім алуына арналған 34 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 23-і (шамамен екі ауысымда 64 мың орынға арналған) жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Бұл мектептер барлық аудандарды қамтиды. Осылайша, Есіл ауданында – 8, Нұра ауданында – 6, Байқоңыр ауданында – 2, Сарыарқа ауданында – 2 және Алматы ауданында 5 мектеп салынады.
Жоспар бойынша, 23 мектептің 18-і қыркүйек айында жұмысын бастайды. Олардың ішінде ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысандары да бар. Жалпы, ұлттық жоба бойынша, 2024-2025 жылдары 90 мың орындық 24 жайлы мектеп салынбақ. Олардың 15-і Елордадағы қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. 2028 жылға қарай екі ауысымдағы 200 мың оқушыға есептелген барлығы 80-нен астам мектеп салу жоспарланып отыр.
Бала қауіпсіздігі – басты мәселе
Оқу орындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басым бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда қаланың барлық білім беру ұйымдары автоматты өрт дабылы жүйесіне қосылған, сондай-ақ сандық бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық камералар мен дабыл түймелері елордадағы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Мектептерді цифрлық бейнебақылаумен қамтамасыз ету 100 %-ды құрайды. Орнатылған камералар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы №69 «Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес келеді. Сондай-ақ, барлық білім беру мекемелерінде күзетті 1-санатты лицензиясы бар фирмалар қамтамасыз ететінін атап өткім келеді. Сонымен қатар, барлық мектептерде, колледждерде, қосымша білім беру нысандарында турникеттер бар. 2023-2024 жылдары бөлінген бюджет қаражаты шеңберінде барлық білім беру ұйымдары өрт сөндіргіштермен қамтамасыз етілді.
2023-2024 оқу жылына арналған өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғау саласындағы оқулар мен жаттығуларды өткізу жоспарына сәйкес барлық білім беру ұйымдарында қалалық ТЖД мамандарымен бірлесіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, сондай-ақ апатты жағдайлар туындаған кезде қызметкерлер мен оқушылар қалай әрекет етуі керектігі жөнінде уақытылы жаттығулар өткізіледі.
11-сыныпты 11 230 түлек аяқтады
2023-2024 оқу жылында Елордада 263 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 11-сыныпты 11 230 түлек аяқтаса, 9-сыныпты 19 952 оқушы тәмамдайды. Алтын белгіге үміткер 294 оқушы және 717 үздік аттестатқа үміткер бар.
Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталды. 24 мамыр күні мектептің 1-10-сынып оқушылары үшін «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттары өткізілді.
11-сыныптың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасы 25 мамырда өткізілді:
- іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік үстелдерді ұйымдастыруға;
- жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге;
- әкімшілік пен педагог қызметкерлерге сыйлықтар үшін ақшалай қаражат жинауға рұқсат етілмеді.
Қорытынды аттестаттау – маңызды сынақ
9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары – ағымдағы жылдың 29 мамыр – 10 маусымы аралығында, 4 пәннен өткізіледі.
11 (12)-сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – ағымдағы жылдың 28 мамыры мен 11 маусымы аралығында 5 пәннен ұйымдастырылады.
Биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда оқушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 27-31 мамыр аралығында аралық емтихандар өткізілді.
«Қазақ тілі» – қазақ сыныптары;
«Қазақ тілі мен әдебиеті» – қазақ тілінен басқа тілде оқытатын сыныптар үшін.
Тапсыру түрі: жазбаша және ауызша (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары бойынша).
Елорда түлектері үшін аттестаттарды салтанатты табыстау үстіміздегі жылдың 14 маусымында өтеді. Сондай-ақ, Елордада мектепті тәмамдаған түлектердің ең ауқымды кеші – «Елорда мақтанышы-2024» форумы өтеді.
Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылады?
Демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру кезінде олардың қауіпсіздігі білім басқармасының басты назарында болады.
Осы жөнінде білім беру ұйымдарының барлық басшыларымен, полиция, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерін шақыра отырып, кеңестер, нұсқамалар және оқыту семинарлары өткізілді. Барлық басшыларға балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау туралы ұсыныстар, жадынамалар берілді.
Бұдан басқа, Білім басқармасы жазғы демалысты ұйымдастыруға тартылған барлық мемлекеттік құрылымдардың ішінен қалалық ведомствоаралық штаб құрды, қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді.
15-20 мамыр аралығында штаб мүшелері, Білім басқармасының қызметкерлері мектеп жанындағы лагерьлердің оқушылардың жазғы демалысының басталуына дайындығын алдын ала тексеруді бастады.
2024 жылдың жазғы кезеңінде жазғы демалыстың барлық түрлерімен 1-10-сыныптың 206 468 оқушысы (96 %) қамтылатын болады.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру екі бағыт бойынша жүргізіледі – сауықтыру және жұмыспен қамту.
Бірінші бағыт – балаларды сауықтыру және демалдыру мақсатын көздейді.
Қаланың білім беру ұйымдарының базасында 97 мектептің жанындағы лагерь, оқушылардың қызығушылықтары бойынша 75 бейіндік лагерь, балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының базасында орналасқан «Батыр» шатырлы лагері жұмыс істейтін болады. Алдағы 3 маусымда 150 бала қамтылады.
№ 43 қосымша білім беру мектеп-орталығында 3 маусымнан 23 тамызға дейін 720 баланы қамтитын «Ақ желкен » спорт лагері жұмыс істейді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жазғы демалысын тегін негізде ұйымдастыру үшін жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен 7326 бала тегін демалады. Сондай-ақ, жақын және алыс шетелдерге туристік сапарлар кезінде 45 820 баланы қамтитын ата-аналардың қаражаты есебінен демалыс қарастырылған.
Сонымен қатар, 1-4-сынып оқушылары «Бөбек», 5-9-сынып оқушылары «Балдәурен-Щучинск», «Балдәурен-Қапшағай», «Балдәурен-Балқаш» республикалық сауықтыру лагерьлерінде сауықтырудан өте алады. Оқу-ағарту министрлігінің берілген квоталарына сәйкес, осы лагерьлерде аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 458 бала жаз бойы демалады.
Демалыс кезінде балалар жұмыспен қамтылады
Каникулда балаларды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру үшін 200 519 баланы (99 %) 4 бағыт бойынша қамту жоспарлануда.
Жұмыспен қамту бағыты бойынша, барлығы 43 417 баланы қамтитын 116 іс-шара өткізу жоспарланған. «Жасыл ел» көгалдандыру бригадаларында, жұмыспен қамту орталықтары, жоғарғы сынып оқушыларының еңбек жасағында, көгалдандыру бригадалары, мектеп орманшылығы, өндірістік кәсіпорында жұмыс істеуге, жазғы маусым кезінде компанияларда келісім-шарт негізінде жұмыс істеуге, жөндеу-құрылыс бригадаларында және отбасында ата-аналармен жұмыс істеуге рұқсат берілген.
Шығармашылық жұмыспен қамту бағыты бойынша 99 360 баланы қамти отырып, 300-ден астам іс-шаралар өткізіледі. Әр түрлі мекемелер жанындағы қызығушылықтар бойынша клубтар мен үйірмелер, аула клубтары жұмыс істейді.
Спорттық-туристік жұмыспен қамту – барлығы 3330 баланы қамтитын 483 іс-шара өткізіледі. 3 күндік жорықтар, экскурсиялар, облыс және республика бойынша туристік танысу сапарлары, көшпелі спорттық жиындар ұйымдастырылады.
Зияткерлік жұмыспен қамтуға барлығы 4848 балаларды қамтитын 11 іс-шаралар жоспарланған. Олимпиадалық резервтің, көшбасшылар активінің жазғы мектептері, «Жас Ұлан», «Жас қыран» мүшелерінің жазғы тілдік мектептері, пікірсайыс жасақтары өткізіледі.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ, журналист