Ақпарат заманы аяп тұрған жоқ. Шет елге еліктеудің түр-түрін көрудеміз. Жаһандану жайлауымызға да жетті. Ұлтымыздың ұстынына қауіп төніп тұр. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың көбі ұмытыла бастады. Бірен-саран қалғанының өзі заманауи түрге еніп, маңызын жоғалтты. Сүйегіне сөз сіңген қазақ баласы, қарапайым қазақы сөздің өзін жаңаша жаңғыртып айтуды шығарды. Ұлттық киім мұражайларда тұр. Той-мерекеде дәстүрлі ән ара-тұра әуелейді. Тәттімбет, Құманғазылардан қалған қазақтың жанындай болған ұлттық музыкасы күмбірлі күйді тек концертте ғана тыңдаймыз. Осының бәрін ойлап, ертеңгі күнге алаңдаймыз. Түн ұйқымыз төрт бөлінеді. Өзекті өртеп жүрген бұл мәселе жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында: «Біз қанымызға сіңген қасиеттен айырылмауымыз керек. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдылықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс» деп ұлттық болмысымызға төніп тұрған қауіпті айрықша атап көрсеткен еді…
Көк жәшікті қосып қалсақ, мән-мағынасы жоқ жалаң әзіл мен бір-бірінен аумай қалған жеңіл-желпі әнсымақ қаптап жүр. Әлеуметтік желіге кірсек, кейбір тұтқа болар тұлымды ұл балалар қылмыңдап, қызтекелік кейіпке енгеніне куә боламыз. Ал, енді «қазақтың санын көбейтетін болашақ аналар» деп үміттенген аруларымыз бар-жоғын елге көрсетуден жарысып жатыр. Неліктен мұндай аянышты, бетімен кеткен қоғамға тап болдық?. «Мал көрмеген мал көрсе, қуалап жүріп өлтірер» демекші, техникадан тапқан пайдамыз осы ма? «Нарықтық қоғамға келдік» деп осылай жаппай жалаңаштанатындай не көрінді? Дамыған елдер кәсіп жасап, өзін-өзі басқаруға көшіп жатса, біз жеңіл табыс табу үшін шала бүлініп әлекпіз. «Бұл да уақытша болар, 1-2 жыл еліктеп-солықтап қояр» деп үміттендік. Жоқ, енді кейбір азаматтарымыз арзан қылжақ пен бәтуасыз әзілге үй-ішімен бел шеше кірісті. Бұл енді ақылға сыймайтын іс. Прзидентіміздің өзі Жолдауында қадап айтқанынан-ақ, бұл мәселенің ушыққанын бағамдай беріңіз. Қол беріп амандаспай, көкірекке қол қойып хал-жағдай сұрасатын қазақ, сүйісіп амандасатын болды қазір. Бұған көбіміз мән бермейміз. Әдеп һәм ұлт мәдениеті амандасудан басталатынын ұмытпаған жөн. Әсіресе, дәл қазіргі індет өршіп тұрған тұста сол ұмыт бола бастаған ата-бабамыздың амандасу тәсілін қайта жаңғыртсақ, құба-құп болар еді. Бұған аса көп білімнің де қажеті жоқ. Осындай қарапайым қазақтың қанына сіңген қалыпты жағдайлар ұмыт қалып, дәстүрімізге жат дүниелер санамызға орнығуда. Бұл рухани тәбеттің жоқтығы, әлсірегендігі. Әйтпегенде, көрінгеннің қаңсығын таңсық көріп, төрімізге шығармас едік. Қазақтың баласы қалаға келіп, бойындағы далалық саф қасиеттерінен айырылуда. Мысалы, қоғамдық көлікте жап-жас жігіттер әкесіндей адамға орын бермей, ұйықтап немесе телефон ақтарып отырады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қазақы дәстүр жалғастығы қайда? «Ұят болады» деген ұлы сөзді ұмыта бастадық.
– Қазір ұлтымыздың ең асыл қасиеті ұятты ұмыттық. Ұят – мәдениеттің ең негізгі көрінісінің бірі. Ұяты бар адам – қауіпсіз. Ұяты жоқтан бәрін күтуге болады. Әйтпесе, «Өлімнен – ұят күшті» демес еді халық даналығы. Осы бір қымбат құндылықты кейде жастардың бойынан көре алмай, өзіміз ұяттан қызарамыз. Көшеде бірін-бірі түрлі боқтық сөздермен сыбап жатады. Шыдамай «Бұларың не, ұят қайда?» десең, «шаруаңыз болмасын» дейді бетіңе тік қарап. Бұған не деуге болады?.. Мүмкіндігінше, осындай жастарға жол сілтейтін қазақы тәрбие жайлы бағдарламаларды көбейтіп, насихат жұмысына бәріміз атсалысуымыз керек. Баяғы бабалар да тентегін сыртқа шығармай, тыйып отырған. Аталы үрдістерді қайта қолға алып, жаман әдеттермен бірге күресуіміз ләзім. Онсыз рухани жаңғырып, қазақты әлемге танытпақ түгілі, барымыздан, ұлттық кодымыздан айырылып қаламыз, – деген еді Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің басшысы Талғат Ыдырысов.
Киіз үйдің бөлшектерін кітаптан оқимыз. Ат әбзелдерін түгілі, жылқының жасы бойынша атауларын да шала білеміз. Байтақ Ұлы Даланы ат үстінде жүріп қорғаған қазақ баласы қалаға келіп, жылқыдан алыстады. Оған ұмтылмайтын да болды. Бұл – қазақтықтан қашу деген сөз. Кей жастарымыз шариғат заңымен неке қимай-ақ, бірге тұра беретінді шығарды. Балаға азан шақырып ат қоюды да бірен-саран кездестіреміз. Киіз басу, ұршық иіру сынды қазақтықтың қаймағы саналатын қазақы қалып келмеске кетіп барады. Келінді немесе ұзатылатын қызды елге таныстыруға алып шыққан жеңгелерінің орамалсыз шолақ шашын көріп талай жағамызды ұстадық. Сонда оларға жөн сілтейтін адамның болмағаны ма әлде ұлттың ұстынын кері тебу ме – бұл? Ақыл алтау, ой жетеу… – Осындай ескеріле бермейтін ұсақ-түйек дүниенің өзінде ұлттық тәрбие жатыр. Бұған абайлаған жөн. Ұлттық мәселе, оның ішінде қазақ ұлтшылдығына деген сан түрлі көзқарас, күн тәртібінен түспейтін оқшауланулар бірегей дарақыланулар көп. Оның ішінде шынайы пейілмен ұлттық рухқа сүйене ашынғандық аз дер едім. Мұны да ескеру қажет. Қазақтың жоғы қазаққа ғана керек. Жасанды патриотизм мен шапқа шоқ салушылардан арылудың жолын қарастырған абзал, – дейді қала тұрғыны, сексеннен асқан ақсақал Жеткер Жасыбаев. Бір ашынарлығы жастар немесе орта буын өкілі болсын қазақтықтың нышанын сақтауға деген талпыныс жоқ. Күйбең күрмеуінен шыға алмай, белгісіз бағытқа лағып барамыз. Соңғы кезде Құдайға құлшылықты да елге мақтаныш үшін жасайтын халге жеттік. Сыртқы бейнемізді әдемілеп, ішіміздің бос қалып бара жатқанын ұмыттық. Мұны кезінде данышпан Абай да қатал сынға алған еді. Ол сын әлі өзектілігін жойған жоқ. Екіжүзділік қаптап, екі дүниені ұмыттық. Бірде жұмақты аңсап, мына өмірден баз кешіп, опық жесек, енді бірде мына дүниенің қызығына мас болып, ахіретті естен шығардық. Ақыл-есі түзу адам бір рет берілетін өлшеулі ғұмырда екі дүниені қатар ұстап, өкінбестің амалын жасаса керек-ті… Қызғаншақтық пен көреалмаушылық деген күйіп тұр. Жік-жікке бөлініп, бір-бірімізді мақтаймыз немесе даттаймыз. Руымызды желеу етіп, қазақ екенімізді ұмытып барамыз. Ру сұрасқан қазақ өзара алатайдай болуды меңзеген жоқ еді ғой. «Ел басына күн туғанда бірігуге ыңғайлы болсын, оның бер жағында бір үйдің баласындай ғұмыр кешсін» деп осы жүйені бекіткен жоқ па еді?.. Кейде той-мерекеде бір ауыз бата беруге жарамайтын үлкендерді көргенде, жастарға өкпеміз орынсыз ба деп те ойлап қаламыз. Заманның сұранысына орай, дамыған елдердің мәдениетін сүзгіден өткізіп, ұлттық танымға сай неге қалыпқа түсірмеске. Бұрынғы бабалар солай сара жол қалыптастырып, ұлағатты өмір сүрді ғой. Сол дәуірлерде ұлы адамдардың көптеп шықаны да асыл діңгектің үзілмеуінен бе екен. Қайдам? Осылардың бәрін ойласам өмірден баз кешіп кеткім келеді. Бірақ, одан кімге пайда, кімге зиян? Адамның бары не жоғы да қазір көбелектің ұшып келіп отқа өзін тастағанымен бірдей болып тұр. Атаққұмарлық пен мансапқа қызығушылық та елдің кең пейілі мен даналық ізгі ниетіне кері әсер етуде.
– Жалған атақ пен өтірік медальдарды тағып алып кеуде керетіндердің ұлттық рухын көтеруге көрсетер еш көмегі жоқ. Керісінше, жастарды атаққұмарлыққа, жалқаулыққа кесірлі әдеттерге бастайды. Қазір ел арасында жүрген, қарапайым, халықпен біте қайнасқан, бойында ұлттық намысы бар азаматтарды дәріптейтін уақыт. Өскелең ұрпақ соларға қарап бой түзейді, үлгі алады. Көнеден келе жақтқан жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді және ертең баласына да үйретеді. «…Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын, Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» демекші (Мұқағали) қарапайым қазақы құндылықтар ғана еліміздің еңсесін көтеріп, әлемге танылуға жетелейді. Қазақтың кең пейілі мен еңбексүйгіштігін және басқа да асыл қасиеттерін ғаламға танытатын кез келді. Қазақты жалқау етіп көрсететін ерсі әзілдер елді шаршатты. Осындай олқылықтардың орнын толтырып, рухани жаңғыру үшін барымызды салу – ортақ парыз – дейді облыстық Рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұл.
Байқасақ, бұл – бір шеті ғана. Ұлттық рух, ұлт болмысы, ұлттың коды – бұл оның негізі. Олар біз жоғарыда айтқан құндылықтардан құралады. Оларсыз – қазақ болып қалу, әлемге өзіңді ұлт ретінде таныту – қиынның қиыны. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселені Жолдауында еріккеннен қозғаған жоқ. Яғни, бұл Қазақстанның Мәңгілік Ел болып қалу жолындағы, дамыған 30 елдің қатарына қосылу сапарындағы ең негізгі міндеттердің бірі. Өзінің ұлтын жанымен сүйіп, ұлтымен мақтанып, оның ең асыл қасиеттерін жаңаша түрлендіріп, өзектілігін жоймай жер бетіне паш етуден артық қандай арман-мақсат бар? Демек, бұл – әр қазақ баласы ойланып, етек-жеңін жиып, бәтуәлі сөз бен берекелі іске жұдырықтай жұмылатын кез келді деген сөз…
Жәлел ШАЛҚАР, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.