Қаланың ескі бөлігін дамыту бойынша да ауқымды жоспарлар мен жобалар түзіп отыр. Олардың ең басында қаланың барлық аумағындағы көпшілік орындарды (саябақ, спорт кешендір мен гүлзарлар) жаңғырту мәселесі тұр. Осы бағытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес халық көп шоғырланған орталық көшелер бойынан қоғамдық көгалдарды (скверлер мен аллеялар) көбейту бойынша бірнеше демалыс алаңшаларын салу жоспарланып отыр. Бұл әрине облыстың орталығында қала қонақтары мен тұрғындарына арналған демалыс орындарын көбейту мен қаланы суландыру мен көгалдандыру мақсатында жүргізілмек.
Осыған сәйкес, қала ішіндегі негізгі көшелер бойынан жалпы аумағы 172,2 гектарды құрайтын қолайлы жерлер анықталды.
Оның ішінде Б.Саттарханов даңғылында орналасқан ескі жасанды каналдың бойы абаттандырылып, 3 гектарды құрайтын аумақта автотұрақ, субұрқақ, отбасылық саялы гүлзарлар салынатын болады. Қазіргі таңда көпшіліктің демалыс орына айналған «Рәміздер алаңы» осы гүлзарлармен жалғасатын болады.
Аталған 10 гүлзар қаланың әр аумағынан жасалатын болады.Кентау тас жолы бойынан 5 гектар жерге «Жастар» аллеясы мен Пошанов көшесінен аллея салу жоспарланған. Әзірет Сұлтан қорық мұражайы аумағынан Этносаябақ құрылысын салу мен Шәуілдір тас жолы бойынан дендропарк жобасын жасау, ТГЖД аумағындағы ескі қорым орнынан гүлзар салу, Тәуке хан даңғылынан «Мерей» гүлзарын салу, Тәуке хан даңғылынан О.Жарылқапов стадионына кіре беріс аумағын ашып, Тәуке хан даңғылындағы Есімхан алаңынан бастап темір жол вокзалына дейінгі аралықтағы 4,8 шақырым, 19,2 гектар бос алаңшаларды абаттандыруды бастап кетті. Бүгінде осы саялы гүлзарлар мен саябақтардың құрылыс үшін қажетті аумақтардан мемлекет мұқтаждығы үшін 400 жуық нысандар алынатындығы белгілі болып, заң талаптарымен қайтару жұмыстары басталды.