Демографиялық өсім: Ұлттың ұпайы түгенделіп келеді

Көршіміз демографиялық жағынан күшейіп келеді. Өзбек халқының саны 2017 жылы тағы да күрт өсіп, 32 миллион 635 мың адамға жетті. Салыстырмалы түрде қарасақ, бір жылда жарты миллионға өсіп отырған өзбектің демографиялық дүмпуі тым қатты. Бұл, әрине, олар үшін өте қуанарлық жағдай. Демографиялық өсімнің нәтижесінде ғана бірыңғай ұлттың болмысы қалыптасады. Өзбек халқының басым болуына байланысты мемлекеті де қазір бір тілде сөйлейді. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекеттік билік те бірыңғай ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға барынша жағдай жасап, нақты саясат жүргізіп отыр. Қазір Өзбекстанда қалада тұратын халықтың саны 16 млн 533,9 мың адамға жетті (50,6%), ал ауыл халқының саны 16 млн 120 мың адам (49,4%) шамасында. Қалай айтқанда да, өзбек елінде көпбалалы отбасылардың саны артты. Бұл ең алдымен бір тілдік мемлекеттік саясат жүргізуге өте қолайлы. Сондықтанда Өзбекстанда тілдік проблема жоқ. Ал біздегі жағдай қандай? Қазақстан Президенті ұлттық бірегейлікке байланысты ұстанымы бұрыннан да белгілі. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың бірнеше тілді меңгерген, толерантты, білімді, зайырлы ұлт болғанын қалайды. Бұл ұстаным Қазақстанның 1995 жылы қабылданған конституциясында да, одан кейінгі мемлекеттік және үкіметтік деңгейдегі түрлі бағдарламалар мен құжаттарда көрініс тапқан. Елбасының жыл сайынғы Жолдауында да бұл жиі айтылады. Сарапшы Мұхтар Сеңгірбай бірқатар БАҚ-қа берген сұхбатында «түрлі саяси конъюнктураны ескере отырып, ел алдында сөйлеген сөздерінде, бағдарламалық құжаттарда Президент ұлттық мәселеге байланысты теңгерімді саясаттың белгілі бір бағытына акцент жасап отыратынын» айтады. Соның ішінде Президент мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын жиі қайталайды. Сөздің шыны керек, бізде әлі бірыңғай ұлт қалыптасқан жоқ. Әртүрлі әлемде өмір сүріп жатқан екі халық бар, олардың арасында мәдени, ақпараттық, рухани байланыс әлсіз. Сондықтан, үкімет халықты өзара интеграциялаудың бір жолы – үш тілді қатар меңгеру деп санайды. Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған «Өзге ұлт өкілінің сайлануына мүмкіндік бар» деген сөзі де Қазақстанның азаматы санайтын әр адамды тағдырын осы елмен байланыстыруға шақыратын әрекет. Шынымен, лауазымды қызметтерге тағайындауда ұлтына, жынысына, тегіне және басқа да ерекшеліктеріне қарап алалауға болмайды. Қазақ тілі ғылым мен технологияның тілі болып қалыптасып біткен жоқ. Ғылым салаларында қолданылу аясы енді кеңейіп келе жатқандықтан, түрлі терминдерді жаңадан қолдана бастадық. Сондықтан, термин жасауда үлкен проблемалар туындап жатыр. Меніңше, қазақ тілінің қолданылу аясы кеңіп, толық ғылым мен білімнің тіліне айналғанда, тиісті терминдер өз-өзінен екшеліп, жүйеленіп шыға келеді. Мұның көп тетігі мемлекеттің өз қолында тұр. Меніңше, Үкімет жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясы сияқты мемлекеттік ұйымдарға көбірек өкілеттілік беріліп, олар ғалымдармен кеңесе отырып, терминдерді бір ізге түсіруі керек, – дейді сарапшы журналист Мұхтар Сеңгірбай. Расында да біз мақала басында Өзбекстандағы демографиялық тасқынның мемлекеттік саясатты жемісті жүргізуге септігін тигізіп отырғанын бекер айтқан жоқпыз. Қазақстанда да соңғы он жылда демографиялық ахуал түзеліп, мемлекет құрушы ұлттың басымдығы анық байқала бастады. Билік үштұғырлы саясатты жүргізгеннің өзінде, бәрібір алдағы он жылда қазақ тілінде сөйлейтіндердің қатары көбейеді. Біз мұны барған сайын айқын сезініп келеміз. Мемлекеттік және атқарушы билік пен қоғамдық орындарда қаракөздердің басым болуы бұл заңды құбылыс. Бұған елімізде тұратын басқа диаспора өкілдерінің де барған сайын көздері үйреніп, мемлекет құрушы ұлттың демографиялық басымдығын мойындап келеді.
–1991 жылы алғаш тәуелсіздік алған тұста мектептердегі оқушылардың 28 пайызы қазақ тілінде оқығаны белгілі. Арада 25 жыл уақыт өткеннен кейін қазақ тілінде білім алушылардың саны 68 пайызға жетті. Былтыр 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 89 пайызы қазақ сыныбын таңдады. Бұл дегеніңіз, енді, 11 жылдан кейін мектеп бітірушілердің 89-90 пайызы қазақтілді болады деген сөз. Тіл мәселесін тек қана демография түзеп келеді. Дәл қазір орыс мектептерінде оқитын 900 мың шәкірттің 300 мыңы – қазақ балалары. Қазақ мектептерінде оқитын басқа ұлттың өкілдері – екі-ақ пайыз. Астана қаласының өзінде басқа ұлттың балаларымен салыстырғанда қазақ балалары орыс сыныптарында басым. Көңілге медеу жалғыз-ақ нәрсе – қазақы тәрбие қанына сіңген шағын ғана топтың көптеп ұрпақ әкеліп, демографияны өсіріп, мектепке балаларын жетектеп әкеп жатқандығында болып отыр,–дейді Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов.
Республикалық Kazbilim орталығының директоры Аятжан Ахметжан да жақында мынандай дерек келтірді:
–Қазір қазақ мектептерінің білім сапасы артты. 2016 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 толық балл жинаған 19 оқушының бәрі тек қазақ сыныбының түлегі, республика бойынша жоғары көрсеткішке жеткен 10 мектептің 8-і таза қазақ мектебі, бірі – орыс, бірі – аралас мектеп. 2017 жыл 139 балл жинаған Тасан Саят қазақ мектебінің түлегі, 2017 жылы үздік көрсеткіш те – қазақ мектептерінің еншісінде. Соңғы бес жылда ҰБТ нәтижесі бойынша да, жалпы рейтинг бойынша да қазақ мектептері оқ бойы озық тұр. Қазір еліміз бойынша 83 пайыз бала – қазақ сыныбында, 16 пайызға жуық бала– орыс сыныбында, 1 пайызға жетпейтін бала өзге тілді мектептерде білім алады. Өткен 2016 жылы 1-сыныпқа барғандардың 89 пайызы – қазақ сыныбына, 10 пайыздан асар-аспасы орыс сыныбына барған. Демек… Тарих тек алға жылжиды, оны кері шегеру ешкімнің қолынан келмейтіні ақиқат. Қазақ тілінің өркендеуі, қазақ қоғамының көтерілуі де дәл солай. Қазақ тілі тек заңда емес, өмірде, экономикада, қолданыста, қаттырақ айтқанда, Қазақстанда нан тауып жеуде. Қазақстан Республикасы жоғары білім гранттары 2014 жылы – 65 пайызы қазақ тобына, 35 пайызы – орыс тобына, 2015-2016 жылдары – 75 пайызы қазақ тобына, 25 пайызы – орыс тобына бөлінді. 2017 жылы жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ға қатысуға 92 827 түлек өтініш беріп, олардың 67 627-і (76,3%) қазақ тілінде және 20 968 –і (23,6%) орыс тілінде тапсыруға өтініш берген. Бұл көрсеткіштер біз қанша сақтап қалуға тырысқанмен де, жоғары оқу орнындағы орыс топтары көп өтпей жабылатындығының дәлелі. Оның үстіне, соңғы жылдары еліміздің жоғары оқу орындарында орыс топтарының орнына ағылшын тілі топтары ашылып жатыр, – дейді Kazbilim орталығының директоры Аятжан Ахметжан.
Расында жыл сайын мектепті қазақ тілінде бітірушілердің саны да артып келеді. Биылғы 2018 жылы ҰБТ-ға қатысуға өтiнiш берген мектеп бiтiрушiлер саны – 102 мың 442 немесе жалпы бiтiрушiлер санының 70 пайызын құрады. Оның iшiнде ҰБТ-ны оқушылардың 75 пайызы қазақ тiлiнде, 25 пайызы орыс тiлiнде тапсыратын болды. Демек, демографиялық өсімнің барын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Жуырда журналист Өміржан Әбдіхалықұлы да тіл түйткіліне қатысты өзінің әлеуметтік парақшасында былай деп жазды.
–2009 жылғы санақ мәліметінде жалпы халықтың 62 пайызы қазақ тілінде еркін оқып-жазамыз» десе, «елдің 84,8 пайызы орыс тіліне жетікпіз» депті. 9 жылда халық саны соның ішінде мемлекет құрушы халық – қазақтың саны өсті. Өсіп жатыр. Бірақ тіл мәселесі шешілген жоқ. Демек, тіл мәселесі қазақтың демографиялық өсіміне тіреліп тұрған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды: тіл таза – саяси мәселе. Саяси ерік-жігердің, саяси сананың отарсыздану мәселесі. Сондықтан, «тіліміз қор болды, өгейсіді, өз елінде жетімнің күйін кешті» деп жаза беруден, айта беруден тілдің тәуелсіздігі келе салмайды. Ресми жақтан «тілді білуді өзіңнен баста» деген шығарыпсалма түсінік қоғам санасына орнықтырылды. Қазір екінің бірі соны уәж ретінде қарсы қояды. Яғни, тіл мәселесінде қоғам биліктің арбауына түсіп қалған. Тіл мәселесін көтергісі келетін адам саяси талап қойсын, айтсын. Әйтпесе, «тілім-ай, тілім-ай» деп клавиатура тақылдатқаннан ештеңе өнбейді. «Көбейсек тіліміз тұғырына қонады» деген де бос сөз. Әлеуметтік-экономикалық жақтан орта таптың үлесі артпай, миллард болсақ та талап ететін және оны орындата алатындай қауқарымыз болмайды, – дейді журналист Өміржан Әбдіхалықұлы.
Бұл – шынайы көрнініс, шындығы басым пікір. Алып қосарымыз жоқ. Алаңдайтын бір нәрсе, қазіргі уақытта жойылып бара жатқан тіл көп. Тіл жойылса, тұтастай ұлт жойылады. Тағы бір мысал, ЮНЕСКО халықаралық ұйымы жақында ғана құрып кетудің алдында тұрған әлем тілдерінің картасын жариялады. Жер планетасындағы 6000 тілдің 2,5 мыңы түрлі себептермен жоғалып кетуге жақын қалған көрінеді. Соның 136-сы – Ресей Федерациясындағы саны аз ұлттардың тілі. Оның ішінде халқының саны жағынан орыстардан кейін екінші орынды алатынына қарамастан, татар тілі де бар. Әлем халқының 80 пайыздайы негізгі – 80 тілде, ал қалған 3,5 мың тілде тек 0,2 пайызы ғана сөйлейді. Жер бетіндегі тілдердің 96 пайызында жалпы халықтың 3-ақ пайызы, қалған 97 пайызы барлық тілдердің 4 пайызын қолданады. Осы 97 пайыз – басына қауіп төніп тұрған жергілікті ұлттардың тілі. Сонда жойылып бара жатқан тілдермен бірге жер бетіндегі ұлттардың 97 пайызы құритындығы адамзат қоғамы үшін орны толмас гуманитарлық апат екендігі түсінікті болса керек. Тағы бір мәліметтерде дүниежүзіндегі қазіргі бар тілдердің келешекте тек бес пайызы аман қалады екен деп айтылады. Осы сияқты деректерге сенсек, жыл сайын 25 тіл «өліп», ХХI ғасырдың соңына дейін әлем тілдерінің 80 пайыздайы жоғалады екен. Қазақ тілінің жойылып кетуіне ешқандай себеп жоқ. Сондықтан үрейге бой алдырудың қажеті шамалы. Мәселе, мынада: ең алдымен біздің, қазақ ұлтының санасы отарсызданып, рухани жағынан жаңғырғаны дұрыс. Оған ең алдымен жоғары билік те жан-жағына жалтақтамай, мүдделі болуы тиіс. Ол мәдениет, ұлттық идеология, тілдік саясатта жарқын көрініс табуы қажет. Демографиялық өсім мен санадағы рухани ұлттық жаңғыру ғана бізді ұлт ретінде жаһандық қауіп-қатерден құтқара алады. Ойланатын тағы бір нәрсе бар: «демографиялық тұрғыдан санымыз артса, тіліміз тұғырына қонады» деген де бос сөз. Тілдің мерейі үстем болуы үшін құқықтық мәдени сауатымыз жоғары болуы керек. Кез келген жерде талапшыл болғанымыз абзал. Бірақ тіл үшін күресте елдің бәрі Оғыз Доған бола алмайды. Ол үшін көшеге шығудың да қажеті шамалы. Бірақ тілге қатысты түйткілде төмен қарап жүру кешірілмейтін мәселе екенін ұғынатын кез жетті.
Әрине қазақ ұлтының санының азайғанында әртүрлі тарихи, саяси себептер бар. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, талай зұлмат-зобалаң жылдар басымыздан өтті. Бұл туралы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Ұлтымызға адам айтқысыз демо¬графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді», – деп ашығын айтты. Расында, Кеңес одағы орнаған тұста қазақ халқының демографиялық потенциалы өте жоғары болғаны тарих бетінен мәлім. Сол кезеңде қазақтар Орталық Азияда басқа этностардың арасында саны жағынан ең көбі еді. Белгілі демограф, марқұм Мақаш Тәтімов зерттеген деректер бойынша, аштықтың әсерінен қазақтар халық санының жартысына жуығынан айырылған.
Аштыққа ұшыраған халықтың басым бөлігі қырылды. Бір бөлігі көрші елдерге қашып, босты. Мысалы, Шығыс Қазақстан мен Тарбағатай, Жетісу өңіріндегі қазақтар Қытай, Моңғолияға асты. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе тұрғындарының бір бөлігі Өзбекстан, Ауғанстан және Иранға ауды. Жамбыл облысының халқы қырғызға жетсе, Маңғыстау халқы Түркіменстан мен өзбек жерінде қоныс аударды.
Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыста 2 миллионнан аса қазақтың 350-400 мыңы соғыста қайтыс болды. Демографтың ойынша, егер осы оқиғалар болмағанда, қазақтардың саны осы күні 32-35 миллионға жетуі мүмкін еді. Олай бола алмады. Десе де, шүкір дейік, қазір қазақ халқының саны күн санап артып келеді.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Жалын» журналында шыққан «Халық санағы: өсу мен өшу» атты мақаласында мынадай деректер келтірген: «Қазақстан тарихында 1897 жыл мен 2009 жылдар аралығында он бір рет халық санағы өткізілген болатын. Халық санағының бастапқы екеуі (1897, 1911 ж.) патшалы Ресей заманында, яғни бодандық қамыты мойынға ілінген отаршылдық кезеңде Ресей империясының мүддесі тұрғысынан жүргізілген болатын. 1897, 1911 жылғы қазақтар арасында Ресей империясы жүргізген халық санағында әр отбасында орташа есеппен 5 адамнан болады деген мөлшерді негізге алған. Бірақ 1897 жылғы халық санағында қазақтар жайлаған ұлан-байтақ жерлер тұтас қамтылмаған еді. Әрине, шекараның ар жағындағы қытай, моңғол қазақтары да есепке түспей қалған болатын. Осының өзінде Ресей қоластындағы қазақтардың саны – 3 млн 787 адам деп көрсетілсе, 1911 жылғы санақта – 4 млн 692 қазақ болды. Яғни, 15 жыл ішінде қазақтар 905 000 адамға көбейген.
1916 жылы 6 млн болған қазақ өсіп, өркендеудің орнына 1940 жылы 1 млн 900 мыңға дейін құлдырап, 3 еседен аса азайған. Ал бұл кезде көршілес отырған өзбек, қырғыз, түрікпен, тәжік, ұйғырлар 5 еседен, өзбектер 12 есеге дейін көбейіп, үнемі өсіп, өрлеу жолында болған. Бұл халықтың бәрі де бір саяси жүйеде, бір мемлекет ішінде өмір сүрді. Бірақ қазақтар елден ерекше өсудің орнына өшіп, азайып, саны жағынан төмен қарай құлдырап отырған».
Бірақ соған қарамастан соңғы он жылда қазақтың өсімі артып келеді. Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында 2020 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу туралы меже қойды.
– Тілімізден, мәдениетімізден айырыла жаздап, әбден қаймығып қалғанбыз, сол қорқыныш пен үрей бар әсіресе, үлкен буындарда. Қазір қазақ тіліне қарсы келетін Қазақстанда бір адам жоқ. Сондықтан басты мәселе — біздің өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы ана тілімізді жетілдіру қажет. Мысалы, «Президент барлық жерде қазақша сөйлемей, болмайды» деп кейбіреулердің айтатынын білемін. Елімізде 100 ұлт пен ұлыс отыр, солардың барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады?!. Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын. Орысша да, қазақша да. Ресейдің президенті тек қана өз тілінде, Американікі де, Түркиянікі де өз тілінде сөйлейді, мен амалсыз екі тілде бірдей сөйлеп отырған адаммын. Бұл жағдай мәңгі солай бола бермейді, қазірдің өзінде қазақтың саны 70 пайызға жақындап келе жатыр. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық салада енгізуге жұмыс жасаймыз. Өз ішімізде, елімізде, мемлекеттік басқару органдары мен басқа салаларда барлығы да өз тілімізде жүретін болады, құдай бұйыртса. Бірақ оған асығыстық жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Елімізде тыныштық, өзара сенім, барлығының құқығын қамтамасыз ету, дін, мәдениет, тіл бойынша ешкімді де шектемейміз, әркім өз мәдениетімен, өз тілімен өмір сүрсін. Бұл қалыпты жағдай, – деді Президент Назарбаев.
Сондықтан Президент атап көрсеткендей, бүкіл үміт – алда, келешегімізде кемел көзқараспен қарауымыз керек. Бірақ алдағы 12 жылда қазақтың демографиялық өсімі қалай болмақ? 20 миллиондық межені еңсере аламыз ба? Бұл ұлт алдындағы көкейкесті мәселе. Бұл туралы сарапшылар не дейді? Кейбір болжам бойынша таяу жылдарда қалада тұратын қазақтың саны өсе түседі. Қуанарлық дерек, әрине.
–Болжамдар белгілі бір жағдайларға сүйеніп жасалатыны белгілі. Біздің де 2031 жылға дейінгі болжауымыз тиісті жағдайларды ескеріп, жүзеге асырылды. Біріншіден, соңғы 15 жылда еліміздегі халықтың өсу қарқыны жаман болған жоқ. Жалпы, халықтың орташа жылдық өсімі 1,2 пайызды құрады. Оған себеп болған еліміздегі жалпы халықтың табиғи өсімі, яғни 2001 жылмен салыстырғанда соңғы кездері 3 есеге дейін санымыз артуы болып отыр. Екіншіден, Қазақстан өңірлеріндегі халықтың өсу қарқыны әртүрлі болды. Мысалы, ең жоғары өсім Астана қаласында байқалды. Маңғыстау өңірінде де оңтайлы қарқын бар. Бұл жерлерде халықтың саны 15 жылда 2 еседен жоғары көрсеткішті көрсетті, – деді Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Жұмыспен қамту саласындағы ұлттық сарапшы Жақсыбек Күлекеев.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның оңтүстік аймақтарында да халықтық өсу көрсеткіші жақсы екенін тілге тиек етті.
–Тиісті себептерді ескере отырып, 2030 жылы халықтың саны 20 млн 560 мыңға жетуі мүмкін. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында бұл кезеңде де халықтың азаюы жалғаса беретінін байқалып отыр. Мұнымен қоса, 2030 жылға дейінгі мерзімде Шымкент қаласы мен Астана қаласында халықтың қарқынды өсуі байқалмақ. Маңғыстау мен Атырау облысында да халық санының өсуі өте жоғары деңгейде болады. Кейбір өңірлерде соның ішінде Ресеймен шекаралас аймақтарда халықтың өсуі көңілдегідей болмайды.Бұл әсіресе Солтүстік Қазақстан облысына тән болып отырғанын айта кету керек, — деді алдағы 12 жылда болжам жасаған сарапшы Жақсыбек Күлекеев.
Расында да егер осы қарқынмен өсе берсек, Президент атап өткен межені алдағы екі-үш жылда еңсеруіміз керек. Ол үшін жағдайымыз жақсырып, тұрмыстық әл-ауқатымыз дұрысталып, жастар арасында ажырасу азайып, дүниеге келетін сәбилердің саны артқаны абзал.
Әрине, демографиялық өсім өздігінен орын алатыны белгілі. Қазір бір айта кететін жайт, мемлекет ішкі миграциялық процесті де қолдап, оны реттеп отыр. Республикамыздың оңтүстік өңірлерінде халықтың санының күрт артуына қатысты оларды солтүстік аймақтарға қоныстандыру мәселесі де жүзеге асып жатыр. Біріншіден, солтүстік өңірден халық тұрақты жұмыс орнын тапса, екіншіден, оның саяси мәні де бар.
–Қазірдің өзінде сарапшылар оңтүстік өңірлерінің тұрғындары 2050 жылға қарай 5 миллион адамға көбейетінін айтып отыр. Осыған байланысты үкіметтегілер қазақстандықтарды солтүстікке қарай көшіруге ынталандыру үшін шаралар қабылдап жатыр. Бұл шаралар Жұмыспен қамту жол картасының аясында жүзеге асырылуда, –деді Еңбек және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов.
Осыған байланысты үкімет қазіргі уақытта еңбек ресурстары аз өңірлерді анықтап отыр. Олар Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облысы.
–Егер де біздің азаматтар осы аудандарға көшетін болса, Жұмыспен қамту жол картасына сәйкес, оларға арнайы әлеуметтік пакеттер қарастырылады Біріншіден, біз олардың жаңа жерге көшуіне байланысты отағасына 50 айлық есеп көрсеткіш көлемінде және отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық көрсеткіш есебінде жол шығынын өтейміз. Ақшамен санағанда бұл отағасына 106 мың теңге, ал жанұяның әрбір мүшесіне 74 мың теңге болады. Егер бес адамнан тұратын отбасы: әкесі, анасы, үш бала болса, оларға көшуге шамамен 402 мың теңге көлемінде мемлекеттік көмек көрсетіледі, –деді Нұрымбетов.
Сонымен қатар, көшірілген отбасы жалдамалары тұрғын үймен, жатақханадағы бөлмемен қамтамасыз етіледі және қажет болған жағдайда шағын шаруашылығын өркендету үшін шағын несиеле беріледі. Яғни, қоныс аударған отбасылар жол картасы аясында 5 миллион теңгеге дейін микронесие алады.
–Бірінші жартыжылдықта 672 адам — 320 отбасы басқа өңірлерде жұмыспен қамтылау мақсатында мекен-жайларын ауыстырған. Олардың 424-і еңбекке жарамды отбасылардың мүшесі. Сондай-ақ, олардың 75 пайызы немесе 320ы жұмыспен қамтамасыз етілді. Жаңа мекен-жайлары бойынша оларға жалдамалы тұрғын үй беріліп, көші-қон шығыны өтеледі, – деді вице-министр Нұрымбетов.
Демек, мемлекет Президент тапсырмасымен қазір демографиялық өсімге жағдай жасап, ішкі миграциялық процесті реттеп отыр. Бұған тек қана қуануымыз керек.

Батыр ЖАСҰЛАН

Бөлісу: