Депутаттыққа үміткерлер мен тұрғындар жаппай төбелесті

Қырғызстанның Ош облысында парламент депутаттығына үміткерлердің үгіт-насихат шарасы жаппай төбелеске ұласты. Араван ауданына келген «Мекенім Қырғызстан» партиясының өкілдері мен жергілікті халық қырық-пышақ болып қырқысқан деп хабарлайды «Дәстүр» сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна таратқан ақпаратта, 100 шақты адам қатысқан жаппай төбелестен 12 адам жарақат алып, көліктер бүлінген. Жергілікті құзырлы орындар кикілжіңді бастаған «Мекенім Қырғыстан» партиясының кандидаты деп отыр. Ильхом Маманов саяси қарсыласы «Бірімдік» партиясының атынан сынға түсіп жатқан Шүкіролла Файзуллаевқа қатысты жағымсыз пікір айтыпты. Оның бұл сөзі елді мекенді 14 жыл бойы басқарған әкімнің туыстары мен таныстарының қитығына тиген көрінеді. Сол себепті ашуға булыққан халық аңдамай сөйлеген кандидаттың жақтастарын қуалап жүріп сабаған. Осы жағдайдан кейін 10 адам ұсталып, тергеу жүріп жатыр. Ал аудандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін ішкі істер бөлімінің бастығы жұмысынан қуылып, бірқатар полиция қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды.

Айта кетер болсақ, Қырғызстандағы Жоғарғы Кенеш сайлауы 4-қазан күні өткізіледі.

Бөлісу: