Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі  18 қазан – Халықаралық рухани келісім күніне орай бабалар мұрасы  салт-дәстүрімізді, асыл дінімізді көздің қарашығындай сақтап, қас­терлеуге шақыру мақсатында  «Дін. Дәуір. Дәстүр» тақырыбында  конференция өткізді.

Қазақстанның Тәуелсіздік  жылдары ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған  әр жылда он сегізінші қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні!Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр.

Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы жайында жастарға Ақтөбе облыстық «Нұрғасыр» мешітінің наиб имамы Медетбеков Абзал Қондыбайұлы баяндап, сонымен қатар егеменді елімізде басты дәстүрлі  ислам дінінің негізгі мақсаты әлемде бейбітшілік орнату  екеніне баса  тоқталды.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде — кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деп ұлағатты сөз айтты. Бұл жағдаят адам, қоғам, мемлекет дамуының маңызды қырларын ашып көрсетеді. Сондықтан, мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі өте маңызды.

Ақтөбеде мұсылмандық шарттарын ұстанатын жастарға арналған «Аңсар» атты  ақпараттық-талдау орталығыашылып, агенттіктің қызметі жалғасын тауып отыр. Атқарып отырған қызмет барысындағы қиындықтар мен  нәтижелер жайында   аталмыш орталығының теологы   Асанов Нұрлан Әділханұлы айтып берді.

Кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жанынан 2015 жылдан бастап,  жастарға тағылымды тәрбие беру мақсатында «Елмұра» ұлттық-танымдық клубы жұмыс жасап келеді. Әр түрлі сала мамандарын қамтыған клубта 18 жастан жоғары 20 ға жуық мүшесі бар.   «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының тұрақты мүшесі,«Дәстүрлер жолы» жобасы аясында жастар тәрбиесімен айналысып жүрген Айжарыкова Шамшия Жакуқызы халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарының мағынасын   кеңінен түсіндіріп, бұрынғы жақсы мен бүгінгі жаңаны ұштастырып, ұлттық болмыстан айнымай, қазақы тәлім-тәрбиенің мәнін ұғындырды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылда Қазақстанда  діни ахуал күрделене түскені баршамызға белгілі. Ел тұтастығының, дін мен дәстүр бірлігінің бұзылуына аса мүдделі сыртқы күштерден жастарымыздың сақтануына түрлі мысалдарды келтіре отырып,   Діни экстремизм мен терроризмге қарсы   мемлекеттік  бағдарламалар аясындағы қызметінде қазіргі жастар арасында  дін мен дәстүр жайында«Ихсан» орталығы қоғамдық бірлестігінің теологы  Бисембаева Роза Бақытқызыой түйді.

Конференция қонақтары іс-шара барысында өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз ету үшін кітап оқу мәселесіне тоқталды. Асыл уақытымызды саяз кітаптарды оқумен өткізбей, не оқып, не білім алып жатқанымызға  үлкен мән беру керектігін де айтып өтті.

Ізгілікке арналғаншараға «Имандылық-ұлт тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған сопылық әдебиеттің өкілдері: Қожа Ахмет Иассауидің, Жүсіп Баласағұнның, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің, қазақ жазба әдебиетінің негізін салған Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ш.Құдайбердіұлының шығармаларымен, сонымен қатар, Қ.Бағашардың «Исламдағы бала тәрбиесі», Д.Ж.Айдаровтың «Діл және дәстүр», А.Әбдірасылқызының  «Дін.Дәуір.Дәстүр» және Исламдағы өзекті мәселелер жайында және қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрлеріне арналған кітаптары   кітапхана оқырмандарына таныстырылды.

Шараға кітапхана оқырмандары, мәдениет қызметкерлері, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелеріқатысты.

 

 Гүлзада Бейсова, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы

 

Бөлісу: