- Екі мұсылман жолыққанда не деп амандасады және оның мағынасы не? Сонымен қатар, қазақ әйелдермен қалай сәлемдескен?
Сөз анасы – сәлем
Сәлемдесу әрбір мұсылманның бөлінбеген еншісі. Кездескен мұсылманның жасы кішісі – Ассалаумағалейкум! Десе, жасы үлкені – Уа Ғалейкум ассалам! – деп жауап беруі керек. Мағынасы: Алланың сәлемі болсын, сізге де Алланың сәлемі болсын! Әс-Сәләм – Алланың 99 көркем есімінің бірі.
Бұрында қазақ ерге де, әйелге де «Армысыз» – деп амандасқан. «Қыз Жібек» операсында Бекежанның да арияда «Арма Жібек» деуі сондықтан.
Кейінгі кезде оранып-шымқанған әйелдердің еркекше амандасуы тіптен өрескел жағдай екенін өздеріңіз де көріп жүрсіздер.
- Жұртшылық деп нені айтады?
Жұртшылық – бір-бірімен тікелей, өзара қарым-қатынас жасамаса да, белгілі бір ортақ мүдде жолында біріккен, алайда ресми түрде ұйымдаспаған топ, көпшілік қауым.
- Асар.
Үлкен, ауқымды іске ел-жұрт, ағайын туыс болып көмек беру. Елдің ұйымшылдығын білдіретін мереке түрінде өтетін салт-дәстүр.
- Алғыс
Адам үшін ең үлкен мерей. Үлкендерден бата алып, елдің алғысына, құрметіне бөлену. Алғыс – бір жүректің екінші жүрекке деген ыстық ықыласы, өмірге жігерлендіру.
- Сыбаға
Соғымның етінен сыйлы адамға арнайы қойылған мүшелі ет.
- Сарқыт
Үлкен, сыйлы, атақты адамның ішкен ыдысынан жұғысты болсын, қасиетін берсін деген ниетпен ас ішу.
Сарқыт – дәстүрлі қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан салттардың бірі – Тойдан, айт мейрамынан ырымдап кәмпит, құрт сияқты дәмнен алып, үлкен кісілер үйдегі балалары мен келіндеріне ауыз тигізеді. Сол сияқты үлкен табақтан қалған етті де «сарқыт» деп, оны да жастар үлкен кісілердің жолын, абыройын берсін деп ырым етіп жеген. Бұрын «сарқыт қайтады» деп келіндер үлкендердің табағын әдейі күтіп отыратын болған. Қазақ салтында сарқыттың ырымдық әрі тәрбиелік, дәстүрлік маңызы зор.
- 7. Сәлемдеме – біреу арқылы сыбаға, кәде сыйды арнайы беріп жіберу дәстүрі.
Жарасты әрі әдемі дәстүрлердің бірі – осы сәлемдеме. Ол адамдардың бір-біріне деген сыйластығының, құрмет тұтуының айқын белгісі. Көптен көрмей сағынысқан адамдардың бір-біріне жіберген қымбат бұйымы, асыл заты немесе жеңсік тағамы, қысқы сыбағасы. Оның қымбат, бағалы болуы шарт емес. Сәлемдеме келген адам жіберген адамға ақ батасын, шын ризалығын білдіріп, қатты қуанады. Үлкендер мұндайда көзіне жас алып, оны көрші-көлемдеріне, балаларына айтып мақтанады, сол адамды еске алады. Сәлемдеме – адамды адамның ұмытпай жүруінің, берік достығының, адал көңілінен алтын кілті. «Сәлем берген саулық береді» дейді халық. Ал сәлемдеменің мағынасы одан да биік.
- Бәсіре
Бәсіре – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсірмен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше, жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.
- Сүйінші
Сүйінші – қуанышты хабар әкелушіге берілетін сыйлық. Дүниеге жас нәрестенің келуін, келін түскенді, алыстағы сағынған адамның келгендігін, жоғары атақ, үлкен сыйлық берілуін, т.б. қуанышты сәттерді алғаш хабарлаушы сүйінші сұрайды. Сүйіншіге бағалы зат немесе ақша береді.
Қуанышты хабарды жеткізуші адам «Сүйінші-сүйінші!» деп келеді. Мұндайда қуанышты үй иесі «Қалағаныңды ал» дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл қуанудың, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұраудың да, оның сүйіншісін алудың да ешқандай сөкеттігі жоқ.
- Көрші ақысы
Асыл дініміз исламда көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімнің «Ән-Ниса» сүресінің 36-аятында:
– «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге де жақсылық жасаңдар», – делінген.
- Қазақтың базарлық дәстүрі
Базарлық – алыс сапарға, сауда жолына шыққан адамдардың үйіне, көрші-қолаң, сыйлас адамдарына, жас балаларға, жерлестеріне әкелетін ірілі-ұсақты сыйлықтары, тарту-таралғысы.
Базарлық әдетте, өз елінде сирек кездесетін таңсық зат, бұйым түрінде болады. Дәстүрлі ортада базардан келе жатқан кісіден базарлық сұрау салты болған. Ескеріп базарлық әкелу – жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі, қауым мүшелерінің арасында дәнекер, әлеуметтік, моральдық қатынастарды жүзеге асырудың бір тетігі ретінде де бағамдауға болады.
- Нәзір беру
Нәзір (араб тілінен аударғанда – ескерту, арнау, міндеттеп алу) – шариғат ұғымында белгілі бір істің орайы келіп орындалса немесе тілеген тілеуі қабыл болса, атқарамын деп ниет еткесін, Құдайдың разылығы үшін ерікті атқарылатын құлшылық. Нәзір малмен (садақа беру, мал сою, медресе не мешіт салу, т.б.) және жанмен (ораза ұстау, кітап жазу, қайырымдылық жасау) арқылы өтеледі.
- Күзем шай – қазақ халқында ұлттық тағамына, дастарқанына қатысты қалыптасқан салт-дәстүрлердің бірі. Істің басталар сәтінде де. Ол аяқталған соң да халық оны атау, ескерту үшін малды ауылдарда күзем алынып болған соң әр үй бір-бірін шайға шақырып, көңілді өткізген. Мысалы, күзем алынып болған соң, әр үй бір-бірін шайға шақырып, көңілді кеш өткізеді.
- Көрімдік – Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы алып-беруде ғана емес, жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашыққолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралды. Байғазы мен көрімдік екеуі екі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.
- Көңіл шай – үйінен адам қайтыс болған отбасы мүшелерінің, қиыншылыққа тап болған жандардың көңілін аулау мақсатында дастарқан жаю, қонақ күту дәстүрі. Адамның өмірінде қуанышты да, ренішті де жайлар болады. Басына іс түскенде, тұрмыста кездесетін қиын жағдайда, ренішті, күйінішті кездерде адамдар бір-біріне көңіл білдіріп, қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес береді. Ашулы сәтте басу айтады. Міне, осындай кездерде ауылы аралас ағайын-туыс көңіл білдіріп, дастарқан жаяды. Аталған жағдайларда жайылған дастарқан «көңіл шай» деп аталады.
- Сауға – дәстүрлі қазақ қоғамындағы ұғым. Сауға сөзі тікелей әскери олжамен байланысты. Соғысқа, жорыққа қатыспағандар олжадан сауға сұрап алған. Жеңілген батырдың, тұтқынға түскен адамның бас бостандығын, өмірін сауғаға сұрап алуға болады. Жеңілген жауынгер кейде өз өмірін де сауғалап алуы мүмкін. «Сауға сұрау» дәстүрінің қалыптасуы ел ішіндегі асыраушылары жоқ, жарлы, кемтарларға жорық олжасынан үлес алуға мүмкіншілік беруден туған.
- Сыралғы. «Батырдан-сауға, аңшыдан – сыралғы» (мәтел). Олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда «сыралғы» сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Есте болатын бір әдет-ғұрып-міндет. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.
- Қанжыға – салт атқа бөктерген затты байлайтын жіңішке қайыс таспа. Ердің қапталының артқы алақанында,ғы тесікке өткізіп бекітіледі. Ұзындығы 25-30 см. Қанжығаға, мысалы, бұғалық арқан, шідер, тұсау, торсық, қоржын, атып алған аң, құс және т.б. байлайды.
- Сұрап алу кәделері
Немеурін сұрау – яғни енші алып, бөлек шыққандар туған-туысқандарынан немеурін сұрап, мал-мүлік алғанды айтады. Қазақ халқы өз руластарымен, оның ішінде ең жақын, ет жақын туыстарымен бірге көшіп-қонғаны белгілі. Қандас туыстастар әрқашан отау тігіп, бөлек шыққан туысқанына немеуірін сұрап келсе, мал-мүлкінен қолынан келгенше көмектесуі тиіс болған.
- Жылу жинау
Бір бақытсыздыққа ұшыраған отбасыға, үй-мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам ұйымдастырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін картаға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар.
- Аузына түкірту – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Түкіргенде оның ырымы ғана жасалады. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті.
- Байғазы – қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы. Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелерінен, әпке, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер байғазыға (ақша, малдың төлі, т.б.) берумен бірге құтты болсын айтып, ізгі тілек білдіреді.
- Қатыра күні – бұл атаулы күн наурыз айының соңғы жексенбісіне белгіленген. Бұл күнді ауылдың қарияларынан бастап, еңбекке жарайтын балаларына дейін асыға күтеді. Осы ауылдан қанат қаққан қаладағы, даладағылардың бәрі тегіс жиналады. Ер-азаматтар ата-бабалары мәңгілік мекен еткен бейітті тазалап, ағаш, гүл ексе, ал әйел кісілер қазан асып, сан түрлі тамақ, бауырсақ, шелпектерін пісіреді. Осы күнге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік жасап, өткендердің әруағына құран бағыштайды.
- Жыртыс
- Қуаныш кезінде үлестірілетін кәде. Дәстүрлі қазақ қоғамында қуаныш кезіндегі жыртыс әйелдер арасында үлестірілетін және солар атқаратын ежелгі ғұрыптардың бірі болған. Негізінен, келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол «сандық ашар» жоралғысы кезінде алынып, сол тойға қатысқан әйелдердің бәріне жыртылып таратылады.
- Қазақ халқының дәстүрлі өлім жөнелту ғұрпында жерлеуге қатысқан еркектерге зират басында үлестірілетін, көлемі бет орамалдай мата бөлігі. Шама-шарқына қарай әр түрлі матадан үлестірген жыртыспен жерлеу рәсіміне қатысушы ер азаматтар бетін сүртіп, марқұмға иман айтады. Қайтыс болған кісі ұзақ жасаған, үбірлі шүбірлі болса, жұрт Ж-ты оның жасын берсін деп ырымдап алып, қастерлеп ұстайды.
- Әдет сөзі мен дәстүр сөзінің айырмашылығы
Әдет – бернеше рет қайталану арқылы адамдар үшін нормаға айналған мінез-құлық ережелері. Бұған мереке күндері орындалатын, сондай-ақ күнделікті өмірге айналатын әдет-ғұрыптар жатады. Негізінде, адамдар іс-әрекеттің мағынасы туралы ойланбай, оларды әдеттері бойынша ұстайды. Әр қоғамның өзіне тән әдет-ғұрпы болады. Олардың кейбіреулері мемлекет тарапынан реттеледі, ал басқалары бір отбасында байқалады. Әдеттің әдетке айналуы қанша уақытты алады? Кем дегенде бірнеше жыл, кем дегенде 3-4 жыл.
Дәстүр (лат. Tradition – беру, аңыз) – ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қоғамда немесе оның жекелеген топтарында ұзақ уақыт сақталған әлеуметтік-мәдени мұра элементтерінің жиынтығы. Дәстүр – бұл әдет-ғұрыпқа қарағанда кеңірек түсінік. Дәстүрге белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениетінің тұрақты формалары болып табылатын құндылықтар, идеялар, дүниетанымдық нұсқаулар кіреді. Дәстүр әдеттегідей қоғамның өміріне әлдеқайда кең түрде әсер етеді.
- Ас ішер алдында айтылатын тілек
Ас ішер алдында «Бисмиллә» сөзін айту: әуелі мұсылман адам күнделікті өмірінде алдына ас келгенде немесе ұсынылған қандай да бір тағамды жеудің алдында «Бисмилләхир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) деп айтуы тиіс. Ішіп-жеп болған соң «әлһамдулилләһ» (Аллаға шүкір) деп айту сүннет. Себебі ардақты Пайғамбарымыз с.а.у. өсірген перзенті Омар бин Әбу Сәләмәға (р.а.): «Балам! Бисмиллә айт. Оң қолыңмен же. Әрдайым алдыңнан же», – деп тәрбие берген.
- Сүннет
Сүннет (арабша – суннат) – Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) сөзі, әрекеті және тақриры (шешімі) деген сөз. Құранда Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) бойұсыну бұйырылады. Сүннет – парыз бен уәжіптен бөлек, Пайғамбар (с.а.у.) жасаған және жасауды насихат еткен іс-әрекеттер.
- Батаның мағынасы
Бата – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі.
- Бата оқыр деген не?
Бата оқыр – қайтыс болған адамды жерлеген уақытқа келе алмаған жақын-жуықтар мен ілік-жұрағаттардың, ауылдас, тамыр-таныстардың соңынан арнайы жұбата келіп, көңіл айтуы, бата жасауы, марқұмның артынан жақсы сөз айтуы, Құран, дұға оқу рәсімі.
- Ас батасы – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастарқан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады. Сіздерге автор тәрбиелік мәні жоғары халқымыздың асыл қазыналарының бірі бата туралы мәлімет беріп, үздік баталар топтамасын ұсынады.
Мысал: Дастарқанға қысқаша бата.
Дастарқаның тоқ болсын,
Уайым-қайғы жоқ болсын!
Жарлы болсаң жасыма,
Бай болсаң, тасыма!
Бақ-дәулет берсін басыңа,
Ғұмыр берсін жасыңа.
Бәле-жала, жын-шайтан,
Жоламасын қасыңа!
Иманның байлығын берсін!
Құт берекенің бәрі келсін!
Әумин!
- Наурыз батасы ерекше оқылады, ол жылына 1 рет наурыз мейрамында беріледі:
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда әрқашан жол болар.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын.
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам,
Көже істеген келіндер,
Көпке жаққан елшіл бол.
Бозторғайдай төлшіл бол!
Ор қояндай көзді бол,
Адам таппас сөзді бол!
Қыстан қысылмадық,
Жаз күніндей жадырадық,
Өткен ай өзімен кетіп,
Туған ай жарылқасын!
Аяз әлін біліп,
Күнекей күн жарылқасын,
Аллаху әкпар!!!
- Серттесу батасы (Баталасу) – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни «бата бұзу» – қарғыспен тең. Қазақ баталасуды – елдіктің, тектіліктің, азаматтық қасиеттің белгісі деп таниды.
- Жігіттіктің белгісі
Бажайлап қараған жан осы сипаттардың түп-төркіні Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде жатқандығын аңғарады. Мысалы, қазақта «Жігіттіктің белгісі түзде мырза, үйде құл» деген сөз бар. Оның мағынасы ер адам түзде мырза болып, сыйлы, сырбаз көрінгенімен, үйіне келгенде үй шаруасына араласып, отбасына қолынан келген жәрдемін аямаған. Бұл – Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінен алынған кісілік сипат.
- Қандай бес жағдайға асығу керек?
Қонаққа ас беруге, мәйітті жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға, қарызды қайтаруға, күнәға тәубә жасауға.
- Бақыттылықтың төрт жағдайы қандай?
Бақыттылықтың белгісі төртеу:
- Өткен күнәларды еске алып тұру;
- Еткен жақсылықтарын ұмыту;
- Өзін діни тұрғыдан өзінен жоғары адаммен салыстыру;
- Дүниелік халін өзінен төмен адаммен салыстырып, шүкіршілік ету.
- Төрт нәрсе кедейліктің белгісі: жаман әйел, нашар көрші, нашар көлік, тар баспана.
- Ақсарбас атау, көкқасқа атау – көне заманғы наным-сенімге негізделген құрбандық шалу ғұрпы. Көкқасқа үш түрлі: бозқасқа, көкқасқа және қызылқасқа мал шалынатындығы туралы ауызекі және жазбаша деректерде айтылады.
- Ат тергеу – жаңа түскен келіннің атасы мен енесіне, қайнағалары мен абысындарына, қайын сіңлілері мен қайындарына, ауылдағы жасы үлкен адамдарға өзінше ат қою дәстүрі.
- Тәтті шай – бұл дәстүр Оңтүстік Қазақстанда кейінгі кезде енген. Құда шақыру дәстүрін той болғаннан кейін екі-үш жылдан кейін жасайтын екі жақты құдалар бірін-бірі тәтті шайға шақырады. Екі жақтың бір-біріне жақындары келеді. Бұл шақырудың мақсаты – туысқан болғандықты білдіреді.
- Көрісу – Қазақстанның батыс өңірінде ғана сақталған қазақтың ежелгі дәстүрі.
Жаңа жылды Байбақты Қазыбектің күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды.
- Шек беру (дәстүр). «Қазаққа ислам діні арқылы кірген мейрамдардың бірі – шек беру» (А.Жүнісұлы). Ораза және құрбан айттары алдында мал сойылып, аруақтарға бағышталатын дұға. Шек беретін үй бұған жақын-жуық, қарт адамдарды шақырады. Мұнда олар ата-аналарын, өздері білетін аруақтарды еске алады, олардың есімдері аталып, құран оқып, қол жаяды. Бұл дәстүр әлі де сақталып келеді.
- Тонбау – күйеу жігіттің туыстары иіліп қонақ күткен құдаларға сыйға беретін шашу немесе ақша.
- Өлі-тірі – құдалық кәдесінің бірі, құдалардың қыз жағына алдын ала әкелген малы. Әруақтардың ризашылығына арналғандықтан, өлі-тіріге келген мал еті сойылып, қыздың туыстарына таратылады. Әлі ұзатылмаған қызға ол еттен жеуге тыйым салынады.
- Тоғыз тарту – қазақтың дәстүрлі қоғамындағы сыйлық немесе айып өлшемі. Үлкен жиын-тойда ат бәйгесіне және әр түрлі дау-шарда бір тоғыздан үш тоғызға дейін сыйлыққа немесе айыпқа берген. Ол түйе бастаған 8 жылқы, жақсы ат бастаған сегіз ұсақ мал, құндыз бастаған тоғыз жағалы киімді құраған.
- Енші беру – Ата-анасы баласы өскеннен кейін «Енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкі қалған аға-інісіне енші беруге тиіс.
- Төс тарту – күйеу баладан ақша алу емес. Оның мәнісі тым тереңде жатыр. Қазақ күйеу баланы өз баласындай жанына жақын тартқан. Қызының бағының баянды болуына, шаңырағының шайқалмауына, бесігінің мәңгі тербелуіне, ана атанып, әлди айтуына, міне осы төстің тигізер ықпалын ескеріп, арнайы тартатын болған. Төс майлы болады. Соған қарамастан, жүрекке тимейді.
- Есік көрсету, есік ашар – жаңа түскен келінді күйеу жігіттің туған-туысқандары мен дос-жарандарының өз үйлерімен таныстыру мақсатымен қонаққа шақыру рәсімі.
- Ерулік беру – жаңа қонысқа көшіп келгендердің алғашында үйренісе алмай тосырқайтыны заңдылық. Сондықтан дана халқымыз ерулік беруді ойлап тапқан: бұрыннан отырғандар көшіп келгендердің үйін тігісіп, барлық көрші болып, кезек-кезек қоныстанушыларды бала-шағасымен қосып, түгел үйлеріне шақырып, танысып, білісіп араласып кетуге жағдай жасайды. Үлкендер де, бала-шаға да ерулік кезінде әбден танысады.
49.Тәбәрік – жасы жүзге келіп немесе жүзге жақындап қайтыс болған қарттардың тірі кездерінде тұтынған заттарын бөлісу.
- Шүлен тарату – дәстүрлі қазақ қоғамына жәрдем мен қамқорлық көрсету түрі. Бұл діни парыз, уәжіп, садақа, құдайы немесе зекет те емес, ол тегін таратылатын дүние-мүлік. Шүлен таратуды қазақ байлары тарапынан кедейлерге көрсетілетін жомарттық пен мырзалық деуге болады. Күз түсіп, мал саны көбейгенде ауқатты, дәулетті азаматтар алыс-жақын жерлердегі адамдарға тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестірген. Шүлен таратушылар бұл рәсімді пайда үшін емес, көптің алғысын, сауабын алу үшін, сондай-ақ кедей-кепшікке қол ұшын беру мақсатында атқарып отырған. Шүлен тарату халық арасындағы күрделі қатынастарды реттейтін әлеуметтік институттың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.
- Үме-асар
Қазақстанның кей жерлерінде, көбіне маусымдық шөп шабу кезінде үмеге шақыру дәстүрі болған. Көмекке келгендерге берілетін ас «Үме» деп аталған. Үмеге жақын туысқандар да мал беріп, қымызын әкеліп т.б. көмектерін көрсеткен. Үме кезінде ұйымдастырушылар тарапынан шөп шабындығына үй тігіледі де, ас әзірленеді. Ас ішіліп, желінгеннен кейін аяқ жағы той-думанға ұласқан. Кейде үлкен үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған. Үме кезінде әркім өз өнерін көрсетуге тырысқандығы ел арасындағы «Үмеге келген үндемей қалмайды» т.б. мақалдар айғақтайды. Үме дәстүрі қазақ халқының береке бірлігінің куәсі іспеттес. Ұлттық ұлылығын әйгілеп тұрған дәстүрі.
Данияр Әлбозым, этнограф-жазушы