Дұрыс тамақтану – салауатты өмір салтының негізі

Немесе дұрыс тамақтану – денеге қуат, дертке дауа

Адамзат қоғамы дамуының ең алғашқы дәуірлері кезінде оның негізгі қорегі өсімдіктер болған. Алуан түрлі жемістерді, өсімдік тамырларын, түрлі-түрлі гүлдерді, шөптерді жинай жүріп, ол тамағын тойғызып қана қоймай, сонымен қатар, әр түрлі аурулардың азабынан құтылу жолдарын іздестіре бастаған. Сөйтіп, өсімдіктердің шипалық қасиеттерін зерттеп білуге адамды өмірдің өзі жетектеген. Оның алғашқы дәріханасы орман мен дала болды.

Адам қоректік заттарын да, емдік дәрілерін де табиғи жолмен қажетіне жаратты. Ғылым мен технология дамыған қазіргі заманда азық-түлік тағамдарын дайындау, сақтау әдістеріне химия дендеп кірісетіндіктен, тағам ас-суларының табиғи маңызы мен тағамдық құны айтарлықтай төмендеді, кейбір жағдайларда жарамсыз өнімдердің сырттан келетіні де жасырын емес. Анығында, тағам ас-суларын сақтау және дайындауда технологиялық тәсілдері дұрыс сақталған табиғи экологиялық азық-түліктердің ғана ас болатынын білген жөн.

Сондай-ақ өнімнің ас болуы дұрыс тамақтану ережесі мен тамақтану мәдениетіне тікелей байланысты. Кім де кім астың қасиетін дұрыс түсіне білсе, ол аурудың алдын алады, ауруын да емдей біледі және ағзаны қалпына келтіру жағдайын сақтауға бейімделе алады. Бұл дегеніңіз толық адам жетілуінің негізгі көрсеткіші. Себебі денсаулық бірінші байлық қана емес, ол өмір сүру қағидасының да бірінші көрсеткіші. Дені сау адам ғана толық қанды өмір сүреді, өзінен дені сау мықты ұрпақ қалдырады. Мұны халқымыз  «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас адамның арқауы» деген қанатты сөздермен тұспалдап, аманат еткен. Бұдан адам баласы асты ішіп-жеу үшін емес, өмір сүру үшін ішіп-жейтіні және аурымау, аурудың алдын алу үшін  оның қасиетін танып білу маңызды екеніне ерте заманнан-ақ ерекше көңіл бөлгенін аңғаруға болады.

Қазіргі заманда азық-түліктер тағамның ас-суларына сіңірілген емдік қасиеттер жете тексеріліп, зерделенетін тағамтану мәселесі медицинаның  ең маңызды саласына айналды. Бірақ халықты бұл мәселеге қанық деп айту қиын. Дәл осы мәселе туралы ақпаратты ғылыми тұрғыдан қабылдамаудың себебінен қазіргі жағдайда аурудың 85 пайызы дұрыс тамақтанбауға және экологияға байланысты болып отырғанын дүниежүзілік медицина ұйымы нақты дәлелдеп қойған. Демек, ас-судың  тағамдық құны – оның адам ағзасының әрбір мүшесіне қажетті қоректік заттарды толық қамтамасыз етіп, қалыпты жағдайын сақтайтын табиғи маңызына  тікелей байланысты.

Мысалы, ара балының дәрілік қасиетінің сыры – оның қай уақытта, қандай жерден алынғанына, дәл қай ауруға ем болатын өсімдіктің шырынынан жиналғанына тікелей байланысты.  Яғни ара балы шаруашылығын  инновациялау дегеніміз осы. Демек, табиғи таза, экологиялық азық-түлік өнімдерін тұтыну, оны  дайындау, сақтау және тағам ас-суларын дайындаған кездегі технологиялық процестер мен салауатты тамақтану инновациясы бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Тамақтану рационы дұрыс болмаған жағдайда тағам  құрамындағы ақуыз, дәрумен және минералдық заттар дұрыс қорытылмай, ағзаға қажетті қоректік  заттар ішекке жиналып, одан бойға таралмай, сыртқа шығарылады да, ағзаның тіндері қоректік заттармен қамтылмай қалады. Мұдай жағдайлар кейде астың бойға сіңбей адамның аза беруі, немесе шектен тыс тола беру үрдістерімен де белгілі болып жатады. Бұл әсіре жасанды химиялық заттардан жасалған тағамдарды жиі тұтынатын адамдарда көптеп кездеседі.

Біз адамзаттың дұрыс тамақтану ережесін ұстанамыз ба? Немесе қалағанымызша ішіп-жей береміз бе деген екі сұрақ  үнемі толғандырып келді. Мыңдаған жылдар бұрын Шығыс, Тибет медицинасы  «Дұрыс тамақтану дегеніміз ұзақ жасаудың негізі» деген ұстанымды тән мен жанды кешенді емдеудің табиғи жолы ретінде қарастыруды ұсынды.

Тарихи деректерге сүйенсек, XV ғасырда қазақ медицинасының негізін салушы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы дұрыс тамақтану ережесін ұстану, емдік қасиеті бар тағам, ұлттық тағамдарды тұтыну – аурудың алдын алу, адамды дұрыс емдеу және қалпына келтірудің негізгі көзі болатынын айтқан.Алайда дұрыс тамақтану, табиғат заңдылықтарына сай әрекет ету қағидасы өркениеттің талабынан қалыс қалды. XX ғасырда азық-түлік тағамдарына химия дендеп еніп, көптеген өнімдер гендік модификацияға – (өзгерістерге) ұшырады. Батыс Еуропа, Қытай, Үндістан елдерінің азық-түлік тағамдарына гендік, химиялық және жасанды алмастырулар сияқты технологиялық үрдістер көптеп еніп кеткен. Сондай-ақ көкөніс, жеміс-жидектерді ұсақ жәнтіктерден қорғау мақсатында адам ағзасына зиянды химиялық қорғаушы заттар мен тыңайтқыштарды шектен тыс пайдаланған.

Мұндай «Қорғаушы заттар»  /Pesticide/: жер шаруашылығы өндірістерінде, отырғызылған жеміс, көкөністерді, зиянды жәнтіктерден қорғау, дүкенде сатылатын өнімдерді тез бұзылудан сақтау мақсатында оларға қолданылатын химиялық заттар  Aldrin, dieldrin, endrin сияқты химиялық атауларға ие болған. АҚШ-та жылына 1.2 тербум фунт қорғаушы заттарды тек жер шаруашылығына шашып пайдаланады. Олардан бір адамға жылына 2 фунттай зат тиесілі.

Ал осы заттарды пайдаланудан Қытай әлемдік рекорд жасап отар. Қытайдың құрт зақымдамайтын көкөністері осындай затқа толы екенін ойланып көріңіз. Ал ғалымдар болса, бұл заттардың ісік, зиянды ісік тудырушылар екеніне күманданбайтындарын айтып, дабыл қағып келеді. Демек, жеміс, көкөністерді жақсы жуып, жақсы аршып, тазалау керек.

Мейлінше органикалық, табиғи өнімдерді тұтынудың аса маңызды екенін ұмытпаңыз. Бұл сіздің денсаулығыңыздың кепілі болады. Қорғаушы заттарды жуып, тазалайтын сабын барын да естен шығармаған жөн. Мұндай қорғаушы заттармен қорғалған  адамның ағзасына қауіпті жемістер мен көкөністердің тізіміне шет елдерден келетін құлпынай, саумалдық (шпинат), нектарин, алма, жүзім, шабдалы, шие, алмұрт, қызанақ, картоп, тәтті бұрыш және балдыркөк (сельдерей) кіреді. Әсіресе құлпынайдағы  улы заттың өте қауыпті екені анықталды. Бұл жидектің бір партиясынан 20 пестицид табылған. Саумалдықтың құрамында өзінің салмағынан көп пестицид болатыны белгілі болды.

Ал шабдалы, шие, алма сияқты жемістердің 98 пайызында бір пестицидтің бары анықталды. Пестицидтер дегеніміз – зиянкестерден арылуға арналған химиялық заттар. Олар АҚШ пен Қытайда 1990 жылдан бастап қолданылып келеді. Олар жусаңыз да жемістердің құрамында қалып қояды. (Бұл туралы Daily Mail басылымы жазды).

Сондай-ақ ағзаға үйлесімділік қасиеті нашар, қоректік заттар теңгеріміне сәйкестік мөлшері төмен, тез әзірленетін сапасыз жеңіл тағамдар мен химиялық қоспадан жасалған зиянды ас-сулар жастардың ең көп тұтынатын тағам мәзіріне айналды. Мұндай денсаулыққа пайдасы шамалы арзанқол тағамдар өндіруші монополиялар үшін экономикалық табыс көзі болғаны және адам денсаулығының құлдырауы, ағзаның дағдарысқа ұшырауының  белгілеріне айналды деуге болады.  Онымен қатар, ой-сана мен білімнің мәдениетсізденуі, керітартпа ойлар, мазасыз тіршілік, қорқыныш, стресс, ертеңіне деген сенімсіздік сияқты қоғамдық өмірде  қалыптасқан теріс әрекеттер заманауи ғасырдың дерті атанған аурулардың туындауына себепші болып отыр. Бұл XXI ғасырда ең өзекті мәселеге айналған әлемдік азық-түлік қауыпсіздігі үрдісі болуда.

Дастарқанға жайылған төнімдердің тағамдық маңызы яғни арқауы оның сәндік түр-сипатына ғана емес, сапасына, табиғи маңыздылығына және қалыптасқан ұлттық гендік кодтарына тікелей байланысты. Тамақтану салтын «Жұтқан жұтамайды» деп оған немқұрайды қарауға болмайды. Керісінше, салауатты тамақтануды ғылым жолмен ұйымдастыру, дәстүрлі және заманауи технологиялық жетістіктерді табиғат заңдылықтарымен үйлесімді ұштастыруға ерекше көңіл бөлетін заман келді. Демек біз, күнделікті тұтынатын ас-тағамдарымыздың ғылыми дәйекті жіктелген әр алуандылығына аса мән беруіміз керек.

Адам ағзасына қажетті қоректік заттарды толық қамтамасыз ететін тағам дайындау үшін экологиялық таза, табиғи ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидектертерден бастап, оларды  дайындау, сақтау, ас әзірлейтін орын мен ыдыс-аяқтардың тазалығы, аспаздың денсаулығы, біліктілігімен қатар, көңіл-күйі және ас тұтыну мәдениетіне дейін қыруар  жағдайлар бар. Мысалы, ең сапалы тағамның өзі адамның тәбетін ашатын хош исі, тіл үйірер дәмі мен ол тағамның ұлттық кодқа сәйкестігі  және оны шабытпен жегенде ғана толық сіңімді болады. Сонда ғана ағзадағы зат алмасу құбылысы толығымен өтіп, ағзадағы жойылған тіндер қалпына келіп, қажетті энергия қамтамасыз етіліп, ағза өзінің қалыпты жағдайын сақтай алады.

Тағамтану ғылымының маңыздылығы жайында бүгінге дейін оны зерттеп, зерделеп келе жатқан ғалымдар мен дәргерлердің еңбектері өте көп болғанымен, бұл салаға қоғам да, адамдар да салғырттық танытуда. Азық-түліктің табиғи маңыздылығы мен ұлттық тағамдарды тұтыну, оның әр алуандығы сіздің денсаулығыңыздың кепілі болады. Ал үнемі бірыңғай тамақтану ағзаның мұқтаждығына себепші болып, оның салдарынан дене қуаты ыдырап, адамды түрлі ауруларға, оның ішінде аты жаман ауруларға берілгіш етеді. Кейбір өлкелерде күні бойы ыстық шайды құрғақтай іше беретін және шайды, суды қайта-қайта қайнататын ғұрып қалыптасып кеткен. Бұдан өңеш ауруларына апаратын жағдайлар болатынын да дәргерлер жасырмайды. Сонымен қатар ас дайындаудан бастап тұтынуға дейінгі үрдістердің мәдениеті, тазалығы, залалсыздығы ерекше маңызға ие.

Ғылымда себепсіз ешбір құбылыс болмайтыны дәлелденген. Ғалымдар көбінде  ет пен ұннан жасалған ас ішетін, сүт және ашитын сүт тағамдар мен көкөністерді тұтыну мүмкіндігі аз елдерде – ағзаның мұқтаждығынан туындайтын терінің тозуы, қартаю, асқазанның аты жаман аурулары көбейетінін анықтаған. Ерте заманда дала халықтары көкөністі аз пайдаланып, сүт және ашитын сүт тағамдарын жылдың 4 мезгілінде де пайдаланатын болған. Сонда да олардың ішіп-жеген табиғи дәстүрлі  тағамдарында ұлттық код сақталған, демек, ұлттық код сақталған ұлттық тағамның маңызы зор болған.

«Салауатты өмір салтын ұстану» яғни ауырып ем іздегенше, аурудың алдын алу белсенді ұзақ өмір сүрудің шарттары болып табылады. Ең қызығы, «Салауатты өмір салтын» біздің азаматтардың қалай қабылдайтыны, қалай түсінетіні де қызықты жайт болып отыр. Салауатты өмір салтын жұрттың көбі дене шынықтыру,  қысқасы спортпен айналысу деп түсінеді. Расында, спортпен айналысу салауатты өмір салты өлшемдерінің бір ғана көрсеткіші.

Ал, «Салауатты өмір салты» адамның табиғат анаға қайта оралуы. Яғни әу бастағы түп тамыры – табиғат заңдылықтары мен үйлесімді өмір салты.  Шыны керек, ағзаға керек затты қамтамасыз етпесең, табиғат заңдылықтарына сай әрекет жасамасаң, түп тамырыңды табиғатпен үндестіретін ұлттық кодыңды оята алмасаң,  онда спортпен айналысып қана салауатты өмір сүруің де екі талай.

«Салауатты өмір салты»  табиғатпен үндескен, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыппан сабақтасқан, қоғамдық өмірмен орайласқан маңызы мен мағынасы айқын диалектика заңы. Дәл осы үрдіс сізді  табиғатпен қайта қосады. Сіз сонда ғана салауатты өмір салтын толық қанды қалыптастырасыз, табиғаттың бір бөлшегі екеніңізді сезінесіз, одан қорек ала бастайсыз. Яғни ағзаңыздың біртіндеп қалыпты жағдайға келе бастағанын, буын қозғалысының икемділігі мен денедегі сергектікті сезіне бастайсыз. Демек, жастықты сақтаудың, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың, салауатты өмір сүрудің  ең ұтқыр жолы – экологиялық таза, табиғи маңызды ұлттық тағам өнімдерін  тұтыну.

Мұндай маңызды тағам өнімдері мен ас-сулар:  қазіргі ғасыр дерті атанып отырған адам ағзасындағы энергиялық тапшылықтар мен бел қуатының әлсіздігі, қан аздық пен иммунитет әлсіздігі сияқты азған ағзаны қалпына келтіру, қалыпты жағдайын сақтаудың табиғи жолы, бұлшық ет, буын қозғалысын сақтауға пайдасы мол емдік қасиетті тағамдар.

Өнерхан САНСЫЗБАЙ,  «Табиғи тамақтану және  өмірді ұзарту сервисінің» төрағасы.

Бөлісу: