Сағи Жиенбаев атындағы олыстық жасөспірімдер кітапханасыОрал қаласындағы Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасымен бірлесе онлайн конференция өткізді. Бұл конференцияның басты мақсаты екі облыс арасындағы іскерлік қатынасты орналастыру және бүгінгі шараға себепкер болып отырған тұңғыш Елбасымыздың атын дәріптеу болып табылады.
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні болып жарияланғаны белгілі. Кемеңгер саясаткер, ұлт көшбасшысы ретінде танылған Елбасымызға құрмет көрсету жер-жерде жалғасуда. Осындай мақсатты көздеген шаралардың бірі –Назарбаев оқулары. «Назарбаев оқулар» кітапханамызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Осы жолы да «Біз Елбасымен біргеміз!» деген атаумен жыл сайынғы дәстүрді жалғастырдық. Атаулы шараға «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин, Ішкі саясат басқармасының маманы Жарас Аюпов және кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ оралдық оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Елбасының әрбір сөзінде мән-мағына бар. Тәлім алар, тағылым боларлық құндылықтар жетерлік. «Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «Мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық. Тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айрылған халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Дегенмен, «соның бәрі халқымыздың рухын жасыта алған жоқ, азаттыққа деген аңсарын жеңе алмады» деген болатын Елбасы өз сөзінде. Шынымен де елдің даңққа дейін көтерілген еліміздің еңсесін ешкім баса алмады. Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес.
Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 2017 жылы «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын 4 бөлімнен тұратын кітапты жарыққа шығарған болатын. Шара барысында кітап көрмесі мен Елбасымыздың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы да таныстырылыпт өтті. 1-бөлім мемлекетіміздің дүниеге келуі, Қазақстанның бірінші жаңғыруы туралы болса, 2-бөлім ұлы бетбұрыс деп аталды. 3-бөлім қияға құлаш сермеу, яғни 2000-2010 жылдардағы дамудың өзекті мәселелері көрсетілген. 4-бөлім қалыптасқан мемлекет, жаңа жаһандық ахуал туралы жазылған болатын. «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деген болатын Елбасымыз. Кітап тарихи публицистикалық жанрда жазылған. Кеш барысында оралдық оқырмандар Елбасымыздың өміржолы, еңбек жолы мен қызметтері туралы мәліметтерді айтты. Модератор Айман Абатқызы дайындаған тың деректерін оқырмандар назарына ұсынды. Кітапхана жанынан құрылған клуб мүшелері де өз өнерлерін көрсетіп, Елбасымыздың қанатты сөздері мен арнау өлеңдерін оқыды.
Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл күнде бұл есімді төрткіл дүние біледі. Даналық, көшбасшылық, көрегендік қазақ басшысына тән. Еліміздің даму кезеңінде басшылық жүргізген Елбасымызға деген құрметіміз арта түспек! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Лаура Ерікқызы.
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.
Ақтөбе қаласы.