Бүгін Тұңғыш Президент күніне арналған Елбасы кітапханасы он күндігінің аясында музейде «Жастар – елдің тірегі» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Елбасы кітапханасының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, дипломатиялық корпус пен этномәдени орталықтардың өкілдері, Нұр Сұлтан қаласындағы университеттер мен колледждердің оқытушылары мен студенттері қатысты.
– Қадірлі көрме қонақтары! Құрметті жас достар! Әуелі баршаңызды келе жатқан мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы айтулы датаға байланысты Елбасы кітапханасы іс-шаралар онкүндігін әзірледі. Бүгінгі іс-шара онкүндіктің тұсаукесері болып отыр. Елбасымыздың «дарынды жастар – еліміздің болашағы және әлеуеті» деуі кездейсоқ емес. Бұл байқауға көптеген жас суретшілер мен танымал өнер майталмандары үлкен еңбек жасады. Әсіресе, жастардың ықыласы өте жоғары болғанына қуаныштымын. Жеңімпаз атанған өнер иелерінің шығармашылық жұмыстары алдағы уақытта Елбасы кітапханасының үлкен галереялары мен көрме залдарынан лайықты орын алады деп үміттенемін. Осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстанның бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосып жүрген суретшілер мен қолөнер шеберлері қауымына шығармашылық табыстар тілеймін! – деді көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.
Жастар жылына арналған көрме – үстіміздегі жылдың ақпан айында Елбасы кітапханасы мен Нұр-сұлтан қалалық Суретшілер одағының бейнелеу өнері майталмандары мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің арасында жариялаған республикалық байқауының ІІ кезең қорытындысы. Көркем өнер байқауы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы Елбасының ойын жалғастырады. Оның аясында тарихқа ізін қалдырған ұлтымыздың дара тұлғалары бейнеленген бейнелеу өнері мен қазіргі өнер саласының бірегей галереясы құрылмақ.
– Елбасы кітапханасымен бірге жастар арасында ұйымдастырған байқаудың нәтижелерімен танысуға уақыт тауып келген өнерсүйер қауымға риза болып отырмын. Тұңғыш Президент үндеуінің арқасында бейнелеу өнерінің өкілдері ойларын жүзеге асыру мүмкіндігін алды. Мазмұнды экспозициялар мен жәдігерлерге бай музейдің көрмесіне қойылған алдарыңыздағы жұмыстар Елбасы кітапханасы қорының сақтауына қабылданбақ. Мұның бәрін жастарға деген Нұрсұлтан Әбішұлының қамқорлығы деп білеміз. Осы тұста әріптесімізге айналған кітапхананың ұжымына, Тұңғыш Президентке алғысымыз шексіз, — деді Нұр-Сұлтан қалалық Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Ысмайылов.
Іс-шара барысында ІІ байқау кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені қанжығасына байлаған Зәмзегүл Оралбаева бізбен пікір бөлісті:
– Шетелдік байқауларға жиі қатысып жүргеніммен, елімізде ұйымдастырылған сайысқа алғаш қатысып, жүлделі орынға ие болып отырмын. Көңіліме ыстық сезім ұялатқан жүлденің мен үшін маңызы зор. Былтыр бастаған панноны киізден жасаған болатынмын. Оның топ жарып шығатынын мүлдем күтпеген едім. Қазылар алқасы табиғат сұлулығына деген махаббатымды сезінсе керек, жұмысымның үздік деп мойындалғанын естіп, қуанышымды қойныма сыйғыза алмай жатырмын. Мен ұсынған текеметтің бетінен ерекше ағаштың бейнесін байқауға болады. Күнделікті өмірде тамыры терең еменге рухы мықты адамдарды теңеп жататынымыз бекер емес. Кез келген ағаш адамның өмірін, әулетінің шежіресі мен бабалар өсиетімен тығыз байланысын бейнелейді. Мұндай сайыстардың арқасында қарапайым жұрт пен шетелдік қонақтар қазақ халқының ұлттық өнерімен жақынырақ таныса алады. Сол себепті ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, — деді ол.
І орындарды «Кескіндеме» номинациясының жеңімпазы Ренат Елубаев, «Графика» номинациясының жеңімпазы Өмірбек Тілеулиев, «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясының жеңімпазы Мараш Кениева, «Мүсін» номинациясының жеңімпазы Тілеужан Батанов иеленді. ІІ орынды «Сәндік-қолданбалы өнер» және «Кескіндеме» номинацияларының жеңімпаздары, Дария Қалымова мен Сенбіғали Смағұлов алды. ІІІ орынды иеленген Алмас Сырғабаев «Графика» номинациясын жеңсе, Нина Терещенко мен Исмаил Ачилов «Кескіндеме» номинациясының жеңімпазы атанды.
Жастар жылына арналған байқау жаңадан бастаушылар мен кәсіби суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері және Қазақстанның өнертанушылары арасында 18-35 және 36 жастан жоғары екі жас санаты бойынша өтті. Байқаудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша осы жылдың шілде айында қатысушылар жұмыстарының көрмесі және марапаттау рәсімі өткен.