Еліне қорған болған — Сәрке батыр

Жуырда Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі ХVІІ – ХVІІІ ғасырлардағы ұлт азаттық қозғалысының «Алтын сапты, алмас қылышты» қолбасшы Сәрке батырға арналған «Қазақтың халық батыры – Сәрке батыр» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Мақсаты – қазақтың төбесіне қара бұлт төнген заманда найзасы мен садағын қолға ұстап, қаптаған қалың жоңғарға қасқая қарсы тұрған Сәрке батырдың ерлігін насихаттап, жас ұрпақты еліміздің  тұлғалар тарихына құрметпен қарауға, отансүйгіштікке тәрбиелеу және «Сәрке батыр» жинағын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру.

Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұраны дамыту бөлімінің бас маманы  Маясарова Орынгүл Нұрланқызы: «Адамзаттың парызы – туған жерін гүлдендіріп, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Жастар, сіздерді еліміздің ертеңі, нұрлы болашағымыз деп білеміз. Бала кезден бастап терең білім меңгеруге тиіссіңдер. Туған еліміздің биікке ұшар сұңқары, бәйгенің алдын бермес тұлпары болыңдар дегім келеді» деп конференция ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талғат Смағұлұлы  Жұмағамбетов «Сәрке батыр тарихи тұлға» тақырыбында «Қазақ халқы бүгінгідей бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиын бұралаң жолдардан өтті. Қазақ елін, қазақ жерін білектің күшімен, алмас қылыш ұшымен, өткір тілімен, қасиетті қанымен қорғаған ұлы тұлғаларымыз тарихта аз емес. Осы тарихи маңызды қадамдар арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты, мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеуі жолында келеді. Қазіргі кезеңде Сәрке батырдың саяси қайреткерлігі, жасаған ерліктері үлкен өнеге. Ең бірінші ол кісі Қазақ шекарасында тұрған батыр. 2017 жылдан бері осындай үлкен тақырып, идея көтеріп келе жатырмыз. Қазақ халқының этникалық шекарасы. Ресей жеріне үш-төрт рет экспедицияға барып, Сәрке батырдың кезіндегі қазақтардың қорымдарын таптық.  Батырдың өмір жолы XVII-XVIII ғасырдағы қазақ халқының басына түскен  қиын-қыстау өмірмен, аумалы төкпелі заманмен байланысты. Жастайынан намыс туын биік ұстаған батыр жаулармен найза түйістіріп, күш сынасты дей келе мектеп қабырғасынан бастап жеті атаны білу ұрпақтар сабақтастығының сақталуына салынған жол деп білеміз» деді.

Еңбек ардагері, «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» Баянғали Қанапияұлы Құлтаев: «Қазақтың төбесіне қара бұлт төнген кезеңде найзасы мен садағын қолға ұстап, қаптаған қалың жоңғарға қасқая қарсы тұрған нағыз батырдың бірі — Сәрке бабамыз. Сәрке батырдың тарихын зерттеу барысында Ресей еліне бірнеше рет сапар шегіп, естеліктерін жинақтап, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылы Ақтөбе «Полиграфия» баспасынан «Сәрке батыр» кітабы жарық көрді» деп батыр туралы байламдарды байыта түскенін әңгімелеп берді. Конференция барысында «Сәрке батыр» жинағының тұсаукесер рәсімі жасалып, жеті данасын кітапхана қорына сыйға тартты.

Ресейдің Челябинск қаласынан ZOOM қосымшасы арқылы қосылған «Азамат» қазақ қоғамы төрағасының орынбасары Мельс Жетпісбаев Сәрке батырдың қиын-қыстау кезеңде жауларға қарсы шығып башқұрт халқын қолдап, қорғауы жайында ойын ортаға салды.

Қарғалы ауданының еңбек ардагері Бақыт Ғизатов пен Қарғалы ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Асхат Сағитжанұлы Айжарықов: «Сәрке Жағалбайлы руынан тараған батыр. Сәрке  атамыздың ескерткішін ашу рәсімі 2019 жылы Қарғалы ауданы, Қосестек ауылында басталған болатын. Міне, бүгін батырды ұлықтау шарасы жалғасын тауып, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр» деп, Сәрке батырдың тарихын белсене зерттеп жүрген Баянғали мырза мен кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих ғылымдарының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі Гүлбану Болатқызы Ізбасарова «Қазақ халқының башқұрттармен достығы» баяндамасында: «XVІІІ ғасыр қазақ халқының, қазақ қоғамының тарихындағы ең  қиын, ауыр кезең. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша жоңғарлар мен қалмақтар қазақ даласына тап берген кезең дейді. 1716-1725 жылдары қазақ пен жоңғар арасында үлкен қақтығыстар орын алып, Сәрке әскер басқарып жүрген қолбасшылардың бірі болды. 1731 жылы Әбілқайырмен бірге негізгі Тевкелев келген дипломатиялық экспедицияға ант бергендердің қатарында Сәрке батыр да болған. Башқұрт ғалымы Кузеевтің айтуы бойынша башқұрттардың  25-30 пайызы қыпшақтар. Және де олардың таңбасы қос әріп. Демек, қазақтардың да, башқұрттардың да таңбасы бір болған. Сәрке батырдың ерлігі мен адамгершілігі башқұрт халқының бастарына ең бір ауыр күн туғанда, башқұрттарды өлімнен аман алып қалғандығы» деп қазақ пен башқұрт халықтарының арасындағы достығы туралы айтты. Ат үстінен түспей, еліміз бен жерімізге көз алартқан сыртқы жауларға қайрат көрсеткен Сәрке батыр туралы ой-толғамдары мен тағылымды пікірлерін, ұсыныстарын тілге тиек етті.

Конференцияға қатысқан Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Жоғары колледж оқытушылары мен студенттері, «Елмұра» ұлттық-танымдық клубының мүшелері, мәдениет қызметкерлерінің назарына «Азаттық таңы жолында» кітап көрмесі ұйымдастырылып, Сәрке батырдың өмірдерегін сипаттайтын бейне сюжет көрсетілді.

Шара соңында Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Сұлушаш Максимқызы Хакимова: «Еліне қорған болған Сәрке батырды ұрпаққа үлгі етіп, есімін ұлықтауға арналған конференция жастардың болашағы үшін өте маңызды шара. Ұсыныс-пікірлеріңізді қабылдаймыз.» деп қатысушылар мен қонақтарға ризашылығын білдірді.

 Ақерке Сағидоллақызы, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі

 

Бөлісу: