«Жеті атасын білмеген жетесіз, шыққан тегін білмеген тексіз» және де «Туысы бірдің уысы бір» деп тектен-текке айтылмағаны хақ. Бауырмал, жомарт атамыз қазақ өзінің шежіресіне, мәуелі ағаштай тараған тамырына баса мән беріп, кейінгі буынның да одан ада қалмауына бәйек болады. Оның қан тазалығын сақтауда, туыстық құндылықтарды ұлықтауда орны бөлек. Бүгінгі таңда да ерлік пен елдікке үндейтін игі дәстүрді қарашығымыздай сақтау қажет. Ата-бабаларымыз салған ізді бүгіннен болашаққа жалғап, оның тамырына бойлап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндеті үйде ата-аналарға, ата-әжелерге, түзде мектептегі ұстаздар қауымына жауапты жүк ретінде артылады. Себебі татулықты, жанашырлықты, бір-біріне қол ұшын созуды дәріптейтін туыс-туғандық жүйесінің негізінде қаймағы бұзылмас салмақты тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы жатқаны көпшілікке мәшһүр. Ол кіндік қанымыз тамған жердің тарихымен ұштасады, оның арқасында туған елге деген сүйіспеншілік сезімі бойға дариды. «Қазіргі толқын арғы ата-тегін білмейтін болса, ата жолын қалай қуады?» деген заңды сауал туады. Адамзат мәдениетінің ажырамайтын бір тармағына айналған туыстық қарым-қатынастың құндылықтарын сақтауға келгенде де ақсаңдайтынымыз бар. Көне дәстүріміз кейде «жаңаның» тасасында қалатыны қынжылтады. Бұл бағытта шаң басқан қатаң қағидаларды, өміршеңдігін жоғалтқан әдістерді ысырған ләзім. Адам тәрбиесі дұрысталмай, қоғамда әділеттілік пен қайырымдылық орнауы мүмкін емес. Ендеше, бүкіл педагогика мен психология ғылымдарына, батыл көзқарастарға иек артқан, қыл аяғы жаңа әдіснаманың, жүйенің, негіздердің ұсынылуы ауадай қажет. Сайып келгенде, қазақы тәрбиенің мәйегі саналатын туыстық құндылықтарды ұлықтаудың, «үлкенге ізет, кішіге құрмет» қағидасын жастардың бойына сіңірудің кәдеге жаратылып жүрген жолдары мен амалдары зерделеніп, мәнін жоғалтқандары мен тиімдісін нұсқалауымыз керек. Жастарға өздерінің ата-тектерін меңгертудің түрлі әдістері мен негіздерін ортаға салып, бұл бағытта түйіні тарқатылмаған түйткілдерді қарастыруымыз керек-ақ.
Техниканың қарыштап дамыған заманында бүгінгі жас ұрпағымыз ата-бабалардың тарихына үңіліп, өзінің төл шежіресінен, туыс-туғандық ара қатынастардан хабардар болуы тиіс. Қазақ арасында рулық қақтығыстар, ағайын арасында жанжал, екі адамның ұрыс-керісі бола қалған күнде қазақтың ағайындық береке деген ескі жосыны болған. Қарға тамырлы атанған қазақ алысқа бүйрегі бұрып, жақынды бауыр тұтты. Олар туыстық институтқа қол сілтемей, оның желісін үзбеген. Береке-бірлік «патшалық» құрған қоғамда аға толқын сөз бастаған, кейінгі ұрпақ үлкендердің сөзін қостады. Олар айрандай ұйып ғұмыр кешкен. Даналықтың көзі саналатын шежіреші қариялар бір атадан тараған ұрпақты, туыстық тармақтарды әбігерленбей-ақ жіктейді. Оны жас буынның санасына құйып, беделді тұлғалардың өткен жолын дәріптеген. Оның арқасында туыстық құндылықтардың салмағы өшпей, тарихи оқиғалар, аңыз-әңгімелер атадан балаға мирас болады. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны жалғастыру үрдісі қазақ әулеттерінде жиі байқалады. Ақындық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты аға толқынның өнерін жеті атасына дейін жалғастырған отбасылар аз емес екені даусыз. Мұның өзі ұлтымыз үшін туыстық құндылықтардың маңыздылығын көрсететіні даусыз. Оның арқасында қазақ халқының бірлігі нығая түскені хақ. Туыстық қарым-қатынас қазақта бір-біріне қол ұшын беріп, көмек көрсету тұрғысында да өзінің кең пейіл бауырмалдығымен, дарқандылығы, жомарттығымен, білек түре белсенді кірісіп кетер қауымшыл аралас-құраластығымен де, айқын байқалады. «Ерлік пен елдікке үндейтін игі дәстүр» дегендей.
Осы орайда бірі білсе, бірі білмес, Оңтүстіктің тумасы, жерлесіміз шағалалы Шардарада туылып, қазіргі таңда Алматы шаһарында тұратын аяулы жар, екі ұл бір қыздың анасы 29 жастағы Ырысбала Икрамбай қызымыздың еңбегін айтпасқа болмас. Не бары екі жылдың ішінде, жас болса да, бас болып, халықты біріктіріп, жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, әлеуметтік желіде өзінің жеке парақшасы арқылы «Жетімді жылатпайық, Жесірді қаңғыртпайық» деп ұрандатып, халықты асарлатуға шақырып, «Ырысты Армиям», деп 90 отбасына яғни 380 баланы өз үйінде ұйықтасыншы деп дүние мүлкімен, яғни керек-жарағымен, киім-кешегімен, кейбірін көлікті етіп, баспаналы қылды. «Жылу жинау» деген бұрыннан да бар. Сол ұмыт болып кеткен дәстүрді Ырысбала қызымыз қайта жаңғыртқандай.
Жинақтаған М.Еспанова