Ертегі әлеміне шомған «Астана Балет»

10-11 ақпанда «Астана Балет» театрының сахнасында Даниялық жазушы Ганс Христиан Андерсеннің қалың көпшілікке таныс ертегісі бойынша қойылған «Қар патшайымы» балеті көрсетіледі. Қойылым Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Хореограф Георгий Ковтунның жаңа қойылымы ауқымдылығымен, орасан декорацияларымен және жарқын костюмдерімен ерекшеленген.

«Театр репертуарында ертегінің болуын сұраған көрермен көп еді. Сондықтан, жаңа жылдың қарсаңында өз көрермендерімізге, әсіресе, кішкентай көрермендерімізге осындай сыйды тарту етуді жөн көрдік. Оның нағыз отбасылық спекаткльге айналарына сенемін. Өйткені, бес жасқа толған көрермендер де тамашалай алады. Жаңа қойылым шын мәнінде жарқын, динамикалы әрі эмоционалды болып шықты. Көпшілік сахналары, ауқымды декорациялары осы қойылымды даралап тұр. Тағы бір ерекшелігі осы декорациялар қойылым барысында ойнатылып отырады», – деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Астаналық сахнада сан-түрлі бояу, қимыл мен музыка бір арнаға тоғысқан жарқын туынды көрермен қауымды ғажайыптар мен сиқыр әлеміне жетелеп әкетеді: ала-құла өмір бұлтарыстарына қарамай, үлкен жүрегі бар кішкентай қыз бала жайлы баяндайтын бұл уақиға махаббат пен жанашырлықтың ғаламат күшін дәріптейді.

«Ертегі – адамның жасына қарамайтын, бәріне ортақ жанр. Мен ересек адамдарға сенбеймін, мен есейген балаларға сенемін. Бұл ертегінің мақсаты Кайдың ғана емес, ең әуелі әрқайсымыздың жүрегімізді жібіту. Стильдік тұрғыдан алғанда дыбыс әсері сан қырлы болып шықты», – деген ойымен бөлісті, композитор Радик Салимов.

Ганс Христиан Андерсеннің туындысы балетке сай туынды болып шықты: театрдың жаңа қойылымы музыканың алғашқы әуені естілген бойда-ақ өзінің сұлулығы және сезімталдығымен көрермен көңілін баурап алады. Декорациялар мен костюмдер, хореография және ең бастысы – әртістердің актерлік шеберлігі бұл ертегіні нағыз магияға айналдырып жібереді.

«Балет – жасқа шартты шектеу қоятын өнер емес. Дегенмен, оны балалар үшін қызықты етіп шығару өте күрделі. Себебі, ересек адам бидің тілін түсініп, қойылым жасаушының астыртын жеткізгісі келген түпкі ойын шешуге тырысады. Ал, балалар үшін жарқын көрініс қажет. Режиссердің де әуелгі мақсаты – балалардың тынымсыз көңілін туындыға аударту. Менің ойымша, бұл спектакль балаларды өнер әлеміне бастап апаратын туынды», – деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

 

Бөлісу: