Қазақ ершілерінің ат әбзелдерін жасауда және оларды әшекейлеуде қолданатын әдіс-тәсілдерінің екіжақты сипаты бар. Өйткені қазақ мәдениетіне байланысты зерттеулер ел ішіндегі ершілердің екі түрлі болғанын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, кейбір ершілер ешбір әшекейсіз, тек ағаштан ғана ер қосу ісімен айналысқан, басқа бір ершілер ағаштан ер қосумен бірге оның басқа жабдықтарын да түгелдей өзі жасап шыққан. Ер-тұрманды толығымен әрі барлық жабдығын көңілдегідей және сәнді етіп жасау ағаш өңдеуге қоса, қайыс, былғары, сүйек, күміс, алтын, темір, тас сияқты материалдарды өңдеуді жетік меңгерген шеберлердің ғана қолынан келетін. Ер түрлерінің өзі әлеуметтік-экономикалық қатынастармен байланысты шығып, олар жасалу тәсілі мен сырт көрінісіне, қызметіне, қолданылатын орнына қарай ажыратылады.
Ерші – ерді құрастырушы ғана емес, ол тоқым, жүген, құйысқан, қамшы, т.б. ер әбзелдерін де жасай алатын мамандық иесі. Өйткені іске қолы икемді адам тек біржақты болып қалмайды; кез келген заттың құрамдас бөлшектері әр түрлі материалдардан құралады, сондықтан ондай материалдармен жұмыс істеу қажеттігі келіп шығады. Осыған байланысты мамандық иесінің кәсіби шеберлігі артып, кәсіби деңгейі жоғарылап, бірте-бірте әмбебап ұстаға айналады.
Қазақ тұрмысындағы ер тек қарапайым еңбек құралы ғана емес; ол адамның әлеуметтік жағдайын білдіретін, эстетикалық қызмет атқаратын ердің небір ғажайып үлгілері «ерші» аталған адамдардың ғана үлесі емес, ондай этномәдени бұйымдар «зергер» деп аталатын шеберлердің қолынан шыққан. Ол туралы С.Қасиманов, Х.Арғынбаевтың еңбектерінде де айтылады [1.]. Ершілік өнеріне байланысты «Ерінбейтіндігі ерге күміс шабушыдай» дейтін теңеу ершінің еңбекқорлығына меңзейді. Қазақ халқы сөз өнерін жоғары бағалайды, сондықтан халық даналығы «Сөз өнері дертпен тең», «Өнер алды – қызыл тіл» деп бағаласа, кемеңгер Абай осы сөз өнерін ерге қосуды ұқсатады. «Ер қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек, Қиыннан қиыстырып айтсам демек. Атқа жайлы мінуге және ыңғайлы, Алды-арты бірдей келсін дөп-дөңгелек», – деген өлең шумағы ер қосу өнерінің қиын да, қажетті өнер екенін аңғартады. Сонымен, ершілік өнерін кең мағынасында алып қарастырғанда, бұл өнер түрі ағашпен жұмыс істеу, тері өнімдерімен жұмыс істеу, металл және асыл тастармен жұмыс істеу сияқты үш түрлі мамандықты игеруді қажет етеді. Бұл жөнінде белгілі зерттеуші Х.Арғынбаев: «Халық арасында осы үш түрлі мамандықты бірдей меңгеріп, ер-тұрман жабдықтарын түгелдей өз қолынан шығаратын шеберлер баршылық. Қазақ ершілерінің шеберлік өрісінің соншама кеңдігіне дәлел болатын тағы бір жағдай: жалпы ер-тұрмандарын жасауға ағаш, темір, жез, алтын, күміс, түрлі асыл тастар мен түсті шынылар, сүйек, былғары, қайыс, көн, шұға, барқыт, киіз, қыл, тарамыс, желім, бояу және тоз сияқты заттардың жұмсалатындығы даусыз. Өйткені осы затардың әрқайсысы ертеден-ақ әр түрлі шеберлікті, сан қилы тәжірибе мен білімді талап етті», – деп жазады [2, 21]. Ол болса, ершілік өнерінде қолданылатын ағаш, көн, металл, т.б. өңдеуге, зат пен оның бөлік-бөлшектерін құрастырып дайындау және көркемдеп безендіру тәсілдеріне байланысты атауларды кең ауқымда алып қарастырғанда ғана ершілік өнерінің қыр-сырын, материалдық және рухани мәдениетіміздегі орнын, қазақ ершілерінің эстетикалық талғамы мен шеберлік деңгейін ашып көрсетуімізге болады.
Жинақталған материалдар ер-тұрман жабдықтарын өңдеу, әшекейлеу тәсілдеріне қатысты атауларды бірнеше топқа бөліп қарастыруды қажет етеді. Өйткені өңдеу, безендіру тәсілдері ер қосуға қолданылатын материал түріне байланысты өзгеріп отырады. Басқа айтқанда, өңдеу тәсілдері материалына қарай анықталады. Мысалы, шабу сөзі ағашқа байланысты «кесу», «қию», «жону», «ою» сияқты мағыналарда қолданылса, өру сөзі қайыс таспамен жұмыс істеуге байланысты, ал ырып қақтау сүйекті ағашқа орнату тәсіліне қатысты пайда болған. Шеберлердің материал түрлерімен жұмыс істеу ерекшеліктерін еркере отырып, өңдеу тәсілдері атауларын ағаш өңдеуге байланысты атаулар, тері өңдеуге байланысты атаулар, мүйіз бен сүйек өңдеуге қатысты атаулар, металл және тас өңдеуге байланысты атаулар деп жіктеп, олардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама беріп шыққанда ғана қазақ ершілерінің материал өңдеу шеберлігінен толығырақ мәлімет ала аламыз. Енді солардың ішінен алдымен ағаш өңдеуге қатысты атауларды қарастырып көрелік.
Ағаш өңдеуге қатысты атаулар. Ер қосу – ердің бөлшектерін бөлек-бөлек дайындап алып, оны қиюластырып, құрау; ағаштан құрап ер жасау. Бірнеше бөлшек ағаштардан қосылуына қарай ондай ер құранды ер деп аталған. Құранды ердің шығуының бір себебі: қолда бар материалды үнемдеп, ұқыпты пайдалануда жатса керек. Ерді осылай дайындау тәсілі ағаш аздау өсетін (мұны орманы жоқ деген ыңғайда айтып отырмыз) Шымкент, Жамбыл, Қызылорда аймағында кеңірек таралған. Бұдан ерді құрастырып жасау басқа өңірде кездеспейді деген ұғым тумауы керек, өйткені құранды ерлер басқа аймақтарда да кездеседі. Құранды ерге ағашты шауып өңдеу де қолданылады, алайда ер тұтастай шауып жасалмай, оның тек екі қапталы ғана тұтас ағаш кесіндісінен шабылады. Қалған бөлшектері жеке-жеке дайындалып алады да, одан соң құрастырылады. Бөлшектер желіммен біріктіріледі. Бұл жұмысты желімдеу деп атайды.
Ер бөлшектерін желімдеуге қара желім және сары желім деп аталатын желім түрлері қолданылады. Сонымен бірге желімдеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Қолдан қайнатылған желімді қара желім дейді. Оны көтерем малдың сүйегінен сылынған еті мен түйенің көнін турап, бір қазан суға ет езілгенше қайнату арқылы алады. Қазан әбден жеткілікті қайнаған соң ет пен көнді сүзіп алып тастайды да, қалған суды суалғанша қайнатып, одан әрі оны басқа ыдысқа құйып, суыған соң желім ретінде қолданады. Ершілердің қалалы жерлердегі базарлардан сатып алатын ағаш желімі сары желім деп аталған. Ер бөлшектері желімделіп жапсырылған соң, оның негізгі сүйегін кептіріп алып, тағы да үш қайтара желім жағып шығады. Ер сүйегінің қосылу ыңғайын ескере отырып желімдегі тарамыс талшықтарын қолмен жағады. Желім жағудың да тәсілі болады. Айталық, алғашқы желім қабатын жаққанда, тарамыс-талшықтары ағаштың ыңғайына көлденең түсіп отырады, ал екінші рет жаққанда желімнің тарамысы керісінше түседі. Желімді үшінші рет жаққанда да осы тәртіпті сақтайды. Сонда жағылған желімнің тарамыс-талшықтары тор көз түріне келіп, ер бөлшектерін берік ұстап қалады. Одан кейін ерді тоздау әдісі қолданылады.
Тоздау – үш қайтара желім жағылған ердің сыртынан бір түсті тоз қабатын желімдеп жапсыру. Тоз деп қайыңның қабығын айтады. Ерді тоздау үшін жұқалап еппен сыдырылған қайың қабығын мүйіз аспаппен сызып, белгілеп алып, қайшымен қияды да, қиындыға желім жағып, біраз уақыт желімнің сіңуін күтеді. Сол аралықта ердің тоз жапсырған жеріне су бүркіп, отқа аздап қарып алады. Сонда желім қабаты су мен от қызуының әсерінен сәл жібіңкіреген кезде тоздың қиындысына тағы да желім жағып, тиісті орнына жапсырады. Ердің сырты осылайша толық тоздалып болған соң, тоздың қиындылары арасынан шығып тұрған желімді жылы сумен жуып тастап, ерді асықпай кептіреді. Оңтүстік өңір ершілерінің кейбіреулері тоздалған ердің сыртын бояп отырған. Мұны этнографтар өзбек шеберлерінің әсері болса керек деп санайды [2, 24].
Құранды ердің сәнділігін емес, мықты болуын көздеген жағдайда ердің бөлшектерін желімді қолданып жатпай-ақ, жібітілген түйе көнімен тартып шегелеген. Кейде шегелеу деп аталатын тәсілдің орнына таспалап тігу тәсілі қолданылған. Осындай екі әдістің бірімен ерге созып қапталған көн кебе келе, ердің кірісін одан әрі кіріктіре түседі де, ондай ер ылғалды да, ыстықты да елемейтін өте мықты, берік болып шығады. Ерді түйенің көнімен қаптамаған жағдайда көннің орына тарамыс талшықтарын немесе кендірдің шүйкесін желімге араластырып жағып шығады. Бұл әдіс сіңірлеу деп аталады. Өйткені тарамыс талшықтарының өзі кептірілген мал сіңірінің талшықтарынан ширатылып дайындалады. Сойылған малдан арнайы дайындап алған сіңірді тарамыс деп айта береді. Этнографиялық мәліметтер бойынша, көнделген ерді сіңірлемейді, сіңірлеген ерді көндемейді. Осы екі әдістің бірін пайдаланудың өзі ердің беріктігін қамтамасыз етуге әбден жеткілікті болған.
Ерді шабу – ерді ағаш кесіндісінен тұтастай немесе негізгі сүйегін шауып шығару. Ерді шабу екі түрі болады. Айталық, ердің алдыңғы қасына ағаштың айыр тұсын тауып алып, екі қаптал мен артқы қасын басқа бір жуан ағаштан шауып дайындайды. Мұндай жағдайда ердің орта ағаш аталатын бөлшегі де екі қапталдың ортасынан шауып шығарылады. Кейін осыларды шеге арқылы ұстатады. Осылай дайындалған ерді кей жерде шошақбас ер деп атайды. Ер шабудың екінші тәсілі бойынша, ер бір бөлек жуан қарағаш кесіндісінен тұтас шауып шығарылады. Мұндай тәсіл Жамбыл, Алматы облыстарында белгілі болған. Осы тәсіл қырғыз ершілерінде де бар. Ерді тұтас шауып шығу үшін ердің ұзындығынан жуан қарағаш кесіндісін бірнеше күн бойы суға салып жібітіп, өткір балтамен нобайлап шауып алады. Шебердің мұндай балтасы ақ балта деп аталады. Отын жаратын балтаны қара балта деп, балтаны осылай ажыратып айту әдеті де болған (3,47).Біраз уақыттан соң оны шот деп аталатын аспаппен өңдейді. Әдетте, мұндай ер бір күннің ішінде шабылмайды. Ерді келесі шапқанға дейін тағы да суға салып қояды. Ер шабуды жұмыс арасында жалғастырады. Шауып жатқан ер күн көзіне қойылмайды, олай еткенде ердің сүйегі жарылғыш болады да, өңдеуге қиындық келтіреді. Ерді тұтас шауып, барлық жерін өңдеп болған соң, оны бір қазан тұзды суға салып, біраз уақыт (бие сауым) қайнатады. Сосын 2-3 күн самалға қойып, көлеңкеде кептіреді. Ең соңында оның сыртын түйенің көнімен қаптайды. Ағаштан тұтас шабылған ердің артықшылығы сол: мұнда қас, қаптал, орта ағаштың әрқайсысын бөлек шауып құрастырып жатпайды. Ерді осылай дайындау да үлкен шеберлікті қажет етеді. Ердің мұндай түрін жергілікті тұрғындар бітеу ер деп атаған. Бес бөлек ағаштан алдыңғы және артқы қасы, екі қапталы және белағашы (орта ағашы) шабылып құрастырылған ерді ойма ер деп атаған. Бұл орындалуы жағынан ер шабудың үшінші бір тәсіліне жатады. Өйткені жоғарыда сөз болған бірінші тәсіл бойынша, ердің алдыңғы қасы бір бөлек, қалған төрт бөлігі (екі қаптал, артқы қас, белағаш) тұтас шабылғандықтан, ондай ер екі бөлшектен құрастырылған сияқты болып шығады. Сондықтан көрсетілген соңғы тәсіл ер шабудың жеке бір тәсілі ретінде қарастырылады.
Тері, көн, былғары бұйымдарды өңдеуге қатысты атаулар. Сыру – жиі және қайталап шаншып тігу қайта-қайта тігу [1, 238]. Сыру тәсілі сырмақ өнерінде өте жиі қолданылады. Сырмақ деп аталатын бұйымның өзі оны дайындаудың әдісіне (тігіс түріне) қарай шыққан. Сыру немесе сырып тігу тәсілі тоқым дайындаудағы негізгі тәсілдердің бірі болып саналады. Осы тәсілмен киізден тігілген тоқымды сырма тоқым деген атауға ие болған. Сырма тоқымды ершілердің өзі де, кейде әйелдер де жасай берген. Дегенмен, сырма тоқымдар мен көмкерме тоқымдар көп жағдайда әйелдердің қолынан шыққан. Ал сырып тігілген былғары тоқымдарды тек шебер ершілер жасаған.
Қаю – екі тарамыс немесе жіптің бір-біріне ілмеленіп тігілетін тігу тәсілінің мықты түрі. Қайып тігу былғары тоқымдарға өрнек жүргізілгеннен кейін ою-өрнектердің айналасын тарамыспен тігуде қолданылады. Қаю деп аталатын тәсілдің былғары тоқым жасауда қолданылуының өзіндік себебі бар. Тоқым жұқа былғарыдан жасалғанда, оның бетіне бедерлі ою-өрнектер түсіруге болмайды. Бедерлеу, бедерлі оюлар түсіру тек қалың былғарыға қолданылады. Сондықтан жұмсақ, жұқа былғарымен тысталған тоқымның бетіне басқа түсті былғарыдан дайындалған қима оюларды жапсырады немесе мүйізбен сызылған өрнектің ізін қайып тігеді.
Ызу – былғарыны яки матаны жіңішкелеп бүріп тігу; ширатып шыжым бау жасау [4, 381]. Тігу әдісінің бұл түрі ершілік өнерінде қолданылатындығын ызбалы айыл-тұрман деп аталатын атаудан байқаймыз. Ызбалы айыл-тұрман – қайыстан ызылып жасалған ер тұрманы. – Ызбалы айыл-тұрман атқа әрі жеңіл, әрі жайлы келеді [5, 266].
Өру – қайыстан тіліп алынған таспаларды тарамдап алып есу. Жұмырлап өрілген таспаны өрім дейді. Таспадан өрім өрудің шеберін өрімші деп атайды. Өрімшілер тек айыл-тұрман өрумен шектелмейді. Дорба, қорап, сауыт, қын, қоржын, қобди, тіпті аяқ киім түрлеріне дейін өріп шығаратын өрімшілер болған (Бабалықұлы 1987, 266). Атақты өрімшілер 70-80 таспадан кейін иық, түп, мойын шығарып, кейде айбалта бейнелі торсық та өрген. Бұл деректерден өрім өрудің кәсіп, мамандық түріне айналғанын көреміз. Ал ершілік өнерінде өру тәсілінің жиі қолданылатындығына өрме айыл, өрме құйысқан, өрмелі қамшы, өрме шідер, он алты өрім бұзаутіс (қамшы түрі), он алты өрім қамшы, мұрындық өру (төрт таспалы қамшы өру), қырғыз өрім (жіңішке таспаны өте тығыз етіп өру), жеті өрімді бұзаутіс (қамшы түрі), жұм өрме (сегіз өрмеден тұратын өрім) т.б. көптеген бұйым атаулары дәлел бола алады.
Таспа тілу – жүнін жидітіп түсірген шикі (шылғи) теріден жіңішкелеп, тарам-тарам етіп пышақпен жарып кесу арқылы ер әбзелдерін тігуге, өрім өруге, өрімдердің ұшын бекітуге материал дайындау. – Жықтырып жыртық үйін кемпіріне, Отырған таспа тіліп кәрі Домбай (Н.Ахметбеков, Амангелді. Алматы, 1990, 81-б.). Таспалап тігу – жіңішке таспамен тігіп бекіту. Таспалап тігуді ердің бөлшектерін қосу, құрастыру барысында шегелеудің орнына қолданылған. Таспалау – қалың қайысты жіңішкелеп ұзын-ұзын етіп тілу. Таспамен тігу де кейде таспалау деп аталады. Ердің әбзелін жіңішке қайыспен көктеп тігуді таспамен көктеу дейді. Көннен таспа тілу, таспа дайындау таспа сыдыру, көк тілу деп те қолданылады.
– Не күйге салдың бізді құдіретім, Күнің жоқ болды ма бір күлдіретін, – Дегенде домаланған ыстық жасы, Көк тілген ұстарадай тілді бетін (Н.Ахметбеков, Амангелді. Алматы, 1990, 81-б.)
– Құрымдау – теріні, былғарыны құрымға салу (батырып алу) арқылы қара түске бояу тәсілі. Құрым – мұржаға жиналған ысты қазанға салып, оған су құйып, тұз, ашутас қосып қайнатқан сұйық қоспа. Осындай сұйықтыққа теріні салғанда ол қап-қара түске боялып шығады. Ершілік өнерінде құрымға салынып боялған тері, былғарыдан жасалған тоқым құрым тоқым аталған.
Бедерлеу – теріден алынған материалдың бетіне (көн, былғары) бетіне бедерлеп өрнек салу. Оны халық шеберлері батырма, бедерлеме, таптаурын деп атайды. Бедерлеуді батырғы деп аталатын құралдың ұшын бірнеше қайтара батыра сызып жасайды. Басқаша айтқанда, бедерлеу – батырғымен өрнектеу.
Жинақтай айтқанда, ердің соқа басының материалын өңдеп, ерді дайындауда бөлшектерді қосу, құрастыру, шабу, ою, жону, ұқсату, желімдеу, тоздау, тұзға қайнату, шегелеу сияқты технологиялық тәсілдер қолданылады. Ал ердің өзін ғана құрайтын материалды ер ағашы, ер сүйегі, ер қаңқасы деп атайды. Келтірілген этнографиялық және тілдік деректер қазақ ершілерінің шеберлік деңгейі жоғары, әмбебап маман болғандығын көрсетеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. –Алматы: Қазақстан, 1969. – 248 б.
- Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: Өнер, 1987. – 128 б.
- Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. – Алматы: Алматыкітап, 2007. – 272 б.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1986. – 10-том. – 512 б.
- Бабалықұлы Ж. Ер-тоқым // Ер қанаты. – Алматы: Қайнар, 1987. – 259-278-б.
Түйіндеме
Мақала қазақ тілінің кәсіби лексикасына арналған. Ат жабдықтарын дайындауға арналған материалдардың этнолингвистикалық сипаттамасы берілген.
Статья посвящена профессиональной лексике казахского языка. Дается этнолингвистическое описание названий обработки материалов для изготовления конского снаряжения.
Шамсуддин Насыров,
М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
Мемлекеттік университетінің аға оқытушысы