Жадымыздан жаңыла бастау сәтіміз…

«Қазақ әдебиеті» газетінің былтырғы 4 маусысымдағы 23-ші номерінде Мұрат Әуездің «Көшпенді ешқашан өз топырағын қорламайды» деген атау аясындағы ғибратты сұхбаты жарияланды. Қазақ ұлтын өзге ұлттардан ерекшелейтін оның өзіне ғана тән тамаша қасиеттері мен қабілеттерін тарихи деректермен тұздықтай отырып, оқырман қауымды осы халықтың өзіндік болмысымен етене таныстыра түсуде абызға тән дегдарлық пен ділмәрлықтың айтарлықтай үлгісін танытқан осы сұхбаттың ең соңғы жолында келтірілген тосындау ой біздің де көптен бері көңілімізде жүрген кейбір сұрақтардың жандануына түрткі болды, сөйтіп сұхбат иесінің ойларына өзімізше ой қосуға жетеледі.

Мұрат Мұхтарұлы Жер планетасы адамзаттың ортақ отауы екендігін, осы ақиқатты түсіну мен түйсіну «қазақ халқының бүкіл салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының, тілі мен ділінің, поэзиясы мен музыкасының және өсиет-ғибраттарының негізгі мазмұн-мағыналық мәнін құрайтындығын» айта келіп, «Жаңа ұрпақтың оларды білмеуі, одан шеттеуі бүгінгі қазақтың кешегі көшпендінің ұстанымдарынан алыстап кеткендігін көрсетеді» деп түйіндейді.

Сұхбаттың лейтмотиві қазақ ұлтының «этнос ретінде талай рет талайлы кезеңдермен бетпе-бет келіп, өшіп кетпей, қайта өрлеуге бет алғанын…», «…бүкіл жан-жүрек, көңіл-күй және ақыл-оймен өз тамырына оралып отырғандығын» көрсетуге арналған. «Қазақтың ғасырлар бойғы тарихының қайнар бастауларында қайта түлеу Рухы жатыр. Жаңғырып, қайта түлеуге қабілеті бар халықты тек табиғаттың өзімен ғана теңестіруге болады. Қаншама рет шыңырау түбіне барып, қайта көтерілді, қаншама рет өшіп, сөнуге таяған от қайта тұтанып, қайта жанды. Осының бәрінде де тамыры үзілмеген, қаны бұзылмаған қалпында жаңа қадамын бастады».

Рас қой. Қандай тамаша айтылған! Біздің ұлтымызға тән тектіліктің тамыры тереңде болғандығының, ұлтымызды ұлт ретінде қалыптастыруда асқақ рух пен қайсар намыстың атқарар рөлі  айырықша екендігінің, сол Рух пен Намыс қана ұлтымызды ғасырлар бойы өз биігінен түсірмей келгендігінің, сондықтан да ұлтымыздың күні бүгінге дейін жеке дара ұлт ретінде сақталып қалғандығының бірден бір дәлелі ғой бұл тұжырым!

Алайда, осы орайда қатты ойлануға тұрарлық бір кереғарлық бой көрсетеді: жеке-дара ұлт ретінде қалыптасып, тұтас мемлекет дәрежесінде өмір сүрген соңғы 550 жылдан астам уақыт барысында (Қазақ хандығы 1465 жылы құрылғаны белгілі) талай-талай құқайды бастан өткеріп, «мың өліп, мың тіріле» тұрса да өзінің табиғи тектілігін сақтап қалған халқымыздың (ұлтымыздың) нақ бүгінгі кезеңде, яғни «Саяси тәуелсіздік» деп аталатын ұлы арманға әзер-әзер қол жеткізген сәттен бергі отыз жыл өткеннен кейін де өзінің бұрынғы табиғи ұстанымдарына етене жақындай түсудің орнына, керісінше, сол «ұстанымдардан алыстап кетуін» қалайша, немен түсіндіруге болады?!

Тарихи деректерді ой елегінен өткізсеңіз, Қазақ халқының бірегей ұлт ретіндегі ең мамыражай кезеңі расынан да кешегі көшпенді тірлік құрған заман болғандығын қапысыз мойындайсыз. Есігіне ешқашан құлып салмаған, абақты тұрғызбаған, досы келсе құшақ жайып қарсы алған, жау келсе, жаппай көтеріліп елдігін қорғаған, ешбір дұшпанға өз кеудесін ешқашан бастырмаған, өзінің тектілігіне титтей де сызат түсірмеген, адам мен адам арасындағы, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтауда өзге халықтарға үлгі боларлықтай ғұмыр кешкен, сөйтіп бірегей де бір тұтас ұлт ретінде ұйыса білген (кез келген қоғамда көрініс беретін жергілікті масштабтағы «жер дауы мен жесір дауын» есепке алмағанда) бірден бір ел осы біздің көшпенді қазақ елі болған сыңайлы. Мұндай тұжырымның ақиқатқа сәйкес екендігін соңғы жылдарда қайта-қайта мәлім болып отырған талай-талай тың деректер растай түседі.

«Мамыражай» эпитетін қолданғанда біз халқымыздың рухани болмысындағы ішкі үйлесімді ғана мегзеп отырмыз, әйтпесе еліміздің елдігіне нұқсан келтіруге немесе оны тікелей бағындырып алуға тырысқан сырт жауларға үнемі тойтарыс беріп отыру ел өмірінің бұлжымас құрамдас бөлігі болғандығы да тарихтан белгілі. Көне кезеңдерде алуан түрлі дұшпандар тарапынан сан рет көрініс берген «көз алартулар» мен басқыншылық жорықтарды айтпағанның өзінде XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей билігінің біздің елді отарлау саясатының бірте-бірте қарқын алып отырғандығын, атышулы Қазан төңкерісінен кейін бұл сұрқия саясаттың жойқын сипат алғандығын, сөйтіп ұлтымызды біржолата құрытып тынуға тырысқандығын енді-енді түйсініп жатырмыз.

КСРО деп аталатын алып мемлекеттің құрамында сол мемлекеттің тізгінін ұстаған, бейресми тұрғыдан «аға халық» саналған  орыс ұлтының жетекші рөлін мойындауға мәжбүр болған жетпіс жыл ішінде орыс билігіне тән шовинистік идеялардан бастау алатын қанқұйлы саясат пен жымысқы идеология нәтижесінде біздің ұлтымыз ұлт ретінде жойылып кетуге шақ қалғандығы енді ғана белгілі болып отыр. Десек те, жойылып кетуге шақ қалдық, бірақ жойылып кетпедік! Оған, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, ұлт өкілдеріндегі көшпенді кезеңнен қалған тектілік нышандарының әлі де болса сақталғандығы, ұлттық рух пен намыстың мүлдем тұралап қалмағандығы демеу болғандығы сөзсіз. Тектілік тамыры әбден жіңішкерді, бірақ Құдайым сақтап, мүлдем үзіліп кетпеді.

Біздер – екінші Дүние жүзілік соғыстан кейін, ХХ ғасырдың екінші ширегінің соңын ала–үшінші ширегінде туғандар Қазақты ұлтсыздандыру саясатының нағыз ұшынып тұрған кезінде дүниеге келген ұрпақпыз. Бір кереметі, бағдарлы идеология салдарынан ұлтымыздың рухы мен намысы толассыз тапталып жатқандығын жан-жүрегімізбен түйсінуге шамамыз жетпесе де, біздер кешегі болмысымызды мүлдем талақ етіп те үлгермеген секілдіміз. Бір беймәлім сағыныш көкірек қуысында дәйім сезіліп тұратын, жұмыр басымызда жұмбаққа толы сағымданған салкүрең дүние өзіне еріксіз ынтықтырып «мен мұндалап» тұрғандай әсерде жүретінбіз. Қазақ эпостарында ұшырасатын қияли кеңістік, жұқанасы сақталған салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздағы кеңдік пен мәрттік, халық ақындары деп аталатын алымды тұлғалардың жыр-дастандарындағы жүректі тілгілеп өтердей мұң мен зар, халық әндеріндегі бүкіл жан-жүйкеңді бір сәтте-ақ баурап алатын әсерлі әуендер, тіпті кең жайлау төсінде жамырай жайылған қой отары мен көлшік-шалшықтарда шыбындап тұрған жылқы үйірінің сапарлар барысында аракідік ұшырасуының өзі-ақ жаныңды бір түрлі рахат сезімге бөлеп, сол кездегі тіршіліктен мүлдем өзгеше, мүлдем бөлек дүбірлі де дүр дүние бар екендігін, бұрын болғандығын қапысыз сездіретін.

Бір байқалатын жайт – ұлтымыздың соңғы елу жылда дүниеге келген өкілдерінде жоғарыда аталған сақи сезімдер бірте-бірте сиыр құйымшақтанып барып таусылып біткенге ұқсайды. Бұрынғының жыр-дастандарына ешбір елегізбеу, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға немқұрайлық таныту, ұлттық сенім-нанымдарды ескіліктің сарқыншағы деп ұғыну, ұлттың ұлылығынан хабар беретін сиқырлы саздарға тебіренбеу, т.с.с. пендеуи сезімдерді жан-жүрегінен өткізу мүмкіндігінен айрылып қалу бұл ұрпақтың барлығына болмаса да, көпшілігіне мейілінше тән  екендігін бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігі мен бағыт-бағдары айшықтап беруде.  «Бүгінгі қазақ кешегі көшпендінің ұстанымдарынан алыстап кетті» дегенде Мұрат Мұхтарұлы нақ осы ұрпақ өкілдері жайлы айтып отыр ғой.

Соңғы елу жыл мерзімнің соңғы отыз жылы қазақ елінің саяси тәуелсіздік жылдарымен орайлас. Бес ғасыр бойына «тамырын үзбей, қанын бұзбай келген» (Мұрат Мұхтарұлының сөзі) ұлттық рухымыз бен намысымыздың құр сүлдесінің ғана қалуы, тіпті мүлдем тұралап қалуы нақ осы ел тәуелсіздігі қарсаңына дөп келуі қинайды-ақ. Сүлдеге қан жүгірту, тұралағанды тұрғызып жіберу, яғни ұлттың қайта түлеуіне жағдай туғызу Тәуелсіз мемлекеттің бірінші кезектегі төл міндеті бола тұрса да, ол мәселе сәтімен орындалмай жатырғандығын сезіп-біліп отырмыз. Бұл күрмеуі мол қиын сұрақтың жауабын саралау – жеке тарқатуға тұрарлық келелі мәселе, біз бұл арада бұл мәселеге тоқталып жатпаймыз. Біздің мақсатымыз, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, талай тепірешті бастан өткерсе де бес ғасыр бойына сақталып келген ұлттық діліміздің мүлдем тұралауы – көшпенді кезден мирас боп қалған адами асыл қасиеттеріміздің жәй ғана елеске айналуы нақ сол қанқұйлы ХХ ғасырдың аяқ шеніне дөп келу себебі жайлы ой қозғау.

Бұл орайда, біз екі мәселеге айырықша мән беру керек деп ойлаймыз, олардың алғашқысы – «адамның генетикалық жады» деп аталатын классикалық түсінік, ал екіншісі – данышпан қазақ ұлтының «жеті ата» деп аталатын қасиетті түсінігі.

Адамның генетикалық жады қаз-қалпында болмаса да, сол адам ұрпағының жетінші буынына дейінгілердің көкірегінде сарқыншақтар түрінде сақталатын сыңайлы. Қазақ жеке-дара этнос ретінде қалыптасқан 1465 жылдан бастап орыс билігінің бодандығына біржолата енген XVIII ғасырдың соңғы ширегіне шейін  таза көшпендік салтын сақтай отырып өмір кешкені белгілі. Бодандықтың қыспағы қаншалықты тегеурінді болса да жеті атамыздан жалғасқан тектілік нышандары ХХ ғасырдың соңғы ширегіне шейін сақталып келді де, нақ сол еліміз тәуелсіздік алардың алдында ғана «үзіліп кеткен» сыңайлы. Олай болса, шамамен 1975 жылдары туғандардан кейінгілердің ұлттық құндылықтарға жатырқай қарауы осы заңдылық салдары болуы әбден ықтимал. Расынан да көшпенді өмірдің ең шуақты кезеңін шартты түрде Абылай хан билігінің аяқталу кезеңімен белгілесек (1781 жыл), жаңағы айтқан 1975 жылға дейінгі аралық 194 жыл болып шығады екен. Әрбір келесі ұрпақтың алдыңғы ұрпақты жалғастыру мерзімі шамамен 27-28 жыл деп есептесек, жаңағы 194 жыл барысында жеті ұрпақ алмасқан болып шығады. Олай болса, көшпенділерді көрмесек те сол бір ғажайып өмірдің көгілдір белгілері көкіректерінен елес берген ең соғы жетінші ұрпақ ХХ ғасырдың үшінші ширегінде дейін туған біздің замандастарымыз болып шығуы заңды құбылыс.

Көшпенділердің сегізінші-тоғызыншы ұрпақтарын «көненің көгілдірлері» селт еткізбеген жағдайда, номадтарға тән тегеурінді тектіліктің үзіліп кеткен тінін жалғап жіберудің яки ұлттық рухты асқақтатып, намысты қайтадан жанудың жаңа жолдары қандай, міне, Тәуелсіз мемлекет алдындағы ендігі келелі  міндеттер осы сұрақтардың тиімді жауабын табумен орайласпақ. Үзілген тінді тігісін жатқызып қайтадан жалғап жіберу оңайға соқпайды әрине, тіпті оны қайтадан  қаз-қалпына келтіру мүлдем мүмкін де болмас. Десек те, жаһандану деп аталатын аждаһаның аранына біржолата із-түзсіз жұтылып кетпес үшін, өзге де «диюлар» мен «маймақтардың» құрған қақпандарына тұтылып қалмау үшін ұлттық бастауларға бет бұру керек-ақ. Бұдан «XVIII ғасырға қайтып оралу» деген түсінік шықпауы тиіс. Жаңа заманның жетістіктерін жете игермей тұрып алға жылжу мүмкін емес екендігі түсінікті, олай болса, болашақ қарекеттердің тіні ұлттық, арқауы халықаралық сипатта өрбуі бұлжымас заңдылық түрінде түсінілуі тиіс сияқты.

Нәсіпқали СЕЙІТОВ,  ақын, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының және Жазушылар одағының мүшесі

 

Бөлісу: