Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Жетісу өңірінде ауқымды шаралар ұйымдастырылып, рухани дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланып жатыр. 20 қыркүйекте  Талдықорғанда тұсауы кесілген халықаралық түркі мәдениетін ұйымының қолдауымен түрік тілінде жарық көрген «Жамбыл Жабайұлы» кітабы ақын әлемінің көкжиегін одан ары кеңейте түсті.

Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында өткен жиында ел бірлігі мен халық тұтастығын жырларына арқау еткен Жамбыл мұрасының бүгінгі және келер ұрпақ үшін үлгі екенін алға тартқан Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев: «Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тараған. Биыл 12 ақпанда Талдықорған қаласында облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Уәлихан Қалижанның «Жамбыл» атты қазақ, орыс тілдеріндегі кітабының тұсауы кесілді.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жамбыл феномені: Жамбыл ғылымы мен білімі» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы, көркем сөздің хас шебері Жамбылдың ақындық мектебін дамыту мақсатында «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбында республикалық оқушылар онлайн-айтысы өткізілді. «Жамбыл Жабаевқа 175 жыл» атты арнайы хроникалық фильм әзірленіп, облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы халыққа көрсетіліп, ақын өлеңдерінен түрлі роликтер дайындалып, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталуда. 23 маусымда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе Алматы облысының Жамбыл ауданында «Сәлем, Елорда» фестивалі өтті.

Облыс аумағында Жамбылдың 8 ескерткіші орнатылған, сондай-ақ, Жамбыл есімімен 3 елді мекен, 1 аудан және 159 көше аталған. 9 мектепке Жамбыл аты берілген.

2016 жылы тілі, діні басқа болса да, тілегі бір Еуропадағы Сербия мемлекеті Белград қаласында және 2012 жылы Украина астанасы Киев қаласында Жамбылдың ескерткіші орнатылды», – деп осы лекке жаңа кітаппен келген «ТҮРКСОЙ» Халықаралық түркі мәдениеті ұйымына ризашылығын жеткізді.

Қазақстанның халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымындағы өкілі Бақытжан Омар қазақ поэзиясының алыбына айналған ақынды ардақтау шекарамен шектелмегенін, «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп Жамбыл көрсеткен бес қасиет, яғни, адамдық, ерлік, батырлық, бірлік пен татулық қазақ үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесі үшін ауадай қажет екенін қадап айтып, түркі мәдениеті ұйымының  бастамасына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыс білдірді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жаңа кітаптың тұсауын кесіп, жылы лебізін айтып,  алдағы уақытта жыр алыбының мерейтойына арналған «Жамбыл әлемі» атты 30 томдық тағы бір жинақ жарық көретінін сүйіншіледі.

Рухани шараға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, «ТҮРКСОЙ» ұйымы қаржы бөлімінің басшысы Санжар Мехмет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов, профессор Нұрдәулет Ақыш және бірқатар қаламгерлер Жамбыл шығармашылығы жайлы пікірлерін айтты, жырдан шашу шашты, қазақ поэзиясының біртуар тұлғасының мұрасы бауырлас елдің тілінде сөйлегеніне шын қуанды.

Дәстүр

Бөлісу: