Халқымыздың ғажап, орасан бай салт-дәстүрлері соңғы біршама жылдардың ішінде адамның санасынан еріксіз өшіріліп, біржола ұмыт болып кете жаздады. Егемендікке қолымыз жетіп, тәуелсіз ұлттық мемлекетіміз уығын шаншып, іргесін көтергелі ғана есімізді жиып, етек-жеңімізді қымтап, жоғалған салт-дәстүрлерімізді қалпына келтіруді қолға алдық. Ғасырлар бойы қалыптасып, салт-дәстүрлеріміз – азаматтарды, әсіресе жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің баға жетпес құралы. Қоғамдық пәндерден қазақ халқының салт-дәстүрлері тақырыптарында әр түрлі үлгідегі сабақтар өткізіп, жастардың рухани құндылықтарын арттыруға өз үлесімді қосудамын. Ашық іс-шараларда қолданылған анықтамалық сөздіктердің де көмегі жастардың ұғынып түсінуіне әсерін тигізер деген мақсатта ұсынып отырмын.
Салт – кәсіпке, сенімге, тіршілікке байланысты әдет-ғұрып, дәстүр. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, өзгеріп, қоғамға байланысты бейімделіп келеді. Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып отырады.
Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады. Дағды, әдет-ғұрып деген ұғымдар адамның мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтарды білдіреді.
Қазақтың әдет-ғұрпында жол-жоралғы деген ұғым бар. Бұл – әр адамның еңбегіне, ата-тегіне, туыстық қатынастарына сай жасалатың алыс-беріс, сый-сияпат ретінде берілетін тарту-таралғы. Мұның әр түрлі жолдармен жасалатын реті болады. Алғаш рет келген құрметті қонаққа, батырға, ақынға, ел ағаларына, құда-құдағиға көрсетілетін жол бар. Олардың жанындағылар да елеусіз қалмайды. Мұндай тарту таралғыларға ат-шапан, кісе белбеу, ер-тұрман, қару-жарақ, қалың кілем, құндыз бөрік, домбыра, күміс қамшы жатады. Жол, жөн-жосық, кезек беру арқылы да көрсетіледі, бата беру, бас ұстау, жоғары отыру. Бесікке салу жолы құдағиға немесе басқа рудың әйелдеріне беріледі. Жас ақын аға ақынға, жас палуан бас палуанға, жігіт қызға жолын береді, өйткені «қыздың жолы жіңішке» деген бар. Жастар қарияларға жол береді. Ерсі, әдепке жатпайтын жайларды қазақ «жолсыз іс» дейді. Қазақ баласы қай жерде де, қай істе де жолсыз, жаралғысыз аяқ баспайды. Ел ішінде күн сайын кесдесетін жол дауы, жол алу, жолын беру, жоралғы жасау, жөн-жосық, алдымен осы жолдан басталады. «Орамал тон болмаса да, жол болады»-дегенде, атам қазақ, «Үлкен-кіші болса да, сыйлай біл, арзан-қымбат болса да, жолы мен жөнін көрсете біл, арзан-қымбат болса да, жолы жолы мен жөнін көрсете біл», – деп ескерткен. «Е, құдайым, тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме, аттан құласам да, жолымнан құлатпа!» – деп тілеген ел жолдан жығылуды ар санаған, сол жолдан таймаған.
Қазақ жолдан жығылуды өліммен тең санаған. «Жаңа отауға тарту» деп қазақ жоралғысымен бір-бір соғымды ақ сазандай тулатып әкеп байлаған. Тұрмыстағы салт-дәстүр, өмірдегі әдет-ғұрыптың бәрі осы жол-жоралғы арқылы жасалады ,жөнін табады. Жолды ұстай білу – биік адамгершіліктің, ұлттық парасатымыздың берік тұғыры.
Сөзге тоқтау – қазақта «аталы сөзге арсыз да тоқтайды» деген мақал бар. «бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ», – дейтін қазақ халқы қай заманда да жүйелі сөзге тоқтаған. Сөз асылын, орынды сөзді аталы сөз деп жоғары бағалаған. Бір ауыз сөзбен елдің құнын кешірген. Әр қазақ айта да, тыңдай да, оған тоқтай да алады.
Кіші жүздің атақты Баймағамбет сұлтаны өзі өлім жазасына кесілген Шернияз ақынды шешендігі мен тектілігі үшін кешірім жасап, алдына мал салып берген.
Келіннің қолынан шай ішу
Келін түсіргеннен кейін, тойға келгендер тарқап, үй иелері оңаша қалған кезде жақындар келіннің қолынан шай ішуге жиналады. Келгендерге келін қолынан әзірленген дастарқан жайылып, келін шай құяды. Бұл дәстүрдің екі мағынасы бар. Біріншіден, келіннің үй шарусына, дастарқанның берекесіне ыңғайын байқау. Жас келін мұндайда кесені сылдырлатпай, баппен шай құя отырып, өзін танытады, шеберлігін, ыңғайын байқатады. Екіншіден, келіннің қолынан ене шалқып, ата шалқайып отырып, қызыл күрең шай ішу – бір үлкен жетістік, қуаныш. Біздің бала ержетіп, келін түсірді, ата-ене атандық, қолымыз ұзарды, – деп мақтанады өзгелер алдында бедел, мәртебеге ие болады.
Керегеге керу
Бұл – тәртіптік, құқықтық жазаның бұрынғы заманда көп қолданылған түрі. Қазір бұл жаза қолданылмайды. Керегеге керу немесе керегеге таңылу- өліммен тең ауыр жаза. Ұрлық, зина жасайтындар немесе елдің шырқын бұзған сотқарлар, билер, ақсақалдардың шешімі бойынша, іздеушілері мен туыс-туғандары келгенше, киіз үйдің керегесіне аяқ қолынан керіп таңылады. Мұндайларға бірнеше күнге дейін су да, тамақ та берілмейді. Мұндайлардың ұяты өзіне ғана емес, бүкіл ел-жұртына, руына, туған-туысқандарына да кір келтіреді. Сондықтан олар да сондай адамдардың бетіне түкіреді, елден де қуады. Кейде мұндай тәртіпсіздерді жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолынан керіп, байлап тастайды. Мұндай жазаны «қазыққа керу» дейді.
Көгенге түсу
Барымташыларды немесе қолға түскен ұрыларды қорлаудың, ауыр жаза тартып масқаралаудың бір түрі, екі қолын артына қайырып байлап, оларды кәдімгі қой көгендегендей етіп көгендеп ұстау. Ерте кездерде бұл ел арасында жиі қолданылған. Жоғарыда айтылғандай, көгенге түскендер қара таңба басылғандай күлкіге ұшырап, ар-ұятынан айырылған, құрмет көрсетілмейді. Өле-өлгенше көгенге түскен есімі ұмытылмайды, кісінің бетіне қарай алмай, төменшіктеп жүреді.
Қайындап бару
Қыз төркіндеп, оның күйеуі қайындап, жиен нағашылап барады. Қыз төркіндеп бара алмаса, өзінің жамандығы, жолынан жығылғаны деп біледі халық. Мұндайда жол-жоралғыдан сүрінетін ел-жұрт болмайды, оларды хандай көтеріп алады. Сонымен, «жігіттігі» ұстап, маңыздана басып, маңғаз қарап, жарын ертіп, елге күйеу қайындап келе жатыр. Күні бұрын құлақтанған қайын жұрт оларды әдеппен, қуанышпен, құрметпен қарсы алады. Күйеуді де келін түсіргендей етіп, әзіл-қалжыңмен күтеді, балдыздар оның құлағына жармасып жатады. Елге күйеудің осындай дәстүрмен келуі – ауыл адамдары үшін бір мереке. Балалар қуанып, үлкендер шаттанып, үлкен мәжіліс құрылады, кең дастарқан жайылып, сапырылған сары қымыз, табақ-табақ ет қойылады, шашу шашылып, көңілді күлкі, сауық-сайран қайындап келген күйеудің ажар-беделін одан әрі көтере түседі. Төл сыбағасын – төсі мен асықты жілігін жеген күйеу де риза, оның жанындағы сол елдің қызы да риза. Бұл дәстүр – күйеуді де, оның қайын жұртын да сынайтын үлкен жол.
Нағашылап бару
Халық ішінде «Балалығың ұстаса – нағашыңа бар, жігіттігің ұстаса –қайныңа бар» деген қағида бар. Әдеттігідей барыс-келіс емес, ата жолында мұның да өз жөн-жосығы бар. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дегендей, бұл жолы ерекше салтанатпен жиен жолдас-жораларын ертіп барады. Нағашылары оған құрмет көрсетеді. Мал сойып, төрге шығарып, сауық құрады. Жиен барынша еркелеп, еркін сөйлеп, арасында нағашыларының кемшіліктері болса, сынай отырып әзілдеседі. Шағашылары жиендеріне жиенқұрығын («қырық серкеш») беріп, барынша риза етіп аттандырады. Нағашы елінде 4-5 күн қыдырып, аунап-қунаған жиен кетер алдында ризашылығын білдіріп аттанады.
Төркіндеп бару
Мұның негізі төркін деген сөзден шыққан. Ұзатылған қыздың төркін жұртына ресми түрде баруы төркіндеу деп аталады. Мұндай жағдайда қыздың барлық туған-туыстары оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп, риза етіп аттандыруы тиіс. Төркіндеу – әр қыздың парызы. Төркіндеудің маңызы зор және ол – әйелдерге ғана тән ғұрып. Осы жерде қыздың төркіндеуінің тағы бір ел-жұрт алдында да, діннің алдында да ерекше маңызы бар қағидалы жол екенін айта кеткен жөн. Өмір бар жерде өлім де болады. Мысалы, қазақ әйелі мейлі ол жас, мейлі жасамыс болсын, көзін жұмып, намаз шығарылар алдында молда: «Бұл әйел төркіндеді ме?» – деп сұрайды. Бұған марқұмның төркіндері, яғни әке-шешесі, туған-туыстары, қайын жұрты жауап беруге тиіс. Егер әр түрлі себептермен төркіндей алмаса, оның жаназаға қатысып отырған етжақын туыстары сол жерде марқұм болған әйелдің төркіндеу рәсімін жасауы тиіс.
Ол былай жасалуы керек: аталған туған-туыстары: «Осы апамыз не сіңліміз не қызымыз (қайтыс болған әйелдің руы, әке-шешесінің, өзінің аты-жөні айтылады) төркіндеп келгенде бергеніміз» – деп, ақша тастайды немесе мал атайды. Оны молдалар растап, дұға оқиды. Сөйтіп, марқұм төркіндеген және өз парызын өтеген болып саналады. Бұлай болмаған жағдайда марқұмға ауыр, арттағы туыс-туғандарына парыз болып қалады. Бұл жол-жоралғы-таза қазақтың үлгі-өнегесі, тәртібі, ата-бабаларымыз салып кеткен жөн-жосық.
Қоныс қону – қазақта «Иесі қаласа, қоңсы өкпелемейді» деген мақал бар. Қоңсы болудың немесе қоңсы қонудың да реті мен жөн-жобасы, өзіндік жолы бар. Қоңсы дегеніміз бұрынғы кездерде бір ауқатты ауылға іргелес, аралас болып, оған арқа сүйей отырып, сол елдің байының шаруасын істеп, малын бағып, сауынан алып, атын мініп, тағы басқа қызметтері арқылы күн көріп, отбасын асырайтын адам деген сөз. Бұлар аталас та, туыс-жегжат та, бөтен елден келген кірмелер де болуы мүмкін.
Қол ұстатар – әдетте, қыз айттырылып, қалың мал төленген соң, жігіт қалыңдықтың ауылына ұрын келеді. Міне, осы жолы жігіт пен қыз бірін-бірі алғаш рет табыстыру үшін көрімдік, қыз кәде, шаш сипатар, мойын тастар, арқа жатар деген салт-дәстүрлерді жасап, кәде қылады. Мұнда жеңге бір-біріне не дерін білмей отырған екеуінің қолын ұстастырады да, өзі шығып кетеді. Бұл – екі жасты жақындатудың халықтық бір амалы.
Мығау жазасы – мұндай жаза опасыздарға, сатқындарға қолданылған. Жазаға ұшыраған адамның аяқ-қолын байлап, ағашқа (керегеге) таңған, ал соғыс кезінде найзаның астына кірген. Сонан соң барлық жиылған жұрт оның бетіне түкіріп, лағнет айтып, қарғыс жаудырған. Қарттар теріс батасын беріп, ел-жұрт оны адам қатарына қоспай, қаңғыртып жіберген. Мұндайларда отбасы болмаған. Көбінесе олар жасырынып, шын аты-жөнін, тегін айта алмаған. Әдетте, жазаға ұшыраған қарабет көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерлерге кетіп, оны туған-туысқандары да іздемеген. «Қыз Жібек» жырында Төлегенді өлтіріп келген Бекежанға үш найзаның сабымен мығау жазасын қолданған.
Жөн-жосық – халқымыз мыңдаған жылдар бойы қазақтық қалпын сақтай отырып, өмір тәжірибесінде салт пен сананың, әр істің реті мен әдебін, жөні мен жолын жасап қалдырған. Осыдан ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ырымдар, ұғымдар, тыйымдар қалыптасқан. Бәрінің басын құрайтын әдептер жиынтығы – ұлтымыздың жөн-жосығы туындаған. Ұлттық мінез бен сана-сезім, діни сенім, рухани қазына мен қағидалар байлығы, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие ережесіне негіз бола отырып, жыл сайын дами түскен. Осындай тағылымдық өлмес өнеге жолдары жөн-жосықтар халқымыздың бірлік, ерлік, отансүйгіштік, мәрттік, жомарттық, намысқойлық, шеберлік қасиеттерін ұрпақтар бойына сіңіріп, сол жолда қызмет етуге үйретті. Қандай ауыр жылдар, кезеңдер болса халқымыздың қанына сіңіп, зердесіне ұйып, таза қазақылық, қалыпқа, адамдық асыл қасиеттерге жетелеген де, жеткізгенде осы жөн-жосығымыз.
Жосық – әділет, шындық, адалдық ережесі.
Өртпен тазалау – халқымызда бәле шыққан, қырсық шалған, мысалы, оба, тырысқақ, сүзек, тағы басқа жұқпалы аурулар пайда болған, топалаң сияқты мал індеті жайлаған жерлерді әдейі өртеп жіберетін ырым бар. Мұндай қонысқа жыл бойы жақындамай, басқа жаққа көшіп кетеді. Сонымен бірге, бүкіл елге зияны, зәбірі қатты батқан қарақшы, жауыз, қанішерлердің де үй-күйін, дүние мүлкін өртеп жіберетін қазақтың ескі заңы тағы бар. Мысалы, ХIХ ғасырда бүкіл Қостанай елін қан қақсатқан Қожық қарақшыны қалың ел ұстатып, өзін итжеккенге айдатып, үй-күйін, жайлауын түгел өртетіп жіберген.
Қазақта қайырсыз дүние, киім, мүлік, үйді де өртеп жіберетін ғұрып бар. Мұны ел бәле-жаладан, ауыртпалықтан, ауру-сырқаудан арылу жолы деп білген.
Шошай тәртібі – өткен ғасырларда қазақ халқы Отанын, дінін сатқандарға, Құдайға, аруаққа тіл тигізгендерге, аса ауыр қылмыс жасағандарға өте қатаң тәртіптік заңын қолданған. Оның аты – шошай. Ел ағалары, дінбасылыры мұндай адамдарды шақырып алып, істің анық-қанығын толық анықтайды. Егер қылмысы анықталған болса, оған ел алдында айып салып, елден қуады немесе шошай етеді. Шошай ету дегеніміз – қылмыскердің үйін ауылдын бес-алты жүз қадам бөлек тігу, ол үйдің адамын да, малын да ауылымен араластырмайды. Сөйтіп, ел заңында материалдық қана емес, рухани жағынан да жазалау болғанын байқаймыз. Мұндай жағдайға ұшыраған үйді шошай үй, адамын шошай қазақ деп атайды. Оларға құрмет жасалмайды, олар қонаққа, тойға, мәжіліске щақырылмайды.
Төрелік – өмір болған соң ауыл арасында, ел, үй ішінде дау-жанжал, түсініспеушілік болмай тұрмайды. Мұндай жағдайда аузы дуалы, қазақ заңын, істің жөн-жобасын білетін әділетті билер шиеленіскен істі шешіп, төрелігін айтып, дауды бітіреді. Төре, яғни билік айтушы, болған істі екі жақтың да даугерлерін қатыстыра отырып қарайды. Екі жақты да мұқият тыңдап, оған куәларды да қатыстырады, сөйтіп, ақ-қараны шешіп, төрелігін беріп, билігін айтады. Төрелік – дәстүрлі заң, қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан, билік жолымен бекітілген құқықтық тәртіп. Іс әділ шешілсе, оған әркім тоқтайды, ризалық білдіреді.
Қазақтың заңында дау-жанжалды ел ішінен шыққан билер мен қазылар шешеді. Қазақ қауымында бидің орны мүлде бөлек. Би – өзі сот, өзі прокурор, өзі тергеуші әрі ақтаушы. Төле бидің: «Елге бай құт емес, би құт», – деуі, халықтың: «Әділ бидің елін дау араламайды», – дегені осыдан шыққан.
Өкіл күйеу – бұрынғы қазақшылық кезінде бірі жасы үлкен, бірі жас екі ер адам тым жақын досық әрі сыйластық қарым-қатынаста болады. Бірімен-бірі туыстай араласып, бірінің жоғын бірі түгендеп, жан аямас достық қалыпта болған. Мұндай кісілер бірін-бірі өкіл күйеу деп атайды. Бірақ бұлар кәдімгі күйеу емес, атаулы ғана солай болғанымен, достықтан да, туыстықтан да жақын көңілде болады. Мұны екі ұлт өкілі немесе құрбы адамдар арасындағы тамырлық қатынаспен шатастыруға болмайды. Бұлардың айырмашылығы, адамдардың жас ерекшелігімен ажыратылады. Қазақта қайырсыз дүние, киім, мүлік, үйді де өртеп жіберетін ғұрып бар. Мұны ел бәле-жаладан, ауыртпалықтан, ауру-сырқаудан құтылу үшін істеген. Ел ішінде «Өрттің арты болады» деген сенім бар.
Ұрын бару – күйеу баланың қалындығымен кездесуіне мүмкіндік туғызу үшін ұрын баруы, бата алуы.
Ат тергеу – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып. Ұлттық болмыс бойынша, әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын сіңлісіне есімін атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп атайды. Мұндайда қойылатын есімдердің кейбірі мынандай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайныларына әзілдеп, бойлары тапал болса, «сұңғақтым», жайбасар болса, «жүйрігім» деп те ат қояды. Ер адамдар да өзінен үлкендерді Мәке, Сәке деп құрметтейді. Анттасу. Жаудан кек қайтару үшін, адамдар бір-біріне деген адалдықтан айнымау үшін, еларалық тату келісімді сақтау үшін ант деп айтатын салт-дәстүрлер бар. Халық антын бұзған адамды «Ант атқан» деп жек көріп, «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?»» – деп, кінәласады. Ұмыт қалған салт-дәстүрлерді біле жүрген абзал. Қазақ киноларын көрген кезде осындай салт-дәстүрлерді жастарымыз біліп жүрсін деп көрсетеді. Өкінішке орай, бүгінгі жастарымыздың көбі оны біле бермейді.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы. 6 том. Алматы, 2004. 248-249-беттер.
- Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті., 2006, 113-127-беттер, 142-143-беттер, 174-175-беттер, 190-209-беттер,
- Қалыбекова А. Қазақ халқы тәрбиесінің асыл мұрасы. 2011. 16-134-беттер,
Ғалия ӘбдІҚалыҚова,
Тарих және қоғамтану пәнінің оқытушысы.
Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжі.