18 мамыр – Халықаралық музейлер күні.

              Мәдениеттегі өткен мен бүгіннің, тарих пен келешектің арасын байланыстырып тұрған қасиетті орын – музей. Қазіргі кезде елімізде музей – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме.  Ол заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ол ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ халқының болмыс-бітімін, асыл мұраларын, ұмыт болған тарихын қазіргі ұрпақтың жадында жаңғыртатын, санасына сіңіретін, сонымен қатар, елдің тарихын барша әлемге паш ететін, шет елден келген қонақтарды өзінің әсемдігі мен жүйелілігі арқылы таңғалдыратын тетіктердің бірі  ̶  музей болып табылады.

Күні бүгін күллі әлем жұрты бас сұғып, жәдігерін тамашалап жүрген «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей – қорығы халқымыздың жауһар жәдігерлерін жинақтап, сақтап, жүйелі түрде зерттеп-зерделеп, насихаттап, бабалардан қалған асыл мұраларымызды, Отырар өңірінің рухани және заттық құндылықтарын болашақ ұрпаққа аманаттау мақсатында қызмет етіп келеді.

Музей – қорығының негізі осы өңірдің бай тарихи ескерткіштерінің болашағын бағамдай білген Асантай Әлімов, Адасхан Алтаев, Еркебай Бүрлібаев секілді ауыл ұстаздарының археологиялық, этнографиялық жәдігерлерді жинастырып, сақтап, мектептердің жанынан музейлер ұйымдастырып, көне мұралар туралы мақалалар жазып, жас ұрпақты елін-жерін сүюге, ұлттық тарихын білуге баулыған өлкетанушылық қызметтерінен бастау алады.

Музей-қорықтың тарихына тоқталар болсақ, әуелі Асантай Әлімов 1967 жылы мектептің жанынан ашқан мұражайда жинақталған жәдігерлердің толыға түсуі нәтижесінде, 1975 жылғы 8 қыркүйекте Отырар тарихи-өлкетану музейін ашу туралы шешім қабылданды. Арада төрт жыл өткенде, Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің 1979 жылғы 16-қыркүйектегі №33 бұйрығымен ол «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық- музейі» болып қайта құрылды. Сол уақыттан бастап, Қазақстандағы ең алғашқы археологиялық қорық ретінде құрылған «Отырар» қорық-музейі – археологиялық ескерткіштерді қорғау, сақтау, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту жұмыстарымен айналысып келеді. Қазіргі үш қабатты музей ғимаратының іргетасы 1979 жылдың 9 қазанында қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға берілген.

Қазақстан музейлерінің жұмысын жан-жақты дамытуда, оларды ұйымдастырып, мамандар даярлауда қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған жұмыстары аса маңызды болды. Ол «Отырар» музей-қорығының музей экспозициясын жасақтады және оның ауласындағы қоржын үй 1986-1987 жж. Өзбекәлі Жәнібековтің тапсырмасы бойынша салынды.

1980 жылы облыстық атқару комитетінің №66 қарарымен музей қарамағында Отырар ауданы бойынша 29 археологиялық ескерткіш және олардың 500 гектар қорғау аймағы және Түркістан ауданы бойынша 30-дан астам археологиялық, архитектуралық ескерткіштер бекітіліп берілді. 1982 жылы Қазақ Республикасы Министрлер Кеңесінің №38 шешімімен Отырар, Оқсыз археологиялық ескерткіші, Арыстанбаб кесенесі республикалық дәрежедегі ескерткіш санатына енді.

Археологиялық және этнографиялық көрме залдары 45 жылдай уақыт көпшілікке қызмет көрсететіп келеді. Ондағы жәдігерлер тақырыптық және мазмұны жағынан жоспарланып қойылған. Музей экспозицияда Отырар және осы өңірдегі археологиялық ескерткіштерге айналған қалалар мен қалашықтардың терең тарихына байланысты І-ХVІІІ ғасырлар аралығын қамтитын жәдігерлер және ХІХ-ХХ ғасырлар аралығындағы қазақ халқының тұрмыс тіршілігін, шаруашылығын, қолөнерін және мәдениетін көрсететін этнографиялық жәдігерлермен экспозицияланған.

Музейдің құнын көтеретін – экспонат. Кез келген музейдің мәртебесі қордағы экспонаттардың құндылығымен, сиректігімен, қайталанбайтындығымен айқындалады.  Қазіргі таңда музей қорындағы жәдігерлердің саны  25000-ға жуық. Олар археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттар және этнографиялық экспедиция барысында ел арасынан жиналған бұйымдар мен музейге сыйға берілген жәдігерлер.

Қорға түскен әрбір жәдігерлер ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, жойылуға ықпал ететін құбылыстардың бәрінен сақтандырылады. Музейде ол үшін барлық жағдай жасалған және арнайы қор сақтаушылар музей құндылықтарды сақтау жолында аянбай еңбек етеді.

Экспозицияда жарқырап тұрған тамаша жәдігерлердің ар жағында музей мамандарының, музей реставраторларының қаншама еңбегі жатқанынан музейге келушілер бейхабар. Экспонатты дұрыс қалпына келтіріп, оларға жаңа өмір беру үшін музейде істейтін реставратор мамандары көп жылғы жұмыс тәжірибелерінде өз мамандығының қыр-сырын меңгерген, мамандықтың жоғары шеберлік деңгейіне жеткен мамандар. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын кешенді ғылыми жолмен жүргізу – ғылыми-зерттеу және тарихи-өлкетану ізденістері негізінде жүзеге асырылады.

«Отырар» музей-қорығы Отырар өңірінің байырғы мұралары мен мәдениет саласындағы мәселелерді зерттеп, насихаттайтын ірі ғылыми таным-білім орталығына айналды. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстары археология, этнография, тарих салалары бойынша жүргізіледі. Ғылыми қызметкерлер ғылыми жобалар дайындап, археологиялық, этнографиялық ғылыми экспедициялар ұйымдастырады және ғылыми тақырыптар бойынша жұмыс істейді.  Музей қайнар көздерінің негізінде олар ғылыми, ғылыми-көпшілік, танымдық сипаттағы мақалаларды жариялайды.

Қазіргі таңда Отырар өңіріне келген туристер музей экспозициясы, Сапар орталығы, Арыстанбаб кесенесі және Отырар қалажұртындағы ашық аспан астындағы музейді тамашалай алады.

Туристерге қызмет көрсету – бүгінде өте өзекті, өте күрделі сала. Туризм арқылы ел экономикасының көтерлетіндігі баршамызға аян. Елімізде туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында Сапар орталықтары салынуда.

Солардың бірі – Отырар өңіріне келген туристерге кешенді қызмет көрсететін Сапар орталығы Отырар қалажұрты маңынан  бой көтерді. Отырар музей-қорығының аумағында орналасқан Сапар орталығы тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз етуге арналған, заманауи талаптарға сай туристік орталық болып табылады.   Туристерге кешенді қызмет көрсететін орталықтың бірінші қабаты туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Яғни, демалыс орындары, балалар алаңы, коворкинг алаңы, т.б қарастырылған. Ал, екінші қабатта көне Отырар қаласының бес кезеңі II-VI – Отырардың құрылуы, IX-XII – Отырардың өркендеуі,  XIII – Отырар апаты, XIV – Отырарды қайта келтіру кезеңі және қазақ хандығы кезеңіндегі Отырар бойынша экспонаттармен жабдықталған.

Сапар орталығынан әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған зал көпшілік назарына ұсынылды. «Ұлы ұстаз ұлағаты» тақырыптық экспозициялық жоспарын құру барысында Әбу-Насыр әл-Фарабидің ғылым мен өнер саласындағы еңбектері,  Отырардағы ғылым мен мәдениет, өнерге қатысты қолдан жасалған бұйымдар –  артефактілер, сонымен қатар, Фарабитанушылардың еңбектері заттай дерек ретінде қарастырылды.

Сапар орталығының төменгі қабатында қор-сақтау бөлмелері мен реставрациялық жұмыстарға арналған шеберханалар бар. Қазіргі таңда музей мамандары реставрациялық жұмыстармен саздан кәдесыйлар дайындау жұмыстарын істейді. Сондай-ақ, туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында саздан бұйымдар жасаудан шеберлік сабақтар ұсынады.

Сапар орталығы демалыссыз таңғы 9-дан кешкі 18-де дейін туристерге қызмет көрсетеді.

Отырықшы мәдениеттің ошағы, әлемдік мәдениеттердің іргелі орталығы, дүниеде теңдесі жоқ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері,  Қожа Ахмет Яссауидің ұлы ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбабтың, Орта Азияны билеген атақты әмірші Әмір Темірдің ақырғы демін алған Отырар қаласы, қазақ өркениетінің алтын діңгегі атанған Отырар жеріне бұл күндері жер жүзінен аса қызығушылықпен ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға көптеп келуде. Осыған байланысты Отырар өңірінің туристік тартымдылығын жандандыру үшін келешекте Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан тоғыз туристік нысанды  қосу жоспарлануда.

«Отырар» музей-қорығының ұжымы алдағы уақытта да халқымыздың тарихы мен мәдени мұраларын ұлықтауда орасан еңбектер жасап, қызығушылық танытып келген келушілерге қалтқысыз қызмет көрсете береді.  Отырар өңірінің терең тарихы мен мәдениетін насихаттайтын асыл мұраларымызды сақтап ғылыми тұрғыдан жүйелеп, адамзаттың иелігіне тапсыру музей қызметкерлерінің басты міндеті.

 

Үрзия ЖҰМАБАЕВА

 

Бөлісу: