ҚЫС

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, 

Соқыр-мылқау танымас тірі жанды, 

Үсті-басы — ақ қырау, тусі суық, 

Басқан жері сықырлап, келіп қалды. 

Дем алысы — үскірік, аяз бен қар, 

Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды. 

Абай

Қыстың үш айы – «Үш ай тоқсан». Бұл маусым – жер шары өз орбитасының қысқы күн тоқырау нүктесінен күн мен түннің жазғытұрғы теңелу нүктесіне дейінгі аралық. Астрономия тұрғысынан 89-90 күн (желтоқсан айының 23 жұлдызынан наурыз айының 21 жұлдызына дейін).

Қыста Күн көзі жаздағыдан төмен  деңгейде болады. Күннің көлбей түскен сәулелері жер бетін бірқалыпты жылыта алмайды. Күн қысқа, түн ұзақ, ауа райы салқын. Күз: «Жарылқаймын» – десе, қыс: «Білгенімді  істеймін» – дейді. Қатты қыстан кейінгі жаз аптап.

Қыс түсе жыл құстары жылы жаққа ауып болады. Кейбір аңдар апандарына тығылып, қысқы ұйқыға кіріседі. Ұсақ жәндіктер жер жықпылдарын, ағаш қуыстарын паналайды.

Халық қыс қамымен шұғылданады.

Қыс, қысқы аяз зымыстан аталады.

Желтоқсан қандай ай?

Айдың бас кезі желді болғандықтан «Желтоқсан» аталған.

Айдың 22 жұлдызы – ең қысқа күн, астрономиялық жыл басы басы.

Күн аспан экваторынан түске қарай қашықтау шегіне жетіп, көкжиекке түсу бұрышы он градусқа теңеледі. Содан кейін жарық уақыты ұзара бастайды.

Желтоқсан – соғым айы.

ЖЕЛТОҚСАНДА

*айдың алғашқы күні ауа райы жылы болса – бірінші он күн жылы;

*түсте салқындап, бұрқасын көтерілсе, ай ортасында қайталайды; кеште күшті боран соқса, қыс ұзаққа созылады;

*алғашқы қар нағыз не жаңбыр аралас түссе – жаз ылғалды, қылауласа – қуаң;

*таң шапағы қызғылттанса, жел тұрады;

*бұлттар төмен көшсе, қар ұзақ мезгіл жауады;

*күн құлақтанып батса, ертеңіне қар жаумай күн салқындайды;

*ай айналасы шеңберленсе не бұлт желге қарсы көшсе, қар жауады;

*қар жапалақтап жауса, күн бұлыңғырланып, ауа райы бұзылады;

*арқадан қатты жел соқса, күн суытады.

Желтоқсан айындағы аяз тұру нышандары

*түтін тік ұшады, қар кеш түседі, Күн құлақтанады;

*жұлдыздар ымырт жабыла анық көрініп, жиі-жиі жымыңдайды;

*аяқ астындағы қар қатты сықырлап, дыбыс алысқа кетеді;

*будақ бұлттар көкжиектен өркештене көтеріліп, кешікпей көрінбей кетеді.

Осы айдағы Боран соғу белгілері

*Күн айналасы шеңберленеді;

*Күн қатты күркіреп, жел тұрады;

тынық күні шыршаның ұзын құрғақ бұтақтары иіледі.

Ж.Кейкін

Бөлісу: