Жеңіс эстафетасы

417

5 ақпан-5 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.З.Тұрғымбаевтың шешімімен ұлттық «Ұланда» Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы өтеді. Аталмыш эстафета 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткізілмек.


Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Режицский, Қызыл ту Ленин орденді, Суворов орденді Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесі.
Эстафетаның мақсаты – Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, жастардың, ішкі істер органдары қызметкерлері мен ұлттық «Ұлан» әскерилерінің қазақ халқының батырлық тарихына құрметпен қарау, патриотизмге тәрбиелеу, өз әскери борышын үлгілі атқаруға ықпал ету.
Эстафета Алматы қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы қаласындағы «Достық үйі» және «Армия үйі» музейі директоры Алуа Байқадамованың (генерал-майор И.В.Панфиловтың қызынан туған жиені) қолдауымен Алматы қаласынан басталады.
Эстафета аясында даңқты панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесі республикалық маңызға ие 3 қаладан, облыстық деңгейдегі 14 және шағын 7 қаладан өтетін болады. Эстафета барысында соғыс және еңбек ардагерлерімен 68 кездесу өткізу жоспарланған. Ұлттық «Ұланның» әскери-үрмелі оркестрі барлық пункттер мен жекеленген бөліністерді қоса есептегенде 56 концерт өткізбек.

#Жеңіске75жыл

Бөлісу: