Итжейде – баланың мынау жарық жалғанда киетін ең алғашқы киімі. Оны тек кіндік шеше әкеледі. Бұл кәдімгі жейде сияқты емес, қолтығынан ойып жең шығарып, қолмен көктеп тіккен уақытша киетін көйлек. Нәрестенің терісі тым нәзік болғандықтан жұмсақ матадан тігісін сыртына қаратып, кең-мол әрі ұзын етіп тігеді. Мұның өзіндік мәні бар, біріншіден, баланың емін-еркін жатуына ыңғайлы болсын дегені. Ал, негізінен, басты мағынасы тереңірек жатыр. Тіршілік деген бірқалыпты зырылдап өте шығар тақтақ жол емес. Өрге де өрлейсің, төменге де сырғисың. Күн мен түн секілді жақсылық пен жамандық, молшылық пен жоқшылық бірге жүреді. Аққан селдей, ескен желдей өте шығар қысқа өмірде таршылық көрмесін, басына тартса, аяғына жетпейтін мұқтаждыққа тірелмесін деген ақ тілеумен итжейдені берекелі етіп тіккен екен. Кейінгі заманның кіндік шешелері дүкеннің дайын киімін алады, жейдесі кіндігіне де жетпейді. Ата-бабаларымыз «жақсы сөз – жарым ырыс» деп сөз киесін жете ұққандықтан айтқан. Олар жаратылыс пен адам болмысын байланыстыра отырып тұрмысқа енгізген ырым-тыйым, әдет-ғұрыптары ойсыз, негізсіз шықпағаны аз да болса зерделі адамды бей-жай қалдырмаса керек. Осынау ұлан-ғайыр кең-байтақ жерге иелік еткен «көшпенділер» атанған халық ерлігі мен өрлігін, парасаты мен даналығын шартарапқа танытып, тұтастығын мойындата білгені тарихи шындық. Бүгінде…
Қарап тұрсаңыз өз елінде, өз жерінде үйсіз-күйсіз күн кешіп, базарда ала қоржын арқалап, жанбағыстың жарапазанына түсіп, басына тартса, аяғына жетпей, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген өз қазағымыз емес пе? Қай тұста ата жолынан адастық, қай жерде жаңылып жаза бастық? Туралықтан қашан тайдық? Жауап іздейміз. Себеп іздейміз.
Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан алынды.