Өр Алтай бетіндегі менің туған ауылым Шәкүртіде тұтанып, Үш аймақ көлемін шарпып, қытай коммунистерін қынадай қырған осынау Ұлт азаттық көтерілісінің тірі куәгерлерін көзімізбен көріп, не хикаяларын тыңдап өстік.

Алғаш Есімхан, Елісхандар бастаған бұлғақтың туын көтерісіп, қазақ қосындарының бас қолбасшысы болған аталарым Сүлеймен мерген мен ұлы атам Шәукейдің (лақап аты «Сұрмерген») қасында жүріп, талай майданда қан кешкен атақты мергендер мен батырлар біздің үйге жиі келетін. Ол кезде атам да тірі. Әкем кенжесі болғандықтан біздің үй қара шаңырақ саналатын. Қара қазанға ас салынып, екі ағам және мен үшеуімізге қонаққа келген батырларға қызмет қылу міндеті жүктелетін. Сол шақтарда естіген әңгімелерімнің кейбірі көмескіленіп қалғанымен, есейген соң санамда қайта жаңғырттым. Соғыс көрген шалдардан қайта-қайта сұрап, адам және жер аттарын қайтадан нақтыладым.

Көргені көзінде, естігені құлағында қалатын, әрнеге қызығатын балалық шақ. Тете өскен екінші ағам екеуіміз егіз қозыдай жұбымызды жазбай, бірге ойнайтынбыз.

Жаз уақтысы еді. Ағам екеуіміз бір-бірімізді қуалап, алқын-жұлқын далада жүрсек, барқыт шапанын жамылған еңгезердей бір ақсақал есік алдында дәрет алып отыр екен. Ақшам намазына дайындалып жатса керек. Екеуіміз әй-шәйға қарамай қасына жетіп барып, жамырай сәлем бердік. Сол жағындағы құманын таласа алып, қосанжарлай қолына су құйдық. «Әй, жүгірмектер! Дәрет алған адамның қолына су құймайды!», – деп ұрысты арт жақта тұрған әкемнің үлкен ағасы. Оған қарайтын біз бе, дәрет алып болғанша құманға жармасып, қасында тік тұрдық.

«Әп, бисмілла! Сәби ғой, бұлар. Сәби ғой. Періште тілектері қабыл болсын!» деп күбірлеп, орнынан тұрды ақсақал.

Сөйтсек бұл кісі Есімхан, Елісхан, Ақтекелер бастап, Оспан батыр жалғастырған арпалыстың ішінде жүріп, қан кешкен атақты батыр Жылқайдар ата болып шықты. Бірге қан кешкен досы, атам Шәукейді іздеп келген беті екен.

Біздің шағын үй лезде үлкен адамдарға лық толды. «Құ үй соғысы», «Ышқынтыдағы қырғын» деген әңгімелерге құлақ түреміз.

Қиыр тау шатқалдары мен орманды жоталарда қытайлармен жан аямай соғыс салған осынау қазақ батырларының ауызынан не бір керемет хикаяларды естідік. Қасында мылтық оқтап отыратын елгезек көмекшіден екеуін алып, әр төбеге жасырынған мергендердің ентелеп келген жауды «Герман бесатармен» екі-үштен қабаттап ататыны қызық-тын. Қолына жалаңаш қылыш алып, көк арша арасына жасырынған жас батырлардың үстіне ентелеп келген қытай шеріктерін шалт қимылман қиялай шауып, ішек-қарындарын ақтарып тастап, жартасты қорымға сіңіп үлгіретіні бізді еліктіре түсетін.

Электр жарығы жоқ ауылдағы әр үйдің терезесінен кешке қарай қой майын ерітіп, қолдан ширатқан шамның жарығы жылтырайтын. Сыйлы қонақтар келген соң ба, біздің үйге үш жерден шам қойылды. Қазан түсіріліп, ас келгенше біраз әңгіменің шалғайын қайырған шалдар енді Жылқайдардың ауызына қарады.

Жөткірініп алып, арқасын жүкке сүйеген батыр: «Бір күні – деп бастады әңгімесін. – Тұрғын жақты барлауға кеткен хабаршылар «Гоминдаң жолын» басып, Белқайың асып, Жіңгені өрлеген жаудың жиырма шақты көңкесін көріпті.

Оспан батыр бастаған қосын сардарлары ақылдаса келіп, Қабдүлмалік екеуімізге бас болып, қасымызға қарақас Қапырыш батыр мен Рәшат мергенді қосып, шерушінің бір қос сарбазын ертіп, жауды шырғалап, «Тесіктасқа» қарай әкелуді тапсырды.

Алтай бетін мекендеген найман мен Абақ керейдің әр руы жау келетін негізгі өткелдер мен асуларды қос бойынша иелеп, әр ру өзі күзеткен жол тораптарына келген қытайларды баудай түсіретін. Ал мықты мергендер мен соғыс тәсіліне жетік батырлар қай рудан шықсада әр қолға ортақ қолбасшылық жасай беретін. «Жіңге», «Әмір-Сана» таулары шеруші руына қарайтындықтан бұл жақта Сүлеймен өзі бас болып жүр еді.

Қан жағынан жәнтекейден болсам да Сүлеймен мерген мені өзіне жақын тартып жүретін. Жасы үлкен, соғыс тәсілі мен абыройы өзгеден үстем ағаны бәріміз қадір тұтып, ұстаз санайтынбыз. Ертеңгі жорық жайын кеңскенімізде мерген маған бұрылып:

– Қасыңа қан көрген, әбжіл жігіттерді қосып берейін. Қапырыш та, Рәшат та, Қабдүлмалік те талай асуды көрген сенімді азаматтар. Қытайды қойша қырғындай беруге қатты құмар болма. Қаруға, олжаға қызығып, үлкен жоспарға кесір жасап алмаңдар. Үлкен жау шырғаға түсіп, алдымызға келсе, қалғанын өзіміз жөнге саламыз», – деп тапсырды.

Бұйрықты ала салып қаруымызды сайлап, етекке түсуге қамдандық. Мұсылман жосыны бойынша «Өлеск шейіт, қалсақ қазымыз» деп жақындарымызбен арыздасып, жорық қамын қылдық. Жаназамызды Мәсали молла таң намазынан кейін оқып, белімізге ақтық байлап жолға салды.

Көзеулі жерге түс ауа жеттік те ат белін суытып, шөл қандырдық. Көзеулі уақыт та жақындап қалды. Дағды бойынша үш адамнан бөлініп, жаудың алдын тостық. Бесін намазы болып қалған екен. Көңкелерін ағаш көпірге тастап, жаяу өрлеген сайлауыт қытай шеріктері де бізге жақындап қалды. Арамызды қарағай мен самырсын басқан қысқа сай бөліп тұр. Топаны мол жаудың біразын жайратып, өзіміз «Ұялыдағы» жартасты ормандарға сіңіп, қалған жауды оңтайлы төбелерде күтіп отырған Сүлеймен мен Шәукей мергендердің алдына салып беру басты жоспарымыз. Шырға үшін шай қайнатым уақыт қана ұрыс салып, жеңілген іспет білдіріп, кері шегіну – біздің көп айламыздың бірі еді.

Қабдүлмалік батыр жігіттерге атыс басталардан бұрын бесін намазын оқып алуды бұйырып, өзі имамдыққа қамданды. Өрге қарай тырмысқан жау шеріктері болса жанталаса баса көктеп келеді.

Көп шайқасты басынан кешкен жігіттер еш саспады. Оқтаулы мылтықтарын жанына қойып, төрт рәкат намазымызды асықпай оқып алдық. Жәйнамазымызды жинап, орнымыздан тұра бере ту сыртымыздан мылтық атылып, атыс басталып та кетті. Қазан тастарды қалқа етіп, жылдам қимылдаған Қабдүлмалік жау жақтан төрт адамды іркес-тіркес түсірді.

Қолдарына қос-қостан оқтаулы бесатар алып, жаңқа тсты қалқалаған Қапырыш пен Рәшаттың оғынан домалаған қытайлардың жан дауысы тау ішін жаңғыртты.

Сәйпіл мен Райхан, Самарқан мен Қабдел төртеуі бала самырсындар қаулай өскен қойтастар арасымен киіктей орғып, жаудың қиыс шетінен бүйідей тиді. Тебіндеп келген жаудың алдыңғы тұсы санап атқан оқтан ойсырап, әр тас түбінде қимылсыз қалған өлі бастар көрінеді.

Біздің жігіттердің осындайда ұстай қалатын бір жаман мінезі бар еді. Қырғын салған сайын қызығып, қызыл көрген аш бүркіттей тепсініп, өлген-тірілгеніне қарамай атыс салатын. Өлген жаудың мүрдесін баса көктеп, әр қытайды атқан сайын қаны қызып, құтырынып кететін. Соны сезген Қабдүлмалік сарбаздаға тауға қарай шегінуді бұйырды.

Шапшаң топтасқан жігіттер атыс сала отырып, қайың арасымен тауға өрледік. Шағын асуға жетіп, бекініс алдық та, артымызға қарағанда атыс болған жер көз алдымызға ап-анық көрінді. Темір телпектері әр жерде, бірі етпеттей, бірі шалқалай құлаған жау шеріктерінің өлекселері әр жерде шашылып жатыр.

Қатты ыза буған жау қолбасшысы наганын қолына алып, шеріктерді алға жүрге қузап шәңкілдейді. Бағана баршамыз намаз өтеген шағын текшеге жеткен әлгі кәпір бастығы тура біз сәжде еткен жерге түрегеліп тұрып дәрет сындырды. Бәріміздің көзімізді қан жауып кетті.

Атыс қызығында жүріп, таудың қысқа күні де батып бара жатқанын енді білдік. Бесатарын алып, нысанасын туралаған Рәшат мергенді Қапырыш батыр тоқтатты да:

– Бұл кәпірдің сыбағасын мен берейін! Қарап тұрыңдар, тура екі ұмасын дәлдеп тұрып, жалғыз оққа жем етейін. Мұсылманның оғы қалай дәл тиетінін көрсін!, – деді.

Тізесі басып тұрған ұзын күрмесінің етегін тартып, ыңғайланып алған Қапырыш батыр дәрет сындырып болып, белдігін буып жатқан қытайдың кіндік астын көздеп тұрып тартып қалды. Дәл дәрет төгетін әурет жерінен тиген жарты қарыс бесатар оғы әлгіні жалпасынан түсірді. Қапырыш пен қатар нысана көздеген жігіттер аңтарылып қалған шеріктердің оншақтысын өреден түскен құрттай домалатты.

Тау арасына ұйыған сүттей қоюланған қараңғылық екі жаққа да тыныштық сыйлады. Түнделетіп «Әмір-Сана» етегіндегі қойнауға бекінген сардарлар қосына қайтып келіп, Оспан батыр бастаған ел ағаларына сәлем бердік…».

Жалғасы бар…

Ұларбек Дәлейұлы

Бөлісу: