Жүрекке салсаң сезімге тартады, Ақылға салсаң төзімге тартады (Эксклюзив)

 ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫмен сұхбат.

 

–Қазақта бұрын қайтыс болған адамның мәйітін екі-үш, одан да көп күн сақтайды екен. Қазір неге асығыс жерлейді? Содан соң, «Аманат қою» деген қандай жоралғы?

–Кім болса да туысын «өлдіге» қимайды. Қазақ тіпті сондай халық. Екі-үш күн қоштасады, қайтіп келмесіне көз жеткізіп, көңілдерін суытады. Көз жұма сала көмсе, «құтыла алмай жүр екен» деген сөзге қалады. Екіншіден, қазақ көшпелі халық. Бірі ойда, бірі қырда, бірі қыстауда, бірі жайлауда жүреді. Малын айдап, біразға кетеді. Алыс-жақында құдандасы, ұрпақтары болады. Қайтыс болған адам соларды тосып жатады деген ұғым болған. Тоспаса, рух риза болмайды әрі ағайындардың өкпесіне қаламыз деген. Сонда ат сабылтып, хабар жеткізуге, олардың артынып-тартынып келуіне уақыт керек болған. Өлі дене қалыпты (салқын) жағдайда екі тәулікке шыдайды. Одан әрі бұзылмайтын жағдай жасайды. Қыста сақтау тым қиын емес. Ал қазір жағдай басқа. Жоралғының бәрін бір сәтте жасай алады. Бірақ адамның қайтыс болғанына көзі жетсе, оны көп сақтаудың қажеті жоқ. Араб елдері қазір де жарты тәуліктен артық сақтамайды.

«Аманат қою» – үркін-қарқын, көші-қон тағы сондай қысыл-таяң жағдайда бір жерге «аманат» қойып, кейін ата-баба қорымдарына апарып қайта жерлейді. Баяғыда қыстың қатал бір жылында бір жас жігіт азын аулақ малын отарда сақтап, көктемде шұбыртып қайта айдап келе жатқанын көрген байдың баласы:

–Ассалаумағалейкум, шұбырынды ақтабаным!– дейді мазақтап.

–Уағалейкумассалам, әкесін сүрі қылып қақтағаным,– депті. Сөйтсе, байдың бар малы жұтап, өзі де қайтыс болған екен. Қатты аязда ешкім жиналмай, жер қаза алмай, байды киізге орап, қыстай шошала үйде сақтапты…

– Гогольдің қабірін қайта ашқанда киімі дал-дұл жыртылып, өзі теріс қарап қалыпты дейтін сөз бар. Бұған не дейсіз?

Гогольді естіген емеспін. Бірақ бұл аңыздарда көп айтылатын өмірде де кезігетін жәй. Медицинада «клинический смерт» деген (шала өлім) құбылыс бар. Мұны анықтамай, медицинада көз жұма сала көмдірмейді. Ал қазақ оны екі-үш тәулікке дейін сақтап, жанның шыққанын анықтап барып жерлейді. Гоголь жарықтықты сол клиникалық өлімі жағдайын тоспай жерленген шығар.

Құрамында Жәнібек Кәрменов және Қапаш Құлышева, Жанар Айжанова, Еркін Асқаров бар, Нұрғали Нүсіпжановтың «Отырар сазы» ансамблін алып, 1990 жылы Түркияға барып бір айға жуық сондағы қазақтардың көңілін көтеріп, мұңдасып, танысып, табысып қайттық. Анкарадан Стамбулға қайтар жолға бауырында бұлттар жататын Боло деген ұлы таудан өтіп келе жатып, бір тұста Көроғлының зираты жатқанын естідік. Естідік те сол тұсқа тоқтап, құран оқып, бата жасадық. Асқар деген домбырашы жігітке «Көроғлы» күйін тартқыздық. Айнала күмбірлеп кетті. Әп-сәтте адамдар толып кетті. Қалың тұманнан көрмеппіз. Ауыл бар екен. Жарты сағат соларға концерт көрсеттік. Түріктер, әсіресе, домбырамен ойналған «Көроғлыға» қатты таң қалды.

1991 жылы Елбасының алғашқы сапары Түркиядан басталды ғой. Сол сапардың құрметіне арналған Түркияның мемлекетік концерті шымылдығын өздері емес, біздің дәулескер күйшіміз Қаршыға Ахмедияров «Көроғлы» күйімен ашты. Қара домбыраның күмбірімен тік тұрған қалың түріктің қошеметі біразға дейін басылмады. Сөйтсек, «Көроғлыны» түріктер өздеріне балайды екен. Ал ол жалғыз түрікке немесе түрікменге, әзірбайжанға ғана емес, бүкіл түркі халқына ортақ қаһарман, ортақ эпостық тұлға ғой. Бүкіл өмірін парсылармен күреспен өткізіп, көз жұмған сол Көроғлы Қызылбастар қырғынында қаза тапқан ананың құрсағынан қырық күннен кейін қабырда туыпты деген әпсана бар. Ал мұндай оқиғалар «Мың бір түн» мен «Бақтиярдың бұтақтарында» құдіреттің хикметтері түрінде сипатталады. Әсет Найманбаевтың «Шәкір-Шәкірат» қиссасында у құдықтың басында жылан шағып өлтірген Шәкіраттың денесін әлде бір кезде Меккеге бара жатқан ерлі-зайыпты қарттар Хаққа жалбарынып тірілтіп алса, «Салиха-Сәмен» қиссасында патша жасақтары өлтіріп, үңгірге тастап кеткен Сәмен батыр да төрт тәуліктен кейін қайта оянады. Жалпы жүрек тоқтаса да адам денесінде жанды сақтай алатын потенциал (мүмкіндік) болатынын ғылым да жоққа шығармайды.

–Қазір әркім-ақ жеті шелпек пісіріп, дұға оқып, тілектерін өз тілінде айтып жатады. Сол дұрыс па? Сонан соң осы «жеті» қайдан шыққан?

–Жеті – қазақта киелі сан. Меніңше, ол тегіннен тегін қасиет етілмеген. Өйткені, көп нәрсенің сипаты жеті санымен саналады.

Жыл айдан, апта айдан құралса, апта жеті күннен тұрады. Демек, жылдың басы жеті күн. Нұрдың түсі жетеу. Үн жеті ырғақтан тұрады. Денедегі сезім мүшесі де, иманы сенім де – жетеу. Көк жеті қат, жер жеті қат. Нәсілдің асылдығы жеті буынмен (жеті ата) өлшенеді. Әулие – жетеу, қазына да жетеу. Жоқ – жетеу, жетім– жетеу, Науырз көже  жеті дәмнен жасалады. Тіпті, тұсауын кескен баланы да «жеті ықылым жерді арала, жеті жұрттың тілін біл» – деп, әуелі жеті қадам жасатады. «Жеті шелпек те» соның біреуі.

Құран Кәрімде «Алла Тағала он сегіз мың ғаламды алты күнде жаратты да жетіншісі (жұма) күні Ғарышты меңгерді деген аят бар. Әкем марқұм бір кезде Міржақып Дулаттан дәріс алған, Медресені де тауысқан, ескі-жаңаға бірдей жан еді. Осы «жетілер» жоралғысы қайдан шықты дегенге Құрандағы жоғарғы анықтаманы айтып, мұнда әрі табиғи тағылым әрі дүниеуи дәстүр бар деуші еді. Жетілер ұғымын мен де солай түсінемін.

Ал оны қай күні пісіресіз, ол сіздің еркіңізде. Негізі жұма күні дұрыс. Кімге, неге арнайсыз, тілекті қай тілде айтасыз тағы өзіңіз біліңіз. Тек ниетіңіз түзу, тілегіңіз ақ, сеніміңіз мықты, жүрегіңіз таза болсын. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Алла атымен жасаған ырымда қырын кетпейді.

–Адамда «өзін өзі табу» дейтін бір күрделі құбылыс бар ғой. Біздің өзіміз де басымызды тауға да, тасқа да ұрып көрдік. Ақын боламыз, шабыт шақырамыз деп, шарап та іштік. Қазір бұл тағдырды сырттан іздейтін де көбейіп кетті. Сонда оны қайдан, қалай іздуге болады?

–Иә, бұл тым күрделі құбылыс, өмір бойы үзілмейтін үрдіс. «Еңбектеп өмірге енесің». Ата-ананың мейірімі, аға-бауырдың ынтымағы, айналаның аялауы, жанұяның жылуы кәмелетке жеткізеді. Одан әрі кемел адамдықтың жорығы, өзіңді өзің іздеу үрдісінен басталады. Көлденеңдеп пенделік пиғылдың, пәни дүниенің кедергілері шыға келеді. Данышпан Абай айтқандай «Бес асылды игеру үшін,  бес дұшпанмен» күресуің керек. Қанағаттан айрылсаң, тойымсыз топастық иектейді. Тәубеден жаңылсаң тағы болып кетесің. Кеудеңнен шүкіршілік көтерілсе, оның орнын күпірлік басады. Сезім мен төзімнің, жүрек пен бастың тізгінін тең ұстамасаң тағы да адасасың.

«Жүрек қасиетті-ақ. Бірақ ол – жеңілтек» дейді. Лұқпан Хакім: «Оны баспен басқару керек. Жүрекке салсаң сезімге тартады. Ақылға салсаң төзімге тартады. Сезім мен төзімнің тізгінін тең ұстасаң ғана кемелдікке жетесің!». Көрдіңіз бе, басқаны қойып, сезімнің өзіне тізгін керек екен. Демек, өзіңді өзің табам десең, ең әуелі өз бойыңдағы кінәраттармен күресуің, қағілездігіңді қалғытпай, сезіміңді сілкіндіріп отыруың керек. Өзін өзі танымаған жан өзгені де танымайды. Онда сыйынатын Тәңір, сүйенетін сенім, ұлықтайтын ұлылық, қорғайтын құндылық та болмайды.

–Ал осы танымды сабылып сырттан іздейтіндерге не дейсіз?

–Ол өзін іздеу емес, өзін өзі жоғалту деген сөз. Қазақ оны бастан көп кешкен. Туған жерден үркіп те, қашып та, босып та көрген. Барған жерден бақыт таппаған. Керісінше, отансыздықтың отына күйген, сандалып, сағыныш кешкен, өкініп, өмірі өксіген. Қазақтың үштен бірі, әлі Атамекенге жете алмай, тоз-тоз болып, әр жақта жүр. Ұлылықты ұлтыңнан ынтымақты ұйысқан ұлысыңнан ізде. Кеңдік керек пе? – далиып далаң жатыр. Биіктікке құмартсаң – күллі түркі кіндік кескен Алтайың, асқара аспанмен таласқан Алатауың тұр.

«Тауды бұзып, тас жарған,

Таза, мөлдір бал бұлақ.

Айна бетін аспаннан,

Аймалаған ай құлап.

Тұнығы шөл қандырып,

Тіліңді ала қашатын,

Самалынан әл кіріп,

Сарайыңды ашатын» бал бұлақтан артық қандай тұнықтық керек. Сен өзіңді осыдан ізде. Тіліңді, дініңді, діліңді сақта. Әуелі, өзіңді танымасаң өзгені де танымайсың.

–Қазір ел ішінде өздерін әулие санайтын сәуегейлер мен көріпкелдер, тамыршылар мен тәуіптер көбейіп бара жатыр. Солар шын мәнінде ұлтқа қайта оралған дәстүрлі данагөйлер ме әлде, далбасалар ма? Оларға сіз сенесіз бе?

Бақсы, балгер, тамыршы, емші, көріпкел, тәуіп дегендер бұрын да болған, қазір де баршылық. Адам әлеміндегі бұл да бірқилы құбылыстар. «Дауасыз дерт, жазылмас жара, шарасыз шырғалаң жоқ». Біреуге дерт жіберіп, оны біреуге емдетіп, біреуге бір нәрсені бүлдіртіп, енді біреуге жөндетіп, енді біреудің есін ауыстырып, тағы біреуге ақылымен қайта қауыштыртып қойған да Құдіреттің ісі. «Ей адамдар, сендер бірің артық, бірің кем (әр алуан сипатта) жаратылдыңдар. Осыдан ғибрат алыңдар» деген аяттар бар.

Сол ғибрат үшін пенделерден ақыл-парасатын арттырып, Пайғамбарлар жіберді. Оларға да түрлі-түрлі мұғжизалар (кереметтер) дарытты. (Мусаның асатаяғы, Жүсіптің түс жоруы, Исаның алапесті емдеуі, біреуге желді жетелетіп, енді біреулерге құстың тілін білдіріп қоюы сияқты). Болжамайтын болашақ, көрмейтін құбылыс, емдемейтін ауруы жоқ етіп, көкіректерін ілімге толтырып Қызыр әулиені, Лұхман Хакімді әкелді. Нысандай абыз, Қойлыбайдай бақсы, Көкшедей әулие қазақта да аз болған жоқ. Бақсы-балгерліктің үнділерде «Нахидатизм», Тәңіршілдерге «Шаманизм» жүйелері, ғылымда «Телепатия», «Спритизм» ағымдары бар. Тек олардың бәрі адамзатқа бодаусыз қызмет етуге бұйырылған. Бұлдау – үлкен күнә. Өз басым қазіргі Алла атымен алақан жайып ақша сұрайтын, құжынаған құмалақшы, сарнаған сәуегейлерге, зіркілдеп зәреңді ұшыратын зікіршілерге сене бермеймін.

–Бақсының ойнағанын көрдіңіз бе?

–Нағыз бақсыны көрген жоқпын. Бақсы болып ойнағандарды білемін. Қазиқан деген құдамыз болды. Алты бақсының жынын шақыратын. Сарнайтын, зіркілдейтін, күбірлейтін. Қилы-қилы күйге түсетін. Қыза-қыза шаңыраққа шапшитын. Қызған темірді жалайтын. Жындарын қуып, жанталасатын. Бірде, тіпті, екі-үш күн толғатып, босана алмай жатқан балдызына базына жасап, бақсы болып келіп, «Кет бәлекет, босат қызды!» – деп ақырып, шымылдықтың етегі қамшымен ұрғанда бала «шыр етіп» жерге түсіпті. Бір ғажабы, осыдан кейін «бақсылықты» бір жолата қойып кетіпті. Неге десе, «Мен бақсы емес, сайқымазақпын. Тұқымда ондай жоқ. Ойыннан от шығып келе жатыр. Кейде өзімді ұстай алмайтын күй кешемін. Бүйтіп жүріп біреулердің обалына қалар жайым жоқ» дейді екен.

1944-1945 жылы шекараның арғы жиегіндегі біраз елді Зайсан, Марқакөл аудандарына өткізіп, қытайларды бір жыл оқшаулап тастаған. Сол ағайындардың халын сұрап, көңілдерін көтеруге Қазақстан өнер қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Күләш, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбековтар барған. Қазиқанның қойып кеткен бақсылығын қолқалап отырып, солар ойнатты. Осы жаққа алып қалмақ болды. Бірақ Үкімет рұқсат етпеді. Өтірік бақсының ойынын сонда көрдім.

–Ислам руханиятында Лұхман айрықша айтылады. Ол Пайғамбар ма әлде мифтік тұлға ма?

–Құран Кәрімде 23 Пайғамбар, төрт тұлға айтылады. Парасатты Пайғамбардан кем соқпайтын, сол төрттің бірі – Лұхман Хакім. Исламият руханиятының, илаһи ілімнің ұлы насихатшысы, бүкіл тіршілігі – тағылым, бар ғұмыр ғибрат болған тұлға. Былайша, адамдықтың ең жоғарғы сатысы – Имани Кемал, инсани Кемалдық (имандық толықтық пен адами толықтыққа) бірдей жеткен ақыл иесі. Лұхманның өз ұлына берген ақылы, қалдырған өсиеті Құранда айтылады. Сонымен бірге қарағаны қуат беретін, Алладан соңғы аса шарапатты шипагер болған. «Жаста қылған ғибадат – тасқа ойған таңбадай» дейді ғой. Менің де бала күнімде естіген бір хикметім есімнен кетпейді. Қызылдардың қысымына ерте түскен әкем дертке де ерте ұшырап, отырып қалған жан еді. Жаны сәл жадыраса бала оқытатын. Қол тоқпақтай ғана көрігінің тұмсығын шоққа тығып, ысылдатып үрлеп, темір қыздырып, бәкі-пышақ соғатын, күміс балқытып, жүзік, білезік жасайтын. Сынған шыны-шәйнектерді құрсаулайтын, жүргі қысылғанда зәреміз ұшатын. Өзі қиналып отырып, бізді жұбабтатын. «Лұхман Хакімге жазылмайтын дерт жабысқан бір міскін келіпті» дейтін еді. Хакім қабылдамапты. Өмірден үміт үзген бейшара сүйретіліп келе жатып, айдаладағы бір жас отаудың табалдырығына келіп құлапты. Сиыр сауып жүрген келіншек жігітті сүйреп, төрге жатқызып, сауған сүтін күбіге құйып, екінші сауымға кетіпті. Өліп бара жатқан ауру аунап-қунап күбіге жеткенде сүт ішіп жатқан жылан жылт етіп ініне кіріп кетіпті. Жыланның тұмсығынан түскен сүт бетіндегі топырақты қасында тұрған құрайман арластырып-араластырып, сүтті сіміріп алады да ұйықтап қалады. Құданың құдіреті, содан сергек оянып, секіріп тұрып кетеді. Жігіт Хакімге келеді. Хакім аң-таң. Жігіт бастан кешкенін баяндайды. – Сені емдеу үшін жеті жылғы қысыр сиырдың сүті, жеті жылғы қысыр жыланның уы, адам денесінің нәрі сіңген топыраққа өскен шөптің нілі керек еді, – депті Хакім. – Қысырдың сүтін де, өліктің нәрі сіңген шөпті де табармын. Жеті жылғы қысыр жыланды қайдан табамын. Сені алдарқатпағаным сол еді, – деген екен. Жігіттің жолымен айдаладағы отауға келеді. Сүт қысырдікі екенін біледі. Ендеше, анау жылан да жеті жыл жұмыртқаламаған. Енді қурайдың түбін қазса оның астынан адамның жамбас сүйегі шығыпты. –Қорықпаңдар, қарақтарым, – дейтін, осындайларды айтып. – Көрдіңдер ме, тіпті, Лұхман Хакімнің қолынан келмегенді Хақ Тағала айдаладағы жас отаудың отбасынан-ақ үйлестіргенін. Тек Алланың рахымынан күдер үзбейік!

–Шешем Айжамал немере апамыз келін болып түскенде, дастарқанда жаңғақ, кәмпит сияқты мәзір болмай қатты қысылған екен. Бір уақытта шаңырақтан бір қап жаңғақ, бір қап кәмпит түсіпті, –деп өзі көргендей әңгіме ететін еді. Сонда ол қалай болғаны? Сонан соң жын-пері,  жалмауыз кемпір, жезтырнақ «үйдің иесі» дегендерге діни бір дәйектеме, пәтуа бар ма?

–Қожанасырдың бір күні ақша керек болып, «А,Құдай, маған дәл қазір тұп-тура 100 ділдә бер. Одан бір тиын артық берсең де бір тиын кем берсең де алмаймын»,– деп күңіренетіні  бар еді ғой. Соны естіген біреу Қожекеңді сынамақ болып, шаңырақтан 99 ділда түсірмей ме. Қожекең санайды да қалтасына салады.

-О, Қожеке, әлгі бір ділда кем болса алмаймын деген антың қайда, – дейді ғой ақша иесі.

-Е,Алла есеп білмейтін, сен сияқты надан деп пе едің. Ділда 99 сыртындағы қабымен 100 емес пе, – деп жүре беріпті. Сірә, той үстінде шаңырақтан түскен екі қап тәтті де сол сияқты біреулердің қитұрқысы болмаса, қазіргі заманда Құдайсыз қоғамда адам илана қоятын құбылыс емес сияқты.

Ал жын Құранда айтылады. Көзге көрінбейтін, ізі білінбейтін бір тылсым тұлға. Қиян кескі соғыстарда, апатты сәттерде, әділетті шаққа аяқ астынан шыға келіп, көмектесіп жүретін (Алланың әмірімен) жасақ түрінде айтылады. Мысалы, Жоңғарлар жеңіп бара жатқанда аяқ астынан шыға келіп, жайратып тастайтын. «Мың баланың» жасағы сияқты. Пері, жезтырнақ, жалмауыз кемпір үйдің «иесі» дегендер осы жынның мысалында, пенделерді пәлекеттерден сақтандыратын, қорқытып, қашық жүруге ескертетін мифтік тұлғалар. «Қорыққанға қос көрінеді». Егер өмірде әлдекім ондайды көрдім десе, ол психологиялық ауытқудың әлегі.

Қ.Бегманов

Бөлісу: