(Біздің елде келін түскенде жасалатын жол-жоралғылар мен ырымдар)

Келін түскенде,  келін көлікпен келсе, оны үйден алыстау жерге түсіреді, жаяу келсе де үйден алыстау таза жерге тұрғызып қояды (Бұрындары ауылдан екі-үш қырқа астында тұрған, бұл келіннің ауылға деген, аруақтарға деген құрметі). Келін түскен үйдің жақын әйелдері жаңа түскен келіннің үйінен тартып жіберген басындағы қызыл орамалды шешіп, орнына ақ орамал тартады. Сосын шарқат ( ШАРҚАТ  – жаңа түскен келіннің басына салатын торлы, шашақты үлкен ақ орамал) алып шығып, жаң түскен келіннің басына жабады. Екі жағынан жақсы қасиетке ие, бала тапқан екі абысыны қолтықтап, үйге қарай алып жүреді. Үйге жақындағанда, үшеуі де иіліп, сәлем салып келуі керек. Үйге кірместен, отқа май ерітіп, шарқаттың төмен жағын сәл көтеріп, Биссимилла деп, үш рет айтып, иіскетеді. Үйге кірерде Биссимиллаһи рахманр-рахим деп, табалдырықтан оң аяқпен аттайды.

 

ЕСКЕРТУ

Жаңа түскен келіннің басына шарқат салынған соң, бетінен сүйемін деп, т.т. сылтаумен шарқатты өзгенің ашуына болмайды (өте қажет болмаса, ауырып қалып тб жағдайда болмаса).

Жаңа түскен келінді енесі, жақындары бетінен сүю үшін шарқатты ашпай, сыртынан тек маңдайынан иіскеуі керек. Бөтен кісілердің құшақтауына болмайды. Себебі, жаңа туған бала, жаңа түскен келін сүйкімді болады. Жаңа өмірге қадам басып, өзге үйге келін болып түскен жас уайымдап, қамығып, денесі дірілдеп, жүрегі алып-ұшып, жүрексініп, бойы балқып, әлсіз күйде болады. Сондықтан, қазақ жамандықтан сақтау үшін, келінге шарқат жабатын болған, тіл-сұқ, көз тиеді және сүр ауруы (қояншық, бала көтермеу, жұқпалы жіңішке ауруы бар, т.б.) кісілердің ауруы өтеді  деп. Үйге кірген соң, үстіндегі қыз күнгі киімдерін шешіп, енесі келініне арнап сақтаған кең, қазақы киімдер кигізеді. Үйдің оң жағына құрылған шымылдыққа енесінің келініне арнап, сырған таза көрпешені төсеп, отырғызады. Шымылдықта келін отырғанда өзге кісілердің, ер азаматтардың кіруіне мүлдем ұлықсат жоқ. Шымылдықта тек жанашыр қайынсіңлілер, құдашалар ғана отырады. Шымылдықтың жанында бір әйел және отырғандардың ішіндегі естияры келінге қарауыл қарап, өзге кісінің шымылдыққа кірмеуін және әлдебір арам ойлы кісінің қастық үшін дуа, т.б. заттарды қалдырып кетпеуі үшін қарайлап отырады. Беташар жыры айтылып болған соң ғана келіннің шарқаты түріліп, жарым-жартылай, жүзі сәл ғана көрінетіндей етіп, бетін ашып қояды.

Қосымша ескерту:  жаңа түскен келінге әдейі қастық жасалатын жағдайлар болады, бала көтермей жүрген әйелдер, көптен сүр ауруы бар кісілер ырымдап, дуа, түрлі заттарды тастап, өз басындағы ауырлықты жаңа түскен келінге аударады. Мұндай жағдайларды өмірде көрдік, есіттік, сондықтан білмейтін, есітпеген жандарға ескертіп отырмыз.

Кейінгі уақытта келін түсіру дегенді ойынға, сахналық көрніске айналдырып, беті ашылмаған келінмен суретке түсіп, айдай әлемге (әлеуметтік желілерге) жариялап жатқандарды, жаңа түсіп жатқан келіннің шарқатын ашып, сүйіп жатқандарды және еш жақындығы жоқ жандардың құшақтап жатқанын көріп, бұрыннан келе жатқан ұлтымыздың әдебі мен салтын, кезінде өзіміз көрген, білген үрдістер мен ырымдарды, тиымдарды жазып отырмыз.

Әп-әдемі, сүйкімді, тап-таза, Құдай жеткерген келінініңізді, болашақ ұрпағыңыздың анасын өзгенің тіл-сұғынан, көзінен, айығуы қиын дертінен, басында жүрген түрлі қиыншылығынан сақтаңыздар.

ҰРПАҒЫМЫЗ  – сақтансақ, сақ болсақ, сақтасақ сау-саламат болады.

Еске түскенде жазайын, біздің бала кезімізде келін түсіп, үйге жақындағанда 2-3 бала ұзын бақанды (талдың жуандау бұтағынан кесілген, ұзындығы 4-5-6 м ағаш) екі жағынан көлденең ұстап, келінді, жанындағы кісілерді өткізбей, тоқтатын ырымы бар еді. Бақан ұстаған балаларға тәттілер, не аздап ақша беретін, сонан соң келіннің жолын ашып, үйге қарай жіберетін.

Бұл кейінгі уақытта ұмытылып кетті.

 

     Оқырманнан қосымша

        Нұрзипа Бербиева:

Өте құнды пікір. Тамаша жазылған. Осыған қосымша мен де өз білгенімді қоса кетсем деймін. Қазақта «сәлем салу» дәстүрі бар. Бұл да келінді сұқ көзден, жаман пиғылдан қорғау үшін жасалады. Әдетте жаңа түскен жас келінге кез келген адам сұқтана қарайды. Олардың ішінде неше түрлі адамдар болады жоғарыда айтылып кеткендей. Өз бойларынан жағымды, жағымсыз қуатын бөлетін адамдар да болады. Келін иіліп, қолын алдына айқастырып сәлем салған кезде өзіне бағытталған әр түрлі қуатты немесе көзқарастарды бойына дарытпай, кері итереді. Бұл дәстүр өзін-өзі қорғайды дегенді білдіреді. Бұл қазіргі заманғы психологияда да бар. Адам қолын алдына айқастыру арқылы кез келген жаман нәрселерден сақтана алады дейді. Бұдан біздің ата-бабаларымыздың қандай білімді болғанын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Сол сияқты ер адамдар аяқтарын айқастырып, малдас құрып отыру арқылы да өздерін сақтандырып отырған.

 

КҮЙЕУ БОП БАРҒАНДА

(Біздің елде құда түсіп, айттырылған қалыңдығын әкелуге барғанда)

Бала күнімізде бойжеткен апаларымызды ұзатарда ауылға күйеу-құда келетін. (Осы күні де төменде жазылатын үрдістердің біразы сақталған)

Құрамы: Бас құда («қоржын құда» деп те аталады. Келін алатын үйдің құрмет тұтатын ағайын, құда, нағашы, т.б. кісілерді жібереді) екінші құда, күйеу жолдас, (күйеу жолдасқа жақындарының әдепті, барған жерде ұятқа қалдырмайтын, отырыста жөн-жосықты біліп, салт-дәстүрден хабары бар жігітті таңдайды), күйеу бала. Күйеу-құда жіберетін үй қоржын дайындайды. Қоржынға салт-дәстүрге байланысты берілетін киімдер, тауарлар, тоғыздар, ілу, әшекей бұйымдар, т.б. салып дайындалады. Құданың қалтасына мата т.б. салады және тартылған табаққа біраз ақша береді, күйеужолдас пен күйеу баланың қалтасына да мата, орамал салады және тартылған табаққа салатын ақша береді. Күйеу жолдас пен күйеу бала бастарына тақия киюі міндетті (қайынжұртқа құрмет).

Қыз ұзататын үй белгіленген күні дайындалып, сол үйдің ет жақындары, үлкен-кішісі, көрші-қолаң таңертеңгілік күйеу-құда келетін үйге жиналады. Құдалар келгенде алдынан шығып, қарсы алып, үйге кіргізіп, төрге отырғызып, бата жасалады. Ал, күйеу бала мен күйеу жолдас үйден алыстау көрінетіндей жерде тұрады. Сол жерде аз уақыт тұруы шарт. Құдаларды жайлап болған соң, қыздың екі жеңгесі, біреуі күйеу қабылдайтын үйдің келіні (әр атқарылатын іс алдын ала ойласып, кім баратыны белгіленіп қояды, сол үйге жақын отбасылар қыз ұзату тойында атаусыз қалмауы керек) күйеу жолдас пен күйеу бала тұрған жерге барып, амандасып екеуін «күйеу түсетін үйге» алып барады.

Күйеу түсетін үйге сол ауылдың жастары, қыз-жігіттер барып, қонақтармен танысып, емін-еркін отырып, ән салып, көңіл көтеріп отырады. Күйеу жолдас пен күйеу бала түскен үйдің төріне шықпай, оң жақта отырады (киіз үйде болса, күлдіреуштен аспауы керек).  Олардың бір атқарар міндеті, сол үйге бірінші рет келген кісіге, ол үлкен болсын, бала болсын (екінші рет қайта кірсе, тұру міндет емес) құрмет ретінде орнынан тез тұрып, қарсы алады, жасы үлкен кісі болса, күйеу жолдас бастап, соңынан күйеу бала қос қолдап сәлемдесуі керек. Келген кісі «отырыңдар» деп айтпайынша, отыруға рұқсат жоқ. Осы шарттарды орындамаса, ауызы батыр кісілер қатты сөздер айтып тастайтын. Еліңе сөз келеді. Сондықтан бұл шарттарды бұлжытпай орындау керек. Мұны үйінен шығар кездері үлкендер күйеу мен жолдасына үйретіп, орындау керек екенін қатаң тапсырады. Сол үйде жастар тамақтанып, әзіл-қалжыңдасып, көңіл көтеріп, ән салып, емін-еркін отырады. «Күйеу түскен үйге»  қымбат киім, мата, орамал т.б. беріледі. Күйеу жолдастың қалтасына салынған мата мен ормалды қыз ұзататын үйдің жақындарының келіні алады.

Қайын атаның үйіндегі тамақ дайын болған соң, күйеу жолдас пен күйеу баланы екі жеңгесі ертіп, құдалар отырған үйге әкеліп,   үлкендерге сәлем бергізеді. Кейін жастар көрші үйде не келесі бөлмеде отырып тамақтанады. Тартылған әр табаққа ақша салып отыруы шарт.

Құда күту: келген құдаларды сынап отырады. Бұрыннан келе жатқан құдалар орындайтын міндеттер мен шарттар бар. Кейбір шарттар ауырлау да келеді. Қыз алу оңай емес, сондықтан жаңа құдалардың айтқанын орындау міндет. Кейбір ауылдың құда күтуі ауырлау болса, кей ауылдың құда күтуі қиындау бола бермейтін. Шарттар: жақсы бата беру, қалтаға салынған маталарды беру (құданың қалтасын қарау деп аталады, сол үйге жақын отбасының әйелі қалта қарауды алады), тартылған табаққа ақша салу, т.б. Сол ауылдың қалжыңқұмар кісілері құдаларды әурелеп жататын. Керегеден құданы бақанмен түрту т.б. әрекеттер. Оның жолы жасалуы керек. Бұл үрдіске орамал, аздаған ақша беріп құтылады. Сол күні қыз ұзататын үйде той болып, халықтың батасын алады. Тойдың соңына таман қоржын ашылып,  қоржынмен келген дүниелерді керегенің басына көлденең бақан қыстырылып, қоржыннан шыққан дүниелерді іліп қояды. Ел түгел көруі керек (әйелдер отырған жерде қоржын ашылады).

Қоржын ашылып, ілу ілініп, қоржыннан  берілетіндерге тиесілі дүние беріліп, шапан жабылатын кісілерге жабылады. Және бір айта кетер дәстүр  «АУЫЛ АЙБАТЫ» деген болады. Бұл сол әулеттің беделді, абыройлы кісінің отбасына беріледі. Бұл әулеттің, ағайынның бірлігін, ынтымағын білдіретін, бір кісіге бағынып, ауызбіршілікке шақыратын үрдіс. Қоржыннан берілуі тиіс дүниелер беріліп болған соң, БАС құда сол жерге шақырылып, отырған жұрт қоржынның бағасын береді. Сонан соң, үлкендер жағынан бата жасалады. Сол түні құдалар, күйеу жолдас, күйеу бала сол үйде болып, жастардың отырысы болады. Қызды таңертең ұзатады. Қызды ұзатарда жақсы киімдер кигізіп, басына қызыл орамал тартып, ата-әжелеріне, ата-анасына, жақындары жиналып отырған үйге әкеліп көрістіреді. Құдалар мен күйеу жолдас, күйеу бала үйге кіріп отырады. Сонан кейін үлкен атасы мен әжесі және қыздың әкесі жастарға батасын береді. Жастар батаны түрегеліп тұрып алады. Бата жасалған соң, күйеу жолдас пен күйеу бала сол ауылдан не үйден шығып, алыстау жерге дейін жаяу баруы керек (бұл ауылға, қайынжұртқа деген құрмет, сыйластық).

Күйеулер кетерде «Күйеу аттандырар» деген салт бар. Оны да сол үйге жақын бір үйдің келіні реттерімен алады. Құдаларды шығарып салған соң, ұзатылатын қызды сол ауылдың жастары, жеңгелері, апа-сіңлілері т.б. болып үйден алып шығып, ауылдан не үйінен біраз жер жаяу барып, көліктеріне отырғызып жібереді.

Құда-күйеу келгенде атқарылар жұмыстар мен беретін, алатын реттер болады. Оны ағайынды ренжітпей, сол үйге жақын үйлердің келіндері ретімен атқарып, алатын нәрселерді алады. Бұл – ағайын-туыстың, жақын-жуықтың бірлігін, ауызбіршілігін білдіреді. Реті келгенше, жақындары атаусыз қалмайды. Қоржыннан мата, орамал, сақина-білезік, қарияларға шапан жабылатындарына шапан жабылып, үлкен әжелерге камзол, т.б. қымбат дүниелер беріледі. Үлкендердің ризашылығымен батасын алады.

Иә, салт-дәстүр ұлттың ұстанымы мен наным-сенімінен құралып, тұрмыстық дәрежесін білдіретін құнды дүние. Өзге халықтан айырмашылығын білдіріп тұратын, өзіндік ерекше дүние. Қандай да бір мереке, той, ас беруде, күнделікті тұрмыста қолданған, осы күні де қолданып келе жатқан салтымыз бен үрдісіміз, ырымдарымыз бен тыйымдарымыз белгілі бір дәрежеде адамның өміріне әсері бар екені анық. Келін түскенде, қыз ұзатарда жасалатын үрдістердің қолданылуы бірінші сақтық екені ақиқат. Бұрынғылардан келе жатқан осы ұлтымыздың құнды дүниелері ұрпағымыз азбасын, өсіп-өнсін, тәрбиелі адам болсын, тұрмысы жақсы, өмірі бақытты болсын деген ниеттен туғаны шындық.

Салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп, ата-ананың үмітін ақтап жүрейік.

 

 

 

Оқырман пікірі

Ассалаумағалейкум, Оңдасын аға! Амансыз ба? Біздің ауылдағы – Бесқала қазақтарының дәстүрі толық жазылған екен. Керемет! Барлық қазақ осы дәстүрді орындаса, жастардың ажырасуы, күйеу баланың, келіннің  қайын жұртты сыйламауы сап тыйылар еді. Күйеу мен қайын жұрттың ортасындағы сыйластықтың, келін мен ата-ененің ортасындағы сыйластықтың ара жігін ажыратып айтып отыратын кісілердің азайып бара жатқаны ма? Болмаса ұят пен ибаның әлсірегені ме? Кейінгі уақытта аталы сыйластықтың азайып бара жатқаны ойландырады.

Замандастарымыздың келіндері мен күйеу балалары «папа, мама» деп сөйлейтіндері бар. Жоғарыдағы дәстүрдің негізгі мақсаты: жоралғылар мен кәделер арқылы екі жақтың сыйластығын, сыйластық болғанда, құда-лардың ортасындағы мың жылдық, күйеу мен қайын жұрттың ортасындағы жүз жылдық сыйластық пен ұят, ибаны нығайту деп түсінем. Осы жазбаның әр жоралғысының, кәдесінің негізгі мақсатын ашып айқындап жазса, сауап болар еді. Мысалы, не үшін күйеу күлдіреуіштен жоғары отырмайды. Себебі, ол сол шаңырақтың қызын алып отыр. Ол қыз арқылы шаңырақ көтеріп, ұрпағын көбейтіп, отағасы деген атқа жетіп отыр дегендей, нақтыланса.

Тағы бір атап айтар ой: Алтай мен Атыраудың арасын мекендеген қазақтың жергілікті салт-дәстүрлері толық сәйкес, ұқсас, біртекті болуы ойланарлық мәселе. Оның үстіне, отаршылдықтың орамынан жазыла қоймағанымыз тағы бар. «Мама мен папа» қалмай тұр дегендей, кедергілер көп-ақ.

Рақмет, Оңдасын аға! Екі минутта оқып, екі сағат ойланып отырдым. Тап осы кезге керекті де, дұрыс жазба!         Наурызбай Тұрымбетов.

 

 

 

Оңдасын Оразов, қаламгер

 

Бөлісу: