Кітапхана жобалары мәдениетті оқырман қалыптастыруда

   Кітапхана – оқырмандардың ой-өрісін кеңітіп, рухани азығын молайтады. Кітап – адам өмірінде маңызды роль атқарады. Кітап біздің рухани жан азығымыз. Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезім ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт — дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде.

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында кітап пен кітап оқуды насихаттап, белгілі тұлғалар арқылы оқырмандарды шақыру мақсатында «Ақтөбе – оқырман қала» жобасы жүргізілуде. Жоба барысында ҚР-сы  Жазушылар және журналистер Одағының мүшесі, өнер зерттеушісі, білім және  мәдениет саласының ардагері,  ҚР Педагогикалық Ғылымдар Академиясының акедемигі Нұрлыбек Қалауов «Адам кітаппен дос болғанда ғана, болашағы жарқын болады» деп оқырмандарымызды кітаппен дос болуға шақырады, өзге де Ақтөбелік тұлғаларымыздың қатысуымен жобамыз өз жалғасын табады.

Осы жоба аясында кітапханамыздың тұрақты оқырманы, «Желкен» әдеби клубының мүшесі, М. Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 8 сынып оқушысы Шаймерден Нартайлы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхасының ұйымдастыруымен жүргізіліп жатқан «book.pay.@it» атты облыстық жобасына қатысып жатыр. Жобаның басты мақсаты әлеуметтік желі арқылы кітапхана оқырмандарының санын арттыру және шығармаларды талдау және таңдау қабілетін дамыту. Жоба барысында бізге берілген тапсырма ай сайын бір кітапты таңдап алып, кітап және кітап авторы жайлы мәлімет беру, кітаптан дәйексөз ретінде бес үзінді ұсыну, шығарма туралы жарнама түрінде бейнеролик дайындау. Дайындаған ақпараттарымызды әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарымызбен бөлісеміз. Қазіргі таңда біз жобаның төртінші айналымына келіп жатырмыз. Алғашқы қаңтар айына ұсынған кітабымыз – Кеңес одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы. Кітапқа автордың балалық шағынан, ес біле бастаған мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, ұстанымы, дүниетанымы әсерлі бейнеленген этнографиялық шығарма. Нартайлыға бұл шығармада Бауыржан Момышұлының әжесінен тыңдаған ертегілері ұнаған болатын.

Келесі ақпан айында, түрік жазушысы Миясе Сертбаруттың «Сыр жасырған тұман» атты фантастикалық шығармасын талдадық. Кітап шытырман оқиғаға толы, әрі заманымыздың көзі ашық, білімқұмар жасөспірімдерін еріксіз қызықтыратын шығарма.

Наурыз айында таңдаған туындымыз, ғаламды мойындатқан шығарма — «Он бес жасар капитан». Авторы атақты француз жазушысы, ғылыми-фантастикалық роман жанрының негізін қалаушылардың бірі Жюль Верн. Бұл кітапта кит аулаушы «Пилигрим» кемесінің басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Қатерге толы мұхит толқынында он бес жасар Дик  кемені қиын-қыстау кезде аман алып қалады. «Адам болар жігіттер он бесінде баспын дер» деп келетін қазақ даналығына үндес, оқырмандар жастайынан қиындықтардан қорықпай, өмірден жасқанбауға үндейді.

Қазіргі таңда сәуір айына халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты кітабын оқып, талдап жатырмыз. Кітапта қазақ халқын дамытуға, түзетуге және  рухани байытуға шақырады. Біздің бұл жұмыстарымыз @baishev_kitapkhanasy және @balalar.kitapkhanasy инстаграм парақшаларында жарияланады. Жоба 2024 жылға дейін жалғасын табады. Жобада оқылған шығармалар арнайы «book.pay.@it» кітап сөресінде жинақталып, жоба соныңда балалар және қарттар үйіне табысталады деп жоспарланған.

Жалпы жоба оқырманмен кітапханашы арасындағы байланысты күшейтуге, оқырманның қандай әдеби жанрларды ұнатып оқитындығын бақылауға, жас оқырманның ойымен бір деңгейде ойлануға, шығармашылық қабілетімізді шыңдауға, ең бастысы оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндіктер береді. Және біздің оқырманымыз Шаймерден Нартайлы бұл жобадағы «ең кішкентай қатысушы» атағымен ерекшеленеді.

«Ақтөбе – оқырман қала» жобасының тағы бір тармағы «Әр кітап бір-сыр сандық» атты буктрейлері. Буктрейлер (ағылш. booktrailer) – кез-келген кітап туралы еркін көркем түрде баяндайтын қысқа бейне-ролик. Мұндай роликтердің мақсаты — жаңадан пайда болған кітаптарды жарнамалау және оқуды насихаттау, кинофильмдерге трейлерлерге тән визуалды құралдардың көмегімен кітаптарға назар аудару. Заман талабына сай, буктрейлер кітапхана қорына жаңадан келіп түскен кітаптарымызды жаңаша ұсынудың ұтымды әдісі. Осы уақытқа дейін Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» және Данияр Жігітбектің «Лайфхак» кітаптарына буктрейлеріміз кітапханамыздың инстаграм, фейсбук, тикток, әлеуметтік желілерінде,  ютуб, телеграм каналымызда көрсетіліп, оқырмандар арасында жақсы пікірлер қалыптастырды.

Сонымен қатар кітапханамызда «КітапҰстар|» атты жаңа жобамыз бастау алып жатыр. Жоба мақсаты түрлі форматтағы әдеби шараларды өткізу арқылы, оқырман жүрегінен орын алып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Бұл жоба аясында әр бейсенбі күні жоспарланған тақырыпта, арнайы қонақтар мен мектеп оқушылары, оқырмандар шақырылып кітап көрмелері ұйымдастырылады. Ақын жазушылармен кездесу, әдеби кештер, квест ойындары өткізіледі. Кітапхана — дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. Қоғамның өсуі, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланысты. Сондықтан біз кітапханашылар өз мақсаттарымызды жүзеге асыру үшін, оқырман санын көбейтуге, оқырманды өзімізге тартуға түрлі әдістер мен жобаларды ұсынудан еш жалықпаймыз. Кітап сүйер қауым көп болсын!

 Аяжан  Алданазарова, Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы, Ақтөбе қаласы.

 

Бөлісу: