Күй өнерінде қазақтың тарихы, тағдыр-талайы, ұлттық мінезі мен қасірет-шері сақталған. Күйдің өне бойындағы рухани құндылықты, мән мен мазмұнды тыңдаушыға жеткізу күйшінің шеберлігіне байланысты. Тыңдарманын қазақы бояуымен елітіп, қоғамға күйлерімен үн қатып жүрген күйші-домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтайды әңгімеге тартқан едік.
– Қазақтың домбырашылық өнері сөз болғанда, Сіздің орындаушылық шеберлігіңізге сөзсіз тоқталамыз. Тыңдаушылар негізінен сіздің күй тартысыңыздағы қазақи, ескі үнді сүйсініп тыңдайды. Сирек кездесетін мұндай ерекшеліктің сыры неде?
– Мен күйшілік өнерді құлағыма төрт жасымнан сіңірдім. ХІХ ғасырдың әйгілі күйшісі Баламайсанның Қәмеш, Көшәлі, Серкебай деген шәкірттері әкеме жиі келгіштейтін. Соғыстан кейінгі қоңырқай тірлік қой. Дегенмен, олар келгенде мал сойылады, ауылда мереке болады. Қазір ойлап қарасам, үшеуінің туыстығы болмаса да, өнердегі жақындығы жоғары екен ғой. Бір-бірін керемет күтеді, қадірлейді. Әкем шебер еді, маған кішкентай домбыра жасап берді. Әлгі күйшілер тартқан «Абыл», «Ақсақ құлан», «Баламайсан» күйлерін бір тартқаннан қағып алдым. «Әй, Бейсеке, мына балаңнан бірдеңе шығады» деп аузыма түкіріп, күйге деген бейімімді алғаш аңғарған да сол шалдар еді. Сол күйшілердің ауыздандыруымен күй өнеріне келдім. Олардан домбыраны бос бұрап тартуды, күйді дыбырлатпай, асықпай, неғұрлым түсінікті етіп тарту керек екенін үйрендім. Күй – адамның мінезі, табиғаттың ауа-райы сияқты: кейде жел, кейде боран, кейде қар, кейде жаңбыр. Күй өзінің мінезін табиғаттан алған ғой.
Біз консерваторияда оқып жүргенде атақты Қали Жантілеуов студенттерге дәріс оқып, күй үйретті. Бір тартқанды қағып алатын қабілетімді бағалап, мені өз баласындай жақсы көретін. Мен Дәулеткерейдің «Жігерін» тартқанымда, Қали Жантілеуов «Шырағым, бұл күйді қайдан үйрендің?» – деді. Жоғарыда аталған үш шалдың атын атап едім, Қали Жантілеуов бірден білді. Бұл күйшілер де 1934 жылы Алматы қаласында өткен Бүкіл Қазақстандық халық өнерпаздарының бірінші слетіне шақырылған екен, бір жағдайлармен келе алмапты. Бұрынғы күйшілік дәстүрдің табиғи болмысы маған сол ескі күйші-домбырашылардан келген болса керек.
– Халыққа шебер орындаушы ғана емес, композитор ретінде де танымалсыз. Бұрын жазған күйлеріңізді айтпағанның өзінде, кейінгі жылдары қоғамдағы елеулі оқиғаларға үн қатып, тарихи тұлғаларға арнап та күй шығардыңыз. Бұл күйлеріңізбен қоғамға қандай ой айтқыңыз келеді?
– Менің «Өрікгүл» деген тұңғыш күйім Құдай қосқан қосағыма арналды. 1970 жылы тұңғыш перзентім Азамат өмірге келгенде жас әйелдің бесік тербетіп отырғанын күй тілінде сөйлеттім. Содан бастап күй шығара бастадым. Бүгінде ондаған күйдің авторымын. Енді кейінгі уақытта шығарған күйлеріме келер болсақ, «Ұлт ұстазы – Ахмет», «Әлихан», «Тұран», «Табын», «Үтік басқан» сынды күйлер шығардым.
«Ұлт ұстазы – Ахмет» атты күйім А.Байтұрсынұлы жайында болғанмен, бұл күй жалпы ұстаздарға арналған. Бұл – жайдан-жай туа салған дүние емес, іштегі шер. Мерейтойға да байланысты емес. Мұнда оның қайыспас қара нарлығы, мінезділігі суреттеледі. Негізінде күйге кісінің атын қою өте кірпияз нәрсе, өмірде мың Ахмет болса да, Байтұрсынұлы Ахмет біреу. Ә.Бөкейхан Ахмет туралы «Ахмет Байтұрсынұлы өз ұстанымдарының батыл пайғамбары, қазақ халқының ағартушысы. Тіл дыбыстарына шақ келетін ең жетілген әліпбидің авторы», – дейді. Осы сөзін күйіме аңдатпа ретінде алдым. Ал «Үтік басқан» деген күйімді Қаңтар оқиғасына арнадым. Ал «Тұран» деген күйім Мағжанның поэмасының күйге айналған нұсқасы деуге болады.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе,
Түрікке адамзатта ел жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?, –
деген Мағжан өлеңін кішкентайымыздан жаттап өстік. Мағжанның жыры болмаса, мен бұл күйді шығара алмас едім. Мынадай аумалы-төкпелі заманда Түркі дүниясының ғана емес, мұсылман әлемінің ту ұстары Ердоған болып тұр ғой, Ердоған «Түркістанды Тұранның астанасы» деп жариялап жіберді. Ақсақ Темірдің «Кімде-кім Яссауидың күмбезінен биік үй салса, өзі күйсін. Ал терек биік өссе түбі күйсін» деп айтқан айтқан сөзі бар. Орта Азияның Бұхара, Самархан қалаларындағы осындай тарихи ескерткіштердің бәрі Яссауи күмбезінен жарты метр аласа екен. Түркістан – ата-бабаларымыздың теңдессіз шырағданы. Қазір Түркістан облыс орталығы болғанмен, түптің түбінде Тұранның астанасы болады. Тұран бірігуі керек.
– Қазіргі уақытта жастарда орындаушылық шеберлік болғанымен, күйдің мазмұнын жеткізе алмайды деген сын айтылып жүр. Сіздің бұл мәселедегі ойыңыз қандай?
– Жүрегі өте сезімтал, ішкі тегеуріні мықты орындаушылар баршылық. Соның бірі – Қазанғап күйлерін насихаттаушы Жайлау Асылханов. Жайлаудың ерекшелігі, бұл – зергер орындаушы. Қазанғаптың суреткерлік палитрасын осы Жайлаудан түсіндім. Онда мінез, тұтастық бар.
Бұрынғы домбырашылар домбырасын қаңтарып қойып, шыңғыртпайтын. Динаны, Әбікенді тыңдасаң анық байқалады. Қазіргі орындаушылар өзінің виртуоздығын көрсетуге тырысады да, күйдің табиғаты, мазмұны, ішкі драматургиясы далада қалады. Көпшілігі тек сыртқы формаға мән беріп, күйді зарылдатып орындап шығады. Тек тәтті дыбыстарды қуа беру ол күй емес. Күй деген – тағдыр, күй деген – мінез, күй деген – ұлт.
– Кейде өз шығармаңызға көңіліңіз толмайтын немесе бұрын шығарған күйлеріңізді қайта өңдеп, толықтыратын кездеріңіз бола ма?
– Жақында Конфуцийды оқыдым, ол «Жетпіске жеткен жан өз жүрегінің әміріне құлақ асып, өз тізгініне ие болады» дейді. Гёте атақты «Фаустын» жетпіс үш жасында жазыпты. Маған да жетпістен асқан шағымда үлкен леп келді. Елдегі дүрбелең, қырғынды бейнелеп, елге ой салғым келді. ХХІ ғасырдағы оқиғаларды күймен бейнелеп жүрмін. Күйді ластауға болмайды. Күйді түсініп, тұшынып шығармау қарадүрсіндік болады. Күй поэзиямен байланысып, бір-бірімен ұштасып жатуы керек. Жеті нотаны қуғанмен ол адамдарға жетпейді. Айналып келгенде адамдардың ыңғайына көшу емес, біреуге жағамын деп тәтті дыбысты қуу емес, ащы болса да үнмен шындықты меңзеу керек. Қазір күй шығарғыштар көп, күйдің атын қоя алмайды. Сосын дыбыс қуу күйге жат нәрсе. Сөзбен айтқаныңды күй де айта алады. Күй – жеке адамның гөй-гөйі емес, қоғамның барометрі. Күй – қоғамға, халыққа қызмет жасайды. Сондықтан, күйдің нақты сюжеті болады. Соның бәрін анықтап алып, барар бағытты түгендеп, темірқазығыңды айқындап алғаннан кейін домбыра сөйлейді. Мен әрбір күйімнің көркемдігіне, тағдырына, мазмұны мен айтар ойына жауап бере аламын.
Қазір күйді түсінетін орта жоқ. Н.Назарбаевқа арнаған «Қазақстан-Нұрсұлтан» деген күйімді өртедім дедім ғой, қазір бәрі содан секем алып қалған. Атқа мінерлер, ұсақ белсенділер мені көрсе ата жауын көргендей болады. Мен Назарбаевты 2014 жылға дейін керемет деп түсіндім, бір қызығы ол күйімді түсінген жоқ, гонарар да төлеген жоқ. Одан бір қап гонарар алсам, мен өртедім деп айта алмас едім.
Бұрынғы күйшілікті жалғай отыра, өз заманымның бейнесін күй тілінде суреттеп жүрмін. Бірнеше жылдан кейін қайта қарап, толықтырған күйлерім де бар. Мысалы, «Ұлытауды» қырық екі жылдан кейін қайта өңдедім. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терді» қайта-қайта өңдеп жазғанына күліп едік, сол менің басыма келді. Өнерде шектеу жоқ, шеберліктің шегі жоқ. Күйдің орындалу уақыты шағын болғанмен, дастанның жүгін көтеруі керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, ҚР Мәдениет саласының үздігі