Көшпелі өмір салтын ұстанған халықтың басты шаруашылық қызметі мал бағумен байланысты болатыны белгілі. Мал шаруашылығы қатал табиғат жағдайында көшпелілерді тіршілікке қажеттінің барлығымен қамтамасыз етті. Соған сәйкес, көшпелі қоғамда мал басын сақтау, оның санын көбейту аса маңызды болды. Нәтижесінде әр жыл мезгіліне сай мал жайылымдарын реттеу, малды қорғау, көбейту, емдеу т.б. байланысты дәстүрлі жүйе қалыптасты. Малды қорғауға қатысты сиқырлы – магиялық әрекеттер де  қолданылды. Олардың ішінде, малды, үй-жайды қорғауда кәрі (қары) (әрі қарай – кәрі жілік) жіліктің маңыздылығы ерекше.

Кәрі жілік – малдың етіндегі жіліктің басты бөлігі. Ол жабыса біткен жанама сүйегі бар, қолдың қары бөлігінде орналасқан. «Кәрі» деген атауының өзі сол «қары» сөзімен байланыстылығын көрсетеді.  Оның қорғаныс магиясындағы мағынасын қарастырмас бұрын, жалпы осы жілікке байланысты халық арасында қандай түсініктердің бар екендігіне тоқталайық.

Қазақтың ұғымында кәрі жіліктің алатын орны ерекше. Қазанға ет салғанда алдымен кәрі жіліктен бастап салады. Себебі  оны  қасиетті  деп,  еттің  бәрін осы жілік  ұстап тұрады деп сенген. Оны шақпайды. Құда табаққа салмайды, жалпы, қонаққа, бөтен, жат адамға емес, керісінше «ағайын  мінемейді»  деп  ауыл  адамдарының  табағына салған,  яғни  ол  ағайын  арасының,  отбасы  мүшелерінің сыбағасы екендігін білдіреді [1]. Ас мәзірінде сыйлы адамға бас тартқанда, жамбастың орнына кәрі жілікті ұсыну әбестік болып саналмайды. Сырттай қарағанда, еті сіңірлі сияқты көрінгенімен, шын мәнінде жұмсақ болады. Сол себепті қарт адамдардың несібесі болып есептеледі. Бас, жамбастан кейін үшінші орында тұрған кәделісі де осы кәрі жілік [2].

Қонақтың табағына салынса, құт сол адамға, бөгдеге кетті деп ырымдайды. Егер байқаусызда салынып кетсе, қонақ білдірмей, тығып алуға тырысады. Өйткені ол ырыс-құт бұйырып тұр деп ырымдаудан туындайтын салт бойынша жасалады. Кәрі жілікті қазақ өсіп келе жатқан қыз балаға, «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпайды, «сүр бойдақ боласың» деген сенім бойынша бойдақ жігітке де бермейді [1].

Дегенмен, кәрі жілікке байланысты халық арасында сақталған наным-сенімдер негізінен, оның қорғаушы қасиетіне қатысты айтылады. Кәрі жілікті ердің алдыңғы қасына іліп, жылқы мен ер-тұрманды сақтаушы ретінде пайдаланған. Кейбір өңірде тіл-көздің сұғынан сақтайды деп, ботаның мойнына таққан. Ботаға арналып жасалған сондай кәрі жілік Ресей этнографиялық музейінде (Санкт-Петербургте) сақталған. Қойдың кәрі жілігі ала жіпке ілініп, жүнге оралған. Ала жіп сұқ көзді тайдырып, ал жүн жылу мен оң қуатты сақтайды деген түсінікке байланысты болуы мүмкін. Бұл жәдігерлерді тек арнайы экскурсиялар кезінде көруге болады. Этнографтар осындай заттарға құрметпен қарап, тылсым күштердің тыныштығын бұзбауды айтады. Аталған музейдің Кавказ, Орта Азия және Қазақстан халықтарының этнографиясы бөлімінің меңгерушісі Л. Попова: «Әрине, қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, бізде ғылыми ойлау үстемдік етеді. Бірақ дәстүр бойынша, ал қазақтар өз салт-дәстүрін өте құрметтейді, оны аталарымыз бен әжелеріміз қалай ұстанса, солай жасаған дұрыс. Одан тек пайда болмаса, жамандық көрмейміз» [3], – деген пікір білдіреді.

 

Кәрі жілік байланған тұмар. Р. Карутцтың «Среди киргизов и туркмен на Мангышлаке (СПб., 1911. 130-бет)» атты еңбегінен.

 

Қойдың кәрі жілігі туралы ырымның ел ішінде ертеден келе жатқанына Ш. Уәлиханов та назар аударған. Ол: «жануарлардың сүйектерінде құдіретті күш бар. Қазақтардың ойынша, қары жілік малды ит-құстан сақтаушылық қасиеті жағынан бақташыдан кем түспейді. Ұры-қарыдан, қасқырдан малды аман сақтайды. Сүйек осы күйде құрық ұстаған бақташыға ұқсайды. Қазақтардың наным-сенімдерінде, қары жілік адамға ұқсаған бейнесімен ұры-қарыдан сақтайды. Қазақтар бұл сүйекті – қары жілік дейді. Осы қары жілікті қазақтар ер-тұрманның әбзелі есебінде және ат пен ертоқымды сақтаушы деген нанымда, ердің алдыңғы қасына іліп қояды» [4; 110] – деп қары жіліктің көнеден келе жатқан ырым екенін жазады. Кәрі жіліктің халық арасында қорғаныш магиясында қолданылуының себебі, оның пішінінің ерекшелігімен сипатталуы мүмкін. Жанама біткен сүйегін кәрі жіліктің қамшысы, құрығы, ілдіргісі (ілмек біздің ұшында жіп іліп алуға қолайлы ілмегі болады, оны ілдіргі деп атайды. Ілдіргі қармақ, қадамыш, шаншар, шәңгек, шөп суырғыш  сияқты құрал-саймандарда да кездеседі) деп атайды [1]. Л. Штернберг «материалдық заттан тұмар жасау үшін алғашқы қауымдық кезеңнің адамында ол заттың басқалардан қандай да бір белгілерімен  ерекшеленеді деп ойлайтын негізі болуы керек» – дейді [5; 214]. Егер сол нысан ерекше пішінге ие болса… онда мұндай жағдайлардың бәрінде алғашқы қауым кезеңінің адамы бұл нысанды жай емес, құдіретті зат деп танып, егер оны күтіп ұстаса, ол адамға көмектеседі деп ойлаған. Ғалымның алғашқы қауымдық қоғамдағы тұмарларға қатысты тұжырымдамасын ескерсек, кәрі жілікке байланысты наным-сенімдердің қалыптасуының ежелгі дәуірлерге апаратындығын байқаймыз. Оны археологиялық қазба жұмыстар барысында көптеп табылып жатқан кәрі сүйектер де дәлелдей түседі.  Халықтың түсінігінде кәрі жілікті адамдар өздері мүжіген соң, үйдің босағасына мал аман болады, үйді, малды ұры-қарыдан, пәле-жаладан  сақтайды деп іліп қояды.

Ш. Уәлихановтың жазбаларында қойдың кәрі жілігіне байланысты былай делінген [4; 110]: «Осы сенімнің негізінде мынадай бір аңыз бар: ұрылар бірнеше күн, бір қазақ байының малын торыпты. Түні бойы малдың маңында құрық ұстаған кісілер жүріп, ұрылар ештеңе ала алмайды. Ұрылар өзара ақылдасып: байдың қызы мен елінен басқа қорған болатын не ұлы, не құлдары, не туыстары жоқ. Осынша адам қайдан пайда бола кеткен деп таңданысады. Содан соң ұрылар құдайы қонақпыз деп, байдың үйіне барады. Бай қой сойып, ұрыларды әбден тойдырады. Байдың адал ниетіне риза болысқан ұрылар тұрып, – бірнеше күннен бері малыңды торып ештеңе ала алмадық, қандай қасиетіңіз бар? – деп сұрайды. Бай сонда: – ешқандай да қасиетім жоқ, көріпкелім және жоқ. Менің бұзылмайтын бір-ақ заңым бар. Әкем өлерінде бір өсиет айтып еді: – балам мен саған бір өсиет айтам, егер соны орындасаң дәулет басыңнан ұшпайды. Қанша қой сойсаң, қары жілігін тастама, оларды кептіріп босағаға, шаңыраққа іле бер – деген. Мен сол әкем айтқан өсиеттен әлі күнге дейін айнығаным жоқ. Құдайға шүкір, мен малымнан тышқақ лақты қасқыр жеп немесе жоғалғанын көргенім жоқ – дейді. Ұрылар жан-жағына қараса, соншама көп қары жілікті – қары сүйекті көреді. Оларға байдың малын қорып жүрген көп бақташылар болып көрінген осы қары жіліктер екен, – деген аңыз арқылы, қазақтың ескі нанымы бойынша, қары жіліктің ұры-қарыға адам болып көріну арқылы, мал-жанды аман сақтап отырғанын айтып отыр.

Кәрі жіліктің тек мал, үй және шаруашылық нысандарын ғана емес, сонымен қатар, адамдардың өздерін де қорғайтын қасиеті жайында әр түрлі аңыз-әңгімелер бар. Халықтың арасында аталған жіліктің жолаушыны қорғауына байланысты бір нұсқасы былайша айтылады [6]: «Ертеде байдың жалғыз ұлы болыпты. Ол керуен тартып, қалаға аттанады. Сапарға шығар кезде әкесі: – Балам мына кәрі сүйекті қойныңа салып ал. Қауіп-қатерден аман боласың – дейді. – Әке, сенің-ақ ырымың таусылмайды екен, – деп ұлы немқұрайды қарайды. Бірақ әкенің көңілін қимай, көп қапшықтың біріне лақтыра салады.  Межелі жеріне жетіп, саудасын жасап, елге қайтады. Жолда керуенге қарақшылар шабуыл жасайды. Бала не істерін білмей, қатты сасады. Сол кезде артқы жағынан қарулы жасақ пайда болып, қарақшыларға қарсы ұмтылады. Тонаушылар сескеніп, кейін шегінеді. Қапылыста бір қарақшының қаңғыған оғы баланың аяғына тиіп, жараланып қалады. Ғайыптан пайда болған жасақ керуенді аман-есен елге жеткізеді. Бірақ елдің шеті көрінгенде көзден ғайып болады. Бала үйіне келіп, әкесіне болған жағдайды айтады. Сонда әкесі: – Ұлым ырымның сырын енді түсінген боларсың. Кәрі жілікке Құдай осындай қасиет дарытқан. Сен балалық қылып, кәрі жілікті көп қапшықтың біріне салдың. Сонда да керуенің Ғайып Ерен  Қырық шілтенің шылауында болды. Егер ықыласың күшті болғанда жебе де дарымас еді, – дейді. Міне, осыдан бастап, ел аузындағы «Кәрі жілік ер жігітті қырық қауіптен құтқарады» деген сөз содан қалса керек.

Кәрі жілікке байланысты сақталған наным-сенімдер мал шаруашылығымен айналысқан басқа халықтарда да кездеседі. Қырғыздар, буряттар мен түркмендерде кәрі жіліктің қорғау, сақтау қасиеті бар деген нанымдар бар [1]. Монғолдардың қорғаныш магиясында аталған жілік ең маңызды болып табылады. Сүйектің үйді жамандықтан сақтап тұратын қасиеті бар деп сенеді. Кәрі жіліктің қорғаушы қасиетіне байланысты аңыздар бар. Олардың мағынасы қазақтардың арасында сақталған аңыз-әңгімелерге ұқсайды. Мысалы, ертеде жас жігіттің соңына сарбаздар түседі. Күні бойы қашып, кешке үйге келгенде, анасы қарсы алады. Баласы оған артынан қуғыншылардың келе жатқанын айтып, әрі қарай қашқысы келді. Бірақ, анасы олардың ұстап алатындығын, үйде қалу қажеттігін айтып, баласын тоқтатады. Ол жігітті шатырға жасырады. От жағып, ошақты айналдыра ши өткізілген кәрі жіліктерді орналастырады. Көп ұзамай, қуғыншы сарбаздар шатырға жақындайды. Алыстан оларға шатырдың ішінде үлкен әскер отырғандай көрінеді – ши өткізілген кәрі жіліктердің сұлбалары найза ұстаған сарбаздарға ұқсап тұрады. Қуғыншылар шатырға қарауға да қорқып, кері бұрылады [7; 63]. Сол оқиғадан кейін, кәрі жілік монғолдардың арасында қасиетті санала бастаған.

Кәрі жілікке қатысты наным-сенімдердің кеңес дәуірі жылдары ұмытылмай, халықтың арасында оның қорғаныштық қасиетіне сеніп, пайдаланғандықтары туралы ақпараттар сақталған [2]: «1990 жылдың мұғдары. Ұрылар бірнеше күн бойы ауқатты ақсақалдың үйін торуылдайды. Ақсақал байлығымен қоса, ел ішінде беделі бар аз ғана адамның бірі. Ең қауіптісі сол, бойында тылсым қасиеті бар. Үйінде отырғанда ол үйден сабақты ине ұрлап әкету мүмкін емес. Содан ұрының бастығы сол үйдің маңайына қарауыл қояды, ақсақал жол жүріп кеткен күні ойларындағы арам ісін асырмақшы болады. Күндердің күнінде үй иесі сапарға аттанады. Сол түні сайланып келген ұрылар көздеп келген үйінен қайта-қайта адаса береді. Үйге жақындай бергеннен көз алдары мұнартып тұман басып кетеді. Осы жағдай бірнеше қайталанғаннан кейін кері қайтады. Жасап жатқан істерінің бұрыстығын сезеді, өздеріне бір кереметтің бөгет болып тұрғанын анық ұғынады. Артынан сұрастырып білсе, бұлардың торуылдап жүрген көлік гаражының ішкі маңдайшасында тізілген кәрі жіліктер самсап тұр екен. Ұрылар ақсақалдың қымбат көлігін айдап кетпекші болған».

Шебер Қылышбек Құрмановтың жасаған үй тұмары

 

Ерте замандардан жоғалмай, сабақтасып келе жатқан кәрі жілікке қатысты наным-сенім, ырымдардың бүгінгі күнде жаңаша мағынада түрлену құбылыстары да байқалады. Солардың бірі, қарастырылып отырған жіліктің үй тұмарларын жасауға пайдаланылуы. Ұсынылып отырған фотосуретте үй тұмарына жауырын, асықпен қатар, кәрі жіліктің де бекітілгендігін көре аламыз. Мәдени құндылықтарды сақтауда, насихаттауда осындай жаңашыл идеялардың оң нәтиже берері сөзсіз.

Көшпелі қазақтардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы, күрделілігі жағынан басқа шаруашылық жүйелерінен кем түспейді. Оның негізінде, ғасырлар бойында ауқымды білім мен тәжірибе жүйесі қалыптасты. Осылардың негізінде қалыптасқан этникалық құндылықтар бүгінде халық арасында өзінің өңін жоғалтқан жоқ. Әрине, бұған тарихи даму кезеңінде ислам дінінің, кеңестік дәуірдегі идеологияның әсерлері болды. Дегенмен, дәстүрлі мәдениет халық арасында ұмытылмады.

 

Әдебиеттер тізімі

 

  1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – 3-том: К – Қ – 736 б.
  2. А. Смағұловпен сұхбат. 2022 ж.
  3. Куршук Е. Этнографическая редкость: музей Петербурга хранит казахские амулеты для верблюжат [Электронный ресурс] / Е.Куршук. – Режим доступа: https://mir24.tv/news/16504493/etnograficheskaya-redkost-muzei-peterburga-hranit-kazahskie-amulety-dlya-verblyuzhat.
  4. Уәлиханов Ш. Тәңірі. Таңдамалы/Ш. Уәлиханов. – Алматы: Полиграфкомбинат, 2013. – 392 б.
  5. Штернберг Л.Я. Первобытная религия в свете этнографии/Л.Я.Штернберг – Ленинград, 1936. – 603 с.
  6. Е.Серімовпен сұхбат. 2022 ж.
  7. Скородумова Л.Г., Соловьева А.А. Кости в монгольских обрядах и поверьях: предварительные материалы/Л.Г.Скородумова, А.А.Соловьева//Mongolica. – 2014. – Том 3. – С. 52-64.

 

Лора ТІЛЕГЕНОВА, Е.А.Бөкетов атындағы университеттінің доценті

 

Бөлісу: