Көктем мерекесін 12 айда атап өтетін қазақтың жалғыз руы

Қазақ күнтізбесінде бірізділік жоқ. Көктем мерекесін бірнеше түрлі кезеңде атап өтетін, күнтізбелік ұстанымы әр түрлі өңірлері бар. Қар жамылған Алтай-Сібір даласына көктем 3-айдың соңын ала әрең келеді. Соған қарамастан, Алтай қазақтары қолданып жүрген ескі күнтізбеде Әз амалы 2-айдың басында, Наурыз амалы сол айдың аяғында келіп, 2-айдың 20-сынан 25-іне дейін наурыз көже ішкен. Бірақ, бұл өңірлерге дәл осы кезде көктем келе қоймайды. Соған қарағанда олардың қолданып жүрген амалдары оңтүстікті мекен ететін халықтардың ғалымдары жасаған күнтізбеден келген. Ауғанстандағы Дари күнтізбесінде Амал, Саратан, Зауза деген ай атаулары бар, ол бізде де қолданылады. Қытайдан кірген маусым, үштің айы, бірдің айы деген ай атаулары да бар. Неге бұлай? Себебі, Мөңке қаған парсының ұлы жұлдызшы ғалымы Қожа-Насырденді алдырып, обсерватория салдырып, жаңа күнтізбе түзбек болады. Алайда, Иранды билеген Алау (Хулагу) хан ол ғалымды Мөңке қағанға жібермей, өз қолында ұстап, мемлекет қазынасының кілтін ұстатып, 12 жыл уақыт беріп, обсерватория салдырады, жұлдызды, ауа райын бақылатады. Осы топтағы парсы ғалымдарының құрамына Қытайдан келген бір ғалым арнайы қосылған. Парсының Ях деген сөзі мен Қытайдың биң деген сөзі қосылып, Ях-Биң сөзінен ақпан айының атауы туындаған. Екеуі де мұз деген мағына береді. Ақпан айы – мұз айы. Ескі күнтізбеде бұл ай 12-айға тура келеді. Ақпанның ақырған аязы осы.

Алшындар мекендеп отырған аймақта 14 наурызда көктем мерекесі тойланады. Жоғарыда біз атаған ақпанда, яғни 12-айды біз қыстың бірінші айы деп есептесек, қытай күнтізбесінде бұл айдың қыстың соңғы айы деп, 1-айды көктемнің бірінші айы деп санайды. Бұл Қытайдың оңтүстігіндегі жылы жерлер үшін солай. Ал, қазіргі Қытай Халық Республикасы Жаңа жылды 2-айдың ішінде тойлайды. Бұл 2-айдың ішінде Әз амалынан кейін Наурызға дайындалатын Алтай-Сібір қазақтарының дағдысына ұқсас. Бұл дағды оларға солтүстіктегі көшпенділерден кіргені анық. 12-айдың ішінде Ақпан амалында тілеу көже жасап, көктемге ниет білдіретін жалғыз ру – Шеруші руы. Біз отырған Көктоғай ауданында тек Шерушілер ғана 12-айда тілеу көже жасайды. Қытай күнтізбесінде 12-айды қыстың соңы деп, көктемге дайындалу оның оңтүстігіндегі тұрғындардың салты екен. Соған қарағанда, қытай ғалымын алдырып, парсы ғалымдарын топтап, оңтүстіктегі ауа райы бойынша күнтізбе түзген Хулагу ханның күнтізбесін Шерушілердің ұстанғанына қарап, олардың бұрын оңтүстік аймақтарды мекендегенін білу қиын емес.

 

Мүбарак Көкбөрі, ақын

Бөлісу: