Жазда жемісі төгіліп тұрып салатын алма ағашымыз болды. Піскенде көршінің бақшасына да үзіліп түсіп жататын. Балалықпен көршінің ауласына түскен алманы қорып, теріп алушы едім. Бұл қылығымды байқаған әжем бірде «Балам, Құдай көршілерге қарай алманың жемісін көп етіп беріпті, алса ала қойсын, көршімен ренжісуге болмайды» деп тыйып тастаған. Әжемнің бұл даналығы шариғат заңын да жадына мықтап тоқып алғандығы екенін кейін түсіндім.
Көрші ақысын беру жайында Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар үлкен өнеге көрсеткен екен. Оның ауласына күнде қоқыс төгетін көршісі болыпты. Бір күні әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты пайғамбарымыз ауырып қалған жоқ па екен деп, әлгі кісінің үйіне хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Ислам дінінде көршінің ақысын жоғары қоятынын осыдан-ақ байқау қиын емес.
Бүгінде қала тұрмақ, ауылды жердің өзінде ауламызды биік «қорғанмен» қоршап, «Сен тимесең, мен тиме» деп, көршісін көрмек түгілі, танымайтын күйге түстік емес пе? Тіпті, үйімізге тышқан тұмсығы өтпейді. «Көрші ақысы –Тәңір хақысы» деген текті халықтың ұрпағы осындай күйге түсерін үш ғасыр бұрын «Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді» деп Мөңке би айтып кеткен. Ақіретте Алланың алдына барғанда бірінші кезекте «Көршіңізбен тату болдыңыз ба?» деп қоңсы ақысы сұралады екен. «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деп білген ата-бабамыз ешқашан есігін көршіге іштен жаппаған.
Жаңадан тұрмыс құрып, пәтерден-пәтер жалдап, көшіп жүрген кезім. Бір пәтерге көшіп бардық. Тоғыз қабатты үй. Біз төртінші қабатта тұрдық. Күнде подъезге қоқысты шығарып қоямын. Таңертең оны алып кетейін десем, жоқ болады. Солай күндер жалғаса берді. Мен кімнің алып кететінін білмейтінмін. Содан көршілерімнен сұрадым. Жағдайды баяндадым. Олар да алғаш көшіп келгенде түсінбей жүрген екен. Сөйтсем, тоғызыншы қабатта ауған соғысына қатысқан ардагер тұрады. Ол кісі тоғызыншы қабатқа дейін жаяу көтеріліп, түседі екен. Лифтіні пайдаланбайтын көрінеді. Сол кісі таңертең түсіп келе жатқанда подъездің ішінде тұрған қоқыстарды алып кетеді екен. Ардагерге ешкім ақы төлеп жатқан жоқ, бірақ көршілеріне деген жақсылығы, қамқорлығы шығар. Ардагерге көршілері іштей ризашылығын білдіріп, тілеулес болады. Қазіргі уақытта сол көршімізді құрметтеп, сыйлап төрден орын береді. Көршілердің үйінде қуаныш болса, бірінші кезекте сол кісіні шақырып, батасын алып жатады.
Бүгінде адамдар иман, ізет, қайырым, адамгершілік, адалдық сияқты ізгі қасиеттердің кете бастауы жақынды алыстатып отырған мейірімсіздігімізден емес пе? Сіз көршіңізбен қалайсыз?
Ақмарал ОРЫНБЕКОВА,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығының қызметкері
Фото интернеттен алынды.