Көшпелі өркениет құндылығы – жарғақ шалбар

 

Қазақтың дәстүрлі киімдері – сонау көшпелі кезеңнен бастап, қазіргі уақытқа дейін өзінің тамаша әсемділігімен, ыңғайлылығымен қолданыстан қалмай келе жатқан асыл қазынамыз.

Дәстүрлі киімдерімізді зерттеу халқымыздың тарихы мен мәдениетін маңызды мәселелердің зерделеуімен тығыз байланысты. Олар тек көшпелі өмір салтына қолайлы эстетикалық талғамды көрсетіп қана қоймай, бай тарихи, мәдени мұра ретінде өткен ғасырдағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр. Өз иесінің хал-ахуалымен жан-жақты хабардар етеді. Қазақтың дәстүрлі киімдерінің тарихы Еуразия көшпенділерінің тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты.

Көшпенділердің киім үлгілерінің тігілуі мен пішілу тәсілінде сабақтастық сақталған. Олар атқа мінуге қолайлы болуы үшін ойлап тапқан кең шалбар мен өңірі ашық, ауыр сырылатын кеуде киімдерін адамзат өркениетіне қосқан. Қазақ халқының ұлттық киімі экологиялық, климаттық жағдайларды ескеріп және рухани құндылықтарды сақтай отырып тігілген. Киімдер негізі қазақ даласының өзінен өндірілетін дәстүрлі қазақ киімдерінде ежелден бері пайдаланылып келе жатқан материалдар жергілікті әдіспен аң және мал терілерінен тігілген. Малдың жүнінен иілген жіптерде және басылған алуан киіздерден жасалып дайындалады. Көшпенділер төрт түлік малдың терісі өте бағалы шикізат болғандықтан, оны илеу, өңдеу, ал жүнін тазартып жуу, бояу, иіріп жіп алу тәсілдерін жақсы меңгерген.  Иленіп әбден өңделген жұқа теріні қазақтар – жарғақ дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі түске өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды – жарғақ шалбар деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген. Шалбар – сырт киім. Шалбар жүріп-тұруға ыңғайлы пішімделеді. Тізеден төмен жері тар, балағы кең, ұшқыры бітеу етіп тігіледі. Ғалымдардың көпшілігі оны кем дегенде ерте темір дәуірінің мал шаруашылығымен және аңшылықпен айналысқан көшпелі тайпалар ойлап тапқан деп есептейді. Дәстүрлі қазақ қоғамында шалбар қалтасыз әрі кең етіп тігілген. Ол тұрмыста, мініске, малдас құрып отыруға т.б қолайлы етіп жасалған. Балағы кейде етіктің қонышына салынатындай тар немесе сыртқа шығарылатындай болады. Көшпелі тұрмысқа ыңғайластырылған шалбардың бау ышқыры өткізіледі. Оның атқа мініп-түсуге кедергі келтірілмеуі үшін ешқандай түймесі, ілгегі жоқ, белдіктің орнына бау пайдаланылады. Сонымен қатар, бұл салт атты адамдардың аттың құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік береді. Ертеде қазақ қоғамы шалбарды жаздық немесе қыстық деп екіге бөлген. Алғашқысына матадан тігілген сырма шалбар мен жарғақ шалбар жатады. Түгі қырылып иленген мал терісінің қына, тал қабығы,  жосамен бояп, алдымен барлық жағын түрлі жібек жіптермен айшықталған жарғақ шалбарды байлар, жас жігіттер сәндікке киген. Қарт адамдар көбіне балағы кең шалбар киіп жүрген.

«Ұлы Дала Елі» орталығының эскпозициясына оюмен тігілген қазақтың күдері (жарғақ) шалбары ұсынылған. Биіктігі – 100 см, ені – 80 см құрайды. Қоңыр түсті, түрлі жібек жіптермен өрнектеліп кестеленген.

 

Д.Керімбекова,   «Ұлы Дала Орталығының» қызметкері

 

 

Бөлісу: