Балабақша балаларының тақия кию үрдісі
Біздегі балаларға арнап тігілген тақиялар түрлі түсті жұқа жасанды киіздерден (фетр) тігілген. Қабырғасының жан-жағына жұп өрнекті қошқар мүйіз, құсқанат, құсмойын оюлары бастырылып тігілген. Осы оқу жылының ортасына дейін барқыт, мақпал маталардан тігу жоспарға алынған болатын. Ол да жүзеге асты.
«Тақия тәлімі» бар күшімізді тек білімге жіберіп, бала тәрбиесін назардан тыс қалдыруға жол бермейді. Яғни, біліммен бірге үлкен тәлім-тәрбиені қоса сіңіреді. «Тақия тәлімін» балабақшаға енгізу алдында ата-аналармен сауалнамалар жүргізіліп, әрбір отбасының ұлттық бас киімге деген көзқарастарын анықтап алдық. Балабақшамыз бойынша 100 % отбасы баланың тақия киіп жүруіне қолдауын білдіруде.
Балалардың өздеріне арналып тігілген, әр топтың өз түсіне сай тақиялары болады. Бала балабақшаға кіріп, киімін ауыстырған сәтте өз сөресіндегі тақиясын міндетті түрде киіп алатын болады. Тақияны киген әрбір бала өзін салмақтырақ, бойын тік ұстап, мен қазақпын деген ойда жүреді.
Сонымен қатар, балабақшамызда өз түстеріне сай бөлек тігілген бес түрлі тақиялары бар. Оларды тек ашық оқу әрекеттері мен іс-шаралар кезінде қолдана алады. Яғни, шығармашылық білім беру саласы бойынша «ән сабағы» оқу әрекетінен ашық сабақ өту қызметі өткізілетін болса, ол кезде балалар ашық оқу әрекеті екенін сезіну мақсатында сары түсті оюланған тақияларын киіп алады. Ол тақиялар әдістемелік кабинеттегі арнайы сөрелерде сақталады.
Тақия туралы түйген ойлар
Мектеп жасына дейінгі балалар сезімтал келеді, еліктеуге дайын тұратыны қай ата-анаға да, педагогке де белгілі жайт. Үлкендерге белгілі, дағдылы нәрселер оларға жаңа әрі қызықты болады, оларды таңғалдырады.
Ненің жақсы, ненің жаман екенін дәл біле бермейтін және одан алған әсерлеріне дұрыс баға бере алмайтын мектеп жасына дейінгі балалар жақсыға да, жаманға да еліктеуі мүмкін. Міне, осы тұста ата-аналар мен тәрбиешілердің дұрыс бағыты, көрсеткен өнегелері олар үшін аса құнды болмақ. [3]
Біз тек берер құндылықты ажырата алуымыз керек, оның құнды екеніне көз жеткізіп тани алуымыз керек. Ұлттық болмысты, ұлттық тәрбиені сіңіретін бағыттың бәрін құнды деп білемін. Ойдағы «замануи» деген сөзді «рухани» деген сөзбен үнемі байланыста ұстауымыз қажет.
Тәжірибемізге сүйене келе, баланың тақияға деген қызығушылығын арттырудың бірден-бір жолы – тақия туралы құрастырылған қызықты әңгімелерді инновациялық технологиялар арқылы жеткізіп беру екеніне көзіміз анық жетті. Тақияның құндылығы мен қасиетін қарапайым тілмен, түрлі оқиғаларға салып әңгімелеп беру баланың ұлттық бас киімге деген құрметін арттыратыны сөзсіз.
«Сиқырлы тақия» әңгімесі
Ертеде, Абай мен Асан деген дос балалар болыпты. Абай өте ақылды, зерек, киіміне де өте ұқыпты және тақиясын үнемі басынан тастамайтын болыпты. Ал, Асан болса, жалқау, қалай болса солай киініп жүре беретін еді, ойыннан қолы босамайтын бала болыпты. Олар, екеуі екі бөлек болғанымен, көрші тұрып, сабаққа бірге барып-келіп жүріп, дос болып кетіпті.
Бір күні сабақта мұғалім Абайдың үлгілі оқушы екенін мақтап айтып, оған «5» деген баға қойып, ал Асанға «сабаққа үнемі дайындықсыз келесің, үнемі кір-қожалақ болып, жуынбай, жалқау болып жүресің» – деп ұрысып, төмен баға қойыпты.
Асанға қатты жаны ашыған Абай үйге мектептен көңілсіз оралады. Оны байқаған әжесі «Не болды саған, құлыным?» деп жанына алып отырады.
Абай: Әже, менің Асан деген досымды білесіз ғой, ол жалқау, кір-қожалақ болғанымен, өте ақкөңіл, мені ешқашан ренжіткен емес. Бүгін ол жаман қылықтары үшін мұғалімнен қатты ұрыс естіді, төмен баға алды. Менің оған көмектескім келеді. Оның жақсы бала болуына, жалқаулықты тастауына қалай көмектессем екен?
Әжесі: Ой, айналайын, құлыным сол! Досқа адал болып, оған көмектескенің өте дұрыс. Қазір, мен саған өзің тастамай киіп жүретін тақияң секілді бір тақия берейін, сен оны Асанға сыйлыққа бер. Бұл тақия өте құнды, қасиетті. Оны үнемі басынан тастамай киіп жүру керек. Бұл сенің аталарыңнан келе жатқан тақия. Тақия киген қазақтың әрбір баласы ақылды, салмақты, елінің патриоты болып өседі деген сенім бар ұлтымызда.
Абай: жақсы болды ғой әже, рақмет сізге! Мен бұл тақияның қандай сиқырлы екенін айтып түсіндіріп, Асанға міндетті түрде беремін. Ол сол сәттен бастап, бойын тік ұстап, өзін ақылды етіп көрсететін болады.
Абай тақияны алып, үйден асыға жүгіріп шығып, көшеде ойнап жүрген досына келеді.
Абай: Асан, мен саған сыйлық алып келдім.
Асан: ол қандай сыйлық? Не үшін маған сыйлық бермексің?
Абай: Мен сенің енді ешқашан апайдан ұрыс естіп, төмен баға алғаныңды қаламаймын. Сен менің досымсың ғой. Мен саған өзімдікіндей әдемі, оюлы тақия алып келдім.
Асан: Тақия?! Нестеймін мен ол тақияны? Менің тақия кигім келмейді.
«Тақия біздің құнды, қасиетті бас киіміміз екен, оны киген әрбір бала үлгілі, тәртіпті болады деп әжем айтып еді. Жарайды, мен қайтайын онда» – деп Абай басын төмен түсіріп, кетіп бара жатқанда Асан жүгіріп келіп, «Кешірші Абай, мен ойланбай сөйлеппін. Менің де сен секілді ақылды, тәртіпті бала болғым келеді» – деп сыйлықты қабыл алады.
Досының дұрыс шешіміне риза болған Абай Асанға тақияны өз қолымен кигізеді. Асан сол күннен бастап өзін салмақты ұстап, тәртіпті көрсете бастайды.
«Сәнді тақия» әңгімесі
Әйгерімнің әжесі ауылға барып келді. Құр қол келмей, құрт, ірімшік және әдемі оюлы тақиялар ала келіпті. Есіктен кірген бойда сөмкесін ашып жіберіп, алдынан жүгіріп шыққан немерелеріне құрт-ірімшіктен және бір-бір сәнді тақиядан таратып, кигізіп қояды. Әйгерім қып-қызыл тақиясын қолына алып, оның қолдан кестеленіп тігілген оюларына тамсана қарады да:
– Мына тақияның әдемісін-ай!
– Әрине, әдемі! Бұл біздің ұлттық бас киіміміз ғой, ол қалай әдемі болмасын?! – деді әжесі.
Әдемі тақияның ұлттық бас киіміміз екенін естіген Әйгерім мақтанышпен киіп алып, құрбыларымен ойнауға далаға шығып кетеді. Оны көрген құрбылары бір-біріне қарап, сыбырласа қалып, оған қарай қолдарын шошайтып, «не киіп алған?», «осындай да бас киім бола ма?» деп күле бастайды. Әйгерімнің үйден шыққандағы қуанышы су сепкендей басылып, басындағы сәнді тақиясын шешіп алып, ренжіген күйі үйіне кетіп қалады. Үйге кіре салып:
– Әже, менің бұл тақияны кигім келмей қалды, – деді ашуланып.
– Неге олай дейсің? Не болып қалды? деген әжесі Әйгерімге жақындай түсті.
– Құрбыларым «Не киіп аған?» деп қолдарын шошайтып, күліп жатыр. Оларға менің сәнді тақиям ұнамай қалды.
– Олай емес, олар алыстан көріп, оның әдемілігін байқамаған болар. Жүр мен құрбыларыңа бұл төбетейдің қасиетін түсіндіріп берейін. Содан соң олардың да кигісі келетін болады, – деп әжесі Әйгерімді далаға алып шығады.
Далаға шығып, құрбыларын дауыстай шақырған Әйгерім әжесінің жанына отыра қалады. Әйгерімнің дауысын естіген құрбылары шуылдап жүгіріп келіп, үлкен кісіге «Сәлем бердік, әже!» деп сәлем береді. Батасын беріп, сәлемдерін алған әже қыздарды жанына отырғызып, қолына тақияны ұстап алып:
– Ертеректе менің анам: басыңнан төбетейіңді тастама. Қыз баланың да, ер баланың да өзіне арналған ұлттық бас киімдері бар. Олардың барлығы жайдан-жай емес. Жалаң бас жүрген, төбе шашын көрсетіп жүрген адамның басына жаман ойлар көп келеді. Сөйтіп, олар жаман ойға еріп, жаман адам болып кетуі мүмкін. Сол себепті сәнді тақияларыңды тастамай киіп жүріңдер. Сол кезде сендерге жамандық жақындай алмай, өте ақылды, тәртіпті болып өсесіңдер. Тақиясын үнемі басынан тастамай киіп жүрген адамды ел бірден біледі оның ақылды, салмақты адам екенін, – деп айтып, басымыздан өзі тігіп берген сәнді тақияларын шешкізбейтін. Ол тақия жаздың ыстығында күннен қорғайды, басқа уақыттарда жамандықтан қорғайды, қарақтарым. Әрі біздің ұлттық сәнді оюларымызбен адамға сән беріп тұрады. Осыны естеріңнен шығармаңдар – деп әңгімесін аяқтайды.
Әжесінің әңгімесінің аяқталғанын күтіп отырған Әйгерім, әңгіме тоқтаған бойдан қолындағы тақиясын тез киіп алады. Құрбылары оған жақындап «Тақияң шынымен өте сәнді екен», «Мен де анама тақия тіккізіп аламын» деп жарыса сөйлеп кетеді. Осылайша барлық құрбылар тақия киюді сәнге айналдырып, ұлттық бас киімімізді мақтанышпен киіп жүретін болыпты.
«Тақия тәлімі» мен инновациялық технологиялардың үйлесімділігі.
Баланың жеке басын қалыптастыру үрдісінде білім, білік, дағды жинақтауға бағытталған дәстүрлі оқыту инновациялық технологияны құрайды.
Бүлдіршіндердің танымдық және шығармашылық әрекетін жүзеге асыруға, білім беру сапасын арттыруға, оқу уақытын тиімді пайдалану арқылы олардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи білім беру технологиялары қолданылады. «Тақия тәлімінің» бұдан да бөлек оқыту мен мерекелік ертеңгіліктерде қолданылатын ойын түріндегі әдіс-тәсілдері де инновациялық технологияларға жатады. Жалпы, тақиямен ойластырылған ойындар, әдіс-тәсілдер және тақия туралы қызықты тақпақтар мен жұмбақ, жаңылтпаштарды арнайы бала интеллектін биіктету мақсатында таңдадық.
Тақпақтар
Тақиямды тастамай,
Болдым адам басқалай.
Еркелікті тастадым,
Салмақты бола бастадым.
Келіп балабақшаға,
Тақия киді жас бала.
Деді ол « мен қазақпын,
Ұқсамаймын басқаға».
Өзі сондай көрнекті,
Тақиям менің тамаша.
Сырты ою-өрнекті,
Тұр өзіме жараса.
«Атасы мен немересі»
Ерке тотай немере,
Көп білгісі келе ме?
– Ата, – деді бір күні, –
«Тақия» деген немене?
– Ал, айтайын білмесең,
Жалаң бас жүріп күнде сен.
Бақ-дәулет қонбас басыңа,
Тақия киіп жүрмесең.
Еліктеме басқаға,
Тақияңды тастама.
Ақылды болып өседі,
Тақия кисе, жас бала.
Жұмбақ
Қазақ үйге ұқсайды,
Оны қолға ұстайды.
Киеді әр күн басына,
Әрбір бала асыға. (Тақия)
Жаңылтпаш
Білесің бе, Серікті?
Тақияны көрікті,
Жақияға беріпті.
Оны бәрі көріпті.
Тақия ойындары. Тақия тәсілдері
Инновациялық технологияның шарықтап тұрған кезеңінде балаларға өте түсінікті болу үшін төмендегі ойын түрлерін балаларға жасатып көрдік. Әрбір қатысушы осы ойын түрлерін тез қабылдады. Олар ойын барысында өте белсенді болды. Бүлдіршіндердің бойынан жаңалыққа деген құштарлық сезілді. Мұны барлық балабақша және мектептің мектепалды даярлық топтарының бүлдіршіндері орындауға кеңес беріледі.
«Тақияны безендір»
Мақсаты: Баланың танымдық түсініктерін дамыту.
Ойын шарты: Баланың алдына тақияның суретін, ою-өрнектер көрсетілген карточка және нүктелі текше беріледі. Балаға текшені лақтырып, дөп түскен нүктенің санына және түсіне сәйкес тақияны безендіреді.
«Тақияның бөлігін тап»
Мақсаты: Баланың қиялын және ойлау қабілетін дамыту.
Ойын шарты: Балаға екіге бөлінген тақия беріледі. Оның бір жағына моншақты ою-өрнек, екінші жағына сандар салынған. Бала моншақтың санына сәйкес санды тауып, біріктіруі керек.
- «4 бөлік, 1 тақия»
Мақсаты: Баланың сөйлеу, ойлау қабілетін, ұсақ қол моторикасын дамыту.
Ойын шарты: Балаға 4 бөлікке бөлінген тақияны береміз.Ол рет-ретімен үлгіге қарап, тақияны құрастыруы керек.
- « Тақия»
Мақсаты: Баланың ұсақ қол моторикасын дамыту.
Ойын шарты: Балаға макарон жабыстырылған тақияның суреті беріледі. Бала жіпті алып, макарондардан өткізуі керек.
Сонымен қатар, тақиямызды басқа да ұлттық құндылықтарымызбен ұштастыра аламыз. Бұл жерде балақайлар негізгі ойындардағы жасырылған түстерді тауып, сол түске сәйкес асықтарды ажыратады.
Күтілетін нәтиже
– Әрбір баланың ұлттық тәрбиелік деңгейінің көтерілуі;
– баланың бойында ұлттық болмыстың көрініс табуы;
– ескіні жандандыру арқылы инновациялық әдістер енгізу, жинақтау;
– қазақ мәдениеті мен өркениетінің ешбір елден кем болмағандығынтүсіндіру, мақтанышпен айта білу.
Жоба аясында өткізілетін жылдық іс-шаралар
№№ | Іс-шара тақырыбы | Өтілу түрі | Жауапты | Мерзімі |
1 | «Тақия тәлімі» әдіс-тәсілдер жинағы | Шеберлік сағаты | Әдіскер. Музыка жетекшісі | Қыркүйек |
2 | «Менің тақиям» | Таныстыру | Тәрбиешілер | Қыркүйек |
3 | «Мен елімнің патриотымын» | Балабақша ішілік байқау
|
Музыка жетекшісі
Тәрбиешілер |
Қыркүйек |
54 | «Менің ұлттық бас киімім» | Сурет байқауы | Тәрбиешілер | Қазан |
65 | «Тақия тәлімі» әдіс-тәсілдерін қолдану | Оқу қызметтерінде | Тәрбиешілер
Музыка жетекшісі |
Жыл бойы |
76 | «Тақия қызықтары» әңгімелер жинағы | Әңгіме | Тәрбиешілер | Жыл бойы |
87 | «Менің сәнді тақиям» | Тақия сәндеу | Тәрбиешілер | Қараша |
98 | Ұлттық ойындар | Ойын | Дене шынықтыру нұсқаушысы | Жыл бойы |
19 | «Тақия киген Тайлақ» | Музыкалық қойылым | Музыка жетекшісі
Тәрбиешілер |
Қаңтар |
110 | «Халық әндері» | Музыка терапиясы | Музыка жетекшісі | Наурыз |
111 | «Әжем айтқан ертегі» | Ертегі тыңдау сағаты | Тәрбиешілер | Жыл бойы |
112 | «Үкілі тақия» | Ән байқауы | Музыка жетекшісі | Сәуір |
113 | «Күйші болам өскенде» | Табиғат аясындағы музыка терапиясы | Музыка жетекшісі
Тәрбиеші |
Мамыр |
Қорытынды
Ұлттық тәрбиені пайдалану iсі осы бағытта дамытылып, балабақшамызда «Тақия тәлімі» тәжірибеге енгізілген болатын. Біз бұл тәжірибе арқылы қазақ халқының бала тәрбиесі жөнінде ерте заманан бері жиып-терген мол тәжірибесін ортаға салып, ондағы ұлттық бас киім кию дәстүрін алға тартып отырмыз. Халқымыз тәлім-тәрбиені ең жақсы қасиеттермен байытып, ұл –қыздарының бойына сіңіртіп отырған. Осы орайда балабақша ұлттың да, ұлттық мәдениеттің де өмір сүруі мен дамуының, алғашқы баспалдағы болып саналады. [4]
Білім беру мекемелеріндегі ұлттық тәрбие жүйесінің мектепке дейінгі білім беру мен оқыту сапасын арттырудың инновациялық технологияларын таратуды біз өз тәрбиеленушілерімізбен қолға алып, оны әрі қарай үлкен нәтижелі жетістіктерге жеткізуді ұйғарып отырмыз
Дана халқымызда «Ағаштың түзу, әдемі болып өсуі үшін оны көшет кезінде баптау керек, ал қисық ағаш болып өскенде, оны енді түзете алмайсың», – деп бекер айтылмаған. Сондықтан да «Тақия тәлімі» жас бүлдіршіннің бойына ұлттық сән беріп, ойына ұлттық сана қалыптастыратыны сөзсіз деп ойлаймын. Осы идеяны жүзеге асыру үшін біз бүгінгі күні әрекет үстіндеміз.
Қазақтың ұлттық киімдерін зерттеумен айналысып жүрген этнограф Халиолла Ахметжан қазақ – өзінің ұлттық киімдерін кию дәстүрін жоғалтқан халықтардың бірі дейді. Ол ұлттық киімдердің дер кезінде зерттеліп, замануи үлгіде халыққа ұсынылмағандығының кесірінен дін жолына түскен қыздарымыз арабтың киімін киюге мәжбүр болып жүр деген пікірде. Сонымен қатар, қазір Еуропа мәдениетіне бой алдырған жастардың санасына ұлттық киім туралы түсінікті, құрметті, мақтанышты сіңіру үшін көп жыл керек деп айтқан болатын. Сондықтан баланың бойына ертерек сіңсін десек, ұлттық сананы қалыптастыруды балабақшадан бастағанымыз жөн. Сонда ғана ұлттық құндылығымызды сақтай білген халыққа айналамыз. Ал, мұны инновациялық технологиялар арқылы түсіндірсек, оны тез ұғып, есімізде мәңгілікке сақтай аламыз.
Бала тәрбиесі ата-анадан кейін тәрбиешінің қолында екенін ұмытпағанымыз дұрыс.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- http://sunnet.kz/
- П.Есімбетова «Қол еңбегінен дидактикалық материалдар» (Даярлық топтар мен тәрбиешілерге және ата-аналарға арналған)
А.С.Ысмағұлова,
КМҚК «№105 бөбекжай-балабақша» логопеді