Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шипп Президентке Жоғары сот кеңесінің 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы, еліміздегі судьялар корпусының жай-күйі және оның тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды www.akorda.kz порталы.
Мемлекет басшысының сот жүйесіне нақты сала мамандарын тарту жөнінде берген тапсырмасын орындау үшін алғаш рет жекелеген құқық салаларындағы заңгерлер арасында конкурс өткізілді. Конкурс жеңімпаздары аудандық деңгейді айналып өтіп, бірден облыстық соттың судьялары бола алады.
Бұдан бөлек, Президентке Кеңесті институционалды тұрғыда нығайтуға және оның құзыретіне соттардың кадрлық мәселелерін беруге, сондай-ақ судьялардың тәртіптік жауапкершілігі институтын жетілдіруге бағытталған жоспар туралы баяндалды. Сонымен қатар судьяларды іріктеу ісін жетілдіру және оның ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма беріп, сот жүйесіндегі реформаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.