Қазақтың ежелден жеткен құсбегілік, саятшылық өнері бүгінде жарасымды жалғасын тауып келеді. Бізде ұлттық спорт түрлеріне енген бұл өнерді жалғастырушы жастар баршылық. Бүгін біз бала кезінен құс баулып, саятшылықпен айналысып келе жатқан Арман Қошқаровпен құсбегілік өнердің қыр-сыры туралы әңгімелескен едік.
– Арман, Сіз бүркітшілер жарысында құс салудан жүлделі орындарға ие болып, «Жыл бүркітшісі» атанып, өзге де марапаттарды иеленіп жүрсіз. Оқырманға құс баулудың қыры мен сыры жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
– Әр бүркітшінің алған тәрбиесіне, үйренгеніне қарай, құс баптайтын өзіндік тәсілдері болады. Құсбегі о баста қандай әдіс-тәсілдерді меңгерсе, сол үйренген әдіс-тәсілдерімен баулиды. Үйретілген құстарды «қолбала» және «түзбүркіт» деп бөліп атаймыз. «Қолбала» дегеніміз – ұядан балапан кезінде алынып, үйретілген бүркіт болса, «түзбүркіт» – табиғатта өсіп, екі-үш жас кезінде алынған бүркіт. Мінезіне қарай түзбүркіттің де қолға тез үйренетіні, тез үйренбейтіні болады. Бұрынғының адамдары көбіне түзбүркіт ұстаған. Оны ат пен итті баптағандай айқайлап, үркітіп ұстай алмайсың, сылап-сипап, етін беріп үйретесің. Қазіргі уақытта ең оңайы – қолбаланы үйрету. Ол балапан кезінде алынғандықтан, адамнан қорықпайды. Оны бір үйретіп алсаң, адамның қасынан айналшықтап шықпайды. Өйткені, көз ашқалы адамның қасында оңай жем жеп үйренген. Ал түзбүркіт жақсылап үйретілмесе, таулы жерге барғанда бір айналып ұшады да, аспанға шығып, жөніне кетеді. Өз-өзіне сенімді, мықты бүркітшілер ғана түзбүркіт ұстайды. Түз құсын аса арық етіп ұстауға болмайды. Өйтпейінше бұл, құс тез құлап, тез өліп қалады. Түзбүркіттің жақсы қасиеті – ол адамға түспейді, бүрмейді. Қолбала бүркіттерді жарыстарда көріп жүрміз, адамға түсіп жатады. Интернетте де адамға түскен бүркіттердің бейнежазбалары көп қой, олар – қолбала бүркіттер. Өзінің күшін және ненің керек, керек емесін біле бермейді. Сиыр ма, бала ма, бәріне түсе береді. Қолбала бүркіттердің сондай кемістігі бар.
– Бүгінгі күнде құсбегілік өнерді терең меңгерген бүркітшілер көп пе?
– Ешқандай құсбегі бүркітті жүз пайыз білемін деп айта алмайды. Асылы, құс қой, құсты жүз пайыз білетін болсаң, оны табиғатқа жібере салып, аң алған жеріне бара салар едік қой. Құсты жақсы білетін адамның өзі отыз пайыз білетін шығар деп ойлаймын. Қолыңдағы құсты жібере салғанда түлкіні алатынына жүз пайыз сенім жоқ, алады, я алмайды, елу пайыз сенім бар. Құсты баптап, дайындайтының тағы бар. Бұрынғы замандағы бүркітті жақсы меңгерген мықты-мықты құсбегілердің деңгейінде емес шығармыз. Бүгінде ғаламтордағы, уатсаптағы құсбегілердің арнайы тобы бар, мәліметті керек еткен бүркітшілер қажет мәліметті сол жерден сұрап алып отырады. Осылайша бүгінгі жас құсбегілер бір-бірімен тәжірибе алмасып тұрады.
– Құс баулу, бүркітшілік өнер туралы жақсы мәліметтер беріп отырсыз. Енді бұл өнердің бүгінгі жай-күйі қалай, ілгерілеу, даму бар ма?
– Құсбегілік өнер қазір жақсы дамып келеді. Бүркіт пен бүркітшінің арасындағы қарым-қатынас құсты қолға шақырудан басталады. Бүркітшілер сайысында белгіленген жердегі бүркіт шақырғаныңда қолыңа ұшып келсе, бұлардың қарым-қатынасы жақсы деген сөз. Әкем Әбдікәрім 1990 жылдардың аяғында бүркітшілер сайыстарына қатысты. Ол кездегі «Қолға шақыру» ережесі бойынша, бүркіт пен бүркітшінің арақашықтығы 60-70 метр болатын. Қазір 500 метр шамасында. Қазіргі бүркітшілер жарысына 60 бүркітші қатысатын болса, алғашқы «қолға шақыру» кезеңінен елуі өтеді. «Қолға шақыру», «шырғаға түсу», «ұшыру» және «қоянға салу» сияқты кезеңдерден өтеді. 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында «қолға шақыру» мен «шырғаның» өзіне мәреге – финалға қарай он шақты бүркіт қана өтетін. Қазір финалға іріктеу қиын. Өйткені, бүркітшілер де, бүркітшілік өнер де жақсы дамыған.
– Құсбегілік қазақтың ұлттық спорты ретінде кең насихатталып жүр. Бұл бүркітшілік өнердің дамуына әсер етті ме?
– Құсбегілік өнер – қазақтың ата кәсібі ғой. Бұрын қажеттіліктен ұстаса, қазіргі заманда ұлттық спорттың бір түрі болып бекітілді. Ұлттық спортты дамыту үшін құс ұстаймыз, заңды «чипін» салып, құжатын береміз. «Чипсіз», құжатсыз қазір құс ұстауға рұқсат жоқ. Талапкерлер бүркітшілерге еріп, үйреніп, жарыстарына құссыз қатысып, одан кейін ғана құс алуға болады. Құжаттарын реттеп, жарысқа қатысамыз. Атадан балаға мирас болған бұл кәсіпті біреуден үйренбесең, өздігіңнен меңгеру өте қиын. Ит жүгіртіп, мылтықпен аңға шыққандай емес, құс салуға қажырлы еңбек керек. «Ит жүгірткен – қатып алады, қақпаншы – үйде жатып алады, құс салған – қызығына батып алады» деген бар ғой. Жақсы тазы, қасқырға түскен иттерім бар, бірақ аңға бүркітпен шыққанда иттер байлауда қалады. Бүркіттің түлкі алу мәнері, көз алдыңда түлкі алғаны, мылтық жетпейтін 500-700 метр жердегі аңды алғаны бөлек әңгіме. Құс салу ұлттық спорт екенін айтпағанның өзінде, сайын далада таза ауада атпен жүріп саятшылық құру – ләззаты бөлек өнер. Құс салу өнерін ұлттық өнерге енгізгеннің нәтижесінде бұл өнерге жастар мен жасөспірімдер көптеп келуде. Жақында Талдықорған өңірінде «Қазақстан чемпионаты» өтеді, оған 10 жастан 20 жасқа дейінгі жас балалар қатысады.
– Бұрынғы ақындар өлеңдерінде «Қырық түлеген бүркіттей» секілді теңеулер кездеседі. Құстың жасын қалай есептейді?
– Құсты түлекпен есептейді. Бүркіт жылына бір түлейді. Қанат, қауырсын, ірге қанат, құйрық қанат, шалғы, жапырақ қанаттарын – бәрін тастап, жаңадан түлеп, қырық шалғысының бәрін қайта шығарады. Бүркіт қыста арпалысып, түлкіге аяғын алдырып, тістетіп қояды. Түлегенде тістелген, сынған жері қайта шығып, бәрі қалпына келеді.
Көктемде ұшып шыққан балапанды күзге дейін баптап, дайындап, қыркүйектен бастап, ақпанның аяғына дейін аң-құсқа саламыз. Аңдар балалап, күйекке түскен уақытта саятшылықты тоқтатамыз. Наурызда түлекке қоямыз. Наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде айларында, бес-алты ай түлекте тұрады, құс түлейді. Қолдағы құстың табиғаттағы құстарға қарағанда өмір сүруі ұзағырақ болады. Әр ұяда негізінен екі-үш балапан кездеседі. Мысалы, бір таудан жиырма балапан шығатын болса, соның екі-үшеуі ғана тірі қалады. Өйткені табиғат қатал, бір күні жем татпай қалса, бір күні аңды ала алмай шашылып қалады. Қолдағы бүркітке аңын алсын-алмасын жемін уақтылы береміз. Құстың жасын «бүркітімнің екінші түлеуі, үшінші түлеуі» деп есептейміз. Жасына қарай, аталуы Қазақстан, Қытай және Моңғолия қазақтарының арасында үш түрлі айтылады. Бізде ұядан ұшып шыққаны – балапан, одан кейін – тірнек, үшінші түлеуі – тас түлек делінсе, Моңғолия қазақтарында «балапан», «тірнек», «мұзбалақ» деп аталады. Бұл атаулар Қытай қазақтарында басқашалау айтылады. Әр аймақта әр түрлі айтылғанымен, түбірі – балапан, тірнек, тастүлек, қана, ана, жана, майтүбіт, көктүбіт, баршын, – деп, көбіне тоғыз түлеген соң тоқтатады. Бүгінгі құсбегілер бүркітті тоғыз жастан артық ұстай қоймайды. Бабаларымыз бүркітті қырық түлетіп салған, – дейді. Біз оған апара алмадық. Біздің ең үлкен бүркітіміз жиырмадан асқан бүркіт болды. Бүркітті әрі кетсе он жасқа дейін ұстап, содан кейін табиғатқа жібереміз.
– Қазір үйдің ауласынан бірнеше құсты көріп отырмын. Құс деп жалпы атағанымызбен, нақты қандай құстарды баптап, баулисыздар?
– Қаршыға, ителгі, бүркіт және лашын. Осы төрт құсты саятшылыққа салып жүрмін. Бұлардың ішінде адамға тез үйренетіні – қаршыға. Мықты аңшы. «Қаршыға – қазан қайнатады, ителгі – етекті боқ қылады» деген қазақтың мақалы бар. Қаршыға – таңертең және кешке, күніне екі мезгіл азығын ыстықтай, қанымен жеп отырады. Ал қолда ұстаған бүркіт, ителгілерге бір-екі күн бұрын атқан аңның етін берсеңіз де көне береді. Ал қаршығаның тамаққа деген талғамы өзгеше.
– Ала жаздай түлекте отырған құсты аңға саларда қиындықтар болмай ма?
– Бүркіт жаздай түлекте отырғанда ішіне май жинайды, семіріп кетеді. Түлектен алып болған соң қайырып бастайсың, жайлап ырғаққа қоясың. Сол кезде «сүйек қоя» деген болады. Күйдірілген сүйекті майдалап ұсатып, бөзге орап, құстың аузына салып, жемсауға түсіреміз. Асқазанға түскен соң майдың бәрі соған сорылып жиналады. Сүйек қоядан бөлек, киіз қоя, қыл қоя, тал қоя, зерде деген түрлері де болады. Бүгін таңертең салсақ, келесі таңға дейін ұстап тұрады да, құсып тастайды. Кейде іші таза болмаса, екі күнге дейін ішінде тұрады. Бұл қолдағы құстарда ғана емес, табиғаттағы құстарға да тән қасиет, қоян, қырғауыл сүйек-саяғымен, жүнімен қоса жейді де, керек емес нәрселерін шығарып тастайды.
– Қызықты әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен, Күнқожа ҚАЙРУЛЛА