18 Мамыр – Халықаралық мұражайлар күні
Көне тарих пен бүгінімізді жадымызда сақтап отыратын, көп салалы жәдігерлердің иесі – мұражайлардың өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Мұражай – адамзат баласының өмірінде заттық және рухани мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір орын.
Бұл киелі де қасиетті орын алғашқыда өнер туындыларын сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасып, уақыт өте келе, әдістемелік қызметі жетілген көп салалы ғылыми зерттеу мекемесіне дейінгі дәрежеге көтерілді. Көне жәдігерлер қоймасы туралы көрнекті әдебиетші, ғалым Қ.Ергөбек «Түркістан жинағы» атты кітабында: «Мұражай – тарих, мұражай – шежіре. Мұражай – білім-ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылымның қоспасы – мұражай. Мәдениеті жоғары елдерде әрбір мұражайдың тарихы жазылып қатталады. Тіпті әрбір мұражайдың кезеңімен алмасып, жаңарып тұрар көрмесінің тарихы шежіреленеді» деген болатын. Жалпы, мұражай еліміздің кірер есігі, қара шаңырағы болса, сондай қара шаңырақ мұражайлардың бірі – Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығы.
Көне жәдігерлер мекені – Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығының босағасынан аттаған қарапайым адамнан бастап, лауазымды тұлғалар болсын, мемлекет басшылары немесе шетелдік қонақтар елдің, халықтың бай, құнарлы мәдениеті жөнінде түсінік алады. Мұражай тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес. Ең алдымен, жоғарыда айтқанымыздай, ол – ұлттық-ғылыми зерттеу мекемесі. Себебі, мұнда атқарылатын жұмыстардың көпшілігі – ғылыми-зерттеу еңбектерінің түрлі көрністері. Мысалы, мұражайға бір жәдігер келді делік, оны есепке алу қажет, камералық өңдеуден өткізіп, тегін анықтап, этникалық парқын айғақтаймыз, осының бәрі «атрибуция» – анықтауыш деп аталады. Одан кейін жәдігердің төлқұжаты жасалып, тақырыптық тізімдеуден – каталогтаудан өтеді. Міне нағыз ғылым осы. Зерттеп, зерделенген жұмыстар кітап түрінде көпшілікке ұсынылады. Өркениетті елдерде мұражайға, мәдениетке деген жалпы халықтық көзқарас айрықша. Сондықтан біз қазақ мәдениетін әлемге таныту үшін, алдымен өз елімізде мәдениетке, рухани құндылықтарға деген құрмет пен білімді жоғарылатып, ғылыми негіздерге сүйеніп, жіті зерттеуге тырысамыз. Ал, мұражай құндылықтары туралы «Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығының жұмыстарының негізгі нысаны мұражайлық заттар яғни мұражайлық құнды жәдігерлер болып табылады. Ғылыми зерттеу және жинастыру жұмыстарының нәтижесінде жинақталған осындай жәдігерлерді жүйелеу ұлт тарихының қымбат жәдігері ретінде көпшілік назарына ұсыну мұражай қызметкерлерінің міндеті. Мұнда келіп-кетіп жатқан қонақтардың бірі білсе бірі біле бермейтін сол жұмыстардың бірі қор жұмысы Мұражай қорының басты байлығы, құндылықтары оның жәдігерлері болып табылады. Жәдігерсіз мұражай ашылмайды. Оны ашу үшін бірінші орын қажет болса, екінші тақырыптық көрме жоспарын құру қажет. Ал ТКЖ-ні жасау үшін жәдігерлер мен мұражай қорының құндылықтары қажет. Сондықтан мұражайдың негізі құндылығы – жәдігерлері, яғни мұражай қоры болып табылады. Біздің мұражай қорына негізінен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлермен қатар, ата бабаларымыздан мұра болып қалған халқымыздың қолөнері мен салт дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін жәдігерлер қабылданады. Ұлт тарихын насихаттауда әсіресе, этнографиялық жәдігерлердің алатын орны ерекше. Этнографиялық жәдігерлер халқымыздың салт-дәстүрлерінен, әдет ғұрыптарынан, тыныс тіршілігінен, мәдениетінен, мол мағлұмат береді. Мұражай қорының этнография бөлімінде ХҮІІІ-ХХ ғғ. дейінгі кезеңді қамтитын қазақтың қолөнер қазыналарының небір тамаша үлгілері сақталуда. Бұл бөлімге жататын қазақтың қолөнер туындыларынан, сан түрлі оюлар түсіріліп, жүннен жасалған (текемет, кілем,сырмақ, тұскиіз) т.б бұйымдар, ағаштан теріден жасалған ыдыс-аяқтар мен үй жиһаздары, құмандар мен самаурындар әсіресе тек күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың бірін-бірі қайталамайтын бірнеше түрлері кездеседі. Егер барымызды бағалай білсек, біздің басқаларға танытарлық байлығымыз жетерлік. Рухани байлыққа баға жетпейді.
Ал, қандай да бір жағдайда табылған зат мұражайлық жәдігерге айналу үшін біраз сатыдан өтуі керек. Ең бірінші, зат туралы деректер, яғни не үшін пайдаланылғаны, табиғаттағы немесе қоғамдағы ортасы, адамдармен, не болмаса басқа заттармен байланыстары толтырылып, есепке алынады. Алғашқы нақты ғылыми жұмыстар жүргізілгеннен кейін, мұражайлық зат ретінде танылады. Біздің мұражайдағы жәдігерлер негізінен ел арасынан экспедиция нәтижесінде табылған, көпшіліктің өздері алып келген этнографиялық заттарды сатып алу арқылы қорды толықтыруда. Қор комиссиясы қорда жоқ, қажетті, сирек кездесетін дүниелерді сатып алып отырады.
Тарихи құндылықтардың көзіне айналған баға жетпес рухани байлықтың отаны – «Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығы» бүгінгі таңда жас ұрпаққа құнды мұралар мен тарихи ескерткіштер арқылы тәрбие мен білім беруге арналған киелі орын екендігін және соңғы жылдарда тарихи маңызы бар жұмыстарды атқарғанын айта кеткеніміз жөн. Себебі, тұтас бір ұлттың рухани келбетін – оның мәдениетін, өнерін, тарихи мұраларын, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеумен насихаттап, дәріптеуде мұражай қызметкерлерінің де тарих беттерінен алатын орны ерекше. Заманымыз жаңғырып, салт-дәстүрімізге елеулі өзгерістер ене бастады, оны жасаушы шебелердің де саны сиреп бара жатыр. Әрине біз сондай қиыншылықтарға қарамастан, елді мекендердегі қарапайым халықтың арасынан, этнографиялық заттарды жинау, мұражай қызметкерлерінің игілікті ісі және басты мақсаты. Осы негізде біз бірнеше рет «мұражайға сыйға тарту» акциясын, этнографиялық экпедициялар ұйымдастырдық. Осындай іс-сапарларда ел арасында күні бүгінге дейін сақталып келген тұрмыстық бұйымдар, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері – құнды жәдігерлер өте көп екендігіне көз жеткіздік. Нақтылап айтар болсақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша, соңғы екі-үш жылда бөлім қызметкерлері еліміздің оңтүстік өңірлеріне, Шардара ауданының Қызылқұм, Байырқұм, Ұзыната, Алатау батыр, т.б. елді мекендерге көптеген экспедициялар ұйымдастырып, нәтижесінде мұражай қоры ел арасынан табылған құнды жәдігерлермен толықтырылып, 20-дан астам қолөнер шеберлері анықталды. Төменде сол экспедиция барысында табылған заттардың көрінісі.
Біз мұнда халық шеберлерінің асыл мұраларын сақтап, қазіргі заманға алып келуші өнер иелерінің еңбектерін зерттеп, жүннен, ағаштан жасалған және зергерлік бұйымдар туралы бірнеше деректер жазып алдық.
Мұражай қашан да өз заманына қызмет етуге тиісті. Мұражай көрмесіне жаңа ғасырда оның құрылымына жаңаша көзқарас қалыптастырып, мұражай қорын, халқымыздың әлі де болса, талай жерде көміліп жатқан тарихын тірілтіп, ел арасындағы қас шеберлердің қолөнер туындыларын жинақтап, өз дәрежесінде ел игілігіне пайдалану, әлемдік деңгейдегі мұражайлар қатарына көтеру – біздің басты мақсатымыз.
Қалипа Кемелова, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері, мәдениет саласының үздігі