Мөлдір өнердің иесі. Режиссер – театрдың темірқазығы, намысы, абыройы мен беделі.

 Жуырда «Қазақстанның оқырман ұрпағы-2021» акциясы аясында Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері, Махамбеттің 200 жылдығына арналған республикалық театр фестивалінің лауреаты, «Ең үздік – Исатай» номинациясының иегері, 7-ші Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Ең үздік классикалық роль» номинациясының иегері, театр өнері магистрі Елтай Кемал Тамабайұлымен «Bookdating» әдеби іс-шарасы @baishevabiblioteka Instagram парақшасының тікелей эфирінде өткізілді.

Наурыз айынан бастап «Bookdating» кітапсүйер оқырмандарының әдеби кездесуін тұрақты түрде өткізіп келеміз. Жалпы іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Bookdating – сүйікті кітабыңмен бөлісу, пікір алмасу дегенді білдіреді.                     Бұл іс-шарада оқымандар республикамызға белгілі тұлғалардың өзі оқыған кітабы туралы кітапсүйер оқырмандарға айтқан пікірлерін, тағылымды ойларын тыңдай алады. «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен – кітапхана», – деп жазушы Ә.Кекілбаев айтқандай, кітаптан алған білім — мәңгілікке сарқылмайтын рухани құнды қазына. Кітапхананың әрбір оқырман үшін алатын орны ерекше.

   «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер»,Ғабит Мүсірепов айтқандай мәдениет саласында қызмет атқару үлкен жауапкершілікті қажет етеді. «Режиссер – театрдың темірқазығы, намысы, абыройы мен беделі» десек, бүгінгі біздің кейіпкеріміз Елтай Кемал өңірімізге белгілі режиссерлердің бірегейі. Онлайн сұхбат барысында әдебиет пен театр саласы туралы әңгіме өрбітілді. Бала кезінен домбыраны қолына серік еткен Елтай Тамабайұлы режиссер болам деп әсте ойламаған. Өнерге деген махаббаты оны үлкен сахнаға алып келді. Театр және кино институтын (қазіргі Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы) драма және кино актері мамандығы бойынша аяқтаған. Қазіргі таңда Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері қызметін атқаруда.  Елімізде орын алған карантиндік шектеу шараларына байланысты қойылымдар кейінге қалдырылуда. Алдағы уақытта «Бейтаныс әйелдің хаты», «Болашаққа хат»  т.б. қойылымдар өз көрермендерін асыға күтуде. «Болашаққа хат» қойылымы, мектеп қабырғасындағы оқиғалармен өрбіп, детектив жанрында жазылған. Онлайн сұхбат барысында кейіпкеріміз театрдың қызығы мен қиыншылығы туралы айтып берді.

«Bookdating» іс-шарасының басты мақсаты

— өзіңізге ұнаған сүйікті кітабыңызбен бөлісіп, оқырманға ұсыну. Әр адамның өмірінде өзіне ұнаған кітабы болады. Сұхбат барысында Елтай Тамабайұлы біраз шетел жазушыларының еңбектері туралы айта келе, өзі оқыған кітаптары туралы баяндады. «Хакім Абайдың, М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясынан бастап, М.Мақатаевтың, Д.Исабековтың, О.Бөкейдің т.б. қаламгерлерді оқып өскен. Әсіресе, өзі оқыған жапон жазушысы, драматург Кобо Абэнің «Бөтен бет»  романының желісі – сақтық шараларын дұрыс сақтамағандықтан лабораторияда жарылыс орын алып, романдағы кейіпкердің беті күйіп қалады. Бетін жоғалтып, басқа кейіпке енеді. Шығарманы С.Елубай қазақ тіліне аударған. Өте қызықты роман. Қазіргі қоғаммен салыстырғанда әлеуметтік желіде бет әлпетін жасырып, «бөтен бет» қолданатын адамдар секілді», — дейді Елтай Кемал.

Режиссер Елтай Тамабайұлының айтуынша, «көп кітап оқыған, ізденген адам жетістікке жете алады. Кітап бізді «Ақыл мәдениетіне» үйретеді, тереңірек ойлауды, есте сақтау қабілетімізді жақсартады, зейінімізді, ойымызды жаттықтырады».

Кейіпкеріміз әлеуметтік желі көрермендерінің сұрақтарына жауап бере отырып, актерге қойылатын талаптар туралы айтып берді. «Актер болу үшін қойылатын талаптар — ән айтып, би билей білу, дене сымбаты мен бет-әлпеті келіскен, кез келген рөлді сомдай алатын, рухани бай,  жан-жақты, білікті маман болуы қажет», – дейді Елтай Тамабайұлы.

Режиссер Елтай Кемалдың қызы – Тамабай Нарқыз да өнер жолын таңдаған.

Қазақ ұлттық өнер университетін «Драма және киноактер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы. Нарқыз Елтайқызы  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан көрсетілген «Инелік» отандық телехикаясының басты рөлдерінің бірі, дәрігердің рөлін ойнаған. Телехикая медицинаның тереңіне бойлатып, дәрігер мамандығының қиындығын, антына адал жандардың өмірін баяндайды.

Елтай Кемал сияқты басқа да елімізге белгілі тұлғалармен сұхбаттар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Осы мақсатта «Кітап оқу мен кітапты жылжыту жөніндегі үздік медиа жоба» іске асырылып, ай сайын «Қазақстанның оқырман ұрпағы-2021» акциясы аясында «Bookdating» әдеби іс-шарасы тұрақты түрде өткізілетін болады.

Елімізде де таралып жатқан індеттен қорғанудың бір жолы – халықтың амандығы үшін үйден көп шықпау. Жанымызға жақын адамдарды індеттен сақтаудың бір жолы – уақытты құр өткізбей кітап оқу керек. Кітапхана уақытша онлайн қызмет жасайтындықтан, кітаптың электронды нұсқасын www.kazneb.kz, www.kitap.kz сайтынан оқи аласыздар.

«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деп Аристотель айтқандай, білім мен өнер кейінгі буын өкілдерінің болашағы жарқын болуына басты кепіл. Ал, осы рухани құндылықтарымызды жастарға насихаттайтын киелі шаңырақ – ол кітапхана. Кітап — адамзаттың сарқылмас рухани қазынасы. Кітаптан алған білім — мәңгілікке сарқылмайтын рухани құнды қазына. Олай болса, құрметті оқырмандар кітап оқыңыздар! Кітаптан рухани азық алыңыздар!

      С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық  әмбебап ғылыми кітапханасы 

Тағы да оқыңыздар: Шырағын жаққан білімнің

Бөлісу: