НАУРЫЗНАМА: «Наурыз базары» жәрмеңкесі

Астанада ЭКСПО халықаралық көрме орталығында «Наурыз базары» атты Шығыс жәрмеңкесі ашылды. 21, 22, 23 наурыз күндері өткен іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп қатысты.

Жәрмеңкеде қазақстандық тауар өндірушілердің тікелей азық-түліктері ерекше сұранысқа ие болды. Келушілер үшін “өрістен есептеуішке дейін” қағидаты бойынша ұсынылған жаңа өнімдер қолжетімді болды.

Ал еліміздің басқа өңірлерінен келген фермерлер Азық-түлік жәрмеңкесіне 200 тоннадан астам өнім, оның ішінде ет және сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, бал және т. б. әкелген.
Сондай-ақ Шығыс жәрмеңкесінде шығыс тағамдары гастрофестивалі ашылды, онда Елорданың тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкенің бірінші күні 1,5 тоннадан астам палау мен 500 литр наурыз көже дайындады.

Қазақ мәдениетіндегі байырғы, құнды салалардың бірі – қолөнер. Кемеңгерлігі мен көсемдігін сөзге сыйғызған қазақ – өнерден де шет қалмаған. Қазіргі таңда елімізде қазақтың ұлттық қолтаңбалы өнерін жандандырып, оны дамыту жолында еңбек етіп жүрген шеберлер баршылық.

Еліміздің бірнеше аймақтарынан қыш шеберлер, керамика мамандары мен кілем тоқу бойынша сарапшылар, жалпы қолөнер шеберлері мен ұлттық қолөнерді жалғастырушылар жиналып, өз туындыларын жәрмеңкеге алып келді. Түркия, Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан сияқты елдердің 50-ден астам қолөнершілері осы  жәрмеңкеде бас қосты.

Жәрмеңкенің мақсаты — еліміздегі шеберлердің қолынан шыққан ұлттық бұйымдарды халыққа таныстырып, кеңінен насихаттау, шеберлер арасында тәжірбие алмасу болып табылады.

Сонымен қатар, «Наурыз базары» жәрмеңкесіне қатысушылар этностильдегі киім топтамаларын, зергерлік бұйымдарды, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттарды, кәдесыйларды ұсынды.

«Наурыз базары» аясында шығыс тағамдары фестивалі де өтті. Онда астаналықтар мен қонақтар наурыз көже, палау, бауырсақ және басқа да ұлттық мерекелік тағамдардан дәм татты.
Астанада үш күнге созылған «Наурыз базары» атты жәрмеңке ұлттық қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдардың ешқашан бағасы бәсеңдемей, құндылықтары сақталатынын тағы бір дәлелдеді.

 

«Дәстүр»

Бөлісу: