Наурыз мейрамын EXPO төрінде тойлауға шақырады

1

«QazExpoCongress» ұлттық компаниясы қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамын EXPO кешенінің аумағында қарсы алуға шақырады, деп хабарлайды dasturkb.kz.

Мерекелік іс-шаралар 21-23 наурыз аралығында өтеді. Ұлыстың ұлы күніне орай аумақта көрнекі декорациялар орнатылып, бірегей ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады.

Мәдени-ойын-сауық бағдарламасы «Наз» би ұжымының, «Арт Домбыра» музыкалық ұжымының, «Қорқыт» этноансамблінің, «Арна» және «Рояль» квартеттерінің, «Шабыт» домбырашылар ансамблінің және басқа да әртістердің өнерлерін қамтиды. Сондай-ақ «Қара жорға» би флэшмобы ұйымдастырылады. Қонақтарды батырлар мен бүркітшілер, ал балаларды аниматорлар қарсы алады.

Наурыз мейрамын EXPO аумағында тойлауға шақырады

Ұлттық ойындар: асық ату, арқан тарту, сондай-ақ спорттық жарыстар – футбол фристайлы, садақ ату және әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гинесс кітабының рекордшысы және Қазақстанның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульниковтың қатысуымен күш изометриясы өткізіледі.

Бұдан бөлек Болашақ энергиясы мұражайында этноансамбльдердің, би ұжымдарының және «Наурыз» мюзиклін орындайтын театр труппасының қойылымдары жоспарланған. Сондай-ақ келушілерге наурыз көже мен бауырсақ таратылады. 21-23 наурыз аралығында мұражайға кіру тегін болады.

EXPO халықаралық көрме орталығында 21-23 наурыз аралығында өтетін Шығыс базары ұйымдастырылады. Мұнда да ауқымды мерекелік бағдарлама өткізіледі. Қонақтарды көпес, батыр, бүркітші және хан сияқты кейіпкерлер қарсы алады. Сауда дүкендері шығыс стилінде безендіріліп, онда саудагерлер отандық өндірушілердің тауарларын сатады, ал қолөнершілер мен шеберлер өз қолдарымен жасалған бұйымдарын ұсынады.

Бөлісу: