Наурыз мерекесін қарсы алу рәсімдері

Наурыз күні Қыдыр Атаның назары ақ құйылған, дәнге толған ыдысқа түссе, мал төлді болып, егін бітік болар деген;

***

Қыдыр түні ыдысты дәнге, таза бұлақ суына толтырып қойса, тоқшылық пен молшылықты күтуге болады;

***

Кетіліп, жарылып, сынған аяқтарды, шөмішті сындырып, ескі-құсқыны өртеп, тазарту – ескі күндерден қалған қиындықтар мен бәле-жаладан арылу, адамдардың қарым-қатынасын реттеуді, жаулыққа жол бермеу, жамандық атаулыдан тазару, аластану деп түсінген дұрыс;

***

Бірігіп, ағаш егу, көпір салып, өткел жасау – ізгілік болмақ;

***

Бұл күндері мыналар киелі істер болып саналған: бұлақтың көзін ашу, көкті жұлып, таптамау, ағашты кеспеу, ысырапқа жол бермеу, аңшылық, саятшылық жасамау сияқты табиғатты аялау жұмыстарының есте болғаны жөн;

***

Жылап-сықтап, жүз шайысып, боқтасып, шайпау сөзге бару, басқа да жат қылықтарды жасағандар жыл бойы жанжалдан құтылмайды деген сеніммен ондай әрекеттерге баруға жол бермеген;

***

Шаш пен тырнақ алуды, «ескімен алысқанның есі кетеді» деп, ескі киімдердің жыртығын жамау, іс тігу де жаман ырым болып саналған;

***

Жыл бойы үйіне түнемей, алыс сапарда болудың нышаны санап, бұл күні бөтен үйге қонуды дұрыс санамаған;

***

Бұл күні күндіз жатып, ұйықтауға тыйым салынған. Төсек тартып жатқан науқастың өзі мүмкіндігіне қарай, басын көтеріп, бір мезгіл болса да Наурызды қарсы алып, көңілін көтеруі тиіс;

***

Тірі жан иелерінің ажалына себепші болмау үшін, төрткөз итті қанын шығармай, күшәла беріп өлтіреді немесе қуып жібереді;

***

Төңіректің төрт бұрышына сүт шашуды, жаманшылық атаулыны аластап, көшіру ырымы деп түсіну керек;

***

Мереке күні мал сойып, пышақ қандау – өркендеу, жасампаздық салттарына қайшы келетіндіктен, мал бауыздауға тыйым салынған;

***

Наурыз көжеге қосылатын жетіден кем болмайтын тақ санды дәмдер – береке, бірлік нығая берсін деген тілектен туындағаны есте болсын. Наурызды тойлайтын мұсылмандарға Ғайып Ерен, қырық шілтен, абрар деп аталатын жеті әулие тобы ерекше маңызды. Яғни, наурыз көжедегі жеті дәмде де, сол жеті әулиені пір тұту жатыр деген жорамал бар.

***

Наурызды тойлауда – ата-бабалар жолын дәріптеу, руішілік, руаралық қатынастарды реттеу, ел бірлігі мен тұтастықты сақтау мақсаты көзделіп, табиғатпен «тіл табысу», оны қасиет тұту, адамдар арасындағы шынайы қатынастарды реттеу көзделген.

Бөлісу: