ОСПАН БАТЫРДЫҢ МЕРГЕН ҚЫЗЫ ӘЗИПА

Атажұртқа оралған қандастардың топ бастаған серкесі болған үркердей зиялы қауымның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондай асыл азаматтардың бірі профессор, ұстаз, әдебиеттанушы ғалым марқұм  Райыс Ғазезұлы (1944-2022) еді. Ғалым М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек етіп, «Бабалар сөзі» жүзтомдығына едәуір үлес қосты, көне қолжазбалардың сырын шешті. Қаламгердің Оспан батыр туралы «Самұрық», халық әдебиеті жайында «Сөз өнерінің теориясы», «Шыңыраудан шыңға» секілді бірқыдыру еңбектері жарияланды. «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Ғазиз Райысұлы ағамыздың артында қалған мына бір бағалы қолжазбасынан бір мақаланы алып «Дәстүр» журналына  ұсынғанды жөн көрдік.

  

***

«Сұңқар кім, тұлпар кім?» дерсіз. Ол – өз өмірін қазақ халқының еркіндік, теңдік, бостандық, тәуелсіздігі жолында құрбан еткен қазақтың халық қаһарманы, ұлт-азаттық қарулы төңкерісінің көсемі Оспан батыр.

Қиял жетпес қиянға қыран көзі жеткен, тұяқ жетпес тұрғыға парасатты сөзі жеткен Оспан батырдың «батыр қызы» аталған сұңқардың қияғындай, тұлпардың тұяғындай Әзипа Оспанқызы.

Батырлық білекте ғана емес, жүректе. Тек ерлер ғана емес, «батыр қыздар» да қазақ ұлтының ар-намысы, Отанның тұтастығы, ұлттың береке-бірлігі үшін, ұлттың тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін кіршіксіз ақ жүрекпен, адал тілекпен өзінің гүлдей құлпырған өмірін құрбан етті. Бұған Кенесарының қарындасы Бопайды, екінші дүниежүзілік соғыстағы Әлия мен Мәншүкті, Оспан төңкерісіндегі Әзипаны айтуға болады.

Әзипа Оспанқызы (Әз апай) туралы айтылған аңыздар көп екен. Оспан батырдың туысы әрі атойшыл батыры Зейнел батыр өзінің 2003 жылы «Алтай аясы» журналының 4-санында жариялаған «Әз апай туралы» әңгімесінде былай дейді: «Әзипа – Оспан батырдың үшінші әйелі Баян Пыштайқызынан туылған. Әзипа қаршадай күнінен Оспаннан қару өнерін үйреніп, құралайды көзден атқан мерген болды. Оспан соғыста ертіп жүріп, соғысу әдістерін үйретті. «Оспанның батыр қызы», «Әз апай» аталды. Әзипа қара торы, сұңғақ бойлы, қара көзінен ұшқын атқан, сұлу сымбатты, ақылына көркі сай, ержүрек, қатал, зерек, қағілез қыз еді. Оспан мен оның жоғары абыройынан именген жігіттер, батырлар Әзипаға сөз айта алмайтын. Тұрмысқа шықпаған еді. Оспан ауылын Әзипа өргізіп, жусататын, көшіріп-қондырып отыратын. Оспан жауынгерлері соғысқа шыққанда Әз апай ауылдағы кемпір-шал, ауру-сырқау, жас бала, жаман қатын, жаралыларға дейін қамқор болып, айдаған мал, артатын жүк, жығатын үйге дейін көшті бір сағатқа жеткізбей, артып-тартып, жолға жөнелтіп, қоналқы жерге қондырып, сарбаздар қайтып келгенше, мал сойғызып, ет асқызып қоятын асқан ыспар, пысық адам еді.

Әз апайдың зеректігіне қайран қаласың. Біздің бір жеңісімізді тойлау кезінде әрі ақын әрі армия қолбасшысы Сұлубай батыр соғыстағы Оспан бастаған батырлардың ерлігін мадақтап өлең айтты. Әз апай ертеңінде Сұлубайдың өз өлеңін әнімен өзіне айтып бергенде Сұлубай таң қалды. Әз апай жиналысқа қалмай, қатысып отырады. Кей үкірдай, мыңбасылардың шешендік сөзін өзіне айтып, оларды таңғалдырады. Ол Ғаббас мүфтиден қазақ жазуын (Ахмет Байтұрсынұлы емілесін) үйреніп алып, хат жазып, кітап оқитын еді. Оспан батыр түнде күзетте болып, күндіз ұйықтайтын. Әз апай әкеме біреу қастық жасамасын деп, түнімен сырттай әкесін күзететін.

Әзипа ақыл-айлалығымен де соғыста шебер қолбасшы еді. Оны жасы кіші, әйел бала демей, бар батырлар құрметтейтін. Ол әкесі Оспан екі рет қоршауда қалғанда, бір рет өлімнен де құтқарып қалған болатын.

1943 жылғы қыркүйекте Қайырты өзені бойында Шың Шысай үш мың жаяу-атты әскерінің сыртында  бронды танктер мен әуеден әлденеше ұшақтың сәйкесуімен төңкерісшілерге шабуыл бастады. Біз не бары жеті жүз адам едік. Жау алдымен ұшақпен бомбалап, артынан зеңбірекпен атқылады. Біздің бар панамыз тау болғандықтан, тауға қарай біртіндеп шегіндік. Тауға танктер шыға алмай, алыстап қалды. Жаудың шепті жайып, қоршауға ыңғайланғанын білген Оспан батыр екінші тұрғыдағыларға орналастыру үшін шауып бара жатқанда атына оқ тиіп, құлап түсті. Батыр құлап түскен атты паналап, жауға оқ атып жатыр. Атқа тиген оқ атты тесіп өтіп, батырдың оң аяғының тізесінен өтіп кеткен еді. Жер жазық, жау оғы бас көтертер емес. Елдің бәрі «Алла, батырды аман  сақталап!» тілек тілеумен болдық. Қапелесте қалай құтқаруды білмедік. Осы кезде жүгіріп жеткен Әз апай Сұлубай қолбасшыға: «Қазір ешкімнің баруына болмайды, сіздер бірқанша батырлармен қашқан болып, жаудың ту сыртына өтіп, шабуыл жасаңыз. Жау солай ығысқанда, екінші тұрғыдағылар солдан шабуылға шығыңыздар, сонда жау бізді шабуылға шыққан екен деп, от күшін шабуылшыларға қаратқанда шабуылшылар қайта шегініп кетсін, осы аралықта мен әкемді құтқарып әкелемін», – деді. Сұлубай басқа батырларды жұмсаса да болатын еді. Бірақ Әзипаның бетінен жасқап көрмеген тілегі бойынша, Қапас пен Сүлеймен жаудың артқы тылына өтіп, шабуылға шықты. Ал Әзипа аттың ерінің артына шапан бөктеріп, үстіне 250 оқ шығаратын максим пулеметті құрып, атқа мінді де сақылдатқан бойы Оспан батырға барып, атқа мінгізіп, шапқылап қайтып келді. Әз апайдың ақылдылығы мен батылдылығы арқасында батыр аман қалды.

1947 жылғы маусымның 5-күні Моңғолияның 1500 әскері Бәйтік тауына Оспан бар деп шабуыл жасады. Гоминдан Ханүйн бізден  көмек сұраған соң соң Оспан 200 әскермен барып, Бәйтіктен оларды қуып шыққан еді. Осыған бола, батыс терістік бес өлкенің қорғаныс қолбасшысы Суң чи лан Закарияны жіберіп, Оспанды қонаққа шақырды. 1948 жылғы шілденің 10-ы күні Оспан батыр Үрімжіге Гоминдаң бірлескен үкіметінің қонағына бармақ болды.

Оспан батыр қонағасыға бару үшін төрт уәзірі мен он батырды және 270 ақсақалын жинап кеңесті. Осылар ішінен 70 адамды нөкер ретінде 100 батырдың қорғауында бармақ болды. Шинжияң өлкелік бірлескен үкіметі бұйрық шығарып: Оспанды күтіп алу үшін үкімет бас хатшысы Айса мен Дәлелхан Жанымқанұлы бастаған 100 адам шығарып, Оспанның талабы бойынша, Үрімжі сыртындағы Шимогу деген жерге 10 қазақ үй, 20 шатыр тігіп, бір апта қонағасы бермек болды.

Оспан Үрімжіге келгенде оны Жаң жы жуң, Әлен уаң, Жанымқан қажы, Қадуаң, Закария қатарлы үкімет басшылары күтіп алды. Осы қонағасыда Суң чи лан генерал Оспанға «Отан қорғаудың батыры, халық қаһарманы» деген орденмен марапаттады.

Оспан Үрімжіге қонаққа кеткен орайды пайдаланып, Бәйтік соғысындағы жеңілісінің кегін алу үшін Монғолия мен Совет Тескенбай бастаған 100 адаммен Оспан ауылына шабуылға шығарды. Оспан ауылы мен Қанатбай ауылы қатар қоныстанғандықтан, Оспанның ауылы екен деп Қанатбайдың ауылын шауып, 30 адамын өлтіріп кетеді. Ашкөз қарақшылар олжасын олқы көріп, маңайын шолып жүріп, Оспанның ауылын шабуға келеді. Мәтіқапыда қайтерін білмеген Әз апай дереу шымылдық ішіне керме арқанға асылып, толғатып тұрған әйел болып тұра қалады. Шешесі де келгендерді кеудеден итеріп, балам толғатып тұр деп үйге кіргізбейді. Қарақшылар ауылдағы адамдарды қораның ортасына жинап, ерлерді өлтіріп кетпек болғанда, Әз апай үйдегі пулеметті есік алдына құрып жіберіп, қаперсіз айқұлақтанып, ат үстінде тұрған қарақшылардың ондайын пулеметпен атқылап, аттан қалпақтай домалатады. Қарақшылар қоршауда қалған екенбіз деп олжаларын тастап, жан сауғалап қаша жөнеледі. Өлген бірінің атына міне салып шауып, бір кезеңнен тосып атқылап, бірнешеуін жер жастандырады. Ауылдағы мал-жанды алып қалады», – деп жазады Зейнел батыр.

Полковник Қожай Доғасұлының «Офицер естелігі» атты повестінде (1913 жыл Бейжиң ұлттар баспасы, 23 бет ): «1947 жылы Әз апай Оспан батырға: «Біз бұрын адамдарымызды өлтіргендіктен гоминдаңмен соғысқан едік. Ал қазір олармен достасып, Шарқиға (Шығыс Түркістанға) қарсы соғысуыңызды түсіне алмадым әке?!» – дегенде Оспан батыр: «Балам, сен білмейсің. Адам болашағын іштен біліп тумайды. Өмірдің өзі үйретеді. Шың шысай ел басшыларын тұтқындап, халықты мылтық тапсыр, астыңдағы атыңды бер, балаңды әскерге бер деп зорлады. Дінбасымыз Ақыт қажыны, елбасшымыз Шәріпханды түрмелеп өлтірді. Сондықтан мен гоминдаңға қарсы соғыстым. Ол кезде Шың шысайдың артында Совет барын білмедім. Менің қазіргі соғысым – бұрынғы соғысымның жалғасы. Совет Шың шысайдан да жауыз, олар халықты алдап, колхоз, совхоз құрамыз деп халықтың қолындағы жерін, малын зорлықпен тартып алды. Бір жерден тамақтандырып, халықты аштан өлтірді. Оған наразы болған елбасшылары мен оқымыстыларды (алашты), дінбасыларын өлтірді, жер аударды. Ислам дінін жойып, орыс мектебін салды. Мен білгенде Совет Шарқи арқылы бізге де сүйтеді. Олардың мақсаты ұлтты жою үшін елбасшыларын, дінбасыларын, ғылым-білім жанашырларын алдымен жойып, артынан тілді, дінді, халықтың салтын жояды.

Совет Одағы Шың шысайдан да жауыз, күшті жау. Күшті жауға қарсы тұру үшін уақытша әлсіз жаудан пайдалану, бірлесу керек. Заман шадырын –– оқ табады. Сондықтан біз соғысты жалғастырамыз», – дейді.

Қазір Алматы қаласының Райымбек ауданында тұратын Зұқа қажының немересі Талғатбек қажының айтуынша: 1950 жылғы қаңтардың 18-і күні Гансудың Қайзы деген жерінде Оспанды Қытайдың Қызыл армиясы тұтқындағанда, мен де білемін, көп ерлердің ішінде жалғыз Әз апай ғана бар еді. Армияның бір басшысы: «Орталарыңда мынау әйел менің әйелім еді деушілер болса, ортаға шықсын. Бұдан былай бандалық істемейтіндігіне кепіл болса, тұтқыннан босатамын», – деді. Сол кездегі сарбас руының бала тәйжісі Кәбен тәйжі ортаға шығып, кепілдік етіп, Әз апайды алып қалды. Кейін Әз апай Кәбен тәйжіге тиді. Қазір Шинжияңның Құмыл аймағы, Баркөл ауданында тұрады» деген еді.

Қазақтың батыр қыздары мәңгі тірі, жасай берсін!

 

Ғазиз Райысұлы

 

 

 

 

 

Бөлісу: