Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Қазақ елі армандарды ақиқатқа айналдырды, мәңгілік елдің ірге тасын қалады.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы.

Бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан.

 Нұрсұлтан Назарбаев

 

 Еліміз тәуелсіздік алып, егеменді ел атанды. Ал біздер, азат елдің өсіп келе жатқан ұрпағымыз, еріміз. Енді біз, байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Егемендік Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін оңайлықпен келген жоқ. Елбасымыз «Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» деген. Халқымыз азаттықты аңсап,Тәуелсіздікке зорығып жетті.Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы болатын. Бүгінде халқымыздың өшпес қайсар рухының  арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде Желтоқсан шеруіндегі  жастардың көшеге шығып, үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.

Мемлекетіміздің тәуелсіздігі –ең алдымен халқымыздың бақыты. Сол бақытты көріп, бейбітшілік өмірде біздер өмір сүрудеміз. Сондықтан бүгінгі күні ата-бабамыздан қалған тарихи  өнегені, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілікті жоғалтпай, ерекше көңіл бөліп, патриоттық сезіммен өмір сүруіміз қажет.

Әр ұрпақтың бойында өзінің еліне, Отанына, жеріне, ата-бабасының төккен қаны мен теріне адал болу керек Қайда жүрсек те, не істесек те, қазағын, елін ойлап, елімді көркейтсем деген түсінік керек.

Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, мен үшін үлкен жауапкершілік. «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»,- деп ата-бабамыз өсиет қалдырған болатын. Сондықтан қазақтың баласы қай жерде жүрмесін, өз Отанын сүйіп, өз Отанының тәуелсіздігі мен болашағы үшін қасық қанына дейін аямау керек. Әрқайсымыздың бойымызда осы қасиеттер болса, біздің еліміз қалай да өркендер еді.

Мен – Қазақстан азаматымын!

Мұқағали ағамыз:

Ер адамда өз анасынан басқа да

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері – түп қазығы, айбыны

Туған тілі – сатылмайтын байлығы

Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі

Қадамыңа шуақ шашар үнемі

Және туған тарихы! — деп жырға қосқандай тілімді, тарихымды, салт-дәстүрімді қастерлеу, азаматтық борышым деп санаймын.

Сәл тарихқа тоқталсам,  қазақтың ішінен ел намысын арқалап, тәуелсіз болашағын аңсаған азаматтар шығып, алғаш рет тәуелсіз қазақ елін қалыптастырудың алғаш қадамдарын жасаған, Әлихан Бөкейханның бастауымен Алаш үкіметі құрылған. Алашты құру, оны сақтап қалу және насихаттау жолында жандарын қиған қазақ зиялылары Қазақтың тәуелсіз ел болатынына сеніммен қарап, сол үшін күрескен. Тәуелсіздік – бүгінгі күні тәуелсіз болашақты аңсаған азаматтардың жеңісі, жемісі.

Егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында халқымыз туған тілімен қауышты. Тіліміз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді, қолдану аясы кеңейді.Ана тілімізді «мен қазақпын»- деген әр азамат ардақ тұту керек. Тіл-қасиетті, құдіретті. Бұл қасиет бойға ананың сүтімен дарыған. Сондықтан ананың сүтімен дарыған қасиетті ана тіліміздің мәртебесін жоғары ұстап, тіл тағдырына жауапкершілікпен қарау, біздің борышымыз. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналғанын айта келе Елбасының: «Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды», — деген ойымен түйіндер едім.

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бүгін Қазақстан әлем назарында, өз болашағынан зор үміт күттіретін, жері, халқы бай ел. Мен елімді мақтан етемін.

Біз қазір егеменді елміз, тәуелсіздікке қол жеткіздік, бірақ тәуелсіздікті ұстап тұру да мені ойландырады. Себебі, елімізде жан-жаққа тартқан берекесіздіктер, шерулер пайда бола бастады. Сондықтан  қазақ елінің мәңгілік болуына аянбай еңбек етуіміз керек.

Мен – тәуелсіз елін сүйген жас маманмын!

Мен егемен мемлекетте өмір сүремін.  Тəуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл толады. Осы жылдар бойы еліміз өз тəуелсіздігін сақтап, əрі дамып келеді. Бүгінде еліміз — басқа әлем елдерімен терезесі тең, ұрпағы  ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел. Еліміздің осындай күнге жеткені ата-бабаларымыздың арқасы. Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының өркендеуі Тәуелсіздігімізде деп ойлаймын.

Тәуелсіздігіміздің тірегі де, еліміздің ертеңі де, азат елдің ұрпағы – біздерміз. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,-деп ұлы ақын Абай атамыз айтып кеткендей, биыл ұстаздық жолына қадам басқан, жас маманмын. Мен елімнің дамуына өз үлесімді қосамын.

       

Ажар Сағадатова, Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының

бастауыш сынып мұғалімі,   Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Бөлісу: