ОТЫРАРДЫҢ БЕЙНЕЛІ КЕРАМИКАЛАРЫ

        

Отырар қалашығындағы археологиялық зерттеу жұмыстары, міне көптеген жылдар бойы жұргізіліп келеді. Зерттеулер барысында көптеген тарихи тың деректерге қол жеткіздік. Қалашықтың архитектуралық құрылымдары мен табылған тарихи жәдігерлер сараланып зерттелді, көптеген ғылыми жұмыстардың негізіне арқау болды.

Отырардың ең көп зерттелген салаларының бірі – керамика өндірісі. Сырдарияның орта ағысындағы ең үлкен қалалардың бірі – Отырарда саудамен қатар, өндіріс орындары да кеңінен дамыған. Отырардың Ұлы жібек жолы бойындағы үлкен сауда орталығы болғандықтан, осы қалашық арқылы Сырдың орта ағысындағы экономикалық сауда байланысы осы Отырар қалашығы арқылы жүргізілген. Мұндай тиімді жерде орналасуы қалашықтағы егін шаруашылығынан бастап темір, тері өңдеу, шыны, керамика өңдірісі кеңінен дамыған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде әрбір ғасыр кезеңі өндірісінің даму жолдарының өркендеуінен мәлімет беретін заттай материалдар көптеп табылған.

Отырар өңірінде қарыштап дамыған өндірістің бірі – керамика жасау өндірісі, әрбір ғасырдың кезеңінде түрліше дамып отырған. Қазба барысында  құрылыс қабаттарынан алынған керамикалық заттай материалдар Орта Азия жеріндегі мәдени байланыстардың қарқындылығын көрсетті. Отырарда керамика өндірісінің бірізді жолға қойылғандығы, керамика өндіретін шеберханалардың бір жерде шоғырлануы, әр шеберхананың өзіндік қызмет атқарғандығы айқындалып тұр. Керамикалық ыдыстарды жасауда ыдыстарды сатуға шығару үшін әсемдік беретін өрнектермен безендірумен қатар, әрбір өрнектің өзіндік ерекшеліктері мен мән мағынасы болған. Әсіресе Отырар керамикасында қызықтыратын  бейнелі жәдігерлер ерекше назарда болған.

Отырар кешенді зерттелу барысында әрбір мәдени қабаттарынан анықталған құрылыс орындарына сипаттама бергенде негізінен табылған керамикалық материалдарға арқа сүйеген. Әрбір құрылыс қабатынан табылған заттай материалдардың негізінде әрбір ғасыр кезеңінде өмір сүрген халықтардың тұрмыс тіршілігі мен өзге де халықтардың мәдени байланысы туралы көптеген мәліметтер алынған. Отырарды зерттеу барсында құрылыс қабаттарынан алынған керамикалық материалдар өзінің атқаратын қызметіне қарай, жіктелу түріне қарай кейіптік түрге бөлінген. Жоғарғы құрылыс қабатынан алынған материалдар XVI-XV ғғ. кезеңдерінен бастап, төменгі құрылыс қабаты VII-VIII ғғ. кезеңдеріне қатысты материалдар толығымен сараланған. Табылған үлкен хумдар, саптыаяқ, тостаған, құмыра түрлері жасалуы мен беткі жағындағы өрнектеріне қарай салыстырмалы түрде өзге Сыр бойында орналасқан қалалармен тығыз мәдени байланыс болғандығы нақтыланған [1, 83 б.]. VII ғ. мен XVIII ғ. Аралықтарында керамикалық материалдардың жасалу әдістерінің даму сатысы мен әр ғасырда кеңінен қолданылған бояу түрлері мен керамиканы безендірген өрнектердің ерекшеліктері Орта Азияның өзге өңірлерінендегі ортағасырлық қалалардан табылған материалдармен ұқсастық тұрғыдан сипатталып салыстырылған. Мысалы, VII-VIII ғғ. кезеңдеріне қатысты материалдар Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан  батпақты қалалар мен Жетіасар мәдениетіне қатысты ескерткіштерден табылған материалдарға ұқсас келсе, X-XI ғғ. керамикасы Самарқан, Хорезм, Солтүстік Қырғызстандағы ортағасырлық қалалардан табылған материалдарға тән келеді. XII-XIII ғғ. керамикалық материалдарға өрнектер жалпы Қарахан және Монғол дәуірінде кеңінен тараған.

Отырар Сыр бойында өмір сүрген түрлі этникалық мәдениеттердің тоғысқан жері, керамикалық материалдарда осы халықтардың салт-дәстүріне байланысты мәлімет беретін өрнектермен безендірілгендері де көптеп табылған. Сондай безендірудің бір түрі – құмыраның бетінде таңбалы бейнелер мен пішінді бейнелер, мұндай өрнектер негізінен X-XIII ғғ. керамикалық материалдарда кеңінен көрініс берген. Негізінен бұл бейнелерді Сырдың орта ағысында өмір сүрген халықтардың діни рәсімінен байқалатыны айқын. Зерттеушілер керамикадағы өрнектерді зерттей отырып осындай тұжырымға келген. Пішінді бейнелі өрнектер негізінен ыдыстың қақпақтарында және құмыралардың сыртқы беттеріне бедерленіп салынған. Түрлі аңдардың бейнелері берілген ыдыстар әсемдікті ғана емес, белгілі бір маңыздылығы болған.

Керамикалық материалдарда пішінді бейнелермен өрнектеу ерте кезден басталып, XIII ғ. дейін кең етек жайған, Отырар өңіріндегі ескерткіштердегі зерттеулер барысында пішінді бейнелі қақпақ тұтқалары мен ыдыс бөліктері көптеп табылған. Көкмардан қалашығынан табылған қақпақтың тұтқасы дала жануары ақбөкеннің бейнесінде дөрекі түрде жасалған бейне өзіндік бір өнер туындысы ретінде бағаланады [2, 12 б.]. Ақбөкенді ежелден киелі дала жануары деп санағандықтан бейнелеген болуы мүмкін, мұндай қақпақтың бетіндегі қар барысы және таутеке бейнелі қақпақтар  VI-VIII ғғ. оңтүстік өңірлердегі басқа да қала орындарын қазу барысында табылған [3, 86 б.].

Пішінді бейнелер жылқы, қораз, қошқар түрлерінде негізінен қақпақтың тұтқаларына салынған. Отырар керамикаларында негізінен қошқар бейнесіндегі қақпақ тұтқалары кеңінен таралған және зерттеушілердің пікірінше бұл бейнелерді отқа табынушылықтың бір нышаны деп санаған. Археологиялық қазба жұмыстары барысында Отырар өңірінен отқа табынушылықтың белгілері көптеп кездескен.

Отқа табынушылардың ғибадатханалары немесе сиынуға арналған бөлмелер Сырдың орта ағысында орналасқан ескерткіштерді зерттеу барысында анықталған. Отырар жазирасындағы қаңлы дәуіріне қатысты ескерткіштердің бірі – Көкмардан қалашығынан анықталған сиынуға арналған бөлме VII ғ. жатады. Бөлменің ішкі бөлігінде «Г» тәрізді сыпаның солтүстік бұрышында алтарьдың күлін сақтауға арналған орны анықталса, алтарь бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасындағы қуысқа орналасқан. Қуыстың екі қапталында қабырға сылағына оймышталып қошқарбасты пратома салынған (5-сурет), осыған тән бөлмелер өз кезеңінде Хорезм аймағындағы ескерткіштерден анықталған [4, 6 б.]. Сырдың орта ағысындағы жерлердегі халықтардың ұстанған діни-нанымдарының бірі – отқа табынушылық болған.

Сырдарияның орта ағысындағы үлкен қалалардың бірі – Құйрықтөбе ескерткішінде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында, осы өңірдегі ең үлкен отқа табынушылардың ғибадатханасы табылған. Ғибадатхана ескерткіштің ішкі қамалында орналасқан, VII–IX ғғ. кезеңдеріне қатысты. Ғибадатхана бірнеше бөлмелерден тұрады, негізгі сиынуға арналған бөлмесі үлкен, көлемі 15х10,5 м. Ортасында бірнеше тіреуіш бағандары шатырдың жабындысын көтеріп тұруға арналған, бөлме өрттің әсерінен қираған. Сиыну бөлмесін тазалау барысында өрнектелген және түрлі бейнеде патшалардың салтанат құру көріністері берілген ағаш бөліктері көптеп табылған (6-сурет). Соған қарағанда, сиыну бөлмесінің қабырғалары арнайы ағаш қаптамамен қапталған үлкен ғибадатхана қызметін атқарып қана емес, сонымен қатар, салтанат сарайы қызметін атқарғандығы көрініп тұр [5, 46 б.].

Құйрықтөбенің ежелгі атауы Кедер қалашығы Отырар жазирасындағы мәдениеті дамыған үлкен қалалардың бірі болған. Оғыз мемлекеті құрылғанда Кедер қалашығы мемлекеттің саяси орталығына айналған, оғыздар қала ішіндегі ғимараттарды, оның ішінде отқа табынушылардың ғибадатханасын да қиратпай, өз мақсаттарында пайдаланған. Сырдарияның төменгі ағысындағы ескерткіштерді қазу барысында табылған қошқар басты пратомаға қарағанда оғыздардың да тотемі қошқар болғанға ұқсайды. Бұл қошқар басты пратоманы оғыз тайпалары Сырдың орта ағысындағы жерлердегі халықтармен байланысы нәтижесінде қабылдаған болуы мүмкін.

Отырар қалашығында қазба жұмыстары барысында тек бейнелі керамикалар ғана емес отқа табынушылықтың басқа да нышандары кейбір архитектуралық нысандарды қазу барысында табылған. Сондай нысандардың бірі XI-XII ғғ. кезеңдеріне қатысты тұрғын үй орамдары, Отырар қалашығының Шахристан бөлігінің солтүстік-батыс бетінде қазба жұмыстары барысында анықталған. Тұрғын үй орамдары саз балшықты кесектермен тұрғызылған, кіші тұйықталған көшелермен бірнеше отбасылық үй шаруашылығына бөлінген. Қазба жұмыстары сол кезеңдегі Отырар қаласындағы ішкі суландыру және кәріз жүйесінің жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді. Қазба барысында жинақталған материалдық құндылықтардың ішінде зереттеушілердің назарын ерекше аударатын жәдігер отқа табынушылардың алтарь ошақтары. Бұл кезеңдерде ислам дінінің Оңтүстік өңірде қарқынды өркен жайып халықтардың негізгі дініне айналғанымен, ескі діннің де кейбір нышандары XII ғ. да сақталып қалғандығын айқындады.

Табылған керамикалық ошақтар саздан жасалу пішініне қарай бірнеше топтарға бөлінеді.Ошақтары негізінен бөлменің орта тұсына еденге дендей орналастырылатын болған, бірінші топқа жататын ошақтар тік төртбұрышты, көлемдері 1х0,66 м шамасында саздан күйдіріп жасалған. Беткі жағы қызыл-қоңыр түсті ангобпен көмкерілген кейбірінің ішкі еден бөлігінде бастырмалы гүлдесте тәрізді медалендармен безендірген, қабырғаларының биіктігі 10 см, ішінара тіреуіш баған тәрізді жасалған. Ошақтың негізгі бөлігі болып саналатын жағында кіші төртбұрышты шығыңқы екінші бөлігі бар және осы кіші бөлігіне таман едені дөңгелек ойықты. Бұл ойыққа арнайы керамикалық ыдыс қойылатын болған, ол от жағуға арналған. Екінші топтағы  ошақ түрлері дөңгелек болып келеді, дм 0,50-0,60 м шамада саздан жасалып, қызыл түсті ангобпен көмкерілген және өрнектері бірінші топтағы ошақтағыдай [6, 38 б.].

Ерте ортағасырда Отырар алқабында көптеген халықтар мекендеген, дала мәдениеті мен қала мәдениетінің тоғысқан жерінде зорастризм, тотемизм, тәңірге табынушылық кеңінен тараған. Археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде Отырар алқабындағы қала орындарында осы діндерге қатысты сиынуға арналған бөлмелер мен материалдық заттар табылған. Құйрықтөбе (Кедер) қалашығынан аршылған ғибадатхана орны, Көкмардан қалашығындағы сиынуға арналған бөлмелер т.б. осының айғағы.

Зорастризм VII-VIII ғғ. Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне біртіндеп тарала бастаған, археологиялық зерттеулер барысында ортағасырлық ескерткіштерде отқа табынушылықтың көріністері көптеп табылған. Сондай ескерткіштердің бірі – Құйрықтөбе (Кедер) Отырар қалашығының батысында 4 шақырым қашықтықта орналасқан, ортағасырларда Отырар өңіріндегі ірі қалалардың бірі болған. Археологиялық қазба барысында ескерткіштің ішкі қамалы (цитадель) аумағында отқа табынушылардың ғибадатханасы толығымен қазып аршылған [7, 13 б.]. VII-VIII ғғ. кезеңдеріне қатысты құрылыс орындары бірнеше бөлмеден тұрады және билеуші сарайы ретінде пайдаланылған. Сарайдың ішкі қабырғалары ағаш тақтайлармен қапталып, беткі жағына түрлі өрнектер мен құдай бейнелері мен патшаның салтанатты мерекелері бейнеленген. Өкінішке қарай сарай үлкен өрттің әсерінен толығымен қирағанымен, ағаш бетіндегі бейнелер жақсы сақталған. Зерттеулер нәтижелерінде шала өртенген ағаштың бетіндегі бейнелер Анахита құдайына арналған мадақтайтын көріністер екендігі айқындалған [8, 27б.]. Құйрықтөбе (Кедер) қалашығы ортағасырларда Отырар өңіріндегі ірі қалалардың бірі ғана емес, біраз уақыт осы өңірдің саяси-экономикалық орталық қаласы ретінде де тарихи деректерде кездеседі. Табылған археологиялық жәдігерлер мен қазып аршылған нысанға қарап, зорастризм діні Отырар өңірінде де үлкен маңызға ие болғандығын көреміз.

Отырар қалашығындағы ұзақ жылдар бойы жұргізіліп келген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында отқа табынушылыққа арналған көптеген жәдігерлер табылған. XI-XII ғғ. кезеңдеріне қатысты мәдени қабаттардан тұрғын үй бөлмелерінде орналасқан алтарь ошақтардан басқа  керамикалық заттардан да отқа табынушылыққа белгілерін мегзейтін таңбалары мен пішінді бейнелері бар керамикалар көптеп табылған. Ескі дінді тұтынушылар ислам дінін қабылдағанымен, ескі діндердің кейбір нышандарын керамика беттерінде өрнек түрінде қалдырған. Кейін келе, мұндай өрнектер тек керамикалық заттарға әсемдік беретін бейне ретінде қолданылатын болған. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінле ислам діні өркендеген тұста өзге діндер бірте-бірте өз мәртебесін жоғалтып, тек халықтың жадында кейбір салт-жоралғылары ғана сақталып қалған.

Орта Азияда қошқарға сиыну (фарм) ерте кезден орын алған, археологиялық зерттеулер барысында Сырдың орта, төменгі ағысында орналасқан ескерткіштерден табылған материалдарға қарап, осында мекендеген халықтардың тотемі қошқар болғаны нақтыланған. Отқа табынушылардың ғұрыптық рәсімінде қошқар ерекше орын алған. Ерте кездегі халықтардың сенімінде қошқар байлықтың белгісі, денсаулық шекарасының сақшысы деген түсінік қалыптасқан. Оғыздар Сырдария алабындағы жерлерді өз иеліктеріне қаратқанда, отқа табынушылардың осы қошқар фармын өздерінің сиыну ғұрыптарына айналдырған. Жалпы фарм сөзінің ұғымы ерте кезден келе жатыр, ол құдай деген мағынаны береді, әр халықтың өз фармы болған. Ол адам немесе түрлі аңдар кейпінде беріледі, Б.А.Литвинскийдің зерттеуінде фарм құдайы туралы нақты мәліметтер келтірілген [9, 87 б.]. Біз қарастырып отырған қошқар фармы әр уақытта өмір сүрген көшпенлі халықтардың мәдени салт-дәстүрлерінде қандай орын алғандығы көптеген зерттеушілерді қызықтырған және ол туралы көп мәлімет беретін археологиялық зерттеулер нәтижесінде саздан жасалған қошқар мүсіндері көптеп табылған.

К.М.Байпақов қошқар бейнесімен берілген саздан жасалған материалдарды бірнеше хронологиялық топқа бөліп қарастырған. Бірінші кезеңін б.з. I-VII ғғ. аралығына, екінші кезеңін VIII-XII ғғ. аралығына, үшінші кезеңін XIII-XIV ғғ. аралығына, ал төртінші кезеңін XV-XVIII ғғ. аралығына жатқызып, кезеңдер бойынша зерттеген. Бірінші және екінші топтағы саздан жасалған ыдыстың тұтқалары, құмыраның үстіңгі ернеулері қошқар мүсінді пішінде жасалған. Үшінші топқа алтарь пратомалары, төртінші топқа негізінен қақпақ тұтқалар жатқызылған [10, 32-45 б.]. Ыдыс тұтқаларын аң бейнесінде жасау ерте кезден келе жатқан мәдениеттің бірі, пішінді тұтқалы керамикалар Орта Азия жерінде б.з.д VI ғ. мен б.з. IV ғ. кеңінен таралған. Бірақ мұны әлде бір құдайға сиыну фармы деп атауға ертерек. Мысалы, сарматтарға тиесісі бейнелі керамикаларда қошқар, қабан, шошқа, жылқы, ит, құс бейнесінде берілген. Бұлардың ең кең таралғаны қошқар бейнесіндегі тұтқалы құмыралар. Осыған қарап көптеген зерттеушілер қошқарды фарм құдайы деп санаса, кей зерттеушілердің пікірінше, бұл тек бейнелі керамикалар тек сәндікке арналған қол өнер туындысы деп санлады. Керамикалық ыдыстардағы бейнелі тұтқалардың кеңінен таралуы кейінгі айтқан зерттеушілердің сөзі қисынды деген ойға жетелейді.

Бейнелі тұтқалы ыдыстар Краснодар өлкесі мен төменгі Еділ аймақтарындағы сармат дәуіріне (б.з.д.I ғ. – б.з. I ғ.) қатысты ескерткіштерді, нақтырақ жерлеу орындарын зерттеу барысында табылған. К.М.Скалон жерлеу орындарынан табылған керамикалар ғұрыптық рәсімге пайдаланғандығын негізге алып, қошқар мүсінді тұтқалардың қандай да бір сыйқырлық күші бар деген тұжырымға келген [11, 183 б.]. Бейнелі тұтқалы ыдыстар Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысында орналасқан қаңлы мәдениетіне жататын ескерткіштерден және Солтүстік Қаратеңіз аймағындағы сармат ескерткіштерінен көп табылған. Олардың таралу аймағы кең Кавказ, Орта Азия, Парсы жерін қамтып жатыр.

Отырар қалашығын қазу барысында кейінгі орта ғасырға қатысты мәдени қабаттардан бейнелі керамикалық материалдар көптеп табылған. Бірақ олар негізінен қошқар бейнесіндегі балалар ойыншығы ретінде пайдаланылған, бұл ойыншық мүсіндердің сырқы беті түрлі-түсті бояулармен көмкерілген. Балаларға арналған ойыншық түрлері Сырдың орта ағысында орналасқан қала орындарынан табылып, олар  қошқар бейнесінде ғана емес, басқа да үй жануарларының бейнесінде берілген. Орта Азия жерінде ислам дінінің кең қанат жаюымен пішінді бейнелер өзінің діни маңыздылығын жоғалтып, негізінен балалардың пайдаланатын заттарына айналған.

1-сурет.     Төбесі қойдың басы тәрізді қақпақ. IX – XI ғғ. Отырар.

2-сурет.

Қошқар пішінді қақпақ тұтқасы. X – XI ғғ. Құйрықтөбе.

3-сурет.

Төбесі қошқардың басы пішіндес қақпақ. Жапсырма, оймыш, қалыптама .XII ғ. Отырар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б.. Древний Отрар.// Издательство «Наука» Казахской ССР, Алма-Ата, 1972, стр-83.
  2. Байпақов К.М., Воякин Д.А., Ақылбек С.Ш.. Отырар алқабы Кокмардан қалажұрты. // Алматы, 2006, 12-б.
  3. Байпаков К.М.. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути.// Алматы «Ғылым», 1998, стр-86.
  4. Байпақов К.М., Воякин Д.А., Ақылбек С.Ш. Отырар алқабы. Көкмардан қалажұрты. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 6 б.
  5. Байпаков К.М., Терновая Г.А. Религии и культы Средневекового Казахстана (по материалам городища Куйрыктобе). – Алматы: 2005. – С. 236
  6. Акишев. К.А, Байпаков. К.М, Ерзакович. Л.Б.// Отырар в XIII-XV веках.//Издательство «Наука» Казахской ССР. Алма-Ата 1987. С-38.
  7. Байпаков. К.М, Терновая. Г.А.// Религии и культы Средневекового Казахстана (по материалам городыща Куйрыктобе).// Алматы-2005, С-13.
  8. Байпаков. К.М.// Құйрықтөбе ежелгі Кедер шаһары.//
    Алматы 2005, 27 б.
  9. Литвинский Б.А. Кангюйско-Сарматский фарм. – Душанбе: Издательство «Дониш», 1968. – С. 109.
  10. Байпаков К.М. Культ барана у Сырдарьинских племён // Археологические исследования древнего и средневекового Казахстана. Издательство «Наука» Казахской ССР, – Алма-Ата: 1980. – С. 32-45.
  11. Скалон К.М. Изображение животных на керамике сарматского периода // Труды отдела истории первобытной культуры. – Ленинград: 1941. – С. 183.

Нұрлан Сералы,  Жазира Әліпбекова, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы РМҚК ғылыми қызметкерлері, Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылы

Бөлісу: